Бұл фильм туралы әсерін драматург Әннәс Бағдат былай деп бөліседі: «Мен осы фильмді жай көрермен ретінде көрген сайын ерекше әсерге бөленемін: кейде шуақты күнде тынық ағатын өзеннің жағасында отырып, бетіне түскен күн сәулесіне қарайсың, бірақ сол тыныш өзеннің астында өте асау ағыс бар сияқты. Бұл фильмді кәсіби көзбен емес, ерекше сезіммен көре бергің келеді».
Сатыбалды Нарымбетовтың «Көзімнің қарасы» - астары терең фильм. Бір қарағанда бәрі өте қарапайым. Кішігірім ауыл адамдарының тірлігі. Кейде кейіпкерлер аңғалдығына езу тартқызады. Алғаш көргенде шуақты күндегі тынық су осы. Алайда фильмді саралап, екінші қайтара қарасаңыз, сюжеттері сондай жеңіл, кейіпкерлері сондай мейірімді, аңғал емес. Құдай ұмытқан ауылда Сталин дәуірінің барлық қиындығын көре аласыз: соғыстан кейін арып-аршыған ауыл, жапон тұтқындары, еврей бала – шешесімен бірге жер аударылған «халық жауының» баласы, көршісіне жала жауып айдатып жіберген сатқындар, билік өкілдерінің ессіздігі. Асау ағысы осы.
Философия магистрі Ақтөре Көпбай пікірі де осы ойды қостай түседі:
– Бұл киноны 2-3 рет көрдім. Фильм бір көргеннен кейін қайталап көргің келетін әсер қалдырады. Себебі ол сенің ішіңде бар нәрсені қозғайды. Біздің тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан асты. Балалық шағым осы кинодағы картиналардың жартысын көріп өтті. Кеңес үкіметінің саясаты, ауыл адамдарының қарым-қатынасы, бір-біріне сыпайылығы, бірақ оған жат сені басқаратын механизмнің болуы. Екеуі мүлдем бір-бірін түсіне алмай, бір-біріне жат болып кеткен – кеңестік жүйе мен қазақтың қарапайым жүйесі іспеттес.
Бұл фильмді режиссердің автобиографиялық фильмі деп атайтындар бар, кейіпкерлер Сатыбалды Нарымбетовтың өз әкесі мен анасының атымен аталған. Дегенмен мұнда режиссердің балалық шағы өткен қоғамның саяси-әлеуметтік, адами құндылықтары бейнеленіп қана қоймай, сонымен қатар локал ортадан, шекарадан асқан, уақытқа тәуелсіз, қай уақытта да, қай қоғамда да адамдардың әртүрлі болмысы сипатталады.
Бұл фильмнің көтеретін ең үлкен құндылығы – гуманизм. Оқиға өтетін жер көпұлтты, қостілді ауыл. Осы ауылдағы ешқандай қоғамға сыймайтын немесе бөлектеніп, ерекшеленіп тұратын адамдарды режиссер Ескеннің көзімен көрсетеді. Біз көретін жапон тұтқындар болсын, маскүнем болсын, психикалық ауытқуы бар азамат немесе жеңіл жүрісті әйел болсын – өз ортасынан бөлектеніп қалған адамдардың бәрін бала жүрегімен қабылдап, соларға көп назар аударады. Шетелдік киносыншылардың рецензияларында басым көпшілігі фильмдегі ұлтаралық қарым-қатынасқа көп мән береді. Әсіресе, еврей баласы Юра мен қазақ баласы Ескеннің арасындағы достығы. Фильмдегі кейіпкерлер: Юра, оның шешесі, жапондар – барлығы сол ауылға күштеп көшірілген адамдар. Осылайша қазақтың даласы – үлкен ГУЛАГ сияқты: ешқайда сыймаған адамдарды әкеліп төге беретін Сібір сияқты далаға айналды. Бірақ соның өзінде адамгершілік адамдарды алға сүйрейді, адамгершіліктің арқасында өмір жалғаса береді, үкіметтің саясаты қандай болмасын, өмір керемет болуы мүмкін. Фильмде осындай адам өз өмірін өзі жасайды деген сияқты жасампаз ойлар бар.
