Рахман Айбекұлы Бертілеу 1952 жылы 20 қаңтарда Орал облысы, Шыңғырлау ауданы, Отрадный ауылында дүниеге келген. 1969 жылы Лубинск орта мектебін тамамдағаннан кейін Алматыға келіп, бір жылдан соң, 1977 жылы Н.В.Гоголь атындағы Алматы көркем-сурет училищесінің дайындық курсына түседі. Ал 1971 жылы осы оқу орнының безендіру бөлімінің бірінші курсына қабылданады.
Дәл сол жылы ол әскери борышын өтеу үшін қарулы күштердің қатарына қосылады. Әуелі Үшаралда, одан кейін Қазақстанның Қытаймен шекарасындағы Дружба қаласында полк суретшісі ретінде қызмет етеді. 1973 жылы оқуына қайта оралады. 1977 жылы училищені тамамдаған соң «Қазақфильм» киностудиясында жұмыс істеуге жолдама алады. Қазақтың тұңғыш аниматоры, атақты суретші Әмен Қайдаровтың қарамағында жұмыс істеген жас суретші «Қадырдың бақыты» және «Сиқырлы қарбыз» мультипликациялық фильмдерін жасауға атсалысты. Ұзақ сағаттар бойы төбеден төнген шамның астында суреттердің контурын сызумен айналысты.
1980 жылы Рахман Айбекұлы суретші үшін анағұрлым қызығырақ басқа жұмыстарға ауысады. Алдымен Верхняя Каменка ауылының Мәдениет үйінде суретші-безендіруші болып істейді, одан кейінгі жеті жыл бойы Іле геофизикалық экспедициясының суретшісі қызметін атқарды. Р.Бертілеу экспедиция құрамында жүріп, Ақтөбе, Атырау облыстарын, Қаратөбе ауданын аралап шықты, жергілікті жердің өзіндік дәстүрлерімен танысты. Егіс алқабындағы көп жылғы жұмыс оның бойына табиғи құбылыстар мен ландшафттың өзгерістеріне аңғарымпаздықты, жіті байқағыштық қасиетін дарытты. Оның сол кездегі және одан кейінгі кезеңде салынған акварельдік жұмыстарындағы айырмашылық бірден байқалады: кескіндемелік әдіс-тәсілдерінің өзгешелігін, солғын бояулармен салынған түрлі-түсті дақтардың кей жерлерде тушьпен, құрғақ қылқаламмен және қылқаламның ағаш сабымен екшеліп, қанық кескінге айналғанын аңғармау мүмкін емес.
Рахман Бертілеудің сол жылдардағы акварельдік жұмыстары өзінің жүріп өткен жолында куә болған оқиғалардың қия-қалтарысын қалт-жібермей жеткізе білген: «Көш» (1984), «Салт аттылардың әңгімесі» (1985), «Шырпы жинаушы» (1988), «Жаңбырлы күн» (1986) сынды картиналары соның дәлелі. Өзімен бірге майлы бояу салынған бір-екі құты ала шыққан күндері, оларды акварельмен шебер үйлестіру арқылы «Тау пейзажы» (1982), «Кешкі Іле», «Іле өзені» (1982), «Тау сұлбасы» (1984) сияқты мезгіл мен оқиғаның аясын кең шеңберде суреттеген тамаша туындыларын дүниеге әкелді.
Кейінірек 1982-1987 жылдары Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының сурет-графика факультетінде станоктік кескіндеме бөлімінде сырттай оқи жүріп, суретші майлы бояу кескіндемесінің қыр-сырына тереңдей түседі. Оның «Балалар мен көгершіндер» атты дипломдық жұмысы өте жоғары баға алды.
1987 жылдан бастап Рахман Айбекұлы О.Таңсықбаев атындағы көркем-сурет колледжінде ұстаздық етті. Отандық кәсіби мамандарды даярлау ісіне қажырлы сүбелі үлес қосты. Өкінішке қарай, Бертілеу әулетінің басына қайғылы күндер туғанда, суретшінің училищедегі жұмысы үзіліп қалды. Әкесінің өлімі, оны соңғы сапарға шығарып салу, қазаның ауыртпалығы мен жанға салған жарасы Рахман Айбекұлының денсаулығына қауіп боп төнді. Сол жылдары ол жарымен бірге Алматы қаласына жақын орналасқан Әли ауылына көшуге мәжбүр болады. Бұл ауылдағы өмірін суретші әдемі естелік ретінде еске алады. Өйткені ондағы №22 мектепте ол кішкентай ұл-қыздарды бейнелеу өнерінің қыр-сырына қанықтырды, қолға қалам ұстаудың, қағазға кескін түсірудің әдіс-тәсілдерін үйретті. Оқушылардың әрқайсысы сүйікті ұстаздарынан жақсы баға алуға тырысты. Шәкірттерін өзен немесе көл маңына ертіп барып, табиғат аясында сурет салатын кезде мұғалымдеріне болысқылары кеп біреуі сөмкесін, бірі кенебін көтеруге ұмтылатын. Суретші бейнелеу өнеріне ебі бар балаларды өз қаражатына альбомдар мен қарындаштар, бояулар сатып алып, мектеп жиындарында марапаттап, жетістіктерін елеп-ескеріп отыруды әдетке айналдырды.
