Егеменді қазақ театр тарихында өзінің жаңашылдығымен, ізденімпаздығымен өшпес ізін қалдырған режиссер Қайрат Сүгірбековтың (1966-2006) есімімен аталған аталмыш іс-шара еліміздегі жас режиссерлердің жұмысын бағалауға, олардың заман талабына сай қойылған спектакльдерін сараптауға мүмкіндік берді. Бір апта ішінде республиканың түкпір-түкпірінен жиналған 13 жас театр мамандарының қойылымдарын тамашалап қана қоймай, олардың Грузия елінен келген Шота Руставелли атындағы мемлекеттік театр және кино университетінің ректоры, А.С.Грибоедов атындағы Тбилиси мемлекеттік орыс драма театрының бас режиссері Георгий Нодарович Маргвелашвилидің шеберлік-сыныбына қатысып А.П.Чеховтың «Апалы-сіңлілі үшеу» пьесасымен жүргізген жұмыстарының нәтижесінде бақыладық.
Фестивальдің бас жүлдесін М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының режиссері Елік Нұрсұлтан «Қас-қағым» қойылымымен иеленді. Жабал Ерғалиевтің «Жетім тағдыр» шығармасындағыда көтерілген басты тақырып – бүгінгі күннің әлеуметтік қайшылықтары мен екі жастың шынайы махаббаты және бақытқа жетер жолдағы күресі.
Режиссер шығармадағы барлық оқиғаларды алмай, тек Жазира мен Сәбиттің арасындағы махаббатты, сол жолдағы күресті, қоғамның ақшалы «бетке ұстарларының» дүлей күшін алдыңғы планға шығарған. Шет елдерден көрген - түйгендерін жинақтаған Е.Нұрсұлтан бұл дүниеге эксперимент тұрғысынан келіпті. Пьесаның үлкен өзгеріске ұшарағаннан сахнадағы кейіпкерлердің тағдыры да өзгерген. Қойылымның басы ауруға шалдыққан Жазираның жындыханада ем қабылдауынан басталса, соңы оны емдеген дәрігерінің өзі сол жындыхананың емделушісі болып шыға келеді. Бұл ретте, Жазира ролін сомдаған З.Карменова психологиялық толғаныс пен арпалысқан көңіл-күйді жан-жақты ашқан. Актрисаның үрейге толы үлкен көздері, өзіне ғана тән ақырын жимиып күлгені, сахналық әдемі келбеті мен көркі Жазира бейнесіне қонымды табылған.
Е.Нұрсұлтан сахнадағы әр затты ойнатуға тырысып, оларға үлкен символдық мән берген. Мәселен, Жазира мен Сәбиттің арасындағы махаббат сезімдерін би және қолдарындағы орамалдар арқылы шешілді. Қыздың қолындағы қара орамал – ауруға душар болған ішкі жан-дүниесін суреттесе, жігіттің қолындағы ақ орамал – оның ойының, жан-дүниесінің, пиғылының тазалығын бейнелейді. Билеп жүріп, осы екі орамалдың ақырында өз иелерін алмастыруы арқылы болашақта Сәбиттің арқасында Жазира жазылады, жаны тазарып, ойы жеңілдейді, ал жігіттің жас сұлуға деген махаббатының арқасында жан ауыруына душар болады, тіпті осы орамалдардың ауысуы қойылым соңында Сәбиттің де ауру адам екенін алдын ала болжап көрсеткендей.
Құдаларды күту сахнасы қойылымның басынан келе жатқан форматтан мүлдем бөлек шешілген. Бастықтың асты-үстiне түсiп жалпылдайтын, өз дәулетіне тоймай, өздерінен жоғары тұрған ауқатты адамдардың малайына айналған Елена, Дәурен, Шахандар жағымпаздықтың жарқын үлгiсiн көрсетедi әрі олардың осы мүсәпір халі буффонада тәсілімен берілгендіктен бейнелері қоюлана түскен. Барлығын қаз-қатар тұрғызып ыдыстарын соғыстырудың орнына қолдарын қағып-қағып, сілтеу ишарасы жаңадан табылған әдіс болмаса да осы көріністе үйлесімді болып шыққан.
