Мақала
"Қазақ киносының тарихы" (VI.I)
VI. Қазақ кино өнері тәуелсіздік кезеңінде 6.1. Көркемсуретті фильмдердегі тақырыптық идея
Бөлім: Кино
Датасы: 07.09.2020
Авторы: QAZAQ KINOSY
Мақала
"Қазақ киносының тарихы" (VI.I)
VI. Қазақ кино өнері тәуелсіздік кезеңінде 6.1. Көркемсуретті фильмдердегі тақырыптық идея
Бөлім: Кино
Датасы: 07.09.2020
Авторы: QAZAQ KINOSY
"Қазақ киносының тарихы" (VI.I)

Аса жылдам қарқынмен келген қоғамдық өзгерістер мен экономикалық дағдарыстар кедергісіне қарамастан Қазақстан кино өнері сексенінші-тоқсаныншы жылдар аралығында шығармашылық ізденіс және экрандық сипаттау мүмкіндіктерінің ерекшеліктері тұрғысынан жаңа сатыға, әлемдік кино өнері деңгейіне көтеріле алды. Жыл өткен сайын киношығармалардың мазмұндық сипаты мен бағалану критерийлері де өзгеруде. Бұл кезең фильмдері «камера көзімен» ғана қамтылған оқиғалар тізбегінің сырт формасынан гөрі адамның ішкі жан-дүниесіне, жеке кейіпкер характерінің сомдалу ерекшеліктеріне орай тереңірек зерттеуге ұмтылған күрделі туындылар.

Жаңа тақырыптық ағымдар аясында қазақ киносы тарихындағы ұлттық қолтаңба дәстүрі жалғаса отырып, сол қалыпты құбылысқа деген жаңа кезең режиссурасының өзіндік ерекше көзқарасы да айқындалды. Сондықтан да болар, қазақ киносының аталып отырған онжылдық көлемінде экранға шыққан туындыларына бейнелік суреттеу формаларының жаңа әдістері тұрғысында шетелдік кинозерттеушілердің назарының тым басым болғандығы заңды құбылыс еді. Осындай ерекше құбылыс тұсында, әсіресе, қазақ киноөндірісімен аралықтағы жаңа шығармашылық бірлестік нәтижелерінің болашақтағы мүмкіндіктерін болжаған батыс кинопродюсерлерінің де бүгінгі қазақ киносына деген қызығушылығы артып отыр.

Тоқсаныншы жылдар көлемінде экранға шыққан фильмдердің сандық көрсеткіші де, сапалық ерекшеліктері де қазақ киносының үлкен жетістігі екендігі даусыз. Мұндай жетістіктің басты себептері қатарында ең алдымен осы жылдары көптеп пайда бола бастаған жеке шығармашылық бірлестіктердің аса өрлеу үстінде болғандығының нәтижесі деп бағалауымыз керек.

Қазақ киносының даму тарихында өндірістік нәтиже және киношығармалардың мазмұндық тереңдігі жағынан да алып қарасақ, өрлеу жылдары мен тоқырау кезеңдері үнемі алмасып отырғаны белгілі. Бұл сипат қазақ киносының сексенінші-тоқсаныншы жылдар кезеңіне де тән құбылыс болып отыр. «Қазақфильм» киностудиясының 1959-жылдан тоқсаныншы жылдардың соңына дейінгі жинақталған өндірістік жағдайдағы тарихын шартты түрде екі жиырма жылдыққа бөліп қарастырар болсақ, соңғы жиырма жылдық көлемінде экранға шыққан фильмдердің саны әлдеқайда басым екендігін байқауға болады.

Алғашқы жиырма жылдық уақыт аралығында «Қазақфильм» киностудиясынан жылына шамамен 4-5 көркемсуртті фильм, 50-ге жуық деректі фильмдер экранға шығып жатты. Бұл кезеңдегі киноөндірісінің негізгі бағыты аударма фильмдер болды, әр жыл сайын 70-80 фильм қазақ тіліне аударылып отырды. Кеңес Одағы ыдыраған тұста жеке республикалар киностудиялары да жаңа өндірістік қарым-қатынасқа көше бастайды. Бұдан былайғы кезеңде «Қазақфильм» киностудиясы да аударма фильмдерден гөрі, ұлттық фильмдер өндірісіне басымырақ көңіл бөледі. Бір ғана онжылдық көлемінде (1988-1998 жылдар аралығында) Қазақстанда 84 көркемсуретті фильм түсіріледі. Қазақстан кино өндірісінің осындай жылдам қарқынмен дами бастауына себеп болған құбылыс- осы жылдар тұсында көптеп пайда бола бастаған жеке шағын киностудиялардың үлесі еді.

Өндірістік сан көрсеткіші киношығарманың сапалық мазмұнына әсер етпей қоймайды. 1980-1990 жылдар тұсында экранға шыққан фильмдердің тақырып аясы алауан түрлілігімен сипатталады. Басты назар аударатын сұрақтар қатарында жаңа заман тақырыбы мен осы кезең аралығында пайда болған жаңа кейіпкердің экрандық бейнесі сияқты күрделі де, аса қызықты мәселелерді атауға болады. Жаңа кейіпкердің сомдалуын қарастыру арқылы қазақ киносындағы режиссерлік жеке қолтаңбаларды айқындап, олардың ұқсастығы мен өзіндік ерекшеліктері нәтижесінде қазіргі қазақ киносында пайда болған тұтас ағымдардың бағыт-бағдарын саралауға мүмкіндік туады.Қоғамдық өзгерістер мен экономикалық дағдарыстар кедергісіне қарамастан аталып отырған сексенінші-тоқсаныншы жылдар тұсында ірілі-ұсақты жеке шығармашылық бірлестіктердің қатысуымен «Қазақфильм» киностудиясынан жылына шамамен 7-8 көркемсуретті фильм экранға шығып жатты. Осы кезең аралығы сан жағынан да, сапа жағынан да аса нәтижелі болды.