Рахман Бертілеудің қылқаламынан туған Әли ауылының ерек көріністерін айтпай кетуге болмас. Көлдер, саяжайлар, қарағаштар пен теректер, бөгеттер мен бір немесе екі қабатты үйлер, ағаштардың арасынан сығалап тұратын түрлі-түсті шатырлар, ауылдың меймандос адамдары – аттас этюдтарға негіз боп қаланған міне, осылар.
Жоғарғы оқу орнының дипломын алмай тұрып-ақ ол кескін-келбеті келісті, орындалу тәсілі күрделі болғанымен, айтар ойы ұғынықты бірнеше пейзаж салып үлгерді. Мәселен, далада туып өскен адам «Көштегі» қуғыншының көктемге асыққанын, көп ұзамай өз панасын табатынын бір қарап-ақ түсіне қояды. Пейзажда табиғаттың «көңіл-күйі» көрініс тапқан. Дөң арқасы жолаушының жолын бөгемейді, керісінше әдемі рең беру арқылы жолдың қия-қалтарысын қанықтыра түскен. «Көшіп-қонуда» (1986) шөл кемелерінің қара дақтарын жарыстыра отырып, жер мен көктің шекарасын айқындап берген. Ал «Күннің батуы. Көш» атты еңбегінде қызарып батқан күннің жердің күңгірт көлеңкесіне барып сіңгені шебер суреттелген.
«Шыңғырлау» (1983). Суретшінің өз елі – Оралдағы өзен Алматыда салынған тау пейзаждарынан кем түспейді. Көрерменнің назары алдымен өзеннің кең арнасына түссе, бірте-бірте өзен толқынын қуалаған жанарыңыз тым алысқа, өзеннің бастау алар тұсына қарай ұзап кетеді. Дөңнің басына шығып алып, құбылысты алыстан бақылап отырған қылқалам шебері өз отаны жайлы әсерлі де әдемі әңгіменің тиегін ағытқандай. Кең атырапты көк таспадай тіліп жатқан өзен көздің жауын алады. Бір қарағанда өзен тым кішкентай болып көрінуі мүмкін, бірақ өзен арнасының кең екенін көрсету үшін автор картинаның оң жақ бұрышына сұңғақ бойлы теректерді қаз-қатар тізіп қойған.
1975 жылдан бастап Рахман Айбекұлы Өзбекстанға, қарындасы Розаның үйіне жиі барып тұрды. Ташкенттің, Самарқанның, Бұхара мен Хиуаның медреселері мен көк күмбезді мешіттері суретшінің қылқаламына бір емес, бірнеше рет ілікті. «Қожа Ахмет Яссауи» (1996), «Ұлықбек медресесі» (1997) «Сульфазидин медресесі» (1998) сияқты қайталанбас туындылар – сол сапарлардың естелігі. Суретшінің «Ескі ауылдағы көше» (1976), «Самарқан» (1978), «Ескі қала» (1998), «Аула» (2007) атты еңбектерінде акварель және майлы бояумен кескінделген қала мен ауыл пейзаждары ортаазиялық мәдениеттің ерекшелігін дөп басқан.
1997 жылы Бахтияр Табиев, Сабыр Мәмбеев, Кенжебай Дүйсенбаевпен бірге Сатыға барған сапары Рахман ағаның жадында ерекше сақталды. Өйткені сол жолы олар майлы бояу кескіндемесінің көп құпияларымен бөліскен болатын. Кескіндемешіні жергілікті жердің табиғаты, әсіресе алып таулары қатты таңдандырды.