– Фильмнің гуманизмнен бөлек көтеретін екінші үлкен тақырыбы бар. Бұл Кеңес Одағы ыдыраған сәттен кейін аз ғана уақыт өткен кезде түсірілген фильм ғой. Батыста Кеңес Одағы үлкен, алып империя ретінде қарастырылып келді, оның құлайтынына көп адам сенген жоқ. Тіпті эксперттердің өзі экономикалық қиындықтар барын айтса да, алып империяның құлауы мүмкін емес деп ойлады. Империя кенет құлағанда, неге құлады, бұл жерде қандай мәселе бар деген сұрақ батыс ғалымдары мен эксперттерін көп толғандырды. Сатыбалды Нарымбетов осы мәселенің бір ұшын шығарады. Негізгі проблема – Кеңес Одағының зорлықшыл мемлекет болғанында. Оның адамдардың құқы дегенді білмейтін, адам өмірін еш құндылық деп есептемейтін, қаңғып жүрген ит сияқты атып тастай алатын, еш дәлелсіз бір ауыз сөзге сеніп, түрмеден түрмеге жіберіп, сұрақтың астына ала алатын, өз халқының өмірін соншалықты бағаламайтын, адамды «пешка» сияқты қабылдайтын үкімет болғанын көрсетті. Фильм сол үшін де бағаланды деп ойлаймын, – дейді киносыншы Әсия Бағдәулетқызы. – Бұл жерде осы проблемамен астас деколонизациялық импульс бар. Жалпы Сатыбалды Нарымбетовтың бұған дейін түсірілген фильмдерінде өзі полифонияға жақындау адам, дүниеде кең кейіпте көретін, көптүрлі көретін адамдардың түрлі мінезін, жақсы-жаман жағынан бірдей қабылдайтын, өмірдің қиындығынан да юмор таба білетін керемет тұлға. Сонысы осы фильмде көрініс табады. Бірақ осыған дейінгі фильмдерінде жаңағындай өзінің болмысы көрініс тапқанымен, оларда Кеңес одағына ашық қарсылық болмайтын. Ал осы фильмнен бастап Сатыбалды Нарымбетовтың барлық фильмі әр қадам сайын деколонизацияға жақындай берді. Ең соңғы фильмі «Аманат» та, түсіре алмай кеткен фильмі «Жаңғырық» та сол төңіректе. Яғни, бұл фильмді мен Сатыбалды Нарымбетовтыңдеколонизациялық бағыттағы алғашқы қадамы деп ойлаймын. Сонысымен де құнды.
Бұл фильм Сатыбалды Нарымбетовтың оншақты жылдар бойы «пісірген» фильмі. Картина автордың балалық естеліктерін, ішкі күйзелісін, ой-санасын ашып берді. Тіпті автор мұны жұрт қабылдайды деп емес, қалай сезінсе дәл солай психотерапевт алдында отырғандай баяндап берген. Француз киноөнер академиясы Жорж және Рита Садуль атындағы жүлдесін тегін бермесе керек. Киноөнерін бағалайтын, талғампаз ортаның берген бағасы фильмнің өрелі екенін аңғартады.
– «Созақтан шыққан Гамлет», «Зять из провинции» фильмдерінде де аздап ауылдың әртүрлі адамдарын көрсету, мінездеме беру бар. Фильм медиум ретінде қарауға негізделеді ғой. Бұл фильм баланың көзімен қаратады: ол сығалайды, дүрбімен қарайды. Біз баланың қарау нүктесінен (point of view) қараймыз. Формалық жағынан айтар болсақ, баланың көзімен көрсете отырып, ол бізге бүкіл ауылдың портретін жасап береді. Бір баланың көзімен қарасақ, қалайша бүкіл ауылды көрсетеді? Егер әр сахнаны жеке-жеке алып қарайтын болсақ, кез келген сахна Ескеннен басталады. Ескен бір әрекетке араласады, сосын ол балалармен не өзі жалғыз сол сахнадан шығып кетеді. Ескен кетіп қалған кезде, оның артында қалған адамдарға камера тоқтап, солардың не айтатынын, не істейтінін бақылап тұрып қалады. Барлық сахна құрылымы осындай. Сол арқылы былай қарағанда көп дауысты фильм жасалады, бірақ оның бәрі Ескеннің бейнесі арқылы бірігеді, – дейді Әсия Бағдәулетқызы. – Маған ең қызығы – адамның өте жеке естелігі және түсі. Бүкіл фильм бір адамның естелігі болса, біз о бастан ересек адамның кадр сыртындағы даусын естиміз ғой. Иә, бұл оның естелігі – ақ-қара түс, түрлі-түсті емес. Түс көретін бір-екі тұсы бар, ол екеуі түрлі-түсті. Яғни сол түстің пайдаланылуы да форма жағынан екі бөлек жағдайды көрсетіп тұр.