Қалыпты жағдайдағы қоғамдық қатынастарды бұзып-жарып келген ел өміріндегі көп өзгерістердің нәтижесінің әсерінен экранға жаңа тақырып пен жаңа кейіпкерлер келді. Оған дәлел Серік Апрымовтың «Қияң», «Ақсуат», фильмдері; Дәріжан Өмірбаевтың «Қайрат», «Кардиограмма», «Киллер» фильмдері; Болат Қалымбетовтың «Айналайын», «Соңғы ызғар» фильмдері; Сатыбалды Нарымбетовтың «Көзімнің қарасы»; Ардақ Әмірқұловтың «Отырардың күйреуі» фильмдері; Әмір Қарағұловтың «Әзәзіл қыз», «Көгершін қоңыраушысы», «Соңғы каникул» фильмдері; Дәмір Манабаевтың «Сұрапыл Сұржекей» фильмі, Аяған Шәжімбаевтың «Жансебіл» фильмі және басқа да режисерлардың бірқатар сәтті шыққан туындылары.

Жаңа кезең филмьдеріне арқау болған тақырыптар мүмкіндіктері шетсіз-шексіз. Қазіргі заман суреті мен жаңа кейіпкер бейнесі қазақ киносындағы кейінгі буын режиссерларының шығармаларында әрқалай әдістер арқылы терең мазмұнды шешімін таба білген. 80-90 жылдар фильмдеріндегі жаңа заман кейіпкері жеке автордың әр фильмінде өзіндік сипатымен ерекшеленсе де, олардың барлығына дерлік ортақ қасиет байқалады. Ол - қоғамдағы көп жылғы қалыптасқан үйреншікті қарым-қатынастардың аяқ-асты ыдырап, рухани ортаның құлдырауынан жаңа өзгерістерге дер кезінде бейімделіп үлгере алмай, сондықтан да уақыт және заман талабынан қалыс қалып қойған «шарасыз адам» бейнесі.

Тарихи шындық және экология тақырыбындағы фильмдер

Тоқсаныншы жылдар киношығармаларында көтеріліетін аса маңызды тақырыптар қатарында тарихи шындық және қазіргі экология мәселесі болып отыр.

Табиғат пен оның перзенті адам арасындағы «байланыс жібінің» үзілуінен пайда болған экологиялық дағдарыс тақырыбына түсірілген Болат Қалымбетовтың «Айналайын» (1990) және Едіге Болысбаевтың «Ұлтуған» (1989) фильмдері ондағы кейіпкерлері мен олардың іс-әрекеттері арқылы бірқатар қоғамдық маңызды мәселелердің басын қозғайды.

«Айналайын» (1990ж). Кинорежиссер ретінде шығармашылық жолын қысқаметражды «Тамшы» фильмімен бастаған Болат Қалымбетовтың «Айналайын» атты толықметражды алғашқы туындысы оның осы тақырыпқа терең толғаныспен келгендігін дәлелдеп берді. «Айналайын» фильмі оқиға мазмұнының шынайылылығымен, ондағы кейіпкерлердің табиғи мінездерінің басымдылығымен көрерменнің де, киномамандарының да жоғары бағасына ие болды.

Фильмінің алғашқы кадрларынан-ақ көрініс беретін әні мен сәні жоғалған, тіршіліктің аты дегені ғана болмаса, заты мүлдем жоқ қазақ ауылы көрерменнің еңсесін езіп, өзімен бірге «мұңды даланың жоқшысына» айналдырады. Ондағы бір тал мектептің жалғыз мұғалімінен «шала-шарпы білім» алып жүрген бас кейіпкерлер Әлішер мен Жанар және олардың құрбы-құрдастары сабақтан тыс уақытта бір сәтке болса да көңіл көтеріп, мәз мәйрам болады. Дегенмен де бұл балаларды бақытты деп ойлауға бола қоймас. Осы өңірді мекендеген ел-жұрттың басына түскен зобалаң-ядролық жарылыс сынақтары салдарынан туған ауылдарының құрып бара жатқан бүгінгі сиқы мен ауыр тұрмыс-тіршілігі жасөспірім балаларды мезгілсіз есейткендей.

Бас кейіпкерлер Әлішер (Фархад Сейфуллин) мен Жанар (Сана Жетпісбаева) «көпшіліктен» бөлініп қарастырылып, фильм композициясына жас өспірімдердің арасында оянып келе жатқан балғын сезімі басты тармақ ретінде қиюластылырса да, бұл фильмдегі авторлар тарапынан қойылып отырған басты мақсат заманымыздың «қаралы» суретіне айналған ядролық сынақ мәселесі қоғамдық күрделі қозғалыстардың негізгі себептері деген мәселе астарына үңілуге талпыныс жасайды.