Өнерді зерттеушілерінің бәрі бірауыздан Рахман Бертілеуді пейжаздың шебері деп таниды. Қашанда қарапайым қалпынан танбайтын суретші мұндай қолпаштауларды естігенде: «Нағыз кескіндемеші болу үшін әлі талай тер төгу керек» дейді үнемі. Бір кездері суретшілер арасында талғам мен бағыттың көптүрлілігіне қарамастан, ол реализмнің жақтаушысы болып қалды. Суретшінің қай пейжазын алып қарасаң да, жоғары кәсіби дайындық менмұндалап тұрады. «Қайыңдармен қысқы пейжаз» (1987), «Қыр-Балтабай атырабы» (1989), «Ымыртта» (1996) «Кеген таулары» (2000) сияқты жұмыстары сөзімізге айқын дәлел бола алады.
2013 жылы Рахман Бертілеу қазақтың атақты суретшісі Әбілхан Қастеевтің туған жеріне барып, «Шежін таулары», «Шежін ауылы», «Жаркент теректері», «Ауыл ауласы» сынды кең тынысты картиналар салды. Бір жылдан соң суретші сол өлкеде қайта аялдап, бірінші сапарында салып үлгермеген «Тау пейзажы. Шежін» (2014) атты ғажап еңбегін аяқтайды.
Автордың «Жаңбыр құйғалы тұр» атты пейзажы өзінің көңіл-күйімен таңғалдырады. Жұмыстың ғұмырлылығы – таңдап алынған сюжеттің байлығында. Суретші бұл картинаны жаңбырдың астында отырып салғанын мойындайды. Жауынның «мінезін» қалт жібермей қағып алғысы келген болуы керек, шамасы. Табиғат құбылысына құлақ түрген шебер бұлттың қоюланып, ақ жауынның нөсерге айналғанын, күн күркіреп, найғазай ойнанын тағатсыздана күткендей. Оның ойындағысы болды. Көрермен суретшімен бірге жауынның астына қойып кетеді.
Кескіндемешінің сүйікті кейіпкерлері – қайыңдар. 1980 жылы салынған «Күзгі қайыңдар» мен 2000 жылы туған «Күз қарсаңындағы қайыңдарды» ерекше атауға тиіспіз. Бір-біріне қыстың суығынан ықтасын болғысы келгендей топталып өскен «Қысқы қайыңдар» (1987) мен «Шоқ қайың» (1997) да автордың үздік еңбектерінің қатарында.
Рахман Бертілеу бірнеше кітаптың иллюстрацияларын жасаған. Оның ішінде қазақтың классикалық әдебиеті мен қатар балалар әдебиеті де бар. Суретшінің қылқаламымен «Өлке», «Өмір, өнер, өнерпаз», «Кто, если не ты?» және басқа да баспалардың кітаптары безендірілді.
Қылқалам шеберінің бейнелеу өнеріндегі жаңа бағыттарға батыл баруы оның бір орында тұралап қалмайтын, үнемі шығармашылық ізденісте жүретін суреткер екенін көрсетеді. Кескіндеме жанрында ол реализмнің жақтаушысы болып қала береді, ал графикада жұмбағы көп әлемді суреттеуде өзіндік қолтаңбасын қалдырғысы келетіні анық аңғарылады.
Жасының жер ортасына келгеніне қарамастан суретші жас астрономдай галактиканы, «космидтер» деп аталатын әлемді тануға ден қойды. Бірнеше жылдан бері оны өркениеттің көз көріп, құлақ естімеген мүлде жаңа түрлері туралы ой («Басқа әлем», 2008) мазалап жүр. Кейіпкерлер бір картинадан екіншісіне өтіп, ақыр аяғында «Космидтер» деп аталатын циклдық еңбекке негіз болды.
Ұшатын беймәлім нысандар туралы ойланғанда оның есіне балалық шағы түседі. Өзін сан түрлі кеселден атасы Дүйсен мен әжесі Сағи, Өтениязов Хангерей ақсақал мен Сәтен әже талай мәрте құтқарып қалғанын еске алады. Сондай сәттерде суретші уақытты кері жылжытып, сағымға айналған алыс жылдарға сапар шеккісі келіп кетеді. Ол – әңгіменің хас шебері. Айта бастаса болғаны, бәрін білуге құштар кішкентай баланың түрлі-түсті қаламдарын түкірікке малып алып, қиялындағыны ақ қағазға түсіре бастағаны көз алдыңызға елестейді. Рахман аға әкесі Айбек Дүйсенұлы мен анасы Мағрипа Хангерейқызын да ерекше жылылықпен еске алады. Ол кісілер шебердің бойына туғаны мен туысына деген сүйіспеншілік пен жауапкершілік сезімін екті. Әңгіме жақындары жайлы өрбігенде, оның жүзі жадырап, бал-бұл жайнап шыға келетінін аңғармау мүмкін емес.
