Мақала / #студентСөзі
«Байқоңыр» мультфильмдері нені үйретеді?
II Республикалық "Байқоңыр" қысқаметрлі фильмдер фестиваліндегі анимациялық фильмдерге студенттік шолу
Бөлім: Кино
Датасы: 02.10.2017
Авторы: Дамир Амантай
Мақала
«Байқоңыр» мультфильмдері нені үйретеді?
II Республикалық "Байқоңыр" қысқаметрлі фильмдер фестиваліндегі анимациялық фильмдерге студенттік шолу
Бөлім: Кино
Датасы: 02.10.2017
Авторы: Дамир Амантай
«Байқоңыр» мультфильмдері нені үйретеді?

Қыркүйектің он бесі және он алтысы күндерінде Алматының көрікті Көк Төбесінде «Байқоңыр» атты қысқа-метрлі фильмдердің ІІ Республикалық фестивалі өтті. Фестивальде көркем суретті, деректі, және анимациялық фильмдер көрсетілді. Онымен қоса, фестивальде мастер-класстар өткізіліп, байқаудан тыс кинолар көрермен назарына ұсынылды.

Енді екі күндік фестивальде көрсетілген анимациялық картиналарға тоқталып өтсек. Фестиваль Мейіржан Сандыбайдың «Ит» атты анимациялық туындысымен ашылды, алайда аталған мультфильм байқауға қатысқан жоқ. Ал қатысқан сегіз мультфильм фестивальдің екінші күні, кешкі уақытта, көркем суретті фильмдер аяқталған соң көрсетілді. Олар: «Түлкі мен Бөдене», «Қырандар қауымдастығы», «Қожанасыр», «Тайталас», «Колыбельная», «Сиқырлы бақша», және «Көне құмыраның сыры».

«Түлкі мен Бөдене». Бір аттас қазақ халық ертегісіне негізделіп түсірілген. Режиссері – Қасиет Сақиолла. «Анимациялық кино» секциясын бастаған мультфильм. Мазмұны жеңіл, түсінуге оңай, әп-әдемі жасалған жап-жақсы анимациялық картина. Көрермен көңілін көтереді, рахаттана күлдіреді, қуанышқа бөлейді. Менмендік пен өзімшілдікті сынайды, олардың арты жағымсыз бітетінін көрсетуге тырысады. Және «түлкі – ең қу, ең айлакер жануар» деген стереотиптің ұғымға қарсы шығады.

«Қырандар қауымдастығы». Режиссері – Бағдат Қожахметов. Әр адамның өз арманы бар, және әркім оған әрқалай ұмтылады. Бірақ адамның арманы оның ар-ожданы мен жүрек тазалығына қарағанда маңызды ма? Дәл осы сұрақ мульфильмде қарастырылады. Және қазіргі заманның көптеген адамдарының «жөнсіз жерде селфиге түсу» деген жағымсыз әдеті сынға алынады. Мультфильмде тауықтар пен бүркіттер бейнесі, және қасқыр мен үш балапанның бейнесі көрікті бейнеленген, және картинаға жарасымды шыққан.

«Қожанасыр». Режиссері – Анастасия Дудикова. Сценаристі – Айгерім Кеңес. Сюжеті қарапайым. Көріп біткен соң: «қолда бардың қадірін білу керек» деген сөздер ойға келеді. Мультфильмнің оқиғасы пластилиннен жасалған әлемде болып жатқандай, басты кейіпкердің өзі пластелиннен жасалғандай көрінеді. «Қожанасырдың» фестивальде көрсетілген басқа мультфильмдерге ұқсамайтын өзгешелігі осы.

«Тайталас». Режиссері – Ақтолқын Болғанбек. Мультфильм оқиғасы шөл далада орын алады. Ыстық күн шөл даланың өзгермей, бұрынғы қалыпта қалғанын қалайды. Ал жер астынан шыққан суға тап болған жеткіншек бала егін егіп, ағаш өсіріп, өз жағдайын жақсартуға тырысады. Ыстық күн оған қарсы шығып, баланың өмірін қиындата береді, қиындата береді. Бала біресе күледі, біресе жылайды, бірақ берілмейді. Тірлігін әрмен қарай жасап, күнге ақылымен тойтарыс беріп, жеңіп шығады. Бұл мультфильм нағыз аллегория. Ыстық күн өмірдің ауыртпалығы мен қиындығын бейнелесе, жеткіншек бала адамзаттың өзін бейнелейді. Осылайша мульфильм көрерменді еңбекқорлыққа және рухани мықты болуға итермелейді.

«Колыбельная». Режиссері – Балнұр Маемерова. Мультфильм ананың бала өміріндегі маңызы жайында. Автор кішкен ай қыздың қорқынышты түсі арқылы баланың анасыз өссе не болатынын көрсеткісі келген және көрсете алған. Бұл мультфильм кішкентай, мектеп жасына жетпеген бүлдіршіндерге біршама ауырлау болуы мүмкін, бірақ жеткіншек балаларға, онымен қоса, үлкендерге міндетті түрде ой салатыны анық.

«Сиқырлы бақша». Режиссері – Тоқжан Байсабаева. «Үздік анимациялық фильм» номинациясын жеңіп алған мультфильм. Басты идеясы: жақсылық етсең, жақсылық көресің. Мультфильмнің басты кейіпкері – кішкентай бала базарға барып, атасы берген ақшаға азық-түлік сатып алудың орнына, қапаста қамалып отқан құстарды сатып алады, сөйтіп, оларды бостандыққа жібереді. Ертеңінде атасы екеуінің бақшалары сиқырлы жолмен өнімдерді молынан, әрі өте тез бере бастайды. Осылайша жақсылақ еткен бала жақсылық көреді.

«The Dream». Режиссері – Жүсіп Амангельді. Бұл да өзгеше жолмен жасалған, фестивальде көрсетілген басқа мульфильмдерге ұқсамайтын анимациялық картина. Өзгешелігі: мультфильм басынан аяғына дейін қара түсті карандашпен салынғандай. Және адам бейнесі біртүрлі келген, қолдары жәй ғана бір сызық, ал бастары дәу жұмыртқа. Басты идеясы: кім не десе о десін, өз арманыңнан, өз ойыңнан бас тартушы болма! Алайда мультфильм түсінуге аздап ауыр. «Колыбельная» екеуінің арасында осындай ұқсастық бар. Мультфильмді көбінесе кім көреді? Кішкентай балалар көреді. Бірақ бұл мультфильм оларға емес, жеткіншек балаларға, үлкендерге арналған сияқты. Ал анимацияны үлкендер мен жеткіншектерге ғана емес, кішкентай балаларға да арнап жасау керек. Әсіресе кішкентай балаларға арнап жасау керек.

«Көне құмыра сыры». Режиссері – Батырхан Дәуренбеков. «Анимациялық кино» секциясын аяқтаған мультфильм. Яғни осы жылғы «Байқоңыр» фестивалінде ең соңғы болып көрсетілген мультфильм. Әдемі жасалған, бірақ бірнеше рет қайталанатын кадрлар сапасын төмендетеді (монғолдардың Отырарды шабуылдауы, садақ атқандары). Мазмұны жағынан жоғарыда аталған мультфильмдерге ұқсамайды, себебі «Көне құмыраның сыры» батылдық пен батырлық жайында, патриоттық жайында, тарихты білу және қадірлеу керектігі жайында көрерменге ой салады. Және кішкентай балаларға көрсетер болсақ, оларды Отырардың тарихымен кішкене болсын таныстырады.

Фестивальде көрсетілген мультфильмдер осылар. Әрқайсысы өз идеясымен, өз сюжетімен, өз кейіпкерлерімен ерекшеленеді. Көрерменді күрделі философиялық ойлармен қинамайды. Тек жақсы әрі рухани мықты адам болуға, және бойға ізгі қасиеттерді сіңіруге мотивация береді.

Сізге қызық болуы мүмкін:
Қоғамның төменгі сатысы
Кино Қоғамның төменгі сатысы
12.10.2018
#студентСөзі
Қаланың ауыр жалғыздығы
Кино Қаланың ауыр жалғыздығы
23.10.2018
#студентСөзі