Мақала
Дәрежан Өмірбаев фильмдерінің ретроспективасы басталды / видео
"Шілде" /1988/
Бөлім: Көзімнің қарасы
Датасы: 26.01.2018
Авторы: Әлімақын Жанболат
Мақала
Дәрежан Өмірбаев фильмдерінің ретроспективасы басталды / видео
"Шілде" /1988/
Бөлім: Көзімнің қарасы
Датасы: 26.01.2018
Авторы: Әлімақын Жанболат
Дәрежан Өмірбаев фильмдерінің ретроспективасы басталды / видео

Әлімақын Жанболат

кинотанушы, Т.Жүргенов атындағы ҚазақҰӨА, "Кино тарихы мен теориясы" кафедрасының оқытушысы


24 қаңтар күні Т.Жүргенов атындағы Қазақ
ұлттық өнер академиясында белгілі кинорежиссер Дәрежан Өмірбаевтың 60 жас
мерейтойына арналған фильмдерінің ретроспективасы басталды. Шамамен екі айға
жалғасатын фильмдер көрсетілімнің ашылу рәсімінде Т.Жүргенов атындағы
ҚазҰӨА-ның ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры Қабыл Халықов пен «Өнертану»
факультетінің деканы Бақыт Нұрпейіс сөз алып, мерейтой иесін игі шараның
басталуымен құттықтады. Өз кезегінде факультет деканы режиссердың шығармашылық
жетістіктеріне, қазақ кино өнеріне қосқан үлесіне, жас мамандарды тәрбиелеудегі
педагогтық ерекше қырына да тоқталып өтті. Қ.Халықов Өмірбаев фильмдерінің
қазақ кинематографиясында алар орны мен маңыздылығын атап өтіп, көрсетілімге
сәттілік тіледі.

Ретроспективаның ашылу шарасына, сонымен
қатар, «Кино тарихы мен теориясы» кафедрасының меңгерушісі Гүлжан Наурызбекова,
«Театр өнерінің тарихы мен теориясы кафедрасының» меңгерушісі Сәния Қабдиева,
«Бейнелеу өнерінің тарихы мен теориясы» кафедрасының меңгерушісі Қалдыгүл Оразқұлова
бастаған академия ұстаздары, студенттер қауымы мен журналистер және арнайы
келген қонақтар қатысты.

Ретроспективаның жоспарына сай
көрермендерге режиссердің 1988 жылы түсірілген «Шілде» атты қысқаметрлі
кинотуындысы ұсынылды. Картина оқиғасы шалғайдағы темір жол бойында орналасқан
қазақ ауылдарының бірінде өрбиді. Он жастар шамасындағы екі бала үнді
фильмдерін көру үшін бақшадан қауын ұрлап оны пойыздағы жолаушыларға сатпақ
болады. Алайда олардың бұл ісі күтпеген нәтиже береді. 23 минуттан тұратын
фильмде автордың оқиғаны көрсетудегі өзгеше тәсілін байқауға болады. Ақ-қара
пленкаға түсірілген фильмде ми қайнаған шілде айының атмосферасы, балалық
сезім, киноға махаббат, түс, кездейсоқ түсінбестік қатарлы көптеген көріністер
шебер өріледі.

Д.Өмірбаев

Көрсетілімнен кейін кеш модераторы Алма
Айдарқызы сөз кезегін режиссер Дәрежан Өмірбаевқа берді. Автор өз кезегінде
сонау студенттік шағынан бастап кино өнеріне қалай келгенін, математика пәнінің
мүғалімінен режиссерлік жолға қалай ауысқанын баяндады. «Мектепте менің ең
қызығып оқитын екі пәнім болды, оның бірі математика болса екіншісі сурет салу
еді. Өкінішке орай сурет салу сабағын ешкім оңдыртып оқытпады. Кейде тіпті үйге
де жібере салатын немесе орнына басқа пәндер өтетін. Мүмкін, бүгінгі режиссерлік
жолым сол сурет салуға деген қызығушылықтың жалғасы болар», – деп бастады сөзін
режиссер. «Университетті аяқтап, ауылда екі жыл математика пәнінің мұғалімі
болып жүрдім. Бір күні, түскі шәй ішіп болып, шынтақтап жатқам. Кенет көзім
әпкем көтеріп алып жатқан шәйнектің астында бірге жабысып жүрген газеттегі
«Кино ...» деген сөзге түсе қалды. Газетті дереу жұлып алып үлгердім де,
оқысам, Алматыда жаңадан ашылатын режиссерлік курсқа шақырған хабарландыру
екен. Көрсетілген мекен-жайға суреттерімді, жазған әңгімелерімді жібердім.
Арада біраз уақыт өткен соң менің курсқа қабылданғаным туралы хабар келді.
Сөйтіп, ауылды да, математиканы да тастап Алматыға жол тарттым. Кино саласына
келу тарихым осы бір кішкене оқиғадан басталды», – деп жалғастырды сөзін.

Фильмге байланысты көрермендердің
сұрағына жауап бере отырып режиссер қазақ киносы “жаңа толқынының” пайда болуы
туралы да айта кетті. «1983 жылы сол кездегі ҚазКСР мемлекеттік кино
комитетінің төрағасы болып тұрған Олжас Сүлейменовтің тікелей қолдауымен
Мәскеудегі Бүкіл одақтық кинематография институтынан (ВГИК) арнайы қазақстандық
жастар үшін кешенді шеберхана дайындалды. Сол жылы Алматыдан бір топ жас
сценаристер, режиссерлер, операторлар, суретшілер Мәскеудегі шеберханаларға
оқуға жіберілді. Міне, сол жастардың көбі кейін кино саласында қалып еңбек
етті. Олардың қатарында Рашид Нұғыманов, Ардақ Әмірқұлов, Серік Апырымов, Мұрат
Нұғыманов, Сәбит Құрманбеков, Ермек Шынарбаевтар болды. Мен де осы жолы
Мәскеуде білім алдым. Кейін осы буынның фильмдерінен Қазақ жаңа толқыны туды»,
– деп еске алды режиссер.

Қазақ киносына сексенінші жылдардың соңы
мен тоқсаныншы жылдардың басында өзгеше режиссерлік қолтаңбаларымен келген жаңа
бір буынның – «Жаңа толқынның» пайда болуына Тікелей әсер еткен Олжас
Сүлейменовтің ерекше еңбегі әсіресе бүгінгі жастар үшін тағылымы мол тарих
болуы тиіс.

Көрсетілімнен кейін режиссерге қойылған
сұрақтар өнердегі қолтаңба ұғымы, режиссураның мәні, шығармашылық шабыт
мәселесі, кинодағы актерлік ойын мен адамды көрсету арасындағы айырмашылықтар,
шығармашылық топ жасақтау қатарлы көптеген маңызды тақырыптар аясында өрбіді.
Қызықты кездесу соңында модератор келесі көрсетілімнің 31 қаңтар күні «Қайрат»
кинокартинасымен жалғасатынын хабарлады.

Естеріңізге сала кетейік, Д.Өмірбаевтің
60 жас мерейтойына араналған фильмдерінің ретроспективасын Т.Жүргенов атындағы
ҚазҰӨА «Өнертану» факультетінің «Кино тарихы мен теориясы» кафедрасы және
«Көзімнің қарасы» мәдени-танымдық клубы ұйымдастырып отыр. Көрсетілімдер
бойынша қорытынды дөңгелек үстел 14 наурызға жоспарланған.