Бір кездері Рахман аға өзінің көпке ағыта бермейтін сырларын Әбдірашит Сыдыхановпен бөліскен еді. Белгілі суретші оған парраллельді әлемнің бар екенін айғақтайтын тағылымды әңгімелер айтып беретін. Өзінің ойлары мен өмірге көзқарастарын өзге суретшілердің қолдайтынын біліп, Рахман аға рухтанды, шығармашылығына тың ынтамен кірісті.
Суретшінің графикадағы қадамдарының нығая түсуіне С.Калмыков шығармашылығының да айтарлықтай әсері болғанын атап өткен жөн. Бірақ ол өзіне дейінгілерді қайталаған жоқ, олар айтпаған жаңа идеяларды айтуға, олар шеше алмаған сауалдардың жауабын табуға тырысты. Рахман Айбекұлы суретші Сәкен Ғұмаровты жиі еске алады. Өйткені оның шығармашылығы Рахман ағаның қоршаған ортаны жаңаша тануына мүмкіндік берді, табиғатқа бұрын-соңды қолданылмаған тың тәсілдермен жан бітіруіне жол ашты.
Суретшінің гарфикалық туындыларын тамашалаған адам жаңа ғасырға, адам аяғы баспаған өзге ғаламшарға тап болғандай әсер алады. График бұл жұмыстарды салу барысында эмоционалды күйдің жетегінде болғанын, қағазға түскен нәрсенің бәрін жан-тәнімен сезінгенін жасырмайды. Ол экология түйткілдері, адамның табиғатқа тигізген залалы туралы көп толғанады. Суретші өз көрерменін табиғи апаттар туралы тереңірек ойландырғысы, қоршаған ортаға жасалған қиянат әр адамның өзіне тигізген залалы екенін ұқтырмақ.
Әрбір түрлі түсті және ақ-қара қағаздан көрермен апат дабылын көреді. Әсіресе, «Көрінбейтін нұсқағыштар» (2005), «Ұяшық» (2007) атты еңбектерінен автордың қоршаған ортаны аялы алақанына салып қорғағысы, жанды-жансыздың бәріне пана болғысы келетінін байқайсың. Осылайша суретшінің кескіндеме жанры арқылы бейнелеген сұлулығы графикада мүлдем басқа кейіпке енген. Ойдың ұшқырлығын, өткен ғасыр адамының жүйрік қиялын жаңа ғасыр төндірген экологиялық қатерлер басып-жаныштап тастағандай. Қылқалам шеберінің 2006 жылы салған «Клондау» деп аталатын картинасына көз жіберсеңіз, сөзіміздің ақиқат екеніне күмәніңіз қалмайды.
Бертін келе суретшінің кейіпкерлері өзгерді: адам тірлігімен қатар өрілген жан-жануарлар тіршілігіне ден қоя бастады. Мәселен, 2007 жылғы «Ақпарат әміршісі» атты еңбегінде автор судың есті мекендеушісі дельфин мен құрлықтың есті мекендеушісі адамның әрекеттерін шебер сабақтастырады. «Мейірім мен зұлымдықтың күресінде» (2007) суретші бәсеке мен талас-тартысты күрделі әрі тартымды жаңа формалар арқылы өрбіткен. Барлығын сыртынан бақылаған жебеуші әйел театрлық қойылымның толық аяқталуын күткендей. Оның айналасынан әр жүзжылдықтың белгі-бедерлерін табуға болады. Суретшінің бұл туындысына қарап отырып, М.Бахтиннің сөзі еріксіз есіңе түседі: «Суретшінің қаһарманның айқындалған әрі тұрақты образын жасау жолындағы күресі автордың өз-өзімен күресіне ұқсайды».
Күні бүгінге дейін Рахман Бертілеу колледжде сабақ береді, ал жұмыстан бос уақытын шеберханада өткізеді. Шеберхана деген аты болмаса, онысы қуықтай бөлме. Бірақ ол үшін ең бастысы – оңашада жұмыс істеуге, өз-өзімен қалып, ойын, арманы мен қиялын қағаз бетіне түсіруге мүмкіндіктің болатыны. Кейде төрт қабырғаның құрсауынан босап, табиғат аясына, пленэрге шығып келгенді ұнатады. Қазір суретшінің жаңа тынысы ашылған, шығармашылығында серпіліс бар. Өйткені суретшіні мольбертте үлкен таза кенеп күтіп тұр.