Заманауи өнерді тудыратын да, жан-жақтан пайда болған жаңалықтар арқылы құратын да, бүгінгі қоғамға жеткізетін де жас буын өнертанушылар. Яғни, жаңа интерпретациямен келген режиссер, бейтаныс бағыттағы суретші, сезім мен қимылды өзінше үйлестірген актер, жеті нотаны ешкім естімеген әуенге салушы музыкант, мұның барлығын зерттеп өзінше қорытынды шығарған өнер зерттеушілерін жатқызуға болады. Барлығы дерлік өмір кешіп отырған қоғамында, алдыңғы буын өкілдерінің біріне ұнамауы, тіпті жалғыз қалуы мүмкін немесе жұлдызы жанған өнер адамы болуы да ғажап емес. Қандай жағдайда да өнер алдындағы парызын қалтқысыз өтеуі қажет. Әр заманда жаңашылдыққа ұмтылған жандар табылып жатады. Соның бірі, Қазақстан Республикасының тәуелсіз таңы, ХХІ ғасырдың алғашқы ширегінде «өнер» деп ерен еңбегін сіңіріп келе жатқан режиссер – Кубанычбек Адылов.
Ол 1973 жылы 19 мамыр күні Қырғыз КСР, Фрунзе қаласында өмірге келді. 1990 жылы Қырғыз КСР, Жети-Өгүз ауданы, Оргочор ауылындағы Ю.Гагарин атындағы орта мектепті аяқтады. Сол жылы күзде, Қырғыз Мемлекеттік Скрябин атындағы ауылшаруашылық институтының механика факультеті, инженер-механик мамандығына оқуға түседі. Одан ұзаққа бармай, Тыныстанов атындағы Пержевальский мемлекеттік педагогикалық институтына жаратылыстану-география факультеті, биология және география педагогы мамандығына ауысады. Бойда бар талант, өнерге деген махаббат, жас түлекті жаратылыстану бағытында қалдырмайды. 1991 жылы Қазақ КСР, Алматы қаласындағы Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ Мемлекеттік театр және кино институтына студент болып қабылданады. «Қуыршақ және драма театр артисі» мамандығы бойынша Н.С Колесников шеберханасында бакалавр дәрежесінде білім алды. Алғаш Республикалық қуыршақ театрында актер болып бастайды. Кейін, ТРК «31 Канал» – автор және жүргізуші қызметін де атқарып көреді. 1996 – 2004 жылдары «Сезам» қуыршақ театрында актер болып бастап, көркемдік жетекші қызметіне дейін көтерілген. 2004 – 2007 жылдары Республикалық неміс драма театрында актер; 2007 жылы Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының да сахнасында өнер көрсетті. Оған қосымша 2006-2008 жылдары «Ақсарай» мюзикл театрын да; 2009 жылдан бері Республикалық неміс драма театрында актер қызметінде. Ол («Мен Гамлетпін» Елестің дауысы; «Ревизорде» Жанашыр; «Көктемнің оянуында» Габор мырза; «Иә. Жоқ» Мұғалім; «Африкадағы пингвиндер» әке; «Макбетте» Макдуф; «Калифорниядағы жылқылар кабаресі» Бейтаныс «TV-2» мысық; «TV-3» – орман перісі; «Өткелдердегі әлем» қорғаушы; т.с.с) сынды ролдьдерді тұла бойынан өткерген. Ең ұзақ, әрі жемісті қызмет етіп келе жатқаны осы неміс театры.
Kубанычбек ХХ ғасырдың соңындағы буынға аса танымал. Ол Қазақстанның еңбек сіңірген халық артисі Т.Теменовтың режиссерлігімен түсірген «Махаббат бекеті» атты көркем фильміндегі бас қаһарман – Оралды ойнап, көрерменнің сүйіктісіне айналды.