Кейіпкерлер арасындағы қарым-қатынастан аса көзге көрініп тұрған драматургиялық тартыс байқалмайды, алайда, бұл кемшілік емес, керісінше, шығарма мазмұнының тақырып аясын тереңдетудегі қосалқы сипаттық элементтерге беріліп отырған кеңістік деп қарастыру керек. Фильмде көрініс алып жатқан әр эпизодтың ауқымында жеке тағдырлар сипаты, олардың әрқайсысында өзіндік драматургиялық заңдылықтарға сәйкестігі және шарықтау шегі бар. Әлішер мен оның досы Болат (Ерболат Оспанқұлов) сол көріністердің еріксіз куәгері болады. Әйтеуір бір жоғарыдан төніп тұрған зауалдың бар екендігін бала түйсіктерімен сезінеді. Олардың біртіндеп жинақтала бастаған үрейлі сезіктерін мұғалімдері (Алтынбек Кенжеков) әр сабақ сайын айтылып жатқан өмір туралы «түсініксіз болжамдары» арқылы одан әрмен қоюландыра түседі.

Әр жеке кейіпкердің іс-әрекеті мен мінезіндегі өзіндік ерекшеліктің түпкі астарын қоғамдық қатынастар негізінен іздеу «Айналайын» фильмінде, әсіресе, айқын байқалады. Ол- Жанар мен Әлішер болсын, ол - тарих пәнінің мұғалімі болсын, ол - Әлішердің атасы Асан қария болсын, бұлардың барлығы жиыла келгенде, бәрібір сол бір экологиялық апат мәселесі тұрғысында сипатталады. Фильмдегі кейіпкерлердің іс-әрекеттері өздерінің жеке характерлерінің ерекшеліктерінен гөрі, «сыртқы қоғамдық қозғалыстарға» бағынышты болып отыр. Бір сәтке болса да, балалықтары бой алып, еркін жүре сөйлесетін Жанар мен Әлішер ілезде қайта тұнжырай қалады, оның себебі – олар өмір сүріп жатқан ортаның соншалықты құтсыздығы.

Асан қарияның (Қасым Жәкібаев) бейнесі арқылы фильмде өткен өмірге деген қимастық сезім беріледі және бүгінгі мен кешегі арасындағы көзге көрінбес жіңішке жіптің тартыла-тартыла үзілуге шақ қалғандығы көрсетіледі. Ол үнемі немересі Әлішерге ақыл-кеңес айтып, бір кезде асып-шалқып жатқан қазақ ауылдарының келмеске кеткен суретін өзге үшін емес, өзі үшін айтып отырғандай күйзеліс сезімге батып жүреді. Шарасыз адамның іс-әрекеті де өнімсіз, Асан қария ауылына апат әкелген «сынақ ордасын» жанармай жарылысымен тұншықтырмақшы, одан, әрине ешкімге пайда болмады... атасынан айрылып, Әлішер аңырап қалды...

Фильм соңында кезекті жарылыстан кейінгі ауыл эвакуациясы көрсетіледі. Бұл бір мазмұны мен сырт формасы тұтасқан аса ұтымды шешім болды. Тағы бір қазақ ауылы жер бетінен жоғалды. Бұл бір ауыл қасіреті емес, бұл тұтас халықтың зары.

«Айналайын» фильмінің өн бойында әр кадр арқылы көрерменді екі түрлі сезім баурап отырады. Біріншісі- оқиға болып жатқан «ортаның қозғалысы» арқылы келетін жоқтау сезімі болса, екіншісі- режиссер тарапынан өз кейіпкерлеріне деген сүйіспеншілік.

«Жаңа қоғамдық дерт» аумағындағы елінің ауыр тағдырын, табиғат қасіретін көркемдік шығарма деңгейінде көрсетуге бет бұрған «Айналайын» фильмі ұлттық таным мәселесін өте орынды қозғайды. Құлдырау шегіне жетіп, тірішілік белгісі жойылғалы тұрған ауылдың көрінісі арқылы экологиялық қауіпті аудандарда тұрып жатқан адамдардың ащы да зарлы өмірін суреттей келе, бет қаратпас шындықты көрермен алдына жайып салады. Бір кезде тіршілік тынысына толы ауыл үйлерінің ендігі аңырап бос қалуы – «ел басына күн туған» заман суретімен теңдес болып отыр. «Айналайын» фильмі ел өміріндегі күрделі де, ауқымды мәселелерді қозғаған бірден-бір сәтті туынды болып отыр.

Қазақстан Республикасының «Дарын» сыйлығының иегері Болат Қалымбетовтың «Айналайын» фильмі 1991 жылы Саратов қаласында өткен Халықаралық кинофестивальдың (Россия) Алтын белгісін және Бірінші дәрежелі дипломды жеңіп алды. «Қазақ киносының жаңа толқыны» кезеңінің ең үздік туындылары қатарында «Айналайын» фильмі тақырыпқа негіз болған мәселелердің өзектілігі жағынан аса жоғары бағаланады.

