Бүкіл саналы ғұмырын ұлттық өнерді өркендетуге арнаған ұлы актрисаның мерейтойы биыл Біріккен Ұлттар Ұйымының Білім, Ғылым және Мәдениет жөніндегі Ұйымының (ЮНЕСКО) атаулы күндер күнтізбесіне енгізілгенімен ерекшеленіп отыр.
Биылғы фестивальге Шығыс Қазақстан облысының драма театры (Өскемен) М.Әуезовтің «Қанды азу» поэтикалық трагедиясымен (реж. Б.Ұзақов), Абай атындағы Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік қазақ музыкалық драма театры (Семей) Ә.Ақтайдың «Ахметтің аманаты» драмасымен (реж. Е.Жуасбек), Ф.М.Достоевский атындағы мемлекеттік орыс драма театры (Семей) Г.Маркестің «Періште» психологиялық клоунадасымен (реж. П.Неведомская), Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ музыкалық драма театры Е.Төлеубайдың «Абай» трагедиясымен (реж. Х.Әмір-Темір), Nomad театры (Нұр-Сұлтан) М.Фрейннің «Театр 180» комедиясымен (реж.С.Қамиев), Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры (Алматы ) М.Ладоның «Адам-зат» драмасымен (реж. Д.Базарқұлов), Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры (Нұр-Сұлтан) Низамидің «Ләйлі - Мәжнүн» поэмасы негізінде қойылған спектаклімен (реж. Б.Абдуразақов), М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры (Нұр-Сұлтан) А.С.Пушкиннің «Евгений Онегинімен» (реж. Ю.Квятковский), Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры (Ақтау) Н.Сауданбекұлының «Әлиханның аманаты» драмасымен (реж. Г.Мерғалиева), Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыкалық драма театры (Павлодар) Б.Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» драмасымен (реж. Ж.Садықов), С.Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық сазды драма театры (Петропавл) Б.Жақыптың «Жан дауысы» саундрамасымен (реж. Ф.Молдағалиев), «Дариға-ай» жастар театры (Семей) Е.Аманшаевтың «Дауыс. Дау іс» («Үзілген бесік жыры») пьесасы бойынша қойылған спектаклімен (реж. Г.Адай) қатысты.
Аталмыш мерекелік іс-шараға Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің фестиваль ережесі бойынша соңғы екі-үш театрлық маусымда жарыққа шыққан спектакльдер қатыстырылды. Бұл алдын-ала сараптамалық кеңес мүшелерінің талқысынан өткен қойылымдардың ғана жолдама алуына мүмкіндік жасады.
Енді мұның көркемдік сапасына қарай ойысатын болсақ, бұрынғымен салыстырғанда театрларда біраз ізденістердің барына куә болдық. Барлығымыз жақсы білеміз, фестиваль жай мәдени мереке емес. Бұған нағыз кәсібиліктің көрігін қыздыратын бәсеке деп қарағанымыз жөн. Кез-келген фестивальдің негізгі мақсаты театр өнерінің жетістіктерін көпшілік алдында таразыға тартып, кәсіби салмағын безбендеу арқылы бүгінгі сахналық өнердің қай бағытқа ойысып бара жатқанынан хабардар ету. Осы тұрғыдан қарасақ, алыс-жақын шетелдерден режиссерлер шақырып шығармашылық байланыс жасап жүрген Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының, М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма және Ф.М.Достоевский атындағы мемлекеттік орыс драма театрларының спектакльдері көркемдік сапасының құндылығымен бірден көзге түсті. Аталған ұжымдардың қойылымдарынан бүгінгі әлемдік театр өнерінде болып жатқан жаңалықтардың ықпалы байқалады. Басқа елдерден шақырылған режиссерлердің жұмысы сахнада жинақы, жүйелі шешімімен, бейнелі жасалған көркем көріністерімен, айшықты да көрікті суреттерімен есте қалды.
Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры парсының атақты ақыны Гәнжауи Низамидің «Ләйлі-Мәжнүн» поэмасы бойынша қойылған спектаклін (сахналық жүйесін жасаған Б.Абдуразаков) көрсетті. Поэманың негізі Низамиден алынғанымен, спектакльде Хафиз, Мұхаммед Физули, Жалаледдин Руми, Шәкәрім Құдайбердіұлының өлең жолдары қосылған. Қазақстанда «Ләйлі-Мәжнүн» балет театрының репертуарынан орын алған туындылардың бірі. Ал драма театрында тұңғыш рет қойылуы мәдени өміріміздегі елеулі жаңалық десек артық айтқандық емес.
Спектакльдің қоюшы режиссері Тәжікстан Республикасының белгілі өнер қайраткері, алыс-жақын шетелдерге кеңінен танымал Барзу Абдуразақов. Ол қойылымның көркемдік кілтін, пластикалық формасын, бейнелік шешімін әдемі ойластырған. Шымылдық ашылысымен Шығыс халықтарына тән атмосфераны бірден сезінесің. Бедерлі ою-өрнектермен көмкерілген декорация мен көздің жауын алатын кейіпкерлердің костюмдері (әйелдерің бастарына тартқан орамалдары мен көйлектері, ерлердің сәлделері мен ұзын шапандары) көрермендердің көңіл күйін көтеріп, спектакльдің романтикалық сазын күшейтуге септігін тигізді.
Қойылым оқиғасы сахна ортасына орналасқан ішіне құм толтырылған дөңгелек шеңберде өтеді. Бұған режиссер мен суретші Қанат Мақсұтов көптеген философиялық ойларды сиғызған. Дөңгелек - шексіздіктің белгісі, жер де дөңгеленіп айналады, адамдардың өмірі де дөңгеленіп өте шығады деген т.б. ұғымдарды алға тартқан.
Режиссер спектакльді ерекше ырғақ-екпінге бағындырған. Дәруіштің аузымен баяндалатын оқиға көрермендердің көз алдында қас-қағым сәттің арасында өте бастайды. Бір перзентке зар болған дәулетті байдың Алладан бала сұрап жалбарынғаны, іле-шала оның тілегінің қабыл болып Каис атты сәбидің дүниеге келгені айтылады. Осы сәтте дөңгелек шеңбер ішіндегі өмір қайнап, өз ағысымен жүре жөнеледі.
Қойылым оқиғасының динамикалы өрбуіне Дәруіш роліндегі Ержан Нұрымбеттің актерлік шеберлігі айрықша ықпал етті. Ол шеңбер ішіне кірсе балаларды өнер-білімге үйретуші ұстазға, одан шықса жүргізушіге айналып лезде келесі кейіпкердің бейнесіне ауысып отырды. Әуезді дауысымен өлең жолдарын мақамына келтіріп оқығанда нақ шығыс халқының шайырынан қисса тыңдағандай сезімге бөлейді. Оның қимыл-қозғалысы, бет-әлпетіндегі құбылыстар, үніндегі қобалжулар екі жастың басына түскен қиындықтарға байланысты өзгере қалады. Қолына ұстаған кішкентай жез қоңыраудың сылдырына қайта-қайта құлақ түріп, өмірдің тоқтамай алға жылжи беретінін символдық тұрғыда ұқтырады. Поэманың көркемдік аясын кеңейтіп, бүгінгілік сипат беру тұрғысынан қарағанда актердің орындауындағы қазақ әндері сахнадағы оқиғаны қоюлатып, философиялық мәнін тереңдете түскен.