Театр актері үшін фильмнің пайдасы аз емес. Танымалдылық пен шығармашылық қорын байытудың бірден бір кепілі болмақ. Киноның театрдан айырмашылығы тасқа басылып, мәңгілік қалатындығы. Премьерадан соң көңілге жақпаған бөлімін өзгерту мен қайта орындау мүмкіндігі жоқ. Бірақ, процесс барысында неше рет қателессең де, мизансценадан шатассаң да, режиссердің ойын алғашқы кадрдан жеткізе алмасаң да кешірім бар. Тіпті, сахна сайысына түсе алмасаң да, театрдағы суфлер секілді түрлі сахна қозғалысын (шайқас, экстремалды трюк т.с.с) орындайтын каскадерлар қасқайып дайын тұр. Жанды қинаған сезімнен көмейге кептелген сыбырлы үн, көрерменге жетпей қалады ма деген алаңда тумайды. Тек, дыбыс операторы микрофонын дәлелдесе болғаны. Одан шықпаса, дубляжға да мүмкіндік бар. Ым-ишарат көрінсін деп «тонналап» гримді де баттастырудың қажеті шамалы. Барынша түрде шынайы жан тебіреністі көрсетуіңе мүмкіндік беретін кино өнері осындай артықшылыққа ие.
Киноның келесі ерекшелігі дайындалған ролін – алғашқы және соңғы рет ойнауында. Бірақ, ең ауыр кедергісі жан мен тәннің үндестігіне еніп, барыңды салған шақта «хлопушканың» (түсірілім алаңының басты құралы, картинаның басталарында және соңында белгі үшін соғылады) «тарс» еткені, үркітіп жібереді. Міне, өнердің осындай бағытына барын салған өнерпаз, 1993 жылы үлкен экранға жол тартқан фильмде жарқ етіп, халық жадында жақсы сақталды. Оған ғашық қыздар да, дәл Орал секілді болсам деген жігіттерде аз болмады. Жиырмадағы жалынды жігіттің сыртқы сымбаты мен мелодрамалық роль көрермен қауымның емірене жақсы көруінің бірден бір себебі болды. Сәтті шығарма мақсатының орындалуына ансамбль үйлесімділігі тікелей әсерін тигізген. Актерлік ойыннан бөлек, музыканың нәзіктігі, оператордың жарықпен сауатты жұмысы үйлесімін орынды тауып тұр. Шығарманың негізгі мақсатына оралсақ, ғашықтық сезімнің өмірдегі өлшеусіз қадірі, жастықтың өзі ғажап екенін көрсету. Махаббат – мәңгілік, үлбіреген нәзік ұғым. Түсірілім топ мұны көрерменнің жүрек түкпіріне төтелей жеткізіп, көркем түсіндірді.
«Бұлақ көрсе – көзін аш» дейтін дана халық. Өнерпаздың режиссураға келуіне себепкер, «көзін ашқан»: ұстаз, театр режиссері – Болат Атабаев. «Ақсарай» театрының шарықтап тұрған шағы, демеушілердің де жомарттығы төгілген тұс болса керек-ті, театрдың көркемдік режиссері, әрі негізін қалаушы Б.Атабаев, өз артисттерінен ой түкпіріндегі армандарының (өнерге қатысты) бүгінде іске асыруы мүмкін екенін жеткізген. Сәйкесінше, барлығынан бұйымтайын суыртпақтап сұрап, орындалу жағдайын реттестірген. Кезек К.Адыловқа түскен сәтте, ол режиссерлік қойылым қойғысы келетінін мәлімдеп, рұқсат алады. Ең қызығы сол бұл актердің басты мақсаты да емес еді. Тек «Спектакль қойсам...» деген тәуекелді ойы әрекетке ұштасып, өнерде өз рақатын табуға ұласты. «Қуған жетпей, нағыз бұйырғанның кетпейтіні» осы болса керек. Бүгінде режиссер Адыловқа театрлық қойылымның ұйымдастырушысы болған жанына жақын процесс. Қазіргі кезде театрлық лабораторияларға, тәуелсіз театрға, қуыршақ театрына, өзге ұлт театрларына, тіпті академиялық театрға өз туындыларын қойып келеді. Шын шебердің біз таңдамайтыны секілді, режиссердің нағыз кәсіби маман екенінің өрінісі жан-жақты еңбек етуі.