Режиссер сахнаға бірнеше функция атқаратын үлкен қорапты шығарыпты. Қыз бен жігіттің бір-біріне деген нәзік сезімдерінің сағым екенін мөлдір шынының екі жағында тұрып ыммен сөйлесіп, сүйісуі де олардың еш уақытта бірге болмайтынын меңзегендей. Ал экраннан Жазираның аузы сәл ашылыңқырап, көзi алайып қанға батқан өлі денесі ірі планда көрсетілген суреті көрерменді эмоциялық есеңгірту жағдайына апарады.
Қойылым 2013 жылдан бері М.Әуезов театрының кіші сахнасында әрқашанда аншлагпен өтеді. Өйткені, жаңа шешімдегі, бүгінгі жастардың, қоғамның мәселесін көтерген дүние қазақтың жас көрермендері үшін сирек кездесетін құбылыс.
Дегенмен де, қойылымның драматургиялық негізі әлсіз болғандықтан, әрі режиссердің ірі өзгерісіне ұшарағандықтан сахналық шығарманың көркемдік тұтастығы сақталмағанын да атап өткен жөн. Қойылым үш, тіпті төрт бөліктен құралғандай. Соның ішінде, Сәбиттің Полицейдің қамауында болған сахнасы қойылымның жалпы сюжетінен тым алшақ, мүлдем өзге тақырыпты көтергендіктен бөлек шығарманың арқауы іспеттес. Сондықтан бұл көрініс спектакльдегі спектакль дәрежесінен аспай қалған. Әрине, бүгінгі таңда шетелдік қойылымдар музыка, пластика, цирктік акробатика мен буффонаданың қосындысы екені белгілі. Солай тұрғанмен де, спектакльде бір сахналық стилистиканың сақталмағаны, режиссер айдар қылып таққан – метафизикалық трагедия жанрының өлшем бірлігінің ашылмағаны байқалады.
Фестивальде І жүлдені – Махамбет атындағы Атырау облыстық драма театрының режиссері Гүлназ Қасымбаева иеленді. Оның Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» романының желісімен қойылған «Мәңгүрт» спектаклі елімізге тың ойлы жас режиссердің келгенін көрсетті. Ұзын-сонар монологтарсыз, қысқа ұтымды диалогтармен шешілген ықшамды инсценировкасы да бүгінгі күнмен үндесіп жатыр. Мұның алдында қазақ сахнасында Ә.Мәмбетовтің «Ғасырдан да ұзақ күні» тарихта алтын әріптермен жазылып, көркемдіктің жоғары деңгейін паш еткені белгілі. Г.Қасымбаева шығарманың негізгі өзегін сақтай отырып, басты тақырыпқа мәңгүрттік мәселесін шығарған. Оның қойылымында мәңгүрт тек Сәбитжан мен Еламан ғана емес, Айзада да, лейтенант Таңсықбаев та, олардың соңында еріп жүргендер де, жалпы бүкіл қоғам мәңгүрттік дертіне шалдыққан. Әсіресе, режиссердің Айзадаға берген жаңа трактовкасы қызықты. Егер Мәмбетов тек Сәбитжанды мәңгүрт етіп шығарса, Гүлнәз оның қарындасы да сол дертке шалдыққанын баса көрсеткен. Көпшілікті бірдей киіндіріп, мойындарындағы дорбалардың бір сәтте актерлердің басын жабуы да бүгінгі мәңгүрттікке душар болған қоғамды көрсетеді.
Сахналық тұтастығы сақталған, пластикалық шешімі жағынан да жаңаша шешілген қойылымның музыкалық көркемделуі ерекше үн беріп тұр. Бұрын-сонды қазақ театрында кездеспеген сахна төріндегі екі алаңда алты музыканттың домбыра, қобыз, прима-қобыз, сыбызғы, шаңқобыз, дауылпаз, жетіген сынды аспаптарда ұлттық әуенмен қойылымды бастан-аяқ сүйемелдеп отыруы да жаңалық деуге тұрарлық. Әрине, әлем сахнасы үшін бұл таңсық дүние емес. Әсіресе, түркі халықтарының көптеген театрларында бұл әдіс баяғыдан қолданылып келе жатқаны бәрімізге аян. Бірақ Қасымбаеваның алғашқылардың бірі болып оларды сахнаға шығаруы, әр кейіпкердің мінезіне, шығарманың мазмұнына, жалпы қойылымға ұлттық атмосфера сыйлауы әсерлі.