Спектакльде махаббат азабын тартқан қос ғашықтың жан-күйіндегі арпалыстарды көрсетуді Б.Абдруазаков басты мақсат еткен. Оның интерпретациясын дұрыс түсінген актерлер жасандылықтан аулақ, сахнада шынайы өмір сүрді.
Бір-біріне қосыла алмай екі жақта мұңайған ғашықтардың шерлі үндерін жас орындаушылар Мәжнүн - Олжас Жақыпбек пен Ләйлі - Инабат Әбенова иланымды жеткізді. Спектакльдің ең басты жеңісі де осы кейіпкерлерді ойнайтын орындаушылардың бойынан жастыққа тән сұлулық пен тартымдылықтың қабысуында демекпіз.
Мәжнүн - Олжас Жақыпбектің сырт келбеті, жағымды үні көрермендерді бірден баурап алды. Каистың апыл-тапыл басқаны, үш жасқа толып құлдыраңдап жүгіруі, мектеп жасына жетіп оқуға баруы, ержетіп сүйгенінен алыстап азап тартқаны актердің ойынында әдемі өрнектелген. Ләйлі оқуға келмей қалғаннан бастап оның жүрегіне түскен махаббат оты санасын тұмандандырып, алжаса бастағаны актердің қимылынан, сөйлеген сөздерінен анық көрінді. Ғашығының атын «Л-ә-й-л-і» деп ежіктеп, нұры өшкен жанарымен қайталап, онсыз өмір сүре алмайтынын бет-жүзіндегі мимикалық өзгерістермен бере алды.
Ләйлі ролін сомдаған Инабат Әбенова өз кейіпкерін жаны нәзік, өмірге құштар, махаббатқа берік етіп бейнеледі. Актриса кішкентай қыздың ашық жарқын балалық мінезін, кейін ғашығын зарыға күткен бойжеткеннің психологиялық күйзелістерін нанымды ашты.
Спектакльдің сәтті шығуына Мәжнүннің анасы - Алтынай Нөгербек, Мәжнүннің әкесі - Қуандық Қыстықбаев, Ләйлінің әкесі- Мейрам Қайсанов, Ләйлінің анасы - Ботагөз Мақсұтова, Ибн-Сәләм - Жанат Оспанов айрықша үлес қосты.
«Ең үздік әйел бейнесі» номинациясын иеленген Ботагөз Мақсұтованың актерлік шеберлігін айрықша бөліп айтқан орынды. Ол бір-біріне мүлдем ұқсамайтын екі бейнені нақышына келтіріп мүсіндеді. Актриса Ләйлінің анасын қатал, өз сөзін күйеуіне өткізіп үйренген бетпақ әйел етіп бейнеледі. Ал, өмірдің талай ащы дәмін татқан кезбе Кемпір ақкөңіл, жайдары болып сомдалды.
Қойылымның әрбір сахнасы режиссер тарапынан көркем шешілген. Айталық, даланың кезбе актерлеріне кездейсоқ жолыққан Мәжнүн ел-жұртты солармен аралап, махаббатын жырлауға көшеді. Мұнда халық театрының белгі-сипаттары да, фарстық күлкілі тапқырлықтар да кездеседі. Режиссер суырыпсалма, әдейі әсерілеу тәсілін кеңінен қолданып, көрермендердің ойын сергітіп өтеді.
Мәжнүннің әкесі есінен адасқан ұлын Меккеге апарып, ғұламалардан жәрдем сұрайды. Бірақ, баласын қайғы-қасірет меңдеп, махаббат дерті ушыға түседі. Осы сахнада режиссер жеңіл орамалды әкесінің мойнына салып, ұшын баласына ұстатып жетектетіп қояды. Шеңберді бірнеше рет айналған әке мен баланың дертке дауа іздеп біраз жерді шарлағанын ұқтырады. Мұндай қасіретті көтере алмай әкесінің дүниеден озғанын оның бетіне ақ орамал жауып, символды түрде көрсетеді. Сол сияқты Ләйлі мен Мәжнүннің әкелері әйелдерінің сөздерінен шыға алмайтындарын да болымсыз ғана детальдермен көрсеткен. Ләйліге құда түсуге келетін сахнада қыз шешесі күйеуінің бетінен алып, өз дегенін жасатады. Бұл арқылы режиссер бүгінгі таңдағы ерлердің ез болып бара жатқанын, әйелдердің билік құрып, оларды басқарып отырғанын ашық айтқан.
Қойылым жанды музыканың сүйемелдеуімен жүргізіліп отырды. Қыл қобыз, шаң қобыз, кларнет, дарбука аспаптарынан төгілген жүрек қылын шертетін әсем күйлер спектакльдің поэтикалық әрін арттырып, айрықша тебіреніс тудырады.
Бұл спектакльдегі режиссердің батыл байламынан поэманы сахнадан сөйлетудің жаңа бір қырын көрдік. Осы бағыттағы режиссерлік жұмыс орындаушылардың жеке дара келбетін сан қырынан танылуына мүмкіндік берді.
Республикамыздағы М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры мен Ф.М.Достоевский атындағы орыс драма театры соңғы жылдары көптеген Халықаралық және республикалық театр фестивальдерінен жиі көрініп жүр. Сонымен қоса алыс-жақын шетелдерден режиссерлер шақырып, үнемі тың шығармалармен өз репертуарларын байытып отыр. Өзге елдердегі қандастарына орыс тілінің, мәдениетінің ықпалды болуына Ресей мемлекетінің үлкен қолдау көрсетуі де, біздегі орыс театрларының кең қанат жаюына оң әсерін тигізіп келеді. Мемлекеттің, халықаралық бірлестіктердің ұйымдастыруымен жылда өткізілетін театр фестивальдеріне қазақстандық орыс тілді театрлар да барып, әр жылдары өнерлерін көрсетіп жүр.
Еліміздегі іс-шараларға белсене араласып жүрген М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры аталмыш фестивальге А.С.Пушкиннің «Евгений Онегин» шығармасы бойынша қойылған спектаклімен қатысты.
Қойылымды «Евгении Онегин. Романнан көріністер. Біздің күндер» деп атаған Мәскеулік режиссер Юрий Квятковский бұл туындыға жаңа көзқараспен келіп, романда баяндалатын уақыт пен бүгінгі күн арасындағы шекара сызықтарын алып тастаған. Оның басты мақсаты көрермендерге қазіргі тілмен шығарманың мазмұнын баяндау екені бірден байқалды. Ол Пушкиннің бірде-бір сөзін қысқартпай, сахналық әрекет пен оқиға орнын бейнелеуде, киімдері мен декорациясын жасауда еркіндік танытқан. Автор сөзін айтып отыратын видеоблогер сахнада болып жатқан оқиғаны смартфонмен түсіріп, көрермендермен тілдесіп жүреді.
Ю.Квятковский режиссерлік тапқырлықпен өте жарқын, айшықты спектакль тудырыпты. Қойылымның алғашқы сахнасында айна алдында шашын соңғы үлгімен жасатып отырған Евгений-Дмитрий Маштаков, Онегин - Максим Ященко біздің дәуіріміздегі сылқым жігіттердің бірі болып шыққан.
Спектакль оқиғасы өрбіген сайын режиссердің ой-тұжырымының тереңдігі мен көкірек көрегендігі баурап әкетеді. Ең біріншіден, режиссер орындаушыларға кейіпкерлердің сөздерін речитативпен айтқыздыртқан. Бұл тәсіл ХХ ғасырдың басындағы В.Мейерхольд пен А.Таиров қойылымдарындағы мелодекламцияны еске түсіреді.
Спектакльдің көп бөлігі би мен пантомимаға құрылған. Айталық, кейіпкерлердің атқа отырып шабуы, көзге көрінбейтін теннис добымен ойнаулары пантомималық әрекеттермен көрсетілген. Теннис добының тарсылы, спектакльге айрықша ырғақ беріп тұрады. Ал, Онегин мен Ленский екеуінің жекпе-жегі кезінде теннис добы оқ орнына қолданылады. Осының нәтижесінде сахналық әрекеттің динамикасы күшейіп, кейіпкерлердің трагедиялық жағдайға тап болғанын айқын ашуға мүмкіндік жасалған.
Татьянаның түс көретін сахнасы да қойылымға ерекше әсемдік пен идеялық айқындық берген. Оның түсіндегі белгісіздік, тылсым әлемнің біз түсіне бермейтін мистикалық құпиялары орындаушылардың пластикалық бейнелеулері арқылы бедерленді.
Қойылымның тағы бір ерекшелігі суретші Екатерина Злая (Ресей) мен режиссердің шығармашылық қиялынан туған спектакльдің сыртқы бейнесінің қайталанбас өзіндік үлгісін табуында болды. Сахна ортасындағы жылжымалы декорация арқылы режиссер бейнелік метафораларды әдемі жеткізген. Мысалы, Татьяна Онегинге ғашық болған кезде, оның үйінің шатыры ұшып кетеді. Ал, Ленский мерт болғанда ағаш үйдің қабырғалары сөгіліп, қаңқасы ғана қалады.
Қойылымның музыкамен безендірілуі де режиссердің биік талғамынан хабардар етеді. Мұнда П.Чайковскийдің «Евгений Онегин» операсынан үзінді, «Аукцыон» тобының әндері т.б. әртүрлі композициялар қолданылған.
Спектакльде ойнаған актерлердің барлығы да Онегин-М.Ященко, Евгений-Д.Маштаков, Татьяна-У.Штильман, Ларина-Е.Максим, Ленский-Д.Хомко, Автор-С.Маштаков, Дядя-А.Лукашевия, Ольга-Т.Степанова т.б. өз шеберліктерімен тәнті етті. Актерлік ансамбльге бағындырылған орындаушылардың ойыны жастық жалын мен қызу темпераментке толы болды. Сахнадағы актерлік тапқырлық күрделі психофизикалық әрекеттерге ұласып көрермендерді ынтықтырып отырды. Олардың ойынында көрсетілген адамдардың тағдыры талайларға ой салатын, әркімді өзінің өмірлік философиясына қайта қарауға мәжбүрлейтін биік деңгейге жеткен. Театр актерлерінің өздерімен үнемі жұмыс жасайтындықтары сыртқы түрлерінен, әдемі пластикаларынан, сахнадағы сөздерінен анық байқалды.
Бұл спектакль бүгінгі қоғам өмірінде қызу пікірталас тудырумен бірге театрға деген көпшіліктің назарын толығымен аударып отыр. Ю. Квятковский замана үрдістерінен кейін қалмай, халықтың қызығушылығын оятып, көрерменді театрға тарту мәселесін шешу жолын көрсетіп берді. Қорыта айтқанда, аталған қойылымды театр ұжымының белесті табысы деп бағаладық.
Өнер бәйгесіне Ф.М.Достоевский атындағы орыс драма театры Г.Маркестің «Періште» (сахналық нұсқасын жасаған П.Неведомская) деп аталатын шығармасы бойынша қойылған спектаклін ұсынды. Гарсиа Маркестің аталмыш шығармасы әлемдік театрларда аз сахналанған. Ал біздің қазақстандық театрларда алғаш рет қойылып отыр. Сондықтан да, театрдың Маркес туындысына деген батыл қадамын ерекше атап өткен жөн.
Автор періште туралы адамдар арасында қалыптасып қалған керемет әсерді бұзып, егде тартқан періштенің не себептен жерге түскені туралы құпияны ашуды әркімнің өзіне қалдырған. Спектакльдің өн-бойында жазушының тура осы ойы негізгі желі болып тартылыпты. Пелайо мен Элисэнда екеуінің ауласына жаңбырлы күні ғайыптан келген қанатты періште сол ауылдың тұрғындары үшін жұмбаққа айналады. Осыны пайдаланған ерлі-зайыптылар періштені көруге келген адамдардан ақша алып бірден байып кетеді.
Спектакльдің режиссері Полина Неведомская (Санкт-Петербург қаласынан шақырылған) магиялық реализм стилінде жазылған туындының табиғатын сақтай отырып, «жаһандану» және «адамзат» деген тақырыпты көтерген. Алғашқы сахнада жазушының портреті көрсетіліп, ол туралы көрермендерге мәлімет беріледі. Оқиғаны баяндап тұратын жүргізуші спектакльдің басынан соңына дейін интернеттен ақпарат алып, бүкіл кейіпкерлердің іс-әрекеттерін бақылап отырады. Қанатты періште туралы оқиға бүкіл спектакльдің арқауына айналып, соның төңірегіндегі адамдардың мінездері біртіндеп ашылады. Режиссер спектакльге қатысатын жиырмаға жуық кейіпкерлерлердің барлығына бірдей ұзын қара сулық кигізген. Жоғарыдан әлдекімдердің бұйрығын күтіп, соны орындауға дағдыланған олардың сөйлеу мәнерлері мен ойланулары, сыртқы қимыл-қозғалыстары да бір-бірінен айнымайды.
Сахнадағы актерлердің барлығы да режиссердің ой-тұжырымын дәл ұққан. Орындаушылардың ойынында сарказм, терең әжуа, психологиялық иірімдер жақсы ашылған. Тылсым күштің құдіретімен болып жататын ғажайыпты көпшіліктің бағалай алмауын режиссер бедерлі мизансценалармен өрнектеген. Спектакльдің мазасыз да, кернеуі жоғары ырғағын, оқиға драматизмін актерлер қимыл-қарекет кеңістігінде бимен, дыбыстармен бір ырғақта ұстап тұрды. Қойылым финалы өте әсерлі шешілген. Автор мен кейіпкер ойы қатар беріліп, көрермендерді айналасына басқаша қарауға бастайды. Күнделікті тіршілікте көзге көріне бермейтін өмірдің мәні туралы ойлануға шақырады.
Спектакльдің қоюшы суретшісі Павла Никитина мен медиа-суретші Маргарита Акимованың жұмыстары (екеуі де Мәскеуден шақыртылған) спектакльдің идеялық мазмұнының ашылуына зор септігін тигізген.
Театр ұжымының осындай күрделі туындыны игеріп, көркемдік тұтастығы сақталған спектакль тудырғаны көпшілікті серпілтіп тастады. Ең бастысы, театр труппасы кез-келген шығарманы еркін ойнайтын қабілеттері мен актерлік шеберліктерін көрсете алды.
Фестивальдің басты мақсатының бірі - жаңа актерлік, режиссерлік есімдер ашу болып табылады. Оның мәдени, рухани, шығармашылық құнының осында екенін ескерсек, бүгінгі жас режиссерлердің сахнаға өзгеше құбылыс әкелуге деген қадамдарынан үмітіміз мол. Соңғы жылдары үркердей жарқырап өзіндік қолтаңбаларымен көріне бастаған бір топ жаңа буын режиссерлердің арасынан Данияр Базарқұлов пен Фархад Молдағалидың жұмыстары жоғары бағаланып жүр.
Ә.Өмірзақова алпыс жылдан астам қызмет еткен Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры фестивальге Мария Ладоның («Очень простая история») «Адам-зат» (ауд. Қ.Төлеуішов) деп аталатын драмасы бойынша қойылған спектаклімен қатысты.
Қойылымның мазмұны мен сахналық үлгісі қарапайым шешілген, мұнда көзге ұрып тұрған эффекті де, ойыңа тұсау болатын күрделілік те көрінбейді. Спектакльдің басты идеясылық нысанасы - имандылықты ұмытпау, байлығыңа сеніп кісіге зорлық жасамау, қандай жағдайда да адамгершілік пен азаматтық тұғырдан таймау. Д. Базарқұлов адамдар мен жануарлар арасына құрылған оқиғаны бүгінгі әлеуметтік өмірмен үндестіре алған.
Көрші кедей жігіттен аяғы ауыр болып қалған қыздарының құрсағына біткен нәрестені қайткен күнде де алдыруды көздеген Әке - Руслан Ахметов пен Шеше - Райхан Қалиолдина екеуінің мейірімсіздіктері бүгінгі қоғамда орын алып отырған үлкен індеттен хабар береді. Ол - ұрпақ тағдырына деген немқұрайлылықтың дертке айналуы. Өз немерелерін жарық дүниеге әкелмеудің барлық амал-айласын қарастырған саналы адамдардың аюандық әрекеттерінен хайуандар да шошынады. Спектакльдің басты қаһармандары Дана мен Аңсар екеуінің махаббаттарына қарсы тұрған қыздың ата-анасының тас жүректігі мен қорадағы малдардың төлдеріне қатысты ыстық сезімдері қатар көрсетіледі.
Спектакльдегі әр актер бейне жасаумен бірге, сахналық ой-әрекетінің айқындығымен идеялық-әлеуметтік мол роль атқарып тұрды. Дана - Гүлбаһрам Байбосынова, Аңсар - Асылхан Төлепов, Көрші - Ұлан Болатбек, Қошақан - Динара Нұрболат, Ақбақай - Нұргүл Мыңғатова өз кейіпкерлерінің психологиялық толғаныстарын әрекет үстінде нанымды ашты.
Қойылымда бүгінгі өкімет пен билікке қатысты, қарапайым халықтың жағдайына байланысты өткір ойлар шынайы суреттеу тапқан. Қазақ театр режиссурасында әлеуметтік театр қағидаларымен жұмыс жасап, енді көріне бастаған Д.Базарқұлов бұл спектаклінде жалпы адамзатқа ортақ ой түю мен идея өрбіту пайымын танытты.
Келесі жас режиссер Ф.Молдағали қызмет ететін С.Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық сазды-драма театры ақын Б.Жақыптың «Жан дауысы» поэмасы негізінде қойылған спектаклін көпшіліктің назарына ұсынды. Қазіргі таңда көрермендердің эстетикалық талап-талғамына лайық көркемдік сапасы жоғары қойылымдарымен жақсы танылып келе жатқан аталмыш театр ұжымы халықаралық, республикалық, аймақтық театр фестивальдерінде үнемі жүлделі орындарды иеленіп жүр. Бұл жолғы спектакльдері де олардың жаңа ізденістерінен хабардар етті. Аталған шығарманың жанрын саундрама деп белгілеген режиссер Фархад Молдағали спектакльдің алғашқы сахнасын жоғарғы қарқынға құрған. Ауыл өмірінің мамыржай тіршілігін актерлердің пантомималық әрекеттерімен өрнектеп, кескіндеме өнерінің туындысындай көз алдымызға алып келді. Әртүрлі іспен шұғылданып жатқан адамдардың қызу әрекеттері (ұршық иіріп отырған апалар, кигіз басып жатқан қыз-келіншектер, отын кесіп жатқан жігіттер т.б.) әдемі эстетикалық әсерге бөлейді. Мөңіреген сиыр мен маңыраған қой, үрген иттің дауысы тыныш өмірдің жарқын сәттерінен елес береді.
Спектакльдің келесі сахналарында ядролық жарылыстан зардап шеккен табиғат мұңы алдыңғы сахнаға контарсты бояулармен берілді. Ауыр қасіреттен көктей солған Тоғай-Қасым Айбол, Ағаш-Жақсылық Ислам, Тау-Аида Супатаева, Өзен-Айсұлу Құрмашева т.б. мүшкіл халдерін айтып шағынады. Режиссерлік салиқалы ой-мақсат спектакль кейіпкерлері арқылы ашылып, ядролық апаттан қасірет тартқан ел мен жер тағдыры көрермендерді толғантады. Бірақ, спектакль драмалық оқиғаға құрылмағандықтан, ойлар шашыраңқы болды. Орындаушылардың барлығы да айшықты дикцияларымен, мәнерлі де икемді пластикаларымен ядролық жарылысқа қарсы адамзат баласының жан айқайын жеткізуге тырысқандарымен де, спектакль композициялық көрініс деңгейінен асқан жоқ.
Қойылымға музыкалық жетекшілік еткен Марат Жакупов, хормейстер Юрий Колчин, хореограф Шырын Мұстафина, костюм бойынша суретші Алма Сырбаева жұмыстарын ерекше атап өткен абзал. Қойылым кіші симфониялық оркестр және этно-фольклорлық ансамбльдің сүйемелдеуімен жүргізілді.
Сөзімізді түйіндей келе, біздің қазақ театрларында саундрама жанрында қойылған спектакльдердің саусақпен санарлықтай аз екенін ескерсек, театр ұжымының тың ізденіс жолындағы бастамасын бөліп айтамыз.
Фестивальде Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театры қазақ балалар әдебиетінің классигі Б.Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» (сахналық жүйесін жасаған Т.Садықов) повесінің желісі бойынша осы аттас спекталь көрсетті. Соңғы жылдары ешқандай байқауларға қатыспай, оқшауланып қалған бұл театрдың аталған өнер сайысына қатысулары елең еткізді.
Спектакль оқиғасы жерде жатқан нанды тауып алып назаланған Ақсалдың - Ж.Доспаев алыста қалған балалық шағын еске алуынан басталады. Шығарманың сахналық жүйесін жасаған Талғат Садықов жазушының стильдік ерекшелігін сақтай отырып, монологтарды ықшамдап, автор атынан айтылатын әңгімені әрекетке айналдырған. Жас режиссер Ж.Садықов та шығарманы қою үстінде біраз еңбектеніпті. Әсіресе, бас қаһарман Беркен мен достары, туыстары арасындағы қарым-қатынастар режиссерлік трактовкада дұрыс шешім тапқан. Ол шығармадағы ұлттық рухты сақтай отырып, сол дәуірдің шындығын тұрмыстық дәлдіктермен суреттеген.
Беркен бейнесін сомдаған Ақсұлтан Әнуарбек спектакльдің басынан соңына дейін сахнадан кетпей әрекет етті. Аштықтан, жоқшылықтан әбден қажыған жас баланың бойындағы қажыр мен қайратты орындаушы шынайы бедерледі. Тағдыр тауқыметін жастайынан тартқан Беркеннің анасынан айырылуы, жеңгесінің қолына қарап қалуы, нағашысының үйіне сағалауы т.б. жағдайлар актер ойынында психологиялық тереңдікпен көрсетілді. Оның Бекені ойшыл, қагілез, аңғарымпаз. Балалық шақтың бақытын татпаса да, балаға тән сенгіштік, алдағы күннен үміт үзбей жақсылық күту сияқты оптимистік көзқарас оның ержетіп, көптің арасына қосылуының басты кілтіне айналды. Актер ойынындағы Беркеннің өмірге деген құштарлығы адам баласына қандай ауыртпалықтар жіберілсе де, соған төтеп бере алатын рухани күш бар екендігін паш етті. Оның бастан кешкен оқиғалары актер тарапынан қызық өрілгендіктен көрермендер күле отырып, кейіпкердің ауыр халін бірге бөліседі. Мысалы, жоқшылық сүйегінен өтіп кеткен бала жаздың ыстық күні ағасы қаладан беріп жіберген қыстық киімдерді (пима, пальто, малақай) киіп алып тойға баратын сахнасы еріксіз толқытады. Біз актер ойынынан кейіпкер мінезінің эволюциялық дамуын көре алдық. Сонымен қоса, осы фестиваль кезінде көзге түскен жас орындаушылардың бірі деп айта аламыз.
Спектакльдің көркемдік тұтастығына театрдың аға буын актерлері Ыдырыс - К.Карымсақов, Әспет - Г.Омарова, Әлипа - Т.Атамбек, Жүнісбай - А.Жақып, Нұрғазы бригадир - Б.Тоқатов, Жұмабай мұғалім - Б.Шәнім т.б. көп үлес қосты.
Қойылымның декорациялық көркемделуі шығарманың идеялық мазмұнын терең ұғынудан туған тапқырлық емес. Сахнаның оң жақ шетіндегі үйдің керегелері мен оларға ілініп тұрған айыр, шалғы, күрек бірінші көріністе ойналғанымен де, келесі сахналарда көзге оғаш көрініп тұрды. Жерде шашылып жатқан қаптар да актерлердің әрекет етуіне кедергі жасады.
Түйіндеп айтқанда, енді ғана режиссура өнерінің аламан бәйгесіне келіп қосылған Жанкелді Садықовтың шынайы сезім мен шыншыл өмір тудыруға деген алғашқы бастамасының сәтті басталғанын атап өтеміз. Ал, театрдың актерлік құрамын кәсіби білімі бар өнерлі жастармен толықтыру мәселесін қолға алатын кез келген сияқты. Театрдың көпшілік сахналарында ойнап жүрген жас актерлердің бойлары тым аласа, сахнадан жарқырап көрінбеулері ойлантып тастады. Шығармашылық құрамды жаңа талантты есімдермен жаңартып отыру өнерді алға қарай дамытудың басты шарты екенін ескермесе, театрдың бағы жанады деу қиын. Бұған министрлік деңгейінде мән берілмейінше түйіткілдің түйіні шешілмесі анық. Жергілікті облыс тарапынан да жастарға қолайлы жағдайлар жасау тетігін түбегейлі қарастыру қажет демекпіз.
Биыл өздерінің жиырма жылдық мерейтойын атап өткен «Дариға-ай» жастар театрының ұжымы Е.Аманшаевтың «Дауыс. Дау іс» (абсурд) («Үзілген бесік жыры») пьесасы негізінде қойған спектакльдерімен көпшілікті елең еткізді. Шығарманы абсурд жанрының талаптарына бағындырған режиссер Гаухар Адай өзін қызықтырған тақырыпты ойдағыдай алып шыққан. Пьесаның сахналық кескінін жаңартып, көркемдік сипатын бүгінгі көзқараспен, қазіргі таныммен зерделеуге талпынғаны өз жемісін беріпті.
Спектакль басталғанда жан ұшыра баспалдаққа жүгірген жігіттің қимылынан «физикалық театр» әдісін көреміз. Оның иіліп, бүгіліп, шалқайып ышқынған түрінен ауыр ой мазалаған адамның жан-күйін бірден түсінуге болады. Осы қиналыс үстінде баспалдаққа көтерілген оның жанына үстілеріне аяқтың басына түскен ұзын аппақ киім киген, мұрт жапсырған бір топ адам музыка ырғағымен келеді. Бұлардың әйел немесе ер адам екендігін дауыстарынан ғана айыруға болады. Режиссер олардың сөздерін әртүрлі екпінмен, дауыс тембрлерін сан-алуан етіп өзгертіп, интонацияларын құбылтып сөйлеткізген. Кейіпкерлердің іс-әрекеттерін сарказімдік, ирониялық, сатиралық бояулармен қоюлатып, қазіргі қоғамда орын алып тұрған келеңсіздіктерді шыңына жеткізе әшкерелеген.
Режиссер өзгелерден оқшауланған жігіт пен қара тобырды қатар алған. Ол - Әділжан Серікқалиев жиналыста не айту керектігін қызметтес адамдармен кеңеседі. Бастықтарға ақихатты айтса жұмыстан айырылатынын біле тұра, үнемі шын сөзін айтуға оқталып жүреді. Ешкімнің алдына барып басын игісі келмейтін жігіттің жағдайы, айналасындағы жағымпаз топтың әрекеттерімен салыстырмалы көрсетілді.
Бүгінгі қоғамды жайлап алған жағымпаздық, парақорлық, алаяқтық пен сатқындықтың дендеп кеткенін режиссер көпшілік сахнасындағы кейіпкерлердің іс-әрекеттері арқылы бейнелі берген. Бастық не айтса да, құлдық ұрған адамдардың бірде-біреуі оған қарсы сөз айта алмайды. Осы сахнадағы қара халықтың тобырға айналып, дауыс шығарудан қалғаны жан шошытарлық деңгейде көрсетілді. Бірінің етегін бірі ашып, бір-бірінің артын жалаған адамдардың атақ пен даңққа жету үшін ар-иманды жиып қойып жиіркенішті іс жасауға еттері өліп кеткенін сатиралық бояумен суреттеген. Осы көріністе бүкіл көрермендер бір деммен іштерін тартып, қолдарын соқты.
Келесі сахнада бөтеннің босағасын сағалап жүрген жігіттің баласы шетінеп, оны жерлеуге апаруға машина таппағандықтан нәрестенің денесін бөлшектеп чемоданға салып алып шыққанын режиссер «Қатыгездік театрының» элементтері арқылы көрсеткен. Жүрелеп отырған жігіт қайғылы жағдайды өз аузымен баяндап, сақылдап күледі. Оның күлкісі екі түрлі мағынада, біріншіден - ашынған жанның ащы айқайы, екіншіден - қазіргі қоғамға деген жастардың ызасы болып оқылды.
Спектакльдің қоюшы және киім суретшісі Гүлдана Журкабаеваның жұмысы қойылымның идеялық мазмұнын ашуға үлкен үлес қосқан. Сахна ортасына орналасқан қазақ бесіктің сұлбасы спектакль оқиғасының өрбуіне қарай бірнеше мағына беріп (үй, төсек, бесік т.б.) тұрды.
Кілең жастар шығармашылығының күшімен дүниеге келген бұл спектакль сыртқы формасымен ғана емес, ішкі мазмұнының тереңдігімен көрермендер есінде қалды. Өзінің табиғаты бойынша театр-адамның көркемдік, әлеуметтік және саяси көзқарастарын білдіру алаңы екендігін ескерсек, Г.Адайдың спектаклі мәдени-философиялық ауқымдарға дейін кеңейтілген туындыға айналды.
Фестивальге Шығыс Қазақстан облысының қазақ драма театры М.Әуезовтың «Көксерек» повесінің желісі бойынша қойылған «Қанды азу» спектаклімен қатысты. Б.Ұзақов қойылымның негізгі идеясы етіп адамзат пен оны қоршаған табиғаттың арасындағы қарама-қайшылықты көрсетуге құрған. Мұнда адамдардың түз тағыларына жасаған қиянатынан, табиғат пен адамдар арасындағы тепе-теңдіктің бұзылып, үлкен трагедияға ұласқаны көрсетілген. Осы оқиғаны бейнелі бедерлеуге ұмтылған режиссер алғашқы сахнада қасқырлардың кең даланың төсінде еркін сайран салып жүрген алаңсыз сәттерін би (балетмейстр Салтанат Жолымбаева) арқылы бедерлеген. Бірақ осы би тым ұзаққа созылып кетті. Одан кейін қасқырлардың апанында жатқан бөлтіріктерді қырып, біреуін ғана тірі алып кеткен аңшылардың қатыгездіктері ауылдарында жалғасын табады.
Повестің сахналық жүйесін жасаған Б.Есенәлиев Көксерекке қатысты желіні ғана алып, негізгі оқиғаны Ақ азу мен Бораш баланың арасына құрып, өз тарапынан көптеген кейіпкерлерді қосқан екен. Бірақ осы шығармадағы Ақтай, Амантай, Сарман, т.б. кейіпкерлердің мінездері толық ашылмаған. Әсіресе, аппақ киім киіп, қолына аса таяқ ұстаған Ақтайдың бақсы екені немесе көрінгеннің сөзін аңдып жүрген кезбе шал екендігі актер Аманжол Хамзин ойынында нақтыланбаған. Көкбөріге қатысты айтылатын сөздеріне екпін түсірмегендіктен, кейіпкердің ойы ашылмай қалды. Сондай-ақ, Амантай - Е.Хасенов пен Сарман - Е.Мұхаметханов бір-бірімен байланысып, төбелесе кететін сахнадағы олардың ту сыртынан қарап тұратын Ақтай – А.Хамзиннің паузасы тым ұзақ. Кейбір сахналарда жасайтын әрекеті болмаса да бос жүретін актердің қимыл-қозғалысында қисын жоқ.
Спектакльдегі келесі кейіпкер Амантайды еншілеген Ертай Хасенов те шеберлігін көрсете алмады. Сырттай қарағанда сабырлы, әр сөзін ойланып айтатын Амантайдың көршісімен байланысып қалатын сахнадағы әрекеті сенімді емес. Борашқа деген қамқорлығы бір бояу, бір мақаммен өрнектелген актердің кейбір сөздері анық естілмей, сөйлемдердің соңы жұтылып кетіп жатты. Біздіңше, сахнада дұрыс тыныс алып сөйлей білу тек талантпен емес, техникамен де келетін еңбектің нәтижесі. Олай болса, дауысты баптау актердің басты кредосына айналуы тиіс.
Ақ азу роліндегі жас актер Еділ Мекешовтың сахналық мақсат-міндеті өте зор. Неге десеңіз, көзін ашпастан адамдардың қолына түскен кішкентай бөлтіріктің үлкен арлан қасқырға айналуына дейінгі аралықты нанымды бейнелеу актерден үлкен шеберлікті қажет етеді. Осы тұста орындаушының сахнадағы жеңіл қозғалысы мен пластикалық икемділігін ерекше атап өткеніміз жөн. Дегенмен актер ойынында бөлтіріктің өсу сатыларына тән қимыл-қозғалыстар мен мінезіндегі ерекшеліктер айқындалмай қалған. Ақ азудың адамдар арасынан қашып шығып, еркіндікке кетуі, Ақжелең – Арай Маралбековамен жолығып, оны жақсы көріп қалуы, артынша тікұшақтан жауған оқтан Ақжелеңнің мерт болатын тұсында қайғыру сәттері актерден қарымды іс-әрекеттерді талап етеді.
Театрдың жас актері Елдос Мәсәлім Бораш бейнесін кескіндеді. Бауырын көтермеген бөлтірікке ат қойып, оны үлкен кісілердің тепкісінен, ауыл иттерінің өткір тырнағынан құтқарып, қамқор болатын сахналарда Бораштың кішкентай балаға тән мінезі жақсы ашылды. Алайда бұл рольдің басты олқылығы бейкүнә баланың ішкі сезім иірімдерін көрсетуге ден қойылмағандығында болып отыр. Төңірегінде болып жатқан қатыгездіктерді көрген кездердегі Бораштың жан-дүниесіндегі арпалыстар актер ойынында өткірлеуді қажет етеді.
Аталған спектакль көтерген мәселесінің өзектілігімен, тақырыптық ерекшелігімен көпшіліктің көңілінен шықты. Дегенмен де, алдағы уақытта замана көшінен қалып қоймай, озық жетістіктерге қол жеткізу үшін актерлер өз бетінше жұмыс істеуді, тың бейнелеу тәсілдерін қарастыру жолында ізденістерін жалғастырулары қажет. Бұған театрдың шығармашылық мүмкіндігі жетеді.
Бұдан соң өнер көрсеткен Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрының «Абай» спектаклі де көпшілікті бей-жай қалдырмады. Трагедия авторы Ерсайын Төлеубай басты тартысты Абай мен Оразбай екеуінің арасына құрған. Бірақ пьесада Абайға қатысты көптеген оқиғалар әрекет арқылы емес, баяндау тәсілімен берілген. Кейіпкерлердің мінездері де дамымай қалған. Айталық, Оспан, Тәкежан, Оразбай, Күнту т.б. кейіпкерлер драмалық қақтығыстарға барғанымен де, тым келте қайырылып, тереңдемеген. Сол сияқты Абай ауылына келіп жатқан Біржан салдың бейнесі де толық ашылмаған.
Спектакль режиссері Хұсейін Әмір-Темір алғашқы сахнадан бастап-ақ Абайды халықтың қамын ойлайтын жанашыр етіп көрсетуге айрықша мән бергені бірден байқалды. Бұл рольде ойнаған Бақытбек Темірбеков ақынның сыртқы жүріс-тұрысымен қоса, оның ішкі арпалыстарын беруге күшін салды. Бірақ Абайдың даналығы, айналасындағы адамдардан басқаша ойлайтын озық ойлылығы, ақынға тән шабыт шалымы актер ойынында өз деңгейіне көтерілген жоқ.
Спектакльде Оразбай бейнесін сомдаған актер Ұ.Баймахановтың ойыны сан бояулы нақышқа толы болды. Ақынның басқан қадамын аңдып, оның қарапайым халықпен тіл табысуын жақтырмаған Оразбайдың екпінінен ел үркетіндей етіп бейнеледі. Орындаушы спектакльдің алғашқы сахналарында өз кейіпкерінің қаталдығы мен айтқанынан қайтпайтын бірбеткейлігін нанымды ашты. Ал, Абай алдына келіп өз ісінің дұрыс емес екенін мойындағаннан кейінгі Оразбай жан-дүниесіндегі өзгерісті де иланымды берді. Ел ардақтаған Абайдың қадірін іштей білетін, өзінің онымен иықтаса алмайтынына әлдеқашан көзі жеткен Оразбайдың Абай өлімін естіген сәттегі жан айқайын актер шебер жеткізді. Оның кеудесін жарып шыққан ащы үн қолда бар алтынды көзі тірісінде бағалай алмаған жеке бір адамның қайғысы емес, бүкіл халқының қасіреті болып трагедиялық биік нотаға көтерілді. Бір сөзбен айтқанда, Оразбай-актердің шеберлігін жаңа қырынан танытқан үлкен сахналық жеңісі деп бағалауға болады.
Режиссер актерлердің мүмкіндігін ескеріп, рольдерді дәл бөлген екен. Оспан - Бауыржан Ошақбаев, Тәкежан - Асқар Оразалиев, Күнту - Сырым Әбдіразақов, Ербол - Қанат Арқабаев, Қиясбай - Бақытбек Алпысбаев, Ділда - Зәлипа Төлепова, Әйгерім - Қарлығаш Айтжанова, Әбен - Бектеміс Ботбаев т.б. актерлер өз рольдерін беріле ойнады.
Х.Әмір-Темір халқымызға тән тұрмыс-салттық белгілерді, ұлттық үрдіс пен әдемі бояу-нақыштарды кеңінен пайдаланған. Кейіпкерлердің көздің жауын алатындай киім-кешектері де спектакльдің идеялық мазмұнының ашылуына септігін тигізді.
Бұл қойылым театр ұжымының Абай әлеміне деген ерекше көзқарасы мен ілтипатын танытты. Өз халқымыздың төл шығармалары арқылы ұлы ақынға деген сүйіспеншілікті арттырып, ұлағатты мұрасын насихаттау қашанда жалғаса беретінін көрсетті.
Фестивальде құрылғанына әлі бір жыл толып үлгірмеген Nomad театры (көркемдік жетекшісі Тұрсынбек Қабатов) Майкл Фрейннің «Театр 180» комедиясымен бақ сынады. Актерлердің шынайы өмірі мен сахнадағы өмірлері туралы сыр шертетін аталмыш комедия режиссерден қиял көкжиегінің кеңдігін талап ететін туындылардың бірі.
Спектакль репетиция жасап жатқан актерлердің сахнадағы қызу дайындығымен басталады. Режиссер Сайлау Қамиев жас орындаушыларды өзінің ой-қиялымен еліктіріп, қойылымның тыныс-ырғағының белгіленген негізде өтуіне ықпал жасаған. Спектакльде жастыққа тән ширақтық, еркіндік пен өзіндік бояу-бедер бар. Дегенмен де, актерлердің пластикалық қимыл-қозғалыстары, мимика мен ишаралары, сөз бен әрекет үйлесімділігі әлі де болса ширата түсуді қажет етіп тұр. Режиссер тарапынан актерлер мен олар жасап жатқан кейіпкерлердің ара жігі айқындалмаған. Орындаушылар ойынында бір көңіл күйден екінші көңіл күйге өтіп түрлену жетіспей жатыр. Жанр ерекшілігінен туындайтын суырыпсалма тәсіліне бару жағы да актерлердің ойынынан байқалған жоқ.
Әрине, бұл арада режиссерлік ой-мұрат әр нүктесіне дейін толық бейнелі суреттеу деңгейінен көріне бермегенмен, шығармашылық ізденістің айқындығын, орындаушылардың сахналық мақсатты орындауға деген құлшынысын ашып айтқанымыз әділ. Енді ғана шаңырақ көтерген жас театр ұжымы алдағы уақытта актерлік шеберліктерін шыңдай отырып, жаңа белестерді бағындыратына сенім білдіреміз.
Жалпы өнер жарысына қатыстырылатын спектакльдер театрдың көркемдік кеңесінде жан-жақты талқылануы тиіс. Алайда тарихи тақырыпқа жазылған пьесалардың көркемдік сапасының төмендігіне қарамастан фестивальге жіберілгенін байқадық. Бұған Ә. Ақтайдың «Ахметтің аманаты», Н.Сауданбекұлының «Әлиханның аманаты» драмалары дәлел. Аталған пьесаларды тақырыбының өзектілігімен ғана ұтымды дер едік.
Соның ішінде Абай атындағы қазақ музыкалық драма театры қойған Әскерхан Ақтайдың «Ахметтің аманаты» пьесасының оқиғасы Ахмет Байтұрсыновқа қатысты жарияланып жүрген ақпараттардың негізінде құрастырылыпты. Мұнда драма заңдылығына сәйкес мінездер жасалмаған. Пьеса кейіпкерлері Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатұлы, т.б. өзара әрекет үстінде көрінбейді. Шұбатылған қайталаулар мен баяндаулар, ұзақ сонар монологтар қойылымның әрекеттік болмысын қысып тастағандықтан спектакль өзінің табиғи нышанынан ажырап қалған. Драматургиядан кеткен олқылықтарды жымдастырып жіберуге режиссер Ербол Жуасбектің тәжірибесі мен кәсіби қолтаңбасының жетіспей жатқандығын ашық айта аламыз. Роль орындаушылар: Ахмет Байтұрсынов - Бекзат Омашев, Әлихан Бөкейханов - Азамат Нұрғамыс, Міржақып Дулатұлы - Нұржан Хасенов өз кейіпкерлерінің сөздерін тек баяндау тәсілі арқылы жеткізумен шектелді. Қазақ халқының келешегі үшін қиын-қыстау күн кешкен ойшылдардың ішкі сезімдері, толғаныстары актерлердің ойынында болған жоқ. Орындаушылар қаһармандарының жүріс-тұрыстарының, қимыл-әрекеттерінің көркемдік баламасын іздестірмеген. Әрине, мұндай ірі тұлғалардың бейнесін жасау мәселесі олардан көп оқуды, ізденуді талап ететіні анық. Алайда біз көрген спектакльде бейненің күйіне ену, оның болмысын тереңнен түсіну, туған жері мен халқына қызмет етудегі себеп-салдарды ашу үрдісі мүлдем болған жоқ. Сол сияқты шығармашылық өзара ұғысу, ансамбльдік бірлік, тұтастық нышандары актерлік ойыннан тыс қалған. Жалпы, бүгінгі әлемдік театрларда болып жатқан күрделі құбылыстардың ықпалы бұл театрға мүлде сәулесін түсірмеген. Ескі сүрлеуден шыға алмай отырған бұл ұжымға уақыт талабына сай өмір сүруге икемделу керек.
Қазақ елінің тәуелсіздігі жолында құрбан болған Алаш арыстарының сом бейнесін сахнадан көрсетуге талпыныс жасаған келесі театрдың бірі Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры болды. Аталмыш ұжым фестивальге Нартай Сауданбекұлының «Әлиханның аманаты» деп аталатын спектаклімен қатысты. Бұрын драматургия жанрында қалам тербеп көрмеген автордың ең үлкен кемшілігі пьесадағы оқиға желісін өрбіте алмауында болып отыр. Ол драмаға тән тартыс пен диалогтар арқылы мінездер жасай алмаған. Ең бастысы, Әлихан Бөкейханға қарсы шыққан қарама-қарсы күштердің күресі мүлде жоқ. Шығармадағы Ә.Бөкейханның сөздері оның еңбектерінен іріктеліп алынып, ұлы қайраткердің ел мен жер тағдырына қатысты салмақты ойлары баяндау тәсілімен ғана жеткізілген. Режиссер Гүлсина Мерғалиева қиялының биікке өрлемей, керісінше шектеліп қалуына себеп пьесаның жанр талаптарына сәйкес жазылмағандығынан дейміз.
Бұл спектакльдің оқиғасы қара күңгірт сахнада өтеді. Түрмеге қамалған Әлихан Бөкейхан тергеуші қойған сұрақтарға жауап бере отырып, өткен күндерді еске түсіреді. Жалпы бір жарым сағаттай жүретін спектакльдің ырғақ-екпіні бірқалыпты, өте баяу. Әлиханның басынан өткен тарихи сәттерді көрсететін сахналар да режиссер тарапынан тұтас шешім таппаған. Айталық, Әлиханның ел зиялыларымен (Ахмет Байтұрсынұлы - Кенжебек Башаров, Міржақып Дулатов - Абзал Рәтбек, Ғұбайдулла - Ислам Есжан) өтетін сахналарында буырқанған әрекет жоқ. Кейіпкерлердің сыртқы портреттік ұқсастықтары болғанымен де актерлер көрермендерді сол кездің атмосферасына енгізе алмады. Олардың сахнаға кіріп-шығулары схемалық тұрғыда қалған.
Қойылымның бір-екі сахнасы ғана әсерлі болды. Соның бірі репрессия құрбандарына айналған қазақ зиялыларының топ болып шығып, өз аттарын атап, теріс бұрылып сахна түкпіріне кететін сәті спектакльдің трагедиялық бояуын қалыңдата түсті.
Әлихан Бөкейхан ролінде ойнаған Медғат Өмірәлиев кейіпкерінің жан дүниесін ішкі және сыртқы пішінімен әдемі қабыстырып актерлік шеберлігінің бабында екенін танытты. Оның Әлиханы әр сөзін ойланып айтатын, халқы десе жанын үзіп беруге дайын үлкен жүректі адам болып бейнеленді. Елі мен жеріне, тілі мен дініне қауіп төнген кездері ештеңеден қаймықпауы көрермендерді ерекше толқытып өтті. Пьесада Әлихан бейнесі толыққанды ашылмаса да, актер өз ойынын ойға құрып, кейіпкерге тарихи айқындық пен даралық беруге ұмтылды. Сондықтан да актер өз шеберлігінің күшімен «Ең үздік ер адам бейнесі» номинациясын жеңіп алды.
Дәл қазіргі таңда қазақ елінің тәуелсіздігі үшін арпалысып, ұлт мүддесін қорғаған Алаш азаматтарының сахналық бейнесі қазақ театрларында енді ғана көріне бастағанын ескерсек, М.Өмірәлиевтің бұл ролі алғашқы ізденістердің қатарында тұр. Егер алдағы уақытта осы тақырыпта көркемдік құндылығы жоғары пьесалар жазылатын болса, аталған театрдың көптеген актерлері (К.Башаров, Р.Ақтаев, А.Тастаев т.б.) барша жұрттың көңілінен шығатындай тарихи тұлғалардың бейнелерін жасайтына сенімдіміз. Бұған театр актерлерінің сыртқы түрлері ғана емес, шығармашылық мүмкіндіктері молынан жетеді.
Қазылар алқасының талқылауы кезінде А.Әшімов, М.Өтекешова, Ә.Бөпежанова, Б.Нұрпейіс бұл екі спектакльге қатысты көптеген ойларды ортаға салды. Әсіресе, драма талаптарына жауап бермейтін пьесалардың сахна төріне жол тартуын тоқтату қажеттігі қозғалды. Бұрын драматургия саласында пьеса жазбаған авторлардың шығармаларын арнайы мамандардың талқысына салғаннан кейін барып, оның сахнада қойылуы немесе қойылмауы шешілетін. Өйткені, фестивальде сайысқа түсетін шығармалар көркем-идеялық мазмұнының тереңдігімен, бүгінгі театр әлеміне жаңалық болып енетін, шын мағынасындағы көркемдік ізденістерді танытатын спектакльдер болу керектігі баршаға аян. Жоғарыдағы спектакльдерді талқылаудың соңы бүгінгі қазақ театрларының репертуар саясатына ойысып, сайысқа қатысып отырған ұжымдардың директорлары мен көркемдік жетекшілеріне талапты күшейту жағы тапсырылды. Сонымен қоса, Алаш арыстары туралы пьесалар байқауын ұйымдастыруға да ұсыныстар жасалды.
Қорыта келгенде, бүгінгі қазақ театры жаңа драматургиялық шығармаларға сусап отырғанын байқадық. Заман талабынан шығатын, көрерменді алға сүйрейтін, қоғам мен адам жанын ашатын құбылыс боларлық көркемдік деңгейі биік спектакль жетіспейді. Алдағы уақытта, заманауи театр мен драматургия жасау жолында көрші ресейлік әріптестердің тәжірбиесіне сүйену керек тәрізді. Олар ұжымдасып, жұмыла жұмыс жасаудың озық үлгісін көрсетіп отыр. Драматург, режиссер, актер және басқа да өнер қайраткерлері бірлесіп тұщымды дүниелер тудырып жатыр. Бізге де театрдың өзіне тән ерекшелігін ескере отырып, пьеса жазуды қолға алатын кез келді. Өйткені, сахналық шығарманың сапалық болмысына назар аудармайынша, биік белестерді бағындыру, жаһандық мәдениетке ілесу мүмкін емес. Сондықтан қашан да көрерменнің жан әлемін қозғап, жүрегін толқытатын театр өнерінің адам санасына ой салып, эстетикалық нәзік сезімге бөлейтін киелі өнер түрі екенін ұмытуға болмайды.