24 жастағы актер 2016 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында театр саласының үздігі – атақты актер, үздік педагог Тұңғышбай Жаманқұловтың шеберханасынан түлеп ұшты. Алдыңғы әртісіміз сияқты Шағуан да өзінің актерлік қабілетінің ерек қырын студенттік кезеңінен бастап көрсетіп қана қоймай, театр өнері бәгесінің шабандозы екенін дәлелдеп те үлгерген. 4-курс оқып жүргенде өзіндік жұмыс ретінде қойған А.П.Чеховтің «Аққудың араздасуы» шығармасының негізінде қойған моноспектаклінде өзінің режиссерлік қабілетін сынап, сол қойылымда өзі ойнады да. Республикалық «Дидар» фестивалінде әлі толықтай «актер» болып қалыптасып үлгермеген жас ізденімпаз «Ең үздік ер адам бейнесін» жеңіп алуы да тек емес. Айта кетейік, бұл фестивальде студенттік жұмыстармен бірге кәсіби шеберлердің спектакльдері қатысқан болатын.
Қолына дипломын алған түлек Ғ.Мүсірепов атындағы академилық балалар мен жасөспірімдер театрына барады. Көзінде шабыт оты, бойында жастық жалыны тасып тұрған жас актердің талантын бағалаған театр басшылығы оны жұмысқа қабылдайды. Әдетте, академиялық театрға жұмысқа кірген актерлердің дені бір-екі жыл бойы, кейде үш-төрт жылдап көпшілік сахнада ғана бой көрсетіп жүретін жағдайларға жиі куә боламыз. Ал, Шағуан Үмбетқалиевтің жағдайында мүлде басқаша.
О баста театрдың бір кірпіші боп қаланамын деген үлкен мақсатпен келген актер бір-ақ жылдың ішінде бірқатар рөлдердің сомдаушысы болды. Сонымен қатар, барлық рөлдері сәтті шығып, аға буын әріптестер тарапынан да, театр сүйер көрермен үшін де жоғары бағаланып жатты. Сол үздік деп танылған бейнелерінің бірі – осының алдында аталып өткен «Жусан иісі» спектакліндегі Әжібек.
Комедиялық кейіпкер ретінде көрерменнің жадында «жыбыр-жыбыр» аталып қалған Әжібек – драмалық спектакльді өзгеше түспен әрлеп, көрерменге жарқын көңіл күй сыйлайтын бейне. Әжібек сияқтылар қазақ әдебиетінің экранизациясы арқылы оқырман мен көрерменге етене таныс. Өзінен жасы кіші балаларды жинап алып, сотқарлық жасауға үгіттейтін, темекі тартқызып, өз түсінігіндегі «үлкен өмірге» үйрететін Б.Соқпақбаевтың повестінің негізінде түсірілген «Менің атым Қожа» фильміндегі Сұлтан да солардың бірі.
Екі жарым сағаттық спектакльдің бір толқында өтіп, бір деммен қаралуына ықпал жасайтын актер Ш. Үмбетқалиевтің өз кейіпкерінің бейнесін жасауда ерен еңбек атқарғанын оның әр қимылының нанымды шыққанынан аңғару қиын емес. Кейіпкер жан-дүниесінің қат-қабат қыртыстарын тегіс қопарып, кеудеден әр сөзін алғашқы рет ақтарғандай етпесе, актер айызы қанбасы белгілі. Әжібекті тудыруда оның қимыл еркіндігін көріп, әр сөзіне жан бітетінін көреміз. Сахнаға шығарда өзіне ғана тән музыкамен келуі – ол кейіпкерді режиссердің де бір төбе қарастыруында, миссиясы бар бейне екенін ашып көрсеткісі келетіндігінде жатыр. Аттың тұяғы қосылған ойнақы музыкада Әжібектің асау тайдай ойнақтап, тулап жүргені сүйкімділік береді.
Әжібек қасындағы балалармен салыстырғанда – жасы олардан әлде қайда үлкен болғанымен, көңілі бала, ісі шала. Қорыққанынан «бастығының» айтқанын екі етпейтін бір топ кішкентай балалардың өзі осы батырдың жылайтын сахнасында оны «Әжукай» деп еркелетуі де кейіпкер бейнесін аша түскендей. Бір қызығы, сол кішкентай бүлдіршінді ойнап жүрген актерлердің бәрі дерлік оның өнердегі ағалары. Сөйте тұра, оның балаларды жинап алып әлімжеттік көрсететін сахналары шынайы һәм нанымды.