Тарих деген жоқ, тарих деген естелік, біз тарих деп жүрген дүние – фикция, жеке бір адамдардың, авторлардың құрастырған нарративі. Ал шын тарих әр адамның ішінде өте субъективті, жеке-жеке естелік ретінде өмір сүреді де, адаммен бірге өледі. Ал Ақтөре айтып отырған шындық сол Ескеннің көзімен көрген естелік, өте субъективті тарих. Сонысымен де мүмкін кітаптағы тарихтан көрі бізге жақындау боп елестейді.
Естеліктен бөлек, түске келетін болсақ, Сатыбалды Нарымбетов өте керемет жақсы көрген режиссерлердің бірі – Федерико Феллини. Осы фильмде де көп стилистикалық ұқсастық байқалады. Оның «Кино деген – түс» деген сөзі бар. Егер кино көріп отырғанда, түс көріп отырғандай сезінсеңіз, ол – кино, ал кино түс тілінде сөйлей алмаса, ол кино емес. Бұл фильмнің ерекшелігі сол. Кино басталғанда бірінші сахна ашылған сәт ақтан қараға ауысып келеді, адамның естелігі солай елестейді ғой. Адамның ойлау процесіне өте ұқсас кино. Фильмнің басында және ең маңызды көрініс – әкесін түнде түрмеге алып кеткен соң атқан таңда осы көрініске келеміз. Түс те солай. Кенет біз түрлі-түстіге түскенде, неге бұлай болды деп ойланамыз. Кеңес кезіндегі ақ-қара түсті өмір өтіп жатады, бір сәтте бала суға түсіп шыққанда ар жағындағы қып-қызыл боп тұрған күнді көреміз. Мұндай түрлі-түсті өмір адамның түсінде ғана болатын ғажайып әлем екенін түсінеміз. Тағы сондай көрініс фильмнің соңында бар. Туынды осы екі мәселені визуалды түрде жеткізуімен кинемотографиялық, формалық тұрғыдан ерекше.
“Көзімнің қарасы” картинасын кино тілі тұрғысынан зерттеу өте қызықты. Мысалы, фильмде бір қызық кадрлар бар. Бір кезде көрермен киіз үйдің есігінен сығалап қарағандай болады, содан соң түрлі-түсті кадрларды байқаймыз - судың жағасы, күн, бала есіктен кіргеннен кейін басқа әлемге жол ашылған сияқты. бұл кадрлар эстетикалық тұрғыда ғана емес, жеткізетін нарративі тұрғысынан өте құнды. Бір жағынан жеке адамның тағдыры, енді бір жағынан қоғамның тағдыры сияқты. Киіз үйдің есігінен түсірілгенде бас кейіпкер Ескен тап-таза суда шомылып, таза болып шығады, ал ауысқанда басқа әлемге өтеді. Ол әлемде сағат тұрады, алыста жолдың бойында еуропалық мәнердегі мүсіндерді көреміз. Сол көріністің алдындағы көріністі еске түсірсек, Ескен балалармен қашып келе жатқанда ауыл ортасында тұрған бір мүсінді көреді. Соған пародия жасап, тұра қалады. «Әй, сен не істеп тұрсың» деп балалар оны ерітіп кетеді. Содан кейін осы түс көрінісі. Ал ол неге жүгіріп, қашып келе жатыр? Оның алдында олар кино көрген болатын. Чарли Чаплиннің «Қала шамдары» киносы жүріп жатады. Осы жерде Ескеннің киноға ғашық болған сәтін көреміз. Содан кейін скульптураны пародиялағанын, содан соң оның түсін көреміз. Ал кетіп бара жатқан есік, жол – өнердің жолы. Неге сағат тұр? Мен қателесуім мүмкін, бірақ менің интерпретациямда ол мәңгілік, ол жерде уақыт жоқ екенін білдіреді. Ал еуропалық мүсіндер жаңа заман өнері, мәдениеті. Жаңа заманның, жаңа дәуірдің бір көрінісі сияқты. Енді бір жағынан, еуропалық мәдениетті сіңіру. Ескеннің сол жолға кетіп бара жатқаны – Сатыбалды Нарымбетовтың шығармашылық жолға түскені, мәңгілік жолға түскені деп ойладым. Мысалы, мүсіндер маған бірден Жан-Люк Годардың фильмдерін елестетті. Ол да сондай мүсіндерді көп қолданған. Жалпы бұл фильмде әлемдік мәдениетке, әлемдік киноға өте көп сілтеме бар.