«Ұлтуған» (1989ж). Табиғат қасіретін адам тағдырымен байланыстыра көрсеткен Едіге Болысбаевтың «Ұлтуған» фильмі Арал өңіріндегі сұрықсыз көріністерімен басталады. Айнала тіршілік жоқтай тым-тырыс. Ыстық күнде соққан «ызғырық желді» бетіңді қаритындай сезіммен жеткізе берілген сәні кеткен табиғат суреттері селтиіп-селтиіп аракідік кездесіп қалып жатқан түп-түп сирек шилерді аралай, «камера көзімен» көрермен зейінін суы тартылған бір кездегі «телегей» теңіз жағалауында әр жерде теңкиіп-теңкиіп жатқан алып кемелерге әкеліп тірейді. Тамызық болар қураған шөп-шаламның өзін әрең тауып жинап жүрген Ұлтуғанның сырт келбеті де көрермен көңілін көтере қоймайды. Ірі планмен берілген кадрларда бас кейіпкердің «сәулесі өшкен» көз жанары да тұнғиыққа батырғандай шарасыздықтың әсерін қалдырады. Фильмде ауыр да алуан түрлі адамдар тағдыры баршылық, қай-қайсысын алсақ та, режиссер «ойының жетегімен» бәрібір сол бір Арал тағдырына қайтып орала береміз. Суы тартылып, көз алдында құрып бара жатқан теңіздің бүгінгі күйіне күйзелгендерімен, араша болар еш амалдары қалмаған Арал маңының тұрғындары тағдырларына мойынұсынып, күйбең тірліктерімен күн кешіп жатыр. Өмірге қуат берер қасиетінен айрылған Аралмен бірге бас кейіпкерлер Майдан (Жамбыл Құдайбергенов), Ұлтуған (Мәдина Ержанова), Сәндібала (Тамара Шакирова) тағдырлары да тығырыққа тірелген деген мақсатта айтылатын фильм мазмұны жеке адамды оны қоршаған ортадан бөліп қарауға болмайтындығын және ең бастысы жер байлығы елдің байлығы деген ойлармен тұжырымдалады.

Тоқсаныншы жылдар киношығармаларындағы басты тақырыптардың тағы бірі – көркемдік шығарма деңгейінде бірнеше дүркін қамтылған ел өмірінде, қоғамда болып жатқан саяси оқиғалар. Қоғамдық қозғалыстар мен оның салдары қазақ көркем киносында бір емес, бірнеше тармақтарға бөлініп қарастырылады. Әр режиссердың тақырыптың ашылуына деген көзқарастары мен өзіндік үлестері де әрқилы. Тарихи тақырыптың бірнеше тармақтар арқылы қамтылуын ескере отырып, осы орайда, әр кезең оқиғасына өзіндік сараптауларымен келген режиссерлардың фильмдері арқылы бір тақырып төңірегінде көркемдік суреттеу тәсілдерін тұжырымдауға мүмкіндігіміз бар.

Тоқсаныншы жылдар кезеңінде аса маңызды орын алған тақырыптардың бірі – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы болып отыр.

Бұл орайда режиссерлар Қалықбек Салықов, Қалдыбай Әбенов, Талғат Теменовтың фильмдерінде «Желтоқсан оқиғасының» көрініс алу ерекшеліктерін айтуға болады.

«Желтоқсан ашыналары» (1991ж, реж.Қ.Салықов), «Қызғыш құс»(1991ж, реж. Т.Теменов), «Аллажар»(1995ж, реж.Қ.Әбенов) көркем фильмдерінде Желтоқсан оқиғасы әртүрлі көзқараспен қамтылады.

«Желтоқсан ашыналары» (1991ж). Заман сипаты адамдар арасындағы қарым-қатынастан айқынырақ байқалатындығы дәл сол 1986-жылдың желтоқсанында шарықтау шегіне жетті деуге болады. Алматының алаңында екі күн ішінде өтіп қана кеткен көтеріліс қыспағы енді басталғандай... Желтоқсан оқиғасынан кейінгі уақытта болған оқиғалар тізбегі сол кездің өзінде талай адамға, талай достыққа немесе басқа да қарым-қатынасқа деген шын мәнінде сынақ болды. Көп адамның әлсіздігі мен солқылдақтығы, пасықтығы мен арамзалығы дәл осы тұста ашылды.

Осындай қатаң жағдайда «Желтоқсан ашыналары» фильмінің кейіпкерлері де, дәлірек айтсақ, олардың бір-біріне деген қарым-қатынасы үлкен сыннан өтеді. Режиссер Желтоқсан оқиғасын жеке кейіпкерлердің психологиясын ашуда көмекші құрал ретінде пайдаланады.

Фильмдегі бас кейіпкерлер Зоя мен Аронның өзара және басқа кейіпкерлермен арасындағы қарым-қатынас, олардың іс-әрекеттері, сөйлеген сөздері тарихи оқиға сипатына үстеме сипат береді, бұлардың өмірінде болып жатқан оқиғалар желтоқсаннан алшақ, алайда, ауада қалқып жүрген түсініксіз үрей сезімі олардың сезімдеріне тікелей әсер етеді.

Кез келген шығарманың аты оның негізгі мазмұнына сай болып, автордың айтайын деген ойы бір-екі ауыз сөз шеңберіне сиып, көрерменге алдын ала аз да болса фильм жайынан хабар беруі шарт қой.

Қалықбек Салықовтың «Желтоқсан ашыналары» фильмі көп жағдайда сезімге құрылса, Талғат Теменовтың «Қызғыш құс» және Қалдыбай Әбеновтың «Аллажар» фильмдерінің негізгі мазмұны желтоқсан оқиғасы төңірегінде тарихи деректер бойынша өрбітіледі.