Талантты адамға шектеу жоқ. Тек, сәті түссе болғаны, жарқырауы әп-сәтте. Сөзімізді дәлелдейтін, тағы да Қубанычбек Адылов. Ол күні бүгінге дейін режиссерлік жұмысы бойынша түрлі фестивальдерден жүлделі орындардың иегері. Атап айтсақ: Ә.Мәмбетовтың 80 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының ХХ республикалық фестивалінде «Ең үздік режиссерлік шешім» (2012); Орталық Азия мемлекеттерінің ІV халқаралық театр фестивалі «Ең үздік режиссерлік қойылым» (2012); Жастар арасындағы «ОТКРОВЕНИЕ» театр фестивалінде – «Ең үздік режиссерлік жұмыс» (2013); ІV Халықаралық қуыршақ театр фестивалінде «Үздік спектакль» (2014) тілге тиек етуге болады.
Режиссерлік білімін ұштау үшін ол Санкт-Петербург қаласына барып, «біліктілігін жоғарылату курсынан» өткен. Ресейдің рухани астанасында алған білімі өнерін шыңдауға жағымды әсерін бергені сөзсіз.
Спектакль қою ең күрделі жұмыс. Драматург тек пьеса жазса, актер өз ролін алып шығуды қарастырады. Суретші де шығарманың желісі бойынша декорациясын ойлап, сызып дайындайды. Осының барлығының басын қосып, біріктіру ұйымдастырушының алғашқы міндеті. Бір сөзбен «ұйымдастыру» деп оңай жаза салғанымызбен, оның машақатын тілмен жеткізе алмаспыз. Түрлі кедергілер мен қиындықтарға қарамастан, ойлаған ісіңді жүзеге асыра білу үшін алдымен жаратушының сыйға тартқан дарыны, кейін терең білім қажет.
Көрнекті режиссер, профессор Ә.Рахимов өз дәрістерінде бізге, «Режиссер болып туылу керек, оны оқу тек даму үшін қажет. Қарапайым адамнан режиссер дайындап шығу мүмкін емес» деп айтып отырады. Яғни, кәсіби білім шеберлікті шыңдаудың себепкері болмақ. Көзқарас пен қолтаңбаны қалдыруға жасаған нақты қадамы іспетті.
Режиссер қай бағытта, қандай мектепке сүйене отырып түрлі қойылымдарды өмірге әкелетіні кез-келген зерттеушіні де, қарапайым көрерменді де қызықтыратыны анық. Біздің осы сауалымызға К.Адылов: «Мектеп деген ұғым тек бізде бар. Неге мектептерге бөлеміз? Оның маңызы неде?» деген сауалды кері қойды. Расында, мектепке бөліп қажеті не? Станиславский «Менің өнердегі өмірім» атты монографиясында Щепкин мектебінің ақыры не болғанын анықтап түсіндіргені бар. Щепкиннің тікелей шәкірті ғана сол мектепті түсінуші, әрі түсіндіруші болып қалмақ. Ал, оның оқушысы өз ұстазының айтқанын «Щепкин мектебі» деп түсінеді. Одан кейінгілер жәй ғана, атын жамылып өзгеше бағытта әрекет етпек. Сол үшінде мектептер мен бағыттарға бөлудің қажеті шамалы. Бірақ, бұл дегеніміз режиссерлер өздігінше әрекет етіп, білгендерін іске асыруын қолдау емес, ХХІ ғасырға дейін жиналған, әлі де толығып келе жатқан түрлі әдіснамаларды ұғына отырып әрқайсысын өз орнымен қолданып көркем шығарма тудыру. Кейіпкеріміз тағы бір сөзінде, «Неміс театры болса да, Брехт бойынша жұмыс істеуге келмейтін спектакль болады. Бәлкім оған Товстаногов келіп қалар. Сол секілді, Шекспирден де психологияны іздеп шатасып жатады. Жоқ дүниені іздеп, адасудың ешкімге берер пайдасын көріп тұрғанымыз жоқ. Тек, білімді молайту керек. Ол төрт жылдық бакалавр немесе екі жылдық магистрлік оқумен шектелмейді. Үнемі ізденіс керек. Жаңашылдыққа ұмтылу керек», деген нақты көзқарасын білдірді. Суреткер барлық бағыттар мен жанрларға бейтарап түрде қарайды. Ол академиялық, жекеменшік, «кассалы» спектакльдер қоятын залдарда немесе шоу бағдарламамен жұмыс жасасын, жаңадан қылаң берген тәуелсіз лабораториялы театрлар болсын барын салып еңбек етуге дайын. Тапсырыс бойыншада спектакльдер қойып беруден ешқашан бас тартпайды. Олардың болғанына, көрермендерінің барына қуанышты. Иә, халықтың талғамын арттыру үшін түрлі бағытты театрдың көбейгені барлығымызға қажет. Бірақ, жанына жақыны, рақат сыйлайтыны – тәуелсіз театрлармен жұмыс. Ешкімнің кедергісіз, қағидалар мен түрлі шектеулерсіз, еркін ойын іске асыру. Сол арқылы, заманауи өнер тудыру ең ұнамды үдерісі болып қалмақ.
