Мақала
Режиссер шеберлігі. Қойылымның көркемдік шешімі
Қойылымның көркемдік шешімі
Бөлім: Театр
Датасы: 30.01.2017
Авторы: Әубәкір Рахимов
Мақала
Режиссер шеберлігі. Қойылымның көркемдік шешімі
Қойылымның көркемдік шешімі
Бөлім: Театр
Датасы: 30.01.2017
Авторы: Әубәкір Рахимов
Режиссер шеберлігі. Қойылымның көркемдік шешімі

Қойылымның көркемдік шешімі

Қиял көзінсіз өнердің опа таппайтынын бәріміз жаттап өстік. Қойылымның сәттілігі – режиссер бастаған топтың қиял өрісі мен актердің орындаушылық шеберлігінің деңгейімен есептелінеді. Өнер адамы тіршілікте көрген-білген, оқыған-естіген адамдардың бейнесін жадына сақтауға дағдыланады. Кезі келгенде көңіліне түйгендерін өз шығармашылығына міндетті түрде қолданатыны жасырын емес. Сол күйінде көшіре салмай, қиялымен байытып, ой өрісімен өрбітіп барып қолданады. Алмасты қырлап, өңдеп гауһарға айналдырған зергерге ұқсауы керек. Халық: «Не ексең, соны орасың!» – десе, Абай: «еккенің тікен болса, орарың балауса болмас» – демей ме?! К.С.Станиславский айтатын қойылым мен рольдің «дәнінің» (зерно) бар мәні осында жатыр. Осы «дәнді» режиссер пьесаны алған күннен бастап дұрыс таба білгені қажет. Үйткені, қойлым мен көркемдік шешімнің қалай болмағы осыған байланысты екенін ұмытпағанымыз жөн.

Пьесаның құрылымына емес, қақтығыстары мен кейіпкерлерінің іс-әрекеттеріне, сөздерінінің астарындағы ойдың тереңдігіне көңіл аударған режиссер: драматургияны қай деңгейде байыта алды? Қандай көркемдік шешім тапты және онысын қаншалықты дәрежеде іске асыра алды? Драматург тіршіліктегі болған немесе болар оқиғалар мен адамдардан байқағанын жазады. Ал, режиссер мен актер пьесадан алған әсерлері мен жадында сақталған «портреттер галериясын» қолдана отырып көркем дүниеге қол жеткізеді. Көп кездесетін жағдай: режиссер болашақ қойылымның қалай басталып, қалай аяқталарын дайындықтың алғашқы кезеңдерінде-ақ көре бастағанымен, екі аралықтағы көріністердің қалай боларын елестете алмай қиналады. Ал, ол тығырықтан шығар жол пьесаға әрекетті талдауды тиянақты түрде жасау барысында табылады. Сондықтан да іс-әрекеттің оқиғадан оқиға дамуын мұқият анықтай білгеніміз қажет.

Әр шығарманың өзіне тән «құрлым ерекшелігі» болады. Оны іс-әрекеттердің негізгі кезеңдері: қатығыстың басы, шарықтау шегі және шешілуі арқылы анықтайтынымызды айтып кеттік. Оқиғалар мен фактілерге байланысты іс-әрекеттер белгілі бір заңдылыққа бағына отырып өрбиді, эпизодтар бір-бірмен қисынды түрде жалғасып отырады. Композиция – шығарманың жеке бөліктерін ортақ бір көркемдік заңдылыққа бағындыра отырып жинақтау. Қақтығыстар ағымынан туындап, режиссерлік шешім, суретшінің безендіруі, муызкасы мен актерлік ойын арқылы өрнектеледі. Авторлық ой мен қақтығыс табиғатын, жанр ерекшелігін сақтай отырып қойлымның көркемдік тұтасытығына дұрыс композициялық шешім арқылы қол жеткізуге болады. «Дұрыс композицияның» міндетті түрде қызықты мәнге ие болғаны керек.

Қойылымның көркемдік шешімі біздің жанымызды толғандырып жүрген өмірлік фактілерден туындауы мүмкін. Мысалы, мені ес білгелі «Совет үкіметінің жауы атанып, жат жұртқа кеткен қандастарымыздың» тағдыры толғандырып жүрді. «Жаңа үкіметтің» қысымына ұшырап, қырыла бастаған қазақтардың шекара асуына тура келді. Қолдан жасалған 1916- жылғы жасырын жарлық, 1932-жылғы ашашылық, 1937-38 жылдардағы жоспарлы қырғындар қазақ ұлтын құртып, жерін алудың Петр-І патшадан бері келе жатқан Орыс империясының «саяси ойыны» екені белгілі. Осыны түсініп ұлт болашғы мен ұрпақты аман алып қалуға тырысқан алаш азаматтарын «жау» атандырды. Шолақ белсенділерге билік тізгінін ұстатып, ел тағдырын «сеніп тапсырды». М.Әуезовтың «Қилы заманы» мен Б.Тоғысбаевтің «Алтыннан ардақты» (Ж.Шанин атындағы театрда қойылған), О.Бөкейдің «Текетірес», Ас.Сүлейменовтың «Ситуациялар» («Қыздай жесір-штат қысқарту», «Жетінші палата», «Төрт тақта-жайнамаз») атты үш тағанындағы, Т.Мәмесейіттің «Бәкей қыз» пьесаларындағы ұрпақ тағдыры мен туған топырақ тақырыбы қойылымдарымдардағы көркемдік шешімдеріме негіз болды. Өткен ғасырдың 16-шы мен 38-жылдар аралығындағы аумалы-төкпелі замандардағы халық айтқан мына өлеңдер «Қилы заманның» басты шешімін айғақтап берді:

Алтын бесік қош енді қайран елім,
Дұшпанға да дәм-тұзын жайған елім.
Топырағыңды бір уыс ала кеттім
Басар жер өз орныңды қайда сенің?!

Бұл өлең жолдары 16-32-жылдары қытайға ауған елдің зары болса,

Сарсу болған көңілімнің запыранын,
Санаменен сарғайып сапырамын.
Дәм бұйырып өзіңе қайта оралсам
Әке-шеше табам ба топырағын?

деген өлең жолдары 52-ші жылдары тибет арқылы индияға ауған қытай қазақтарының зары еді. «Елім-ай» әнінің әрбір жолында, әр сөздерінде қаншама сурет, көрініс, тағдыр, тебіреніс жатыр емес пе! Міне сізге көркемдік шешім! Халық әндері сахналық көркем көріністерге мейілінше бай қазынамыз. Кейбір қойлымның шешімін музыкадан, суреттен, биден табуға болады.

Ә.Таразидің «Ақын. Періште. Махаббат» пьесасының шешімін «тағдырлар картинасы» ретінде көрсем, С.Торайғыровтың «Қамар сұлуын» шеңберді бұзып шығып, ала арқанды «аттағандардың» қазалы халге ұшырайтыны туралы сезіндім. Сол себепті роман мен пьесада тірі қалатын Қамар, қойылымда қанқызыл боп батқан күнге кіріп мәңгілікке жоқ болып кетеді. Е.Аманшаевтің «Үзілген бесік жырында» қуыршақ тағдырға көндіге алмаған Ол мен Келіншегінен өзгелердің аты жоғалып, кәсіптерімен аталатындықтан барлығына роботқа лайық түр бердік. Бос бесікті тербеткен бойжеткен, пәтерсіздіктің кесірінен шетінеген сәбидің жаны көбелекке айналулары арқылы ұлт пен ұрпақ тағдыры туралы ойды жеткізуге бағытталған шешімдер еді. Осындай себепке байланысты бұрынғы «Бүгінгі күннің Қорқыты» деген аты да өзгертілді. Ас.Сүлейменовтың үштағанын бұрышы жоқ қоғамдық жүйенің дөңгелек қоршауы ретінде көрдім. Бас кейіпкерлер тек құрбандықтары арқылы бұзып шыққанымен, қалғандарының «мәңгілік айналымға» еттері өліп кеткендіктен сол шеңберлерінде қала береді.

Өнер адамы өмірде көрген, естіген немесе оқыған қызықты эпизодтарын көркемдік шешім тұрғысынан бағалап есте сақтағаны дұрыс. Есінде сақталған осындай көріністер қажетті кезінде көркемдік бейнелердің дүниеге келуіне, шығармашылық оқыс шешімдердің пайда болуына міндетті түрде көмегі тиері сөзсіз. Күнделікті өміріміздің өзіндегі әрбір құбылыстар мен оқиғалардың, фактілердің әрқайсысының өзіндік көркемдік шешімге ие болар элементтері бар. Тек соны көре білуіміз керек. Мысалы, аялдамада тұрған үш адамның біреуін жеке меншік шофері машинамен алып кетсін де, біреуі автобусты күтіп қалсын, үшіншісі үміті үзіліп жаяу кетті делік. Қарапайым осынау көріністен қаншама астар, қаншама шешім табуға болар еді десеңізші!..

Режиссер күні бұрын көрермендердің қойылымды қалай көріп, қалай қабылдайтынын жақсы білуі шарт. Қай тұста қандай эмоциялық әсер алатынын анық сезінгені жөн. Режиссерлік ойдан пайда болған ұшқынды, барлық дайындық кезеңдеріндегі актерлармен және қойылым тобымен жұмысы барысында өшіріп алмай, бір шығармашылық мақсатқа жұмылдыра отырып лаулатып алып барғаны абзал. Режиссерлік ой – қойылым тобын гармониялық үндестікке біріктірудің кепілі. Қойылымның көркемдік тұтастығының негізі осы ойдан бастау алатынын ұмытпағанымыз жөн.