Жоғарыда Әжібек пен Сұлтанның («Менің атым Қожа») типтік ұқсастықтары турасында сөз еткенбіз. Сотқар Сұлтанның ауылдағы Жұмағұл шалдың атын мініп кететіні сияқты, әумесер Әжібек те Байдалы шалдың атын рұқсатсыз мініп алатын көріністері бар. Сол көріністерде Әжібектің астындағы жылқы тек елестетілген күйде ғана (воображаемо) жеткізілсе де, актерлік нақты техникасының көмегімен көрермен үшін ат үстіндегідей сезілді. Мінген аты «көрінбейтін» болса да, актер екі аяғын жерге кезек-кезек секіріп алмастырып, бір орында тыпыршып тұрған күйде көрсете білді.
Балалар мен Әжібектің ортасында әдемі үйлесімділік орын алып, көпшілік сахналардың бәрі бір демде сауатты сахналанған. Балаларды жинап алып, өзінің ерекше атау қойып алған қотырын қасыту «процесі» тіптен қызық. Нұғыман бригадир кіріп келген сәтте: «Не істеп жатсыңдар?» дегеніне: «Жыбыр-жыбыр» жасатып жатырмын», - деген Әжібектің жауабы көрермен залын тағы да ду күлкіге қалдырады. Араларындағы атаман Әжібекке жағып, соның қасында жүру , сол берген бұйрықты бұлжытпай орындау, одан мақтау сөздерін есту – балалардың бәріне биік бедел, асқақ абыроймен парапар. Тіпті, балаларға алдап шылым шеккізетін сахналарында Есікбай, Садық, Қосым, Сәмет, Бәтендер жарыса, бір-бірінен асып шылып тартып көрген сәтте: «Өскенде сенен тамаша шылымшы шығады», - деген Әжібектің сөзін естігенде де қуанышында шек болмайды. Сол «жарысқа» түсетіндердің басында Қанат жүреді. Осы кезде Шағуан Үмбетқалиев пен жоғарыда біз актерлік портретін жасаған актер Мақсат Сәбитов арасындағы сахнадағы серіктестік те мінсіз орындалды десек, қателескеніміз емес. Әсіресе, Ырысбектің хатын Зибашқа апарып беретін кезде олардың оңаша серіктестік сахналарындағы түрлі актерлік тапқырлық пен қабілеттеріне куә боламыз. Нағыз баланың, ауыл басының, соғыс кезіндегі нағыз ауыл баласының бейнесін жасауда олардың екі түрлі және қарама-қайшы мінездегі кейіпкерлер болғанымен, жарасымды ойын өрнегін құра білгенін айтып өткен жөн. Оның бірер дәлеліне М.Сәбитов сомдаған Қанат бейнесін талдаған тұста тоқталып кеткен болатынбыз.
Майданнан келген Ырысбекті ауыл балалары мен ақсақалдары төбесіне көтеріп, тіпті оны барлық немісті қырып келген батырдай көретінін байқау қиын емес. Олардың ішінде Әжібек те бар. Істеп жүргені бұзақылық болса да, соғыстан аман қайтқан батырдың төсбелгісін алуды үлкен олжа көрген Әжібек әскери адамның тұлғасы мен ишарасына тамсана қарап, үлгі тұтып, қайталайтын сахналарында көптеген күлкілі элементтер бар. «Вольно, смирно» деген сөздердің мағынасын ауыстырып, онымен қоймай «налево, направоны» да шатастырып, бірақ сол қимылдарды қате істесе де, өзінің дұрыс істеп жатқанына шын сенетін Әжібекті сомдаған актердің іс-әрекеті әбден күлкі шақырады. Драмалық спектакльде Әжібек сынды кейіпкердің бой көрсетуі, оның кейіпкерлер арасында байланыс жасауына қызмет етуі, ең бастысы – оны автор сипаттағандай, режиссердің қалауындай етіп тудыруы – үлкен жемісін берер жеңіс.
2017 жылы 15 маусымда премьерасы өткен М.Горькийдің шығармашылығы Данияр Базарқұловтың сахналауымен көрерменге жол тартты. Ол – әлі де болса эксперименталды-лабораториялық жұмыстарға көзі үйрене қоймаған Алматы көрермендерін елең еткізер спектакльдердің бірі болған «Шыңырау». Бұл спектакльде Шағуан Үмбетқалиевке бұйырған роль – Васька Пепел. «Ұры. Ұрыдан туған ұры дейді мені жұрт» деп өз кейіпкерін таныстыратын актерді басқа спектакльдерге сомдаған бейнелерінен айырмашылығы көп. «Ар мен ұят неме қажет. Ар-ұятты етік қып аяғыңа кие алмайсың... Ар-ұят дегенің, кімнің қолында билік пен күш болса, соларға ғана керек...»[2], - деп ашына сөйлейтін намысқой кейіпкер Пепелді сахнаға шығару оңайға түскен жоқ.