Суретші Тимур Қоесовтің сахнаға поездың рельстерін шығаруы үлкен жаңалық болмағанымен де (Мәмбетовтың қойылымында бар) шығармамен өзектес әрі ойналуы жағынан да жаңа қыр тапқан. Найман-Ананың ортадағы рельске шығып-құлауы, араларынан сырғып өтуі арқылы талай жол, талай қиыдықтарды басынан өткізгенін меңзейді. Ал екі жақта ілулі тұрған рельстердің артындағы халық арқылы түрмеде қыршыннан қиылған талай адамдардың тағдырын суреттеген. Аяқ астынан рельстің сынығы Қазанғаптың табытына айналуы да, оның үстіне қойылған ақ матаның мәйітті бейнеленуі де режиссер тарапынан табылған ұқыпты шешім. Д.Пышанов орындауындағы Едіге бұрынғы Мәмбетовтың қойылымындағыдай үлкен жүкті көтеріп, философиялық нысан мен гуманизмнің нақыштарын бойына сіңірмесе де шығарманың негізгі өзегін, жалғастырушы күшін белгілеп тұр.
Дегенмен де, қойылымның соңын әлі де болса ойластыру керек. Өйткені, Сәбитжанның қолына тапаншаны ұстатып, оны басқаларға нұсқауымен аяқталған спектакль әлі де жалғасын күтіп тұрғандай. Әрине, көп нүктемен, яғни, көрерменнің өзі ары қарай ойлап алады деп шешілетін дүниелер баршылық. Бірақ, аталмыш спектакльде көп нүкте де, жай нүкте де жоқ. Үтір, не сызықша қалпында қалуы – қойылымның жалғасын талап етіп тұр.
Екінші орын режиссер Дина Құнанбайдың «Федрасына» бұйырды. Еліміздің жекеменшік Айгүл Иманбаеваның «А.И» театрының сахнасында қойылған классицизмнің көрнекті өкілі Жан Расиннің трагедиясы жаңаша интерпретациясын тауып, режиссердің басты назарды Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық театрдың актрисасы Айнұр Бермұхамбетоваға жасағаны бірден көзге түседі. 8 кейіпкері бар трагедияны барынша қысқартып, негізгі сюжеттік линияны сақтай отырып сахна төріне тек Федра мен Ипполитті шығаруы – режиссердің үлкен жұмыс атқарғанын байқатады. Сонымен қатар, белгілі жазушы Өтен Ахметтің жоғары деңгейдегі аудармасы күрделі шығарманы бүгінгі көрерменге түсінікті әрі нақты жетуіне үлкен септігін тигізді. Суретші А.Исабекова ұсынған минималды сценографиясы мен кейіпкерлер костюміндегі қара мен ақ түстерді қолдануы арқылы да трагедияның мазмұны да ашыла түскендей. Сахнада тек үстелдер мен орындықтарды ойнатылуы, сондай-ақ төбеден салбырап түсіп тұрған шамдар да кейіпкерлердің ішкі дүниесін аша түскендей. Ал умажданған целлофанға кейіпкерлердің алма кезек аударылуы күнәлі қатынастың анық көрінісі.
Режиссер шығарманың басты кейіпкері Федраның өгей ұлына құштар болған өгей ананы емес, сұлу да сымбатты жігітке ғашық болған әйелдің тағдырын алдыңғы планға шығарған. Сондай-ақ, мәтіндегі Федра мен Энонаның арасындағы диалогты жалғыз Федраға айтқызуынан жас келіншектің ішіндегі екі ұдай үрей, қорқыныш пен махаббат, тән сезімі мен ақыл-ой ашыла түседі. Ал, А.Бермухаметованың орындауындағы бұл сахналар нағыз маманның шеберлігін көрсетіп, әйел затының ішіндегі мың құбылған сезімдерді пластикасымен, дикциясымен, мимикасымен дәлме-дәл жеткізуі таңқалдырды. Әр сөзді нақты жеткізіп, кідірістерді өте орынды пайдалануының арқасында Расиннің күрделі сөйлемдері қарапайым да түсінікті, бүгінгі біздің замандасымыздың жан айқайындай болды.
Қойылымның әр минутына дейін есептелген нақты мизансценалары, актерлермен роль үстіндегі жұмысы, сахнаның пластикалық шешімі, жас мөлшеріне қарамастан алдымызда толыққанды жетілген режиссердің тұрғанын байқатты.
Дегенмен де, спектакльдіңің екінші жартысынан бастап режиссер Федраның жанын өртеп бара жатқан құмарлық пен кектенген ашу-ызаны көрсету ниетімен шикі еттің қанын бет-аузына жағуы, екі кейіпкердің арасында ешқашанда махаббаттың болмайтынын көрсету үшін тірі тауықты шығаруы, ақырында бір-біріне өшіккен Федра мен Ипполиттің шелектеп қан төгуі – біріншіден, қарапайым әйел бейнетінен қанды трагедияға ұласты, екіншіден, бұл әдістерді Дина алдында қойған спектакльдерінде қолданғандықтан, қайталауға баруынан өзектілігін жоғалтты.
Фестивальдің үшінші орнына екі режиссер ілікті. Бірі – Өскемен Жастар театрының режиссері Айдын Салбанов, екіншісі – Ақтөбенің «Алақай» қуыршақ театрының режиссері Мейрам Хабибуллин.
Өскемен Жастар театры Е.Разумовскаяның «Қымбатты Елена Сергеевна» қойылымын ұсынып, ондағы көтерген тақырыбының өзектілігімен, сценографиялық шешімімен, актерлік ансамбльмен көзге түсті. Бүгінгі таңдағы мектеп бітірушілердің басты мақсаты жоғары оқу орнына түсу, сонымен бірге мемлекеттік грантты иелену мәселесінің өзектілігі де қойылымның тақырыптың шеңберін кеңейтіп тұрғаны ақиқат.
Режиссер сахнадағы әр затты ойнатып, оларға үлкен мағына берген. Кейіпкерлерінің қолдарына түрлі көлемдегі тастарды ұстатуы арқылы олардың тағдырының жеңіл-ауырлығын көрсетсе, сахна алдында орналасқан ваннадағы су біріншіден «өмір-өзен» функциясын атқарса, екінші жағынан әр кейіпкерді тазартуға арналған ғибадатхана іспетті. Сондықтан да болар олардың соған қайта-қайта сүрініп құлауы, әдейілеп итеріп құлатуы, тіпті әр қақтығысты мәселерді шешкенде оны шашыратуы, ал соңында жылдар бойы тәрбиелеген, өз тағдырын тек осы балалардың өмірімен байланыстыратын, өз жеке өмірін ұстаздық үшін қиған Елена Сергеевнаның да сол суға батуы үлкен мән арқалайды.
А.Салбанов символ, метафораға, контрастық шешімдерге жиі барады. Тіпті волейбол торының ар жағында тұрып оқушылардың ұстаздарынан кешірім сұрауы да, жалбарынышты үнмен шақыруы да бір қоғамда өмір сүріп жатқан адамдардың арасындағы көзге көрінбес аражікті көрсеткендей. Ал сахнадағы кейіпкерлердің ішкі жан күйзелісін, әсіресе Елена Сергеевнаның ой мазалағанда, психологиялық тебіреніске кеткенде, армандап қиялдағанда сахнаға виолончельмен музыканың орындалуы (Н.Қабыкенова) осы сәттерді тереңдете түседі. Мұның бәрі де режиссердің ой-тұжырымынан, оның көркемдік сезімталдығынан, байқағыштығынан туындап, барлығы да спектакльдің сахналық бірлігін сақтайтын принципке құрылған. Ойлы режиссура орындаушылық өнерге қанат бітіріп, оның өзіндік ерекшелігін анықтағанын байқатты.
Фестивальде ақтөбелік режиссер Мейрам Хабибуллиннің «Алақай» театрында Н.В.Гогольдің «Шинелін» қуыршақтар арқылы сөйлетуі үлкен жаңалық болды. Оның сахнада биіктігі екі метрге жуықтай шапандардың жүргізуі бүгінгі күннің адамдары үшін бай киімнің үлкен роль ойнайтынын меңзегендей. Осылардың арасында консервы қалбырларынан жасалған кішкентай ғана адамды өз-өздеріне сенімді үлкен шапандарға қарама-қарсы қойған.
«Алақай» театрының актерлері осы жолы да шеберліктерін көрсете алды. Үлкен шапандардың ішінде отырған актерлер тек қолдарының қимылымен, дауыс ырғағымен кейіпкерлерінің жеке мінездерін, сол сәттегі эмоцияларын тамаша жеткізеді. Темір қаңылтырдан жасалған қуыршақты жүргізген Д.Балапанов кішкентай адамның мінезін жақсы аша алған. Оның жүрісі, ақырын күрсініп қойып өзге шапандардан құжаттарды жинауы, тіпті оның қуыс басына умаждап қағазды тастағанда да тек «неге мені ренжітесіңдер?» дегеннен басқа ештеңе айта алмауы жасық адамды айнытпай көрсетті.
Сондай-ақ шапандарды жүргізген Н.Мұратов, Қ.Егдір, А.Жанәділова, Г.Оралбай, Р.Балғалиқызы, Ә.Орынбасаров, Р.Хабибуллиналар күрделі құрылымды қуыршақтарды тірілтіп қана қоймай, қойылым барысында оның ішінен шығып драмалық шеберліктерін де қоса көрсетті. Әсіресе, Аккакий Аккакиевичпен қоштасу сахнасында олардың жоқтап отырып, сыбырласып өсек айтып, карта ойнауы арқылы бүгінгі таңда өз ұлтымыздың арасында кездесетін жат та, ұят қылықтарды анық байқатты. Режиссер бұл жерде соңғы кезде етек жая бастаған ұлттық құндылықтарды жоғалту, салт-дәстүрге немқұрайлы қарау секілді менталитетіміздің жағымсыз қырларын да ашып көрсетті.
«Шапан» қойылымының суретшісі Әсия Құрманалинаның еңбегі зор. Шапандар арқылы бүгінгі қоғамдағы адамдардың бет-пердесін дәл ашқан. Біреуі генералдың шапаны болса, екіншісі жылтыраққа әуес шыршаның жалт-жұлт еткен ойыншықтарын іліп алған шапан, ал үшіншісі тігіншіні бейнелейтін түймелерге толы. Сахнаның төбесінде ілінген Н.В.Гогольдің портреті жоғарыдан өтіп жатқан оқиғаға мысқылмен қарап тұрғандай. Заман ауысса да адамдар ауыспайды дегенді меңзейді режиссер мен суретші.
Сондай-ақ, фестивальдің арнайы «Рүстем Есдәулетов атындағы» жүлдені Фархад Молдағалиев «Қасірет» қойылымымен жеңіп алды.
С.Мұқанов атындағы Петропавл облыстық қазақ драма театрының жас режиссері Ф.Молдағалиев драманың негізгі желісін сақтай отырып өзіндік интерпретация ұсынған. Шығарманы едәуір қысқартып, бұрыңғы қойылып жүрген спектакльдердің формасынан бас тартып, реалистік бағытқа ұрынбай жаңа шешімдер қолданған. Сахнаның екі жағында отырған актерлерді біртіндеп әрекетке араластыруы арқылы нағыз театрлық ойынның әдісін пайдаланған. Қойылымның басында пьеса кейіпкерлері Жалқытай, Тоғжан, Кәмиләнің көрерменнің алдына шығып өздерін таныстыруы, болашақта армандаған ойларын айтқызуы арқылы көрерменді келесі сахналарда олардың жарқын болашақтарына жете алмағандықтарының себебін түсіндірендей болады.
Қара түсті сахна кеңістігінде темір орындықтар мен ілулі тұрған арқаннан басқа бөлек зат жоқ. Өзінің зұлым дерт – нашақорлыққа ұшырағанын сезген бас кейіпкер сол арқанды мойнына іледі, кейде қолына ұстап алып сахнаны шыр көбелек айналуы арқылы режиссер тағдыр шеңберіне түскен Жалқытайдың тар қапасты бұзып шыға алмайтындығын көрсеткендей. Жас режиссердің ұқыптылығы Жалқытай мен Камилланың арасындағы тән махаббатын суреттейтін сахнада да байқалды. Біздің режиссерлердің көбі бұндай сахнаны нәзік пластикалық қимылдармен суреттесе, соңғы кезде тым реалистік тұрғыдан шешетіндер де шығып жүр. Фархад бұл жағдайды кейіпкерлерінің дауыстарын шығарып күлдіріп, бірінің артынан бірі қуалап, жүгіруі арқылы бейнелеген. Ал, өз қабірі үстінде қоятын құлпытасын арқалап шығып, соның артына құлауымен Жалқытайдың өлімі шешілген. Және оның есірткіге тәуелділігі өзін ғана өлімге әкелмей, жақсы көретін адамдарының да өмірін сындырғанын келесі сахнадағы барлық кейіпкерлердің ақ кебін киіп құлпытасын арқалап шығуы арқылы көрсеткені де әсерлі. Бұның философиялық ойын Абайдың «Сегіз аяқ» әнінің орындалуы да күшейте түскен.
Фестивальге арнайы шақыртылған Қайрат Сүгірбековтың жұбайы Ақмарал жеңгеміз бен ұлы Бекарыстың өз отбасылары атынан да жүлде тағайындады. Ол Астанадағы «Жастар театрының» актері, режиссер Дәурен Серғазинге бұйырды.
Соңғы жылдары Н.Жақыпбайдың шәкірті Д.Серғазин өзін режиссерлік кәсіпте де байқап жүр. Фестивальге ол француз жазушысы Марк Левидің «Жер мен көктің арасы» повесінің инсценировкасын ұсынды. Мұның алдында көрермендерге Голивудтық режиссер Марк Уотерс түсірген фильмы арқылы таныс шығарманың сахналық нұсқасын астаналықтар асыға күтті.
Режиссер ұстазы Н.Жақыпбайдың ізімен қойылымды пластикаға құрған. Лорэннің екі дүниенің арасында жүруін, Артур екеуінің арасындағы пайда болған сезімдерді әдемі би элементтері арқылы шешкен. Сондай ақ, суретші Е.Тұяқовпен бірге шығарманың ерекшелігіне қарай сахналық алаңды толық пайдаланып, кейіпкерлердің еркін әрекет жасауына көп көңіл бөлген. Тілінген маталардан жасалған жылжымалы қабырғалар жер мен көктің арасында қалып қалған Лореннің қимылына өте қолайлы. Аяқ астынан қабырғаға кіріп кетуі, не болмаса қабырғаның ар жағынан кенеттен басының, не қол-аяғының шығуы өте әсерлі.
Дегенмен де, қойылым барысында қайталана беретін билердің көптігі, нақты ой-тұжырым мен есте қаларлық режиссерлік тапқырлықтар көрінбегенімен, актерлердің керемет пластикасы мен шебер ойыны бұл дүниені жеңіл де әдемі мелодрама дәрежесіне көтеріп тұр. Әрдайым аншлагпен өтетін бұл қойылымның сахналық жасы да ұзақ болатынына күмәніміз жоқ.
Артурды Д.Серғазиннің өзі сомдады. Кенеттен үйінде пайда болған қызға деген ызасы біртіндеп қызығушылыққа ауысуын, одан кейін махаббат сезімдерінің оянуы сынды рольдің сахналық өсу процесін актер толыққанды жеткізе алмады. Өйткені, сахнада Серғазин-режиссер, Серғазин-актерді басып тұрғаны қатты байқалды. Болашақ қойылымдарда осы екі Дәуреннің (не режиссер, не актер) біреуі қалып толыққанды жұмыс жүргізгені абзал. Шебер әрі танымал актерден болашақта жақсы режиссер шығады деген, ал ол өз тарапынан бұл саланың қыры мен сырын меңгере беруден жалықпайды деген ойдамыз.
Фестивальге қатысқан қалған режиссерлер дипломант атанды.
Болат Абдрахмановтың сахналауындағы Ж.Шанин атындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық академиялық қазақ драма театрының ресейлік «жаңа драманың» ірі өкілі Олег Богаевтың «Dawn-Way» қойылымы әлеуметтік өткір мәселелерді көтерген. Түн жамылған қара жолдың үстіндегі қанаты бар адам кейпіндегі періштені түрлі жас пен әлеуметтік топтағы адамдар бірінен кейін бірі көлікпен соғады. Әрқайсысы өз басының амандығын ойлаған бірде-бір жолаушы оған көмек көрсетпей жолдарын жалғастырып, апат болған жерден қашады.
Бұл пьесаны Болат осыдан бес жыл бұрын С.Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облысының қазақ сазды драма театрының сахнасына шығарып театр мамандарының үлкен ілтипатына ие болып еді. Осы жолғы қойылымы керісінше, түрлі пікірлер туғызып, театрдың, соның ішінде группа құрамының көркемдік сапасына байланысты ой тудырды. Академиялық дәрежесі бар театр актерлерінің шеберлігі де сол дәрежеде болуы керектігі ықтимал. Ал, бірінен соң бірі 7 жұп періштені қағып кетіп, көліктерінен ырғып шығуынан басталатын әр сахнада көрермен сенетіндей ешбір әрекет жоқ. Құр айқай, жалған патетика, үйреншікті қимыл-қозғалыстар... Тек соңғы жұп – Шал (М.Шакиров) пен Кемпір (Г.Еспай) сахнаға шыққан кезде ғана шынайы актерлік ойын мен психологиялық тебіреністі көргенімізге қуандық. Бұл жерден үлкен мәселе туындап отыр – аға буын актерлеріміздің шеберліктері мен өздерін сахнада ұстау мәдениетіне бүгінгі жастар жағы әлі талай үйрену керек. Дегенменде, бір-екі сәтті шыққан рольдер қойылымның жетістігін байқатпайтыны түсінікті ғой. Қойылымға қатысқан актерлер сахнадағы әрекет – сөз әрекетінен туындайтынын мүлде ескермеген секілді.
Әрине, бұл жерде тек актерлерді де кінәлай бергеніміз жөн болмас. Бірінші кезекте, режиссердің актерлермен толыққанды жұмыс жүргізуі керек еді. Шақыртылған режиссер, тым аз уақыт, сыясы әлі кеппеген дүние деген оймен ақтауға да тырысамыз. Бірақ, қойылым мен ондағы актерлік ойынды режиссерлік ой-тұжырымға бағындыру үшін тек жалаң мизансценаларды ғана құрмай, әр актерді сол автор мен өзі ұсынып отырған жағдайға барынша енгізу болып табылады.
Режиссердің бұның алдында қойған пьесаға өзге театрдың сахнасында қайта оралғанда мұның алдында қойғанын өзгеріссіз қайталай беру емес, өзіндік көркемдік ерекшелігі бар, алдыңғы нұсқадан бөлек жаңа спектакльдер жасау керектігін де Б.Абдрахмановтың есінде ұстағаны абзал. Бұл жерде қойылым дәлме-дәл көшірме дегеннен аулақпыз, дегенмен де режиссерлік ой-тұжырымның өзгермегені айдан анық. Еліміздегі өзіндік ойлау ерекшелігімен, шығарманы оқудағы ұқыптылығымен әрі режиссерлік ізденістерімен көрініп жүрген Болат Абдрахманов бұл фестивальде жарқ етіп көріне алмағаны өкінішті.
Көзге түсіп жүрген жас режиссерлеріміздің бірі Фархадбек Қанафин. Ол фестивальге Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық драма театрының сахнасында қойған жас драматург Қолғанат Мұраттың «Алдамшы үміт» спектаклімен қатысты.
Режиссердің пьесаны барынша ықшамдап, оны интерпретациялауда жаңа тәсілді, сахналық пластиканы қолданыпты. Кейіпкерлерді бір-біріне қаратпай сөйлетуі арқылы, олардың әр сөзін тікелей көрерменге арнауы кезінде Б.Брехт ұсынған «эффект отчуждения» теориясының негізін де байқатады. Осындай әдістің арқасында пьесаның мазмұны жаңа қырынан ашылып, актерлерді тың жұмыс аясына енгізуі құптарлық жағдай.
Режиссердің сахнаның бір бұрышында орналасқан камера сахнадағы өтіп жатқан әрекетті түсіріп, ал екінші жақтағы проекциядан көрсетуі басты кейіпкер Айша апаның куәгерлік беруінің деректемесі ретінде шығармақшы ойы түсінікті. Бірақ сахнада өтіп жатқан оқиғаны бір мезетте видео арқылы қарап отыру көрерменді алаңдатудан басқа айтарлықтай септігін тигізбеді.
Қанафин пьеса авторымен қоян-қолтық жұмыс жасап, біраз өзгерістер енгізгеніне қарамастан жас драматургтің кәсібилігінің олқы кеткен тұстары қойылымға өз әсерін тигізіп тұрған жерлері баршылық. Әрине, жас драматургтерімізді қолдап, олардың тәжірибе жинақтауына Фархадбек пен Қолғанаттың бірігіп жұмыс жасау әдісін басқа да жігіт-қыздарымыз өз тәжірибелеріне енгізсе әлі талай жақсы пьесалар мен айтулы қойылымдардың дүниеге келетініне сенеміз.
Ал, Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының режиссері Жұлдызбек Жұманбайдың «Махаббат хаттары» спектаклінің көркемдік деңгейінің төмен болғанын да жасыруға болмайды. Америка драматургі А.Гернидің танымал пьесасы бүгінгі жастарға әдебиеттегі ұмыт бола бастаған эпистолярлық жанрмен таныстырады. Қазіргі интернет пен түрлі гаджеттердің заманында тәрбиеленіп келе жатқан жас ұрпаққа хат жазу мен хат алудың арқасында алыстағы екі адамның жеке қарым-қатынасының ішкі иірімдерін паш етеді. Меллиса мен Эндидің балалық шағынан басталған қатынас хаттарынан олардың бала кезіндегі достығының үлкен махаббатқа айналуына куәгер боламыз.
Дегенмен де, шығарманың көркемдік-идеялық мазмұны Энди мен Меллисаның арасындағы қарым-қатынасқа құрылғандықтан режиссер ой-тұжырымының өзегі де соны көрсету еді. Ал, Ж.Жұманбай екі кейіпкер арасындағы шынайы толғанысты, мінез дамуын ашудың орнына иллюстрацияға кетіп қалған. Мұндағы театрдың аға буын актерлері – Т.Сұлтанбердиева мен Қ.Қуандықовтардың көп жылғы сахналық тәжірибесі мен шеберлігінің арқасында ғана бұл дүние кәсіби спектакль деген атын ақтап тұр.
Қойылымның декорациясы да (суретші Қ.Түстікбаев) бірбеткей шешілген (глобус, үстел, сурет рамалары, кеменің тұтқасы т.б.), ал екі кейіпкердің бір-бірінен алшақтығын байқататын ортада ілініп тұрған перденің актерлердің ойынына кедергі жасамаса көмегін мүлдем тигізе алмаған секілді.
Жас режиссерлердің ішіндегі тек отандық мамандандырылған білімімен қатар, әлі күнге дейін әлемнің үздік жоғары орындарының бірі саналатын Мәскеудің ГИТИС-ында біліктілігін шыңдаған Ж.Жұманбайдың бұл қойылымға ізденіссіз келіп, актерлердің роль меңгеру үрдісіне тиянақты мән бермеуі өкінішті-ақ.
Фестивальге қатысқан Мемлекеттік қуыршақ театры Ж.Омаровтың «Құлыншақ пен бөлтірік» атты қойылымының режиссері Рүстем Жаныамановпен таныстырды. Балаларға арналған ертегіні заманауи тыныста шешуге тырысқан жас режиссердің ізденісі қуантады. Сондай-ақ, қуыршақ театрының қыр-сырын, қуыршақ ойнатушы актерге ұсынатын мақсат-талаптарының ерекше келуіне байланысты Рүстемнің бұл ойын түріндегі тырнақалды жұмысының құптаған да, келіспеген де жақтары көп. Біріншіден, пьесадағы көтерілген достық, ата-анаға деген