Қоюшының стиліне зер салсақ, кез-келген жанрлармен де, мектептермен де, әдіс-тәсілдермен де жұмыс жасап, тек спектакльге лайығын таңдап, көңіліне қонымдысын ғана пайдаланады. Зерттей келе, режиссердің стилін «эклектика» деуімізге саятын шығар, бірақ түрлі жанрды аса байқампаздықпен таңдап, ең бастысы режиссерлік әдісіне етене жақынын таңдап жүргені нағыз «синтездік өнер» деуге негіз. Сол арқылы, өзінің жанрын, өзінің «менін» табуды іздестіру үстінде.
«Жігітке жеті өнерде аз» демей ме, ендеше кейіпкеріміздің тағы бір қыры – ұстаздық. Ол үлкен жауапкершілік пен кемеңгерлікті талап ететін ұлы қызмет. Актерлік өнер туралы қиялынан сурет салып келген жасөспірімдерге мамандықтың қыр-сырын дұрыс ұғындырып, бағдар беру, болашағын көре білу, асқан сабырлылықпен түпкі санаға актерлік өнердің сан саласын сіңдіру машақаты мол жұмыс. Бойдағы бар қуатты сарп еткізуді талап ететін алғысы аз, сауабы мол қызмет. Қазіргі кезде, осындай қалтқысыз еңбектің арқасында, талай студенттің «сүйікті ұстазына» айналған – құрметті Куба ағай.
Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына қарасты колледжді тәмәмдаған «Музыкалық драма театрының» артисі бөлімінің студенттері өз беттерінше бір шаңырақтың астына бірігіп – «Лаборатория 316» тәуелсіз театр труппасын құрды. Бұл театрдың өзгелерден ерекшелігі жоқ емес. Қалған қағидасы жоқ, тәуелсіз мемлекеттің өр жастарынан құралған топ ешкімнің айдағанымен жүріп, қайырғанымен тұрып қалмайды. Біз таныс болған 8 актер бір-біріне мүлдем ұқсамайтын жандар. Әр қайсысының өз ұстанымдары мен алғыр ойлары бар. Осы арқылы заманауи өнер тудыру ниетінде. Түрлі ойлар сайға аққан жылға секілді. Бірімен-бірі жарысып жете құйғанында тоғысып, өнер өзеніне ұмтылу үшін бар кедергіні бұзып жарып, тосылып қалмауды мақсат еткен, көпке үлгі бола білген замандастар.
Жаңашылдыққа ұмтылу жастарға тән қасиет. Үлгі тұтатын классиктер мен «мені» қалыптасқан майталмандар да, өнерге үлес қосуды жалынды жастығында бастағаны белгілі. Ғұмыр тұтқасын енді ұстап, нар тәуекелмен табалдырық аттаған замандастарды қолдау, қорғау парызымыз болмақ. Себебі, мақсат ортық – қазақ театр өнеріне серпін беріп, тың дүниелер тудыру. Осы орайда ұлы реформатор К.С Станиславскийдің: «Пока мы молоды, мы должны вооружиться зубной щеткой и отправиться туда, куда глаза глядят. Смеяться, совершать безумные поступки, рыдать, идти против системы, читать столько, сколько, кажется, не вместится в голову, любить что есть сил, чувствовать. Просто жить», - деген сөзі еріксіз ойға орала ынта-жігер береді.