Васька Пепел — өте салмақты бейне. Оның өмірден көргені, түйгені, алған сабағы бар, тағдыры қаталдау кейіпкер. Актер өз қаһарманының саналылығын асқан зеректік, сезімталдылықпен ұштастырып, эмоциялық тұрғыдан аса темпераментті, өткір де күрескер, тура мінезді жігерлі бейне ретінде мүсіндейді. Ондай мінезді сомдауда қай-қай актерге болмасын оңайға соқпасы белгілі. Бұл рольді пісіруде актердің өзінің таным-түсінігінің кеңдігі, дүние турасындағы философиялық ойларының қалыптасуы, тіршіліктегі шындықты іздеудегі психологиялық күйзелісін көрсетудегі актерлік талантты талап ететіні тағы бар. Табиғатынан өмірге құштар, өзіне тағылған орынсыз міннен арылу үшін таза ақиқаттың соңынан ергісі келетін Васька айналасындағыларға көп нәрсені дәлелдемек болады. Асылында, әркімнің өз шындығы бар емес пе?.. Ғашығы Наташаға өзінің көңілінің ақтығын, жарқын өмірге ұмтылатындығын көрсеткісі келеді.
Наташаны сомдаған актриса Толқын Нұрбекова екеуінің арасындағы махаббат көрерменге толықтай жетпегені өкінішті. Иә, шығарма мәтінінде бар ғашықтық сөздерін актерлер өз репликаларында айтады. Бірақ көзқарас, байланыс, сезімнің ерікті тумағандығы байқалып тұрады.
Алғашқы басты психологиялық рольдерінің бірі болғандықтан болар, оған қоса актерлік тәжірибесінің аздығы да әсер етсе керек, өзге де техникалық қабілет пен сыртқы визуалды өміріне акцент көбірек жасаған жас актер Васька кейіпкерін кемеліне жеткізе алған жоқ. Горький кейіпкерін айнымас етіп тудыруға кейді тіпті егде жастағы актерлердің қауқары жетпей жататынына кез болып қаламыз. Ал, біздің жас актердің жағдайында ол кешірімдірек деп қарауға әбден болады.
Қазіргі кезде қазақ театрында жасалып жатқан жаңа бетбұрыс – пектакльді пластикалық шешімдермен әрлеу. Жас режиссерлердің әлемдік театр тенденциясынан қалыс қалмай, жан ұшырып жатқандығы, әлбетте қуантады. Осы орайда актерлер тарапынан да пластикалық, физикалық мүмкіншіліктердің кең болғаны оның шығармашылығында мейлінше көбірек мүмкіндік туғызатыны даусыз. «Сахна мамандарын дайындауда сыртқы қимыл, іс-әрекетінің ішкі психологиялық тебіренісімен біте қайнаған сымбаттылық пен сұлулық әрекетінің бір арнада тоғысуы терең тамрлы өнер талабынан туындаса керек. Әсем қимыл қозғалыс – актер шеберлігінің сымбаттылық сипаты. Ол сахнадан актер рухының тіршілігін әсем үлгіде сомдау үшін қажет» [3], – дейді бүгінде Т.Жүргенов ат. ҚазҰӨА-да «Театр өнері» факультетінің деканы Аман Құлбаев өзінің «Сахнадағы сымбаттылық» еңбегінде. Яғни, актер деген кезде көз алдымызға мінсіз қалып, сымбатты тұлға, сұлу дидар елестетуіміз керек. Өйткені театр – эстетикалық көркем өнер. Театрға жұмысқа тұрмас бұрын артық салмағы болған Ш.Үмбетқалиев жаңа рольдеріне дайындық кезінде олардан тез арылды. Сондай-ақ, өзін осы тұрғыда шынықтырып, дамыта түскендігі де мақтауға тұрарлық. Осы спектакльде де би қимылдары арқылы оқиғаны көрсету әдісі орын алды. Васьканың Василисамен қарым-қатынастың би арқылы шешкен режиссер Д.Базарқұлов ұтымды қадам жасағанын көреміз. Васьканың аяғына сүйретіліп, қанша мәрте тәрк етсе де, қайтпайтын Василисаның құштарлығы, кейде екіжақты құмарлық осы би сахнасында айқын көрініс табады. Бір бірінің үстіне оп-оңай шығып, секіріп, аунап-қунап, бірін-бірі жеп-жеңіл лақтырып жатқандығы формасын жоғалтпаған актерлердің сыртқы қабілетінің жақсы екендігінен хабар береді.