Тіпті кейіпкер деңгейінде алсақ, психологиялық ауытқуы бар Ермек деген азамат. Сатыбалды Нарымбетовтың сүйікті романы – Фолкнердің «Айқай мен ашуы». Сондағы бірінші бөлім Бен туралы. Сатыбалды аға актерді таңдағанда, біз Бенді қалай елестетеміз тура сондай актерді таңдаған сияқты. Ол расымен ауылдағы бір адамға негізделуі мүмкін. Бірақ Сатыбалды ағаның шығармашылығында әлемдік мәдениетпен ылғи да диалог жүріп отырады. Соны көрген адам бірден сол сілтемелерді түсінеді. Сонысымен де қызық.
Бәйтерек те символ, адамзаттың бәріне ортақ өмір ағашы, италиялықтардың мифологиясында көптеп кездесетін ұғым. Фильмнің соңында қираған бәйтеректің жанында жылап отырады. Бұл фильмде негізгі екі қозғаушы күш бар. Бірі – өнер, енді бірі – махаббат. Баланы алға сүйрейтін киноға, өнерге, музыкаға деген сүйіспеншілігі және кітапханашы қызға деген махаббаты. Бірақ қоғамның мұз батпан, құрсаулы салмағы оны басып тұрады. Ыдырыстың жан-дүниесі қиналып, қоғамның қыспағынан шыға алмай айғайлайтыны сияқты, баланың да айғайлайтыны сол.
Еуропалық мәдениетке сілтемеге қатысты ойын Әсия Бағдәулетқызы былай өрбітеді:
– Фильмде дінге көп сілтеме бар. Онда бұл дін адамзатқа ортақ, дінге бөлінудің қажеті жоқ деген ой жатыр. Мысалы, есекке мінген әйел бейнесі. Ол фильмнің басында, ортасында және соңында көрсетіледі. Ол – Райхан Айтқожанова, кейіпкердің анасын сомдайды. Екінші кілт – фильмнің ортасы сияқты. Балалар қираған үйдің маңында ойнап жүргенде дін туралы әңгіме болады. Олар Мұхаммед пайғамбар, Иисус туралы әкесі болды ма, анасы болды ма деген әңгіме болғанда «Иә, оның анасы Әмина» дегеннен кейін жаңағы әйелді көреміз. Осы сілтемелерді құрастыра келе, ол да енді жеке интерпретациям деп айтуға болады. мұндағы Ескен жинақы халықтың, режиссердің жеке бейнесі сияқты ортақ бейне болса, әйелдің бала ұстаған бейнесі маған сол түп-тамыры, бүкіл адамзаттың негізі – түп-ана сияқты көрінеді. Мамин «Мынау кім?» деп сұрағанда, сол кезде «оны ешкім білмейді» дейді. Бірінші көріністе ол баланың қиялындағы бейне, басқа кейіпкерлер оны көрмейді деп ойладым. Бірақ Маминнің сұрағанына қарағанда оны бәрі көреді. Неге есек? Өйткені христиан дінінде есектің символикалық бояуы қалың: ол Иса пайғамдардың мінетін жануары, Брессонның «Қош бол, Бальтазар» фильмінде ол бүкіл дүниенің азабын көтеріп жүрген жануар. Бір жағы бүкіл дүниенің азабын көтеріп келе жатқан қазақ халқы сияқты елестетуге болады. Бірақ символикалық тұрғыдан ол ат емес, басқа нәрсе емес, ақ киген кейіпкер қазақша киініп, қазақша орамал тағып отырған жоқ. Ол Мәриям ана, еуропалық дәруіштер сияқты ақ жамылып отыр. Осының бәрі адамзат баласы ықылым дәуірден соншалықты көп ауырлықты арқалап келе жатыр, көргені тек азап деген ой сияқты көрінеді. Бұл жерде көзге көрінбейтін өте көп кілттер жасырулы.
Ақтөре Көпбай бұл жерде косполиттің дәл осы ХХ ғасырдағы ассоциациясы батыстық түсінікте дінмен байланысты емес деп санайды:
– Орта ғасырда дінмен байланысқан - христиандық діни космос құру сияқты. Ал жаңа ғасырда, әсіресе ХХ ғасырда космополитизм дінмен емес, барлық жеке, ұлттық құндылықтардан тыс тұратын құндылық жасау. Өз құндықтарыңнан бас тарта отырып, одан жоғары құндылыққа құрылған идеология. Фильмде оны дінмен байланыстырып қойған. Меніңше, кеңес үкіметі бірте-бірте дінге тыйым салып, космополитизмнің дәл сол заманда дінмен еш байланысы болмаса да, кеңестік идеология арқылы дінмен байланысты етіп, дискурсты бұрмалап жібергендей.
Кеңес одағындағы діндге көзқарасы, оны соғыс кезінде қолдануға қатысты Әсия Бағдаулетқызы қызықты деректі айтады:
– Менің зерттеп жүрген тақырыбым екінші дүниежүзілік соғыс болғандықтан, бір ой қосып кетсем. Кеңес одағы орнаған кезде олар бірден дінге қарсы болып, үлкен кампаниялар жасады: Өзбекстанда әйелдердің паранжасын шешу, христан болсын, мұсылман болсын діни қудалау басталды. Бірақ екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда кенеттен дискурс өзгеріп, осыған дейін «Большевиктер бірігіңдер!», «Коминтерн» деген әңгімені бастап жүрген Сталин «Большевиктер» деген идеямен халықты біріктіріп, соғысқа жібере алмайтынын түсінді. Сондықтан ол ұлттық идея туралы айта бастады. Сол кезде ұлттық идеяға, дінге аздап босаңсу берілді. Кенет Мұсылмандар одағы құрылды, имамдарға, монахтарға, діни қызметкерлеріне мемлекет атынан сыйлықтар беріле бастады. Не үшін? Өйткені Кеңес одағын АҚШ, Ұлыбритания қолдады. Бірақ осы елдердегі сол кезгі газеттерін қарайтын болсақ, жергілікті дін өкілдерінің «құдайсыз елге неге көмектесеміз?» дегендей қарсылығын байқауға болады. Соның да ықпалы болды, екінші жағынан халықты соғысқа жұмылдыру үшін Сталин намысын жанып, халыққа өз ішінде бар дүние арқылы ықпал еткісі келді. Кенет әр ұлттар туралы тарихи фильмдер түсіріле бастады. Осылай терезе ашылған сияқты болды. Бірақ үлкен шайқастардан кейін Кеңес одағының жеңетіні белгілі бола бастады. Сол кезде ашылған терезе қайта жабылды. Ұлттық идея түгел келмеске кетті, дінді қайтадан құрсаулай бастады. Сол кезде тарихи тұлғаларымыз, батырларымыз туралы фильм түсіргісі келген режиссерлер болды. Махамбет туралы сценарий болды, алайда терезе жабылып қалды. Бекмахановтың Кенесары туралы жазған кітабы сол терезе кезінде жазылса да, жарияланбай қалды. Ал әзірбайжан, грузин халықтарында дайын сценарийлер болып, олар фильм түсіріп үлгерді. Одан кейін тек қана орыс халқын, сол халықтың батырларын ғана насихаттау жүрді. Homo sovieticus бейнесі насихаттала басталды.
Космополит демекші Кеңес одағы Дж. Оруэллдің «1984» романындағы сияқты адамзатқа ортақ көп терминді бұрмалады, оларға басқа бояу беріп ұсынды. Космополит деген термин де соның бірі. Жаңағы екі баланың әңгімесі драматургиялық тұрғыдан көрерменге дән сеуіп қою, осы дүние бола ма деген күту. Және бұл ақталады - оның әкесін ұстап әкетеді. Екінші жағынан бұл қазақ пен еврей халқын жақындастыруға тырысу. Сүндет арқылы ғана емес, сол совет кезінде қудалауға ұшыраған тағдыры ортақ халықтар ретінде. Өйткені батыста еврей халқының қудалануы кинода, гуманитар ғылым саласында үлкен проблема ретінде көтеріледі. Ал қазақтың ешқашан үні шықпайды: біздің даусымыз оларға жетпейді, ол дискурста біз жоқпыз. Ал Сатыбалды Нарымбетов осы батысқа ортақ, таныс ерей мәселесін қазақ мәселесімен қатар қою арқылы сол батысқа біздің даусымызды жеткізуге талпыныс жасаған сияқты.
Фильмді көру кезінде алдыңғы талқылауларда айтылғандай уақыт, кеңістік, қоғам контексті маңызды. Алайда драмматург Әннәс Бағдаттың айтуынша дәл осы кинокартина бір кезеңге тәуелсіз сияқты. Фильмде адамдар бір-бріне айтпағанымен өзара сенім жоқ, бірінен бірі күмәнданып жүргені, жүйе адамдарды бір біріне аңдытып қойған. Жәлелді көршісінің сөзі құртты. Ыдырысты да солай атып тастады. Сол кезеңді тура бүгінгі күнмен салыстырар болсақ, көптеген параллель табуға болады. Қаңтардағы қырғын, алаңға шыққан адамды ешқандай сұраусыз атып тастау бірден еске келеді.. Бірақ фильмде атқан адам жазасын алады. Ол «Мен аспанға үш рет аттым» деп ақталып әлек, бірақ оның сөзі ешкімге өтпейді. Бүкіл ауыл жағдайды біліп тұр, сөйтіп оны шеттетеді. Асылып өлмек болғаны да, үйінің белгісіз жағдайда өртеніп кеткені де қоғамның жазасы болар.
Драматург Әннәс Бағдат осы Ыдырыстың атылу сахнасына көбірек мән беруді сұрайды. Ыдырысты атып, атқа артып келген сахнаға тоқталайық. Бұл өте бір керемет режиссерлік шешім. Ол қолында билігі бар, мылтығы бар, адамды атып тастай алады. Бірақ фильмдегі камераның кадрді ұстауы, халықты бір үлкен ағын күш ретінде Ыдырысты алып кетіп қалды: өз шындығын, өз ақиқатын, өз сотын жасап. Ал мынау қолында билігі бар адамдар еш қауқарсыз. Соңында өзін жазалауға дейін барады.
Кеңестік кезең, тәуелсіз Қазақстанға қатысты парарлельді Ақтөре көпбай да жүргізеді. Оның айтуынша күдік барлық адамға тән сезім. “Кеңес үкіметін күдікке құрылған империя деуге болады. Кеңес үкіметінде бір отбасының адамдары бір-бірінен күдіктенген деген деректер кездесіп қалады. Бұл жерде ол қоғамдық формада көрсетілген. Жалпы күдікке құрылған, қорқынышқа құрылған империя, қандай да бір қоғам, ел, бірлестік, үй болсын өміршең болмайды. Себебі өмірді күдікпен жалғастыра алмаймыз. Қарапайым күнделікті өмірді күдікпен сүру өте ауыр, ал мынадай масштабта ол үлкен трагедиялық жағдай. Сондықтан өзімнің жеке ойым - Кеңес үкіметінің құлау себебінде ешқандай да бір экономикалық немесе саяси астар емес, жай ғана адами күдікке құрылғандықтан, оның да құлауы заңды еді. Фильмде де күдік бар. Күдіктің осындай қоғамдық стихияға айналуы өте аянышты жағдай деп ойлаймын. Бұл бір кішкентай елеусіз ауылда ғана болып жатқан жағдай. Ал оған үлкен одақ көлеміне қарайтын болсақ, онда толық көзбояушылыққа құрылған Кеңес үкіметін көремін”.
Постколониялық теорияның негізін қалаушы ретінде Эдвард Саидті, оған дейін негізгі импульс беріп кеткен Франц Фанонды айтсақ, оның мынадай бір ойы бар: «Халықты отаршылдық зорлықтың құтқарудың жалғыз ғана жолы – сенің тағдырың өз қолында деп үйрету ғана». Яғни адам санасында күшті билікке емес, xалықтың өзіне беру. Қандай күштер отарлап, қанап жатса да, күш адамның өз ішінде деген сенім ғана колониализммен күресе алады.
Фильм туралы дерек
Атауы: Көзімнің қарасы
Шыққан жылы: 1994
Мемлекет: Қазақстан
Жанр: автобиографиялық драма
Компания: Қазақфильм, Мирас
Премьера: 17-ақпан, 1999 жыл
Ұзақтығы: 87 мин.
Режиссер: Сатыбалды Нарымбетов
Сценарий: Ізтөле Ізмағанбетова, Сатыбалды Нарымбетов
Оператор: Хасанбек Қыдыралиев
Суретші: Рүстем Әбдірашев
Монтаж: Светлана Ниясова
Фильм директоры: Әлиайдар Қаржауов
Басты рөлдерде: Дәулет Таниев, Райхан Айтқожанова, Петя Хайтович, Бақытжан Әлпейсов, Советбек Жұмаділев, Ақан Сатаев, Эдуард Пак, Болат Қалымбетов, Рүстем Әбдірашев, Әшір Чоқыбаев, Ботагөз Нұрлыбаева, Азамат Молдабаев, Қуанышбек Әділов.