Ыстық ықылас пен нар тәуекелдің арқасында алып шаһарға тағы бір театр болып қосылып отыр. Алғашқы еңбектерімен де бөлісіп үлгерді. Үстіміздегі жылдың қазан айында, нақтырақ 26-сы күні «Лаборатория 316» тәуелсіз театр труппасы алғашқы премьерасын көрерменге паш етті. Елу орындықты шағын залда ине шаншыр орын болмады. Спектакльдің атауы – «B.O.Q.» (қазақтың ауызекі «нәжіс» сөзін болашақта енгізу жоспарында жүрген латын әріптерімен берген.) Осындай «дәурені» жүріп тұрған болашақ әліпбиді ұтымды, әрі алғашқы болып пайдаланды.
Спектакль Ф.Дюрренматтың «Геракл мен Авгийдің атқорасы» комедиясы бойынша қойылды. Ұжым өздеріне қолайлы қысқартып, нағыз заманауи тілде тәржімалаған. Комедиядағы жаңа бағыттың бірі қоғамда өзекті сәттерді алдыңғы қатарға тарту. Сюжет бойынша негізгі мәселе қоғамдық келеңсіздіктер, яғни мал шаруашылығымен айналысатын қаланың тезекке толып, ластанып кетуі. Қойылымда халықтың Авгий патшаға деген наразылығын көркем көрсетті. Гераклдың 6-шы ерлігі жайлы аңыздан мемлекеттерде, қалада, аймақта болатын ортақ мәселе «тазалықты сақтауды» біріншілікке қойып өзекті мәселені өрнектей бере білді.
Спектакльдің режиссері – Кубанычбек Адылов. Режиссер ұғымы біздің «дәстүрлі» түсінігімізде, барлығын дайындап, актердан өз ойын бейнелеуді талап етуші болса, Адылов режиссура шеберлігі сәл өзгеше. Ол әр артистпен жеке-дара жұмыс істемейді. Бірақ, формаға түсіру үшін түрлі актерлық тренингтер өткізеді. Соның арқасында өжет ойлап, көркем қимылдап, азат ойын ашық айтатын көкірек көздері ояу сахна тұлғасын дайындайды. Бұдан байқағанымыз, актерлық ансамбль көркем құрылады екен. Яғни, бірін-бірі үнсіз, ым-ишаратсыз, ішкі түйсік арқылы сезінуге тынымсыз жаттығу жасалады. Бір-бірінен көзқарасты былай қойғанда, рефлекске дейін ұғынысуды байқаймыз. Ұжымның бәсекеге қаблетті екенінің бір дәлелі: болашаққа деген қырағы көзқарасы арқылы алдында отырған көрерменді басып алып, кемшілігін көрмес «фанат» жасау қасиетінің иегерлері.
«Новый спектакль – новые задачи, новые проблемы, новые искания. В искусстве не бывает постоянных величин и вечных истин. Но в нем есть вечные ценности и абсолютные понятия. В нем нет неизменных критериев, но есть неизменных требования. И первое из них – требование гражданственности» – деген екен жаңа спектакль жайлы орыстың мүйізі қарағайдай режиссері Товстоногов. «Геракл мен Авгийдің атқорасы» спектаклінен режиссердің азаматтық ұстанымын анық көре алдық. Ол қазаққа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын ежелгі гректің оқиғасын өрнектей келістіре білді. Сахнада ой мен қимыл қатар. Терең ойды жеткізуге режиссер шахматты мизансценаны пайдалануы ұтымды шыққан. Енді, Авгийдің патшалығына Геракл келгендегі сәтті талдасақ. Көкжиек бойына орналасып, төрде Геракл сүйіктісі Деянирамен халыққа қол бұлғап тұр. Қос қанаты, яғни, төрден төмен қарай, түрлі түсті жалаумен Авгий патшалығының адамдары қонақтарды қарсы алып тұр. Сол кездегі синхронды түрде жоғары резонатормен амандасу, бірдей «зик-зак» жасап қол алысу әрекеті көрерменге нәзік ойды әдемі жеткізудің себепшісі болды. Сарказмға толы сахналық әрекеттер еріксіз күлкіге батырды. Ұжымнан жастықтың мінезіне тән батылдықпен көрсеткен өжет көріністер көп байқалады.
Қойылымның түпкі идеясы ешқандай да басшылыққа қарсы шығып, олқылықтарын әшкерелеп, дүмпулер орнату емес, мәселелердің туындауына негізгі факторды анықтау.
Шығарма үзік-үзік, оқиға тізбегі жоқ. Өйткені, режиссердің өзі айтқандай: «бұл жұмыс заманауи театрдың белгі-бедерлерін іздей келе, түрлі тренингтер арқылы пайда болған». Сәйкесінше осындай дүние туып отыр. Сахнадан көзге оттай басылып, көңілде тұрақтаған бейнелерді сараптай келе, Гераклға Авгийдің атқорасын тазалау ұсынысы түскенде, тартыс (конфликт) болады. Яки, ғашығы баруға итермелейді, ал өзінің құлқы жоқ. Сонда тығырыққа тірелген Геракл, XVII ғасырдағы Шекспирдің Гамлетіне тиесілі «Быть или не быть...» монологын оқиды. Қазақ тіліндегі спектакльде ағылшын драматургінің атақты монологын орыс тілінде баяндайды. Бұл «заманауи спектакль» деп атауымыздың тағы белгісі.
Тағы бір ойда қалған сәт: Авгийдің қызы Иоладан (актриса – Жанна Бауыржан) әсіреқызыл ойын өрнегін (наигрыш) байқадық. Бұл әрекетте мазмұн бар. «Театр өмірдің айнасы» деген ұғымды алып, жасандылық керек емес, тек шынайы өмір сүру керек делік. Иола роліндегі Жанна бүгінгі жасөспірім бұрымдылардың жасанды әрекетін, қайда, қалай бас ұрарын білмей, аумалы-төкпелі кезеңінде шатасқандарын шынайы, әдемі көрсетті. Геракл: «шық бері» дегенінде, тартыншақтап «жоқ, мен әдемі емеспін...» деген сөзінен өзіне деген көңіл толмаушылық, жаратылысынан безіну сынды белең алып келе жатқан кесапаттың көрінісін сезіндіргендей. Актриса актерлық шеберліктің маңызын төбеге бір көтеріп алды. Жәнеде театрлық әрекет арқылы өте нәзік жеткізді.
Көркем шығарманың ең маңызды тұсы музыкамен әсемдеу. Ол көбіне артистке эмоциясын жеткізу барысында сүйемелдеуші болады. Мысалы барлығымызға аса таныс қорқыныш кезіндегі скрипканың жоғары нотада ойнауы, құлаққа жағымсыз естіліп, бірден жағдаятты түсіндіре кетеді. Музыка – көмекші. Көрерменді оятушы. Адыловтың мына туындысында Аршат Хайролла гитара аспабымен оқиға ортасын үзіп өз туындысын орындайды. Әннің кәсіби деңгейі сын көтерерліктей емес. Тіпті, өлең сөздерінен де Абайша айтсақ «теп-тегіс жұмыр келген айналасын» көрмейміз, бірақ, ең бастысы, ең қажеттісі – музыканың маңызы, теңіздің тереңінде жатқан маржандай мәнінде. «Әннің де естісі бар, есері бар..» демекші, бұл жүрек жарды туындыдан өмірді, өнерді, өзіңді, өзгені көресің. Ерекшелігі де сол, көкіректе мәні мен мағынасы ойнап тұрады, бірақ бірден жатқа айта алмайсың. Себебі, жаттанды сөз жоқ.
«... Мақсатымды іздеп жүрмін,
Бір өзгеріс енгізгім кеп картаға.
Мен Құдайдан сұрамадым,
Сұрағаным қуат қана арқама...»
деп, айбатты күшін аспапта ойнау арқылы ұғындыра алды. Келесі әуенінде, қаталдық жайлы жырлады. Нәзік әуенге салып, қаталдықтан жеңілгенін мойындағандай. Алғашқы өлеңдегі қарқынның ұшқыныда байқалмайды.
«Тағдыр қатал көздерімде тұр қайғы,
Адамдар бар ма жамандықтан қорғайтын?
Достар адал, әркез қолдайды дегенмен
Олар да қатал, сөздерінде тұрмайды...» деп, бар адамзаттың бойындағы қасиетті көрсете алды. «Ән көңілдің ажары» екенін тыңдаушыға мойындатқанын сезді, сезіндірді.
Ең соңғы нүктесі, хор.
«Азып барады бұл заман.
Уақыт өтер зымырап,
Атақ пенен байлыққа,
Ұмтыласың тыпырлап...» деп, нүкесін қоюы ұтымды шешім. (Бұл әнің сөзін артисстер бірігіп шығарған.)
Жаңа театрдың сахнадағы тағы бір ерекшелігі залда жарық өшпейді. Отырған көрерменнің реакциясына көңіл аудару мүмкіншілігіне ие болдық. Бірі қасын көтеріп, ендігісі басын шайқап, бірі шыдамай күліп, енді бірі ерінін шүйіріп отыр. Ең бастысы ешкім ұйықтап қалған жоқ.
«Если вы придете к заключению. Что зритель должен играть в театре активно-творческую роль, что он является фактическим соучастником театрального действия, то вам, конечно, придется ломать рампу, переносить действие в зрительный зал, вводить зрителя на сцену и т.д.» Таиров айтпақшы жақтауды (рампа) бұзып, көрермен арасында «Боқ! Боқ! Боқ!» деп әрбір отырған адамдарға «қосыл» дегендей көзқараспен қарап шықты. Әрине, жасқаншақ халық, қосыла қойған жоқ... Тағы бірінде, Авгийдің ұлы (Деянираға ғашық) Филей мен Деянираның диалогы жазылған қағазды көрерменнің кез-келген біреуіне ұстатып, оқытып шықты. Мақсат орындалды. Көрермен шығарманың бір бөлшегіне айналды.
Өмірде ешкімде, ешнәрсе де мінсіз емес. Расымен мін болмаса, өмір сүру қызық болар ма еді?! Көре тұра, үнсіз қалу, бауы шешіліп қалған досыңа «көрсе көрер, көрмесе сүрініп жығылар» деген, қолды бір сілтеу секілді. Дейтұрғанымен, Әшірбек Сығайдың «Актер – ваза. Сындырып алмау қажет» деген ұлағатты сөзінен аттап кетпей, қолдан келгенше көркем түсіндіре білу үшін тынымсыз ізденіс үстіндеміз. Қысқасы, заманауи өнерді көрсеткен, көңілге жаққан спектакльдің кемшін тұсы да болды. Ол, дауыстың көрерменге жетпеген тұстары. Театр үшін көрермен қандай роль атқаратынын біле тұра, актер өз сезімін ғана ойлап дауысын шығаруға тырыспауы, қарын аштырды. Тек өзіне ғана естілетін әңгіме мен ишарат көрсеткеннің не маңызы бар? (сол арқылы ой түсінікті болса, дау тумас еді) Бұл Полибиидің (Ержан Бүркітбай) ойынында кездесті. Оның монологтары ең маңызды, кілтті сөздер еді. Одан кейін тамаша актриса (репетиция барысында көзіміз жеткен, режиссердің қойған талабын өте шебер орындайды) Алмагүл Қазихан-Сағындық (Деянира) кейбір сөздерінде құлаққа жетпей жатты. Дегенімен, өте нәзік ару, өз ойынынан ләззәт алып жүргені анық аңғарылды. Шағымын айтқан баладай тізіп жазуымызға себеп, ескерілсе екен деген тілек. Театр өнеріне енді қадам басып келгенде талғамымыздың өсуіне үлес қосқандықтан, замандастардың мінсіз болғанын риясыз қалаймыз.
Қазақ театр өнеріне тамшыдай болса да қызмет етіп, махаббаты мен ықыластарын арнап жүрген жастар бар. Замануи өнер бүгін, я, ертең жазылып қорытынды шығарылмайды. Ол мәңілік жалғасын таба бермек. Солай болуына үлес қосушы «Арыстандай айбатты, Жолбарыстай қайратты, Қыранды күшті қанатты» жастардың жоғалмасына сеніміміз мол. Солардың бірі әрі бірегейі біз сөз еткен режиссер Кубанычбек Адылов және «Лаборатория 316» тәуелсіз театр труппасы.
Театр өнері мәңгілік!