Спектакльде Васьканың көңілдесі – Василисаны сомдайтын актриса Гүлбахрам Байбосыновамен серіктестік қарым-қатынасы әлдеқайда сәтті шықты. Мұның бір себебі, актрисаның тәжірибелілігі мен талантында жатыр. Бұған дейін «Қара шекпенде» Сылаң бейнесін нақышына келтіріп жасай білген, әр қимылын, көзқарасын дәл жасап, сонысымен көрерменнің назарына ілігіп, сүйіктісіне айналған актриса Г.Байбосынова Василисаны да еш қиындықсыз сомдады. «Құтқаршы мені күйеуімнен!», - деп Васьканың иығына асыла кеткенде, тұзаққа түскенін білмей қалған «ұрының баласы» енді қанішерге айналатындығын білмеді. Көңілдесін туған сіңлісі Наташадан өлердей қызғанатын Василиса роліндегі актрисаның көзінде ыза мен кектің найзағайы жарқ-жұрқ етеді. Осы жағдайлардың бәрі, сахнадағы азды-көпті тәжірибесі бар актерлердің қолғабысымен Васька бейнесін жасауға тырысты.
Театрда ізденімпаздығымен, еңбекқорлығымен, актерлік өнерге деген жігер-ынтасы үшін режиссерлердің көзіне түсіп жүрген актердің тағы бір басты ролі бар. Өткен ғасырда дүниеге келген қазақ драматургиясының бірі – Тахауи Ахтановтың «Күшік күйеу» пьесасындағы Қабанбай бейнесі. Бұған дейін рольге деген жауапкершілігімен сенімді ақтаған жас актер тағы бір қаһарманды ашуға білек сыбана кірісті. Театр сахнасына 80-жылдары Жанат Хаджиевтің режиссерлігімен қойылып, 2017 жылы жаңа құраммен қайта сахналанған «Күшік күйеу» комедиясы Ш.Үмбетқалиевтің жұлдызын жағуға көмектесті десек болады. Бұған дейін театрдың азулы актерлері – Ержан Жарылқасын, Еділ Рамазанов, Бейбіт Қамарановтар сомдаған кейіпкер тұлғасын актер Ш.Үмбетқалиев қайта жаңғыртты.
«Ол өзі жақсы жігіт. Бар міні сөлекет. Осы оқиға да соның сөлекеттігінен басталды»[4], - деп бастайды бірінші көріністі Қабанбайдың досы Бекболат. Яғни, комедия сол бір «міні» болмаса, жігіттің төресіне лайық Қабанбайдың қызықты оқиғасына құралған.
Тура өз жасындағы кейіпкерді (студент) сомдау актер жамбасына жатқан секілді. Бұйраланған қара шаштарын, иықты денесін, қара торы жүзін – жалпы дене бітімінің ерекшеліктерін актер Қабанбай бейнесін жасауда ыңғайлы пайдаланған. Бұл кейіпкер де – сәтті шыққан комедиялық кейіпкер. Аңқау, ақкөңіл жігіт Қабанбайдың басына түскен оқиғасын баяндайтын пьеса – мораль, этика, үлкенді сыйлау яғни ұрпақ тәрбиесі, тіпті ұлттық құндылықтарды ұлықтау сынды өзекті мәселелерді қамтиды. Бүгінгі таңда, өкінішке орай, арамызда Батыс Еуропаның даңғаза, дабыра өміріне сырттай елігіп, еліріп жүрген жеңілтек, терең ойлануды – өмірді қиындату деп түсінетін жастардың көптеп кездесіп жататынын өтірік емес. Ата-анасына уайым болған – кешенің де, бүгіннің де сол Кубик, Тюранчик, Боткалары. Бекболаттың қақпалауымен жатақханадан кездейсоқ шығып қалып, Гүлжамал апайдың сенімімне кіріп алған Қабанбай студенттің жоғарыдағы «жеңіл ойлы адамдармен» жүргізетін шырғалаң күресін автор Т.Ахтанов комедияға тән шымыр да ұтқыр диалогтармен әсерлі бейнелесе, режиссер Ж.Хаджиев оларды декорация, музыка, жарық арқылы айқын көрсете білген. Ал, актерлер алдында түрлі жарқын кейіпкерлерді нақышына келтіріп кейіптеу мақсаты тұрды.