«Қызғыш құс» (1991ж). Фильмінің бас кейіпкері Санжар Желтоқсан оқиғасының алғашқы күндерінен-ақ жалалы болып, аяқ асты қуғынға ұшырап қалады. Ол қаладан кетуге мәжбүр. Оқиға өрбіген сайын фильмнің мазмұны бастапқы таңдалған тақырыптан біртіндеп алшақтай бастайды. Қаладан пана таппаған Санжар біраз уақыттан соң шалғайдағы темір жол торабында тұрып жатқан Зина шешейдің үйінен бір-ақ шығады. Осы тұстан бастап тек мазмұн ашылу мүмкіндігі ғана емес, жалпы бас кейіпкердің өзі де екінші планға сырғытылып қалады. Бастапқы кезде кірпіше жиырылып, Санжарды суық қабылдаған Зина шешей көп ұзамай-ақ оған өзінің бар сырын ақтарып салады. Бұдан әрі Санжар Зина шешейдің үйіне аяқ-асты шақырусыз сау ете қалған Әлібек Қасымович пен оның «сезікті достарының» көңіл көтерген сауық-сайрандарының куәгері болады. Осындай жанамалай берілген оқиға тізбектері бас кейіпкерді Желтоқсан оқиғасынан тым алыстатып жіберген. Тұспалдап қана көрсетілгендіктен де, тақырып ашылу мүмкіндігі бұл фильмде өз дәрежесіне жете қоймаған.

«Аллажар» (1995ж). Суреткердің өзіндік қолтаңбасы, өмірге көзқарасы оның шығармасы арқылы жүзеге асып, бүкіл қоғамдық қажеттіліктен туындаған шындықтың бет-пердесін ашуға септігі тиіп жатса, әрі көркем туындыда көздеген ерекшеліктері басым түссе, онда автор үшін үлкен табыс екені сөзсіз. Желтоқсан оқиғасын өзек етіп, тарихи шындықты мейлінше шынайлықпен суреттеуге ұмтылған режиссер Қалдыбай Әбеновтың «Аллажар» фильмі тарихи тақырыпты меңгерудің жарқын мысалы бола алады. Қасіретті 1986-жылдың Желтоқсанында дәуірлеп тұрған тоталитарлық, әміршілдік-әкімшілдік жүйесінің демократия үшін алаңға бейбіт шерумен шыққан жастарға қарсы күш қолдануы – оған қатысқандарды қуғындауы, сол аласапыран кезеңнің қиындықтары мен қасіретті күндері фильмде деректі және көркем тұрғыда жан-жақты қамтылған.

Аталып отырған туынды оңайлықпен келген жоқ, небір аяқтан шалған кедергілерді жеңуге тура келді, фильм экранға оқиға өткен соң тоғыз жылдан кейін шығып отыр. Желтоқсан оқиғасын түбегейлі зерттеп, оның анық-қанығына көз жеткізу, лайықты бағасын беру тек тарихшылар мен ресми орындардың үлесі болмаса керек. Кезінде берілген асығыс баға ақыры теріске шығып, шындық салтанат құрды. «Аллажар» фильмінің маңыздылығы сонда, онда автор оқиғаны жалаң суреттеуден аулақ. Желтоқсан оқиғасына режиссердың өзіндік көзқарасы бар, өткен мен бүгінді салыстыра отырып талдау жасау талпынысы басымырақ. Көп жыл бойы жинақталған құнды деректі материалдар шығарманың өн бойынан адамдардың сөзі, арнайы құрылған комиссияның деректі материалдары қамтылып, сол арқылы көркем желіге жан беріліп отырады. Деректі кадрларда еліміздің белгілі саяси қайраткерлерінің Желтоқсан оқиғасына баға берудегі, және бұл оқиғаның еліміздің егемендігін нығайта түсудегі орны туралы айтқан ойлары нақты көрсетілген. Режиссер бұл фильмде Желтоқсан оқиғасының барлық ауыртпалығын, қуғын-сүргінін, жастардың қайсарлығын тоталитарлық қатып-семген жүйеге қарсы келген әрекеттері мен осы жүйеге бейімделген адамдармен қақтығысы арқылы көрсете білген. Сонымен қатар, әр топ өкілдерінің жеке психологиясын көрсетуде қажетті рольдерді орынды таңдай білген және фильмдегі басты кейіпкерлер арқылы заманның типтік образдарын іріктеп жинақтаған. Фильм оқиғасы бас кейіпкер Азаттың (Ақан Сатаев) тағдыры арқылы сипатталады. Алғашқы кадрлардан-ақ Желтоқсан жаңғырығы деректі материалдар арқылы көрерменді есінен тандырғандай. Экраннан көрінген алаңдағы айқай-шу, өрт сөндіргіш машиналардың сиренасы, қыз балалардың шыңғырған жан дауыстары, оларды аямай соққан сойылдардың дүрсілі, бәрі-бәрі құлақты тұндырып, жанды түршіктіреді. Бас кейіпкер көп студенттің бірі ғана. Бір күн ішінде оның тағдыры күрт өзгереді, «кісі өлтірді»- деген жаламен қуғынға ұшыраған бас кейіпкер азап пен зорлықтың небір түрін көреді.

Азаттың бейнесін күрделендіру арқылы фильмдегі бастапқы публицистикалық сарын көркемсуретті жанрға көзге көріне бермейтін «көпір» арқылы жымдасып, тұтастай бір туындыға ұласып жатады. Сюжетті өрбітудегі режиссердың пайдаланған ұтымды әдістерінің бірі-қарама-қайшы кейіпкерлік бейнелердің қақтығысын орынды, әрі нанымды пайдалана білуінде болып отыр. Фильмде еліміздің басынан кешкен 1937-жылдың зауалы Желтоқсан оқиғасы деректері арқылы жиі еске түседі. Тергеушілердің Азатты азаптағанын, біреулердің түрмеде оның көзін құртуға талай айла-шарғы қолданғанын көре отырып, қаталдық пен қатыгездіктің шексіз екендігіне көз жеткізуге болады.

Қай заманда да заңның аты заң, ал ол саясат құрбаны болса, онда әділетсіздік орын алады. Тоталитарлық жүйенің айтқанын екі етпей орындайтындар ішінде құқық қорғау орындарының өкілдері де экраннан көрініс тапқан. Бірақ солардың ішінде саясат ықпалына кете бермей, әділдік үшін алсықандар да аз болған жоқ. Фильмде солардың бірі Азатты қорғап қалуға жанын салған адвокат бейнесі. Ал, жағымсыз образ – Мәскеуден келген тергеуші ролін жас актер Алексей Шемес шынайы орындап шыққан. Осы тергеуші айыпкерге өзінің таққан кінәсін қалай да мойындату үшін ештеңеден тайынбайды, яғни ол қатыгездіктің, қаталдықтың, әпербақандықтың жиынтық образы. Фильмде тұтқындалған жастардың тергеу мекемелерінде көрген қорлықтары мен оларға қолданып жатқан жауап алу әдістерін көрсетуде режиссердың ұлтшылдық көзқарастан мүлдем аулақ екендігін бірден аңғаруға болады. Себебі, ондай қатыгез тергеушілердің ішінде қазақтар да жүр. Фильм авторлары жеке тағдырлар арқылы қоғамдағы саяси жағдайды, Желтоқсан оқиғасының мән-мағынасын кеңінен аша білген. Осы фильм арқылы еліміздің өткен бұралаң жолдары, егемендік алу жолындағы көрген қиындықтары көрініс тапқан.

«Аллажар» фильмінде бейнелік қатар алмасуы мен монтаждық әдіс сияқты таза кинематографистік құрал элементтері басты мақсат емес, мұнда әр эпизодта берілетін көрініс сипаты драматургиялық шиеленісуінің шарықтау шегі арқылы желтоқсан оқиғасының тарихи шындығына мейлінше жақындатылады.

Тарихи шындық негізінде түсірілген «Аллажар» фильмінің характерлік шешімі жағынан көркем шығарма заңдылықтарына сай ашылуына әсер еткен кейіпкерлер бұл фильмді тудыруға тікелей әсер еткен сол қанды желтоқсан оқиғасына қатысушалар болып отыр. Режиссер тарапынан оқиға өткен алаңда болған жеке адамдармен әңгімелеу, солар жайында нақты деректер жинау және ол материалдарды өңдеу сияқты біраз жұмыстар жасалынған. Желтоқсан жүгі шын мәнінде ауыр жүк болды. Материалдық-техникалық мүмкіншіліктер жағынан түсіруші топ өте көп қиыншылықтарға кездесіп жатты. Қаржы-қаражат жетіспей, ұзаққа созылған тоқырау жылдарында фильмді экранға шығаруға демеушілік көрсеткен азаматтар жайында айтпауға болмайды. Фильм өте ұзақ түсірілді, 1988 жылы басталған фильм 1995 жылы ғана экранға шықты. Қиын-қыстау кезеңде демеушілік көрсетіп, фильмді аяқтауға материалдық жағынан көмек көрсеткен жігіттердің басым көпшілігі сол желтоқсан оқиғасына тікелей араласқан азаматтар, олардың көпшілігі, тіпті барлығы десе де болады, жазықсыз жалалы болып, орынсыз таяққа жығылып, зардап шеккендер. Аянбай көмек көрсеткендер қатарында фильмнің бас демеушісі болған «Матай» корпорациясының президенті Жанат Дүзбаев, бір кезде өзі сол оқиғаның бел ортасында жүрген, сол себептен де, тарихи шындықты көрсетуге ұмтылған экрандық шығарма - ұзақтығы төрт сағаттық «Аллажар» фильміне қыруар ақшалай көмек көрсетеді.

Шындықтың бас-аяғын мейлінше тереңірек ашуға тырысқан деректі материалдар негізінде соншалықты қиындықпен дүниеге келген «Аллажар» фильмінің барлық дерлік көріністері табиғи ортада өтеді, бірде-бір павильондық эпизодтар жоқ.

Сол себептен де «Аллажар» фильмін ел өмірінде болған ірі қоғамдық қозғалысқа жол ашып берген Желтоқсан оқиғасына ескерткіш деп бағалау керек.

Тарихи тақырыптардың қамтылуы тағы бірқатар режиссерлардың шығармаларында сәтті көрініс табады.

«Сұрапыл Сұржекей» (1991ж). Тоқсаныншы жылдар тұсында қазақ көркем киносы режиссерларының шығармашылығында жиі қамтылған тарихи тақырыптың тағы бірі- жиырмасыншы- отызыншы жылдар тұсындағы қоғамдық өзгерістер: коллективтендіру және оның салдары қазақ халқының тарихында ақ таңдақ болған ашаршылық кезеңі.

Азамат соғысы аяқталып, ел еңсесі әлі жинала қоймаған тұста тағы бір күрделі сын кезеңі туады. «Революциялық романтика» көзден ғайып болып, жаңа экономикалық саясатпен қазақ ауылына кезекті қоғамдық дағдарыс нәтижесі келеді. Ірі байлардың, феодал өкілдерінің малдарын тәркілеп алу, олардың өздерін жер аудару сияқты іс-әрекеттер аса қатаң, қытымыр жағдайда жүзеге асырыла бастады. Талай тағдырлар, талай адам жазықсыз жалалы болып, істің оң-терісін дұрыс болжай алмаған шала белсенділердің құрбаны болып кетті. «Конфискелеу» міндетті түрде оң іс деп табылды, жоғарыдан түскен жарлық бойынша, қорасында 100-300 бас малы бар орта дәулеттегі адам «қан сорғыш қанаушы» тап өкіліне жатқызылып, қара тізімге ілініп қалып жатты.

Міне, осындай «ауыл байларын» ауыздықтау сияқты күштеп конфискілеу саясатының салдары қазақ киносы шығармаларында көрініс тапты.

Осы тақырыпты терең меңгеру, әсіресе, режиссер Дәмір Манабаевтың шығармашылығында айқын байқалады.

Жазушы Смағұл Елубаевтың «Ақ боз үй» әдеби шығармасының желісімен экрандалған «Сұрапыл Сұржекей» (1991) фильмі әдебиет пен кинематограф байланысы тұрғысынан да қарастыруға болатын күрделі шығарма.

Әдеби нұсқадағы кейіпкерлер фильм авторлары тарапынан экрандық шығарма заңдылықтарына сай өндеуден өткізіліп, бүгінгі күн тұрғысынан алғанда әлі де кездесіп қалып жататын адам мінезіндегі кейбір өрескел әрекеттердің түпкі табиғатын ашуға тырысқандықтан да, фильм мысалында тоқсаныншы жылдар тұсындағы аса қызықты тақырыптардың меңгерілуінің мысалы ретінде режиссер Дәмір Манабаевтың «Сұрапыл Сұржекей» фильмін атауға болады.

Фильмге сценарий жазу жұмысына жазушы Смағұл Елубаевтың өзі тікелей араласады, мүмкін сондықтан да болар, әдеби нұсқадағы бас кейіпкерлер мінезіндегі ерекшеліктер экрандық вариантында жаңаша қырынан ұтымды жағдайда мейлінше тереңдетілген.

Оқиға отызыншы жылдардағы қазақ ауылының жаңа өмірге бейімделу кезеңіндегі тыныс-тіршілігі төңірегінде өрбиді.

Алғашқы кадрлар Мажан ауылының сырт көрінісімен басталады. Ауылдың қайнап жатқан өмірі күнделікті тіршілік суреттері арқылы (үй арасында асыр салған бала-шағының шуымен, қазан-аяқ басында күйбеңдеп жүрген келіншектер тірлігімен) беріледі. Өрістен мал қайтты, ауыл ортасындағы қызыл жалауы желбіреген қазақ үйден ауылнай Жорға Күрең шықты, бойының қырыс-тырысын жазып, есік аузында біраз тұрып қалды. Аң аулап, құс атып қайтқан Бұлыштың көзі Мажан байдың құдықтан су алып келе жатқан Балқия тоқалына түседі. Тұлымдары желбіреген кішкентай сіңлілерімен асыр салып ойнап жүрген Пахрадиннің кенже қызы кербез Хансұлу да өз отауына беттеді... Осындай бастапқыда баяу дамитын оқиға желісі, бас кейіпкерледі көрерменіне «таныстырып» болғаннан кейін, кенет жылдам қарқын ала бастайды. «Камера қозғалысы» ертеңгі болар «сұмдық» алдындағы ауыл ішін жайлаған қарбаласты дөп басып, үрейлі кейіпкерлерді алдыңғы планға шығарады. Жаңа өкіметтің өкілі Сұржекей де (актер Мейірман Нұрекеев) келді, жата-жастана демін алып, қарнын тойдырды. Болымсыз ғана нәрсе себеп болып, Сұржекей аяқ-асты айбаттанып шыға келді, қылышын оңды-солды сермеп, ауыл адамдарының құтын қашырды... Фильм соңында жәбірленген халық қайда қашып құтыларын білмей, бел асып, құм арасына судай сіңіп жоқ болады...

Бір ғана Мажан ауылының көрінісі арқылы отызыншы жылдардағы жалпы қазақ ауылдарына тән ортақ құбылыстар қамтылған. Режиссер тарапынан көрерменге Сұржекей-Пахраддин, Сұржекей-Әзберген қарым-қатынастары арқылы талай шындықтың астарына үңілуге мүмкіндік берілген. Қолында бар билігін пайдалана отырып, «шаш ал десе, бас алатын» Сұржекей (Мейірман Нұрекеев) - ой таяздығы, күншілдік, арыздану, қатыгездіктен туған озбырлық сияқты ең бір келеңсіз сипаттардың жинақталған бейнесі. Мұндай кейіпкер әр заманда да кездесіп қалып жатады деген ой – режиссердің көздеген түпкі мақсаты болса керек. Сырттан келер зұлмат (төңкеріс, орыстар басқыншылығы) оқиғаның сырт пердесі ғана, мәселенің төркіні ауыл адамдарының өзара қырқысында. Пахраддин (Н.Жантөрин), Әзберген (Ж.Абдықадіров), Шеге (Б.Әлпейісов) кейіпкерлері екі оттың ортасында қалғандай аласұрады: бір жағынан «орыстар» озбырлық көрсетсе, екінші бүйірден Сұржекейлер қысып барады, соңғысының озбырлығы тіпті басымдау байқалады. Көпшілікті еркінен тыс бір ортаға бағындыру, яғни коллективтендіру құбылысы Дәмір Манабаевтың фильмінде «қалың тобырды» хан көтеріп, «дара адамды» табанға басу процесстерін қатар көрсетумен берілген. Тобырдың шуынан жалғыздың үні шықпайды, бұл рухани басып-жаншудың басты құралы. Осы сарын фильм мазмұнының шешуші тармағы болып тұр.

«Жансебіл» (1991ж). Режиссер Аяған Шәжімбаевтың «Жансебіл» көркемсуретті фильмі ел өміріндегі тағы бір тарихи кезеңді парақтайды.

Егде тартқан екі кейіпкер өмірінен алынған оқиға фильмге негізгі мазмұн болып тұр. Көзге көрінер аса көрнекті оқиға жоқ болғанымен де, тарихи кезең деп айтуға басты себеп - кейіпкердің өткен өміріне барлау жасап, өкінішке толы қазіргі күйге түскен жағдайына куәгер болғандығымыз. «Жансебіл» фильмінің кейіпкерлері соғыс зардабын бастарынан кешкен, талай қиын сынақтардан мойымай, ертеңінен үміт күткен жағдайлары бар. Мұқатай қарт (Қасым Жәкібаев) Сталин кезеңінде жазықсыз жалалы болып, туған жерден алшақ жақта қалып қояды. Өмірлерінің соңғы кезеңінде бір-біріне тірек болып, қартайған шақтарында енді олар Мұқатайдың алыстағы ел-жұртына хабар жеткізетін адам іздеп аласұрады. Фильмнің оқиғасы екі қарияның вокзал басына келіп, Қазақстан жаққа барар поездарды бағып жүргендерінен басталады. Күн сайынғы тірліктері осы: таң азанмен шалы кемпірін шыдамсыздана оятып алады, асыға жүріп, ара-арасында кемпірі Мария (Г.Макарова) да өзінше шалына зілсіз ғана бұрқылдап қояды. Қол-аяғы қырқылып, «самаурын» болып қалған мүгедек шалын арбаға салып алған Мария мықшыңдай басып, әрең сүйретіліп келеді. Жалынышты көрініс бұлардың вокзал басындағы мардымсыз тірліктері арқылы одан әрмен тереңдетіледі. Әр келген поезд составтарының өн бойымен сүріне-қабына жүгірген кемпірдің артынан қол-аяғы жоқ шал байғұстың «Маруся! Ана жақтан сұра, Маруся мына жаққа жүгір!»-деп, тынымсыз айғайлаудан басқа амалы жоқ. Осы бір көріністерден «шығарға жоқ» адам жанының небір терең қатпарларын түйсікпен сезінуге болады. Үміт оты кеудесін қыздырған Мұқатайдың сенімінде гәп жоқ. Жерлестерінің біреуі болмаса, біреуін әйтеуір бір кездестіретініне сенімі мол. Бүгінге тағы да сәтсіздік... ары айғайлап, бері айғайлап кемпірі екеуі Абралы жаққа барар бір де бір жолаушы таппады. Туған жеріне, алыста қалған еліне сәлем жеткізер адам таба алмай әуреге түскен шал үмітін үзер емес, келесі келер поезды күтеді. Сәл тыныстаған шағында екеуі өткен күндеріне көз жүгіртіп, көрерменді қатерлі отызыншы жылдар тұсына әкетеді...

...Жас Мұқатай (Қ.Нұрланов) аяқ асты жазықсыз қалай жалалы болып қалғанын түсінбей де қалды. Айналдырған екі адамның басы қосылса, сыбыр-күбір ертеңіне белгілі болып жатқан осы заманда, бұлардың үйінде Мағжан Жұмабаевтың, Ахмет Байтұрсыновтың аттары абайсызда аталып қалғандығы Мұқатайдың былайғы өміріне күрт өзгеріс енгізеді. Алыс жаққа жер аударылып, айдалып кетіп бара жатқан Мұқатайдың артында сүйген жары мен жас баласы қалып барады. Бақытты жүрген сәттеріндегі әсем көріністер жадында әбден жатталып қалған. Мұқатайдың ендігі өмірі азап пен қорлық болды. Жаны аса қиналған сәттерінде оның көкейіндегі бақытты кез суреттері қалқып шығып, көңілін бір сәтке болса да аулайды. Небір қиындықты бастан кешкен Мұқатай (Қ.Нұрланов) өзінің кім екенін ұмыта бастайды. Сондай бір қиын кезінде оның өміріне әдемі келіншек Мария енеді. Ауылы, жары, баласы, жастық шағындағы бақытты сәттері Мұқатайдың есіне жиі түседі...

Сол бір елесті ұстай алмай әбден қиналған шағында Мұқатайдың «жерлесі» де кездесе кетеді. Мұқатайдың әңгімесін жүре тыңдаған «жерлесі» оның туған-туыстарына жазған хатынан бұрын, қарт адамдардың жиып-теріп беріп жатқан ақшасын алуға асығады. Фильм оқиғасының аяқталуы өте аянышты. Мұқатайдың сонша жыл күткен үміті аяқ асты тапталып қалды. Бұған дейін деректі кино жанрында шығармашылық жолын шыңдаған Аяған Шәжімбаевтың көркем кино жанрындағы тырнақалды алғашқы фильмі өте сәтті шықты. «Жансебіл» фильмі 1992 жылы Ашхабад қаласында өткен Халықаралық кинофестивальда ең үздік дебюттік фильм үшін марапатталса, актер Қасым Жәкібаев ең үздік басты роль үшін «Золотой полумесяц» жүлдесін иеленеді.

Қолданылған материалдар:

«Қазақ киносының тарихы» (оқулық)

ҚР Білім және ғылым министрлігі, Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА,

Б.Р.Нөгербек, Г.Қ.Наурызбекова, Н.Р. Мұқышева – Алматы: ИздатМаркет, 2005.