Мақала
"Қазақ киносының тарихы" (VI.VI)
VI. Қазақ кино өнері тәуелсіздік кезеңінде 6.6. Бүгінгі кино өндірісіндегі ізденістер
Бөлім: Кино
Датасы: 07.09.2020
Авторы: QAZAQ KINOSY
Мақала
"Қазақ киносының тарихы" (VI.VI)
VI. Қазақ кино өнері тәуелсіздік кезеңінде 6.6. Бүгінгі кино өндірісіндегі ізденістер
Бөлім: Кино
Датасы: 07.09.2020
Авторы: QAZAQ KINOSY
"Қазақ киносының тарихы" (VI.VI)

Кеңес үкіметі дәуірінің кезеңі өтіп, жаңа қоғамдық қатынастар орнаған тұста кино өнері саласында да жаңа нарықпен қосарлана келген көп жаңалықтың бірі – жеке шығармашылық кинобірлестіктердің құрыла бастауы. Бұл - ұлттық кино өндірісіміздің сапасы мен сандық деңгейіне тікелей әсер етті. Тоқсаныншы жылдар тұсын ұлттық киномыздың әлемдік деңгейге көтерілген аса бір нәтижелі кезеңі ретінде жоғары бағалауға болады. Бұл жылдары «Жаңа толқын» режиссерларының фильмдерінің көпшілігі әлемдік деңгейдегі дәрежелі халықаралық кинофорумдар мен фестивальдарға қатыса бастады. Токио, Сан-Франциско, Турин, Стамбул, Париж, Будапешт, Карловы Вары, Москва және тағы басқа да бірқатар қалаларда қазақ киносының күндері өтті. Әлем біздің киномызды тани бастады. Көріп қана қоймады, аса жоғары бағалап, қазақ киносының өзіндік ерекшеліктерін мойындай бастады. Бельгия, Франция, Австрия, Ұлыбритания сияқты зор қуатты киноиндустриясы бар мемлекеттер ендігі жерде жаңа инвестиция тұрғысынан қазақ киносына бет бұрды. 2001 жылы Нант қаласында (Франция) ұйымдастырылған «Үш континент фестивалінде» қазақ киносының фильмдері бойынша арнайы бағдарлама өтті.

2002-2003 жылдарда қазақ киносының тарихында Америка және Германия мемлекеттерімен бірлестіктері басталды. Жаңа жоспарлар, жаңа өндірістік мүмкіндіктер пайда болды. Қазақ киносының жаңа кезең киносындағы өндірісі тұрғысынан алғандағы мұндай жетістіктерге жетуіне арқау болған себептердің негізгісі, әрине, соңғы жылдардағы киношығармалардың жоғары деңгейдегі кинофестивальдарда жүлделі орындарға ие болып, әлемге танымал болуы еді: 1993 жылы – Страсбург қаласында өткен халықаралық кинофестивальда «Қайрат» фильмі (реж. Дәріжан Өмірбаев) Бас жүлдені иеленді; Локарно (Швейцария) кинофестивалінде «Азғын үштіктің азабы» фильмі (реж. Ермек Шынарбаев) «Золотой леопард» жүлдесін иеленді; Турин (Италия) кинофестивалінде «Соңғы ызғар» (реж. Болат Қалымбетов) фильмі Фипресси сыйлығын жеңіп алды және режиссурадағы үздік табысы үшін деген жүлдені иеленді; Испания Халықаралық Кинофестивалінде «Әзәзіл қыз» фильмі (реж. Әмір Қарағұлов) режиссура үшін сыйлығын алды. Әмір Қарағұловтың «Көгершін қоңыраушысы» фильмі бір ғана 1993 жыл ішінде Нант (Франция) фестиваліне, Роттердам (Голландия) және Геттербург (Швеция) фестивальдеріне қатысты, ал 1994 жылы бұл фильм Таорамин (Италия) кинофестивалінде Бас жүлдені иеленді. 1994 жылы тағы бірнеше фильм аса жоғары бағаланып, Халықаралық кинофестивальдерде бас жүлделерді иеленді («Стрейнджер» - реж. Тимур Сулейменов, Гран-при, Братислава кинофестивалі; «Көзімнің қарасы» - реж. Сатыбалды Нарымбетов, авторлық кино бағдарламасының арнайы сыйлығы, Анже кинофестивалі, Франция; «Әлсіз жүрек» - реж. Ермек Шынарбаев, Сан-Себастьян Халықаралық кинофестивалінде Қазылар алқасының арнайы сыйлығы, Испания).

Әйтсе де, қазақ киносының даму тарихында өндірістік нәтиже (сандық көресткіш тұрғысында) және киношығармалардың мазмұндық тереңдігі (сапалық көрсеткіші) жағынан да алып қарар болсақ, өрлеу жылдары мен тоқырау кезеңдері үнемі алмасып отырғаны белгілі. Бұл сипат қазақ киносының аталып отырған қазіргі жағдайына да тән құбылыс болып отыр. Тоқсаныншы жылдар тұсында жеке киностудиялардың саны шамамен 30-ға жетті. Бұл киностудиялар мен кинобірлестіктердің экономикалық мүмкіндіктері әзірге тек шағынбюджеттік авторлық фильмдер өндірісі төңірегінде ғана еді, сол себептен де осы жылдары экранға көптеп шығып жатқан фильмдердің біразы аз да болса мемлекет тарапынан да қосымша қаржыландырылып отырды. Мемлекеттік қаражат және жеке киностудиялар бірлестігі нәтижесінде 1990-жылы 14 көркем туынды экранға шықты (12 фильм жеке киностудиялар үлесінде, ал екі фильм мемлекет тарапынан қаржыландырылды). 1991 жыл көлемінде экранға 18 көркемсуретті фильм шыққан болса, оның тең жартысы жеке киностудиялардың үлесінде. Бұдан былайғы жылдарда да жеке киностудиялар өндірісі мемлекеттік қаржыландырулармен тепе-теңдікте болды, тіпті, кей тұстарда басымырақ болды деуге дәлел бар: 1992- жылғы 12 толықметражды көркемсуретті фильмдердің ішінде 10 фильм, ал 1993- жылы экранға шыққан 15 көркемсуретті фильмнің ішінде 13 фильм жеке киностудиялардың үлесінде. Қоғамдағы экономикалық қатынастардың өзгеруі Қазақстан кино өндірісіне тоқырау кезеңін әкелді.

Осы құбылыс салдары нәтижесінде тоқсаныншы жылдардың екінші жартысынан қазақ кино өнерінде шығармашылық дағдарыс басталды. Бұл кезең, әсіресе, жеке кинобірлестіктердің өндірістік тұрғыдан сандық көрсеткіштерінің әлсіреген тұсы болса, сонымен қатар, мемлекеттік тапсырыспен келген бірқатар биоргафиялық жанрдағы фильмдердің сапалық көрсеткішінің де төмендегенінен деп түсіну керек.

1995-жылы бар-жоғы 5 көркемсуретті фильм экранға шықты: «Абай»-реж.Ардақ Әмірқұлов, «Аллажар»- реж.Қалдыбай Әбенов, «Кардиограмма» - реж.Дәріжан Өмірбаев, «Аңшы жанұясы»-реж.Шапиға Мусина, «Хомучи мерген»-реж. Виктор Пусурманов. Бұдан былайғы тұста да өндірістік тоқырау жалғаса берді. Жыл сайын көркем фильмдер өндірісі қарқынын төмендете түспесе, арта қойған жоқ. 1996-жылы экранға төрт қана көркем фильм шығады: «Соңғы каникул күндері»-реж. Әмір Қарақұлов, «Бәрінен де нәзік жан»-реж.Абай Қарпықов, «Шанхай»-реж.Александр Баранов, «Жамбылдың жастық шағы»-реж.Қанымбек Қасымбеков. 1997-жылы «Қазақфильмнің» өндірістік қуаты бар-жоғы екі ғана фильмге жетті: «Ақсуат»-реж.Серік Апрымов, «Заман-ай»-реж.Болат Шәріп. 1998-жылдан көркемсуретті фильмдер өндірісі сәл де болса қарқын ала бастады, бұл жылы 5 көркем фильм жарық көреді: «Дар богов»-реж.Виктор Чугунов, «Киллер»-реж.Дәріжан Өмірбаев, «Омпа»-реж.Сатыбалды Нарымбетов, «Тауқымет»-реж.Ұлжан Қолдауова, «1997»-реж.Ардақ Әмірқұлов.

1999-2000 жылдар орта буын режиссерлары үшін де, «жаңа толқын» режиссерлары үшін де табысты жылдар болды: «Десант»-реж.Лейла Аранышева, «Қазақи оқиға»-реж.Дәмір Манабаев, «Куклы колдуна»-реж.Әсия Сүлеева, «Өлімнен кейінгі жаза»-реж.Талғат Теменов, «Ақбілек»-реж.Кенжебай Дүйсебаев, «Фара»-реж.Абай Қарпықов, «Үш ағайынды»-реж.Серік Апрымов.

Қазақ киносының тарихындағы осы қарастырылып отырған кезең киношығармалардың жанрлық түрленуі тұрғысынан да, кейіпкердің сомдалу қырынан да, тіпті, тақырып ашу сияқты режиссерлық қолтаңба сипаты тұрғысынан да алуан түрлілігімен ерекшеленіп отыр.

Әлемдік кино тәжірибесінен білетініміздей, кино өнерінің даму тарихындағы әр кезеңде көрермен назары мен қызығушылығы тұрғысынан келетін жетістік нәтижесі- әлеуметтік маңызды мәселені қоғамдық дәрежеден жеке кейіпкер деңгейіне түсіре отырып тақырып негізіне алу мүмкіндігінде болса керек. Ұлттық кино өнеріміздің тарихын кезеңдер сипаты барысында қарастырар болсақ, қазақ киносының тоқсаныншы жылдар тұсындағы жағдайы кино тілінің суреттеу ерекшелігі тұрғысынан алғанда міндетті түрде алғашқы және орта буын режиссерлары шығармашылығымен салыстырмалы деңгейде алынады. Экран туындысының тақырып аясы кино өнерінің даму тарихының қай кезеңінде болса да, шамамен деңгейлес екендігі белгілі.

90-жылдар кинотуындыларында көтерілетін аса маңызды әлеуметтік тақырыптар, өзінің ішіндегі таралып жатқан сан-алуан тақырыптары арқылы күрделенгенімен де, өзекті мәселелердің жеке адамға және қоғамға қатысты жақтары тұрғысынан ұлттық кино мектебінің бірінші және екінші буын режиссерларының шығармашылықтарымен тығыз байланыста екендігін ерекше айту керек. Және солай десек те, киношығармаға тақырып болған күрделі мәселелерді ашу мүмкіндіктері мен әдістері тұрғысынан жаңа кезең режиссурасының өзіне ғана тән ерекшеліктерінің байқалғандығын да мойындау керек. Тоқсаныншы жылдар кезеңіндегі жаңа фильмдерге мазмұн болған тақырып мүмкіндіктері алуан түрлі.

Қазіргі заман суреті мен қазақ киносындағы жаңа кейіпкер бейнесі кейінгі буын режиссерларының шығармаларында әрқилы әдістер арқылы терең мазмұнды шешім таба білген. Соңғы уақыттағы кинотуындыларда жаңа заман кейіпкері жеке автордың әр фильмінде ерекше болғанымен де, олардың бәріне дерлік тән ортақ қасиет бар. Ол – қоғамдағы көп жылғы қалыптасқан үйреншікті қарым-қатынастардың аяқ-асты ыдырап, рухани ортаның құлдырауынан жаңа өзгерістерге дер кезінде бейімделіп үлгере алмай, сол себептен де уақыт және жаңа заман талабынан қалыста қалып қойған «шарасыз адам» бейнесі. Қоғамдағы күрделі қарым-қатынастың өзекті мәселелері жеке кейіпкердің ішкі жан-дүниесінің тереңдігіне бойлау әдісімен зерттеледі.

Қазақ киносы тарихында «жаңа толқын» деп айдарланған тұтас бір белестің жетістігі жетпіс жыл бойы сақталған қоғамдағы қалыпты көзқарасты бұзып-жарып өткендігінде болса, сол «қазығынан қозғалған» әлеуметтік маңызды тақырыптардың бірқатары соңғы онжылдық кезең киношығармаларында әр режиссердың өзіне ғана тән суреттеу ерекшелігі тұрғысынан да алуан түрлі бағытта жан-жақты ашылу мүмкіндігіне ие болды. Әсіресе, басты назар аударатын сұрақтар қатарында жаңа заман тақырыбы мен замандас бейнесі.

Тоқсаныншы жылдар киносы балалар тақырыбындағы фильмдердің құрылымдық ерекшелігімен де сипатталады. Режиссер тұрғысынан экран арқылы қалыпты өмір суретін беру мақсатын жүзеге асыруда, егер ол, өмір заңдылықтарының тұтас ағымына шығармашылық ізденіспен орынды табылған бейнелік кескіндемелерді үйлесімді ұштастыра білсе, демек, көрерменмен тікелей байланысты ескерген деген сөз. Осы тұрғыдан алар болсақ, қазақ киносының тоқсаныншы жылдар кезеңіндегі экранға шыққан фильмдердегі жиі қайталанып отыратын тақырыптардың маңыздылары қатарында балалар тақырыбы өте күрделі қоғамдық және әлеуметтік мәселелердің басын қозғайды. Алғашқы буын режиссерлары шығармашылығымен келген балалар тақырыбындағы фильмдердегі кейіпкер мен орта үйлесімділігі кезең суретінің нанымды болуын қамтамасыз етеді. Бұл ерекшелік «жаңа толқын» кезеңі киносындағы режиссерлар шығармашылығына да тән құбылыс болып отыр.

Бас кейіпкерлері негізінен балалар мен жасөспірімдер болып келетін тоқсаныншы жылдар фильмдеріндегі кезеңдік сипат ондағы көтерілетін мәселелердің күрделілігін алдыңғы планға шығару арқылы тереңдетіле түседі. Қоғамның көрінісі бала кейіпкерлер қабылдауында беріледі. Сондықтан да болар, бүгінгі фильмдерде көрерменге бірден байқалатыны, жас кейіпкердің мінезіндегі ерекшеліктерден бұрын, оны қоршаған ортаның әлеуметтік сипаты.

Жаңа кезең киносы өзімен бірге айтарлықтай көп жаңалық әкелді, сонысымен де ұлттық режиссура мектебін жаңа арнаға бұрды. Бұлай дейтінімізге себеп, қазіргі фильмдерде тақырып өзектілігінен бастап, кейіпкер бейнесін сомдау тәсілдері де жаңаша шешімін тапты.

Кейінгі буын кинематографистері ұлттық режиссура мектебінің дәстүрін жалғастыра отырып, бүгінгі күннің көкейкесті мәселелерін айқынырақ көрсете білді. Егер ұлттық режиссура кезеңіндегі фильмдер ашық, әрі жарқын туындылар болса, тоқсаныншы жылдар фильмдерінде бұл ашық атмосфера уақыттың ауыр салмағы нәтижесінде еріксіз «бұлыңғыр» тартып тұр. Киношығарманың негізгі мазмұны жеке кейіпкердің ішкі тебіренісі төңірегінде өрбітіледі. Жаңа толқынмен экранға жаңа кейіпкер келді. Шығармашылық ізденістер қазақ киносын тағы бір деңгейге көтерді. Режиссерлық ерекше қолтаңбаларды ескеріп, ұрпақтар жалғасы нәтижесінде дәстүрлі мектеп жаңғырығы жаңа кезең киносынан да табылып жатыр.

Бірнеше онжылдықты артқа салып, көркемдік сипаттау әдістері тұрғысынан бүгінгі таңда әлемдік кинопроцесске емін-еркін еніп отырған ұлттық кино тарихымыздың даму сатыларын саралап қарайтын болсақ, толыққанды толғаныс кезеңіндегі жаңа кинематограф ерекшеліктерін айқындау қажеттілігі туып отырғандығы заңды құбылыс болып отыр.

Алғашқы көркемсуретті фильмдер тарихынан бүгінге дейінгі аралықта ұлттық кино өнеріміз өрлеу және тоқырау кезеңдерін үнемі алмастырып отырғандығы белгілі.

Қазақ киносының қалыптасуына кеңес кезеңі киносының ықпалын жан-жақтылық принцип арқылы бағалау қажет. Олай дейтініміз, ұлт ерекшелігі, жаңа тақырып пен идея және экрандық шешім үйлесімділігі бір-бірімен тығыз байланысты ұғымдар. Оқиғаны көркем сурет мәнерімен экранда бейнелеу- тарихи деректерді мойындай отырып, жеке кейіпкердің санасындағы қабылдау ерекшелігін ескерген жөн және сол арқылы материал мазмұнына жаңа сипат беру мүмкіндігін пайдалана білу.

Айтылып отырған заңдылықтар қазақ киносының дамуына да өз ықпалын тигізді.

Тарихи дерек пен күнделікті өмір шындығының көркемдік тұрғыдан сипатталу мүмкіндіктері - алғашқы жылдардағы көркемсуретті фильмдерде жаңа идея, революция кейіпкері немесе халық қалаулысы болған тарихи есімдер өмірінен алынған биографиялық деректердің экрандық шешімі жалпы кеңес киносы аумағында шамамен бір схемада өрбітілді.

Қазақстан көркемсурет киносы жанрындағы алғашқы фильмдердің мысалында алатын болсақ, «Амангелдіден» басталған ұлттық кейіпкер мінезіндегі қалыптасу мен сана-сезімнің өрлеу көрінісі оны қоршаған ортаның да сипаты болып, және сол арқылы тұтас бір кезең сипатына ұласып жатады.

Экрандық шығарманың көрермен санасына әсері арқылы ұлттық кино өнеріміздің түрлену ерекшелігін байқауға болады. Олай деуге себеп, кино өнері көрермен талғамы арқылы ғана даму сатыларының әр деңгейіне жете алады. Бүгінгі күні қандай фильмдер қажет, кейіпкер сипаты қалай қарай дамып барады? Бұл факторларды айқындайтын, міндетті түрде, көрерменнің киношығармаға сұранысы, сол арқылы ұлттық кинематограф өндірісі жолға қойылады, кино өнері өркендейді.

Қолданылған материалдар:

«Қазақ киносының тарихы» (оқулық)

ҚР Білім және ғылым министрлігі, Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА,

Б.Р.Нөгербек, Г.Қ.Наурызбекова, Н.Р. Мұқышева – Алматы: ИздатМаркет, 2005.