Рольді тудыруда ол кейіпкердің шығу тегінен бастап, қандай тамақты талғап жейтініне дейін зерттеп, зерделеген жөн. Ауылдан шыққан, намысты, жігерлі, қарапайым қазақ жігітінің болмысын жасауда Шағуан өз кейіпкерінің мінез ерекшеліктерін ескерек отырып, оны репликаларында байқата білді. Ол о бастан қойылған мизансцена болсын, не тосыннан жасалатын импровизация болсын, бәрін де нанымды (оправданная мизансцена) орындайды. Үмбетқалиев ойынына қарап отырып, күллі спектакльдің динамикалық серпінінен үлкен демеу, қуат алғандай боласыз.
Жатақханадан қуылғаннан кейін өзінің жаңа қонысында бұрынғы комендантты кездестіргендегі хәлі, тығырыққа тірелгендігі жай-күйін бір көзқарасымен-ақ шебер жеткізді. Шарасыздықтан да жол тауып кететін кейіпкері Қабанбайдың тапқырлығы мен өзінің сахнадағы сол жағдайға дәл келетін ым-ишарасы тамаша өрнек құра білген. Театр сахнасында комедиялық бейнелерді сомдаймын деп, артық қылам деп тыртық қылып жататындар қаншама! Ал, жас актер актерлік өнерін көрсетуде асыра сілтеу әдісін қолданбай-ақ шынайы ойын көрінісін жасай білгенін көреміз.
Көрерменге ерекше әсер мен серпіліс сыйлайтын бір сахна – екі жақты пікірлі жастардың екіге бөлініп, заманауи айтыс ұйымдастыруы. Арқанның бір ұшында – Бекболат пен Қабанбай, екіншісінде – Тюранчик пен Куба. Домбыра мен гитараның жарысында актер домбырамен ән айтып, даусының жағымдылығымен, домбыраның құлағында ойнай алатындығымен көзге түседі. Сондай-ақ, би жарысында да «Қара жорғаны» барлық буынын қосып билегенде де сүйсініп қарай аласың. Жігітке жеті өнер де аз. Шағуан Үмбетқалиев те сол сөзді назарға ұстап, театр сахнасында өзін жан-жақты көрсетіп келетіні көңілге қонымды құбылыс.
Бұл спектакельге көбіне мектеп оқушылары мен жоғары оқу орнында оқитын студенттер келетіндіктен, ондағы ойнайтын жас актерлер де (Рахат Халық, Нұржамал Әбілқайыс, Арайлым Мырзахан, Диас Мырзахмет) көп жағдайда еркіндікті сезініп, импровизациялық репликалар мен мизансценалар тудырып отырады. Спектакль өзінің жанрлық сипатына қарай қарапайым да ойнақы шешілген. Сахналық серіктестікке келер болсақ, өмірде құрбы-құрдас боп араласатын бір топ жас актерлер сахнада да бір-бірінің тілін оңай тапқан деуге толықтай негіз бар. Өйткені, олардың актерлік орындауларында бірінің сөзін бірі іліп әкетіп, шалыс басқан жері мен кем тұстары болса, білдіртпеуге тырысып жататын ансамбльдік жұмысына куә боламыз. Жалпы, спектакльдегі актерлік табыстарға қуанбау мүмкін емес. Жастардың шеберліктері тартымды-ақ. Жас актерлер өздері сомдап жүрген замандас-кейіпкерлерінің психологиясына толықтай дендей алған.
Қандай режиссер болмасын, өзімен шығармашылық толқын жасайтын актердің әр түрлі рольдерді сомдау үшін іштей ермексаз (пластилин) сияқты иілгіш, режиссер-реформатордың барлық талаптарына көнетін кішіпейіл болғанын қалайтыны белгілі. Осы тұрғыдан алсақ, Шағуан да кез келген режиссермен ортақ тіл табыса алатынын, роль дәнін іздеп, оны өсіріп шығаруда бірігіп еңбектене білетінін және айтып кеткен жөн. Қазақ театрының бүгіні мен ертеңі үшін тыраштанып, тырмысып жүретін ол сияқты еңбекқор өнер иелерінің көп болғаны – қуаныш.
Қолданылған материалдар:
- Ә.Сығай. «Таңғажайып театр», Алматы, «Ана тілі», 2014, 183б;
- М.Горький, Пьесалар., Алматы, «Өнер»,1982 ж., 13-б;
- А.Құлбаев «Сахнадағы сымбаттылық», Алматы, «Қазақ университеті», 2015,3б;
- Т.Ахтанов, «Ана даусы», Алматы, «Жалын», 1978 ж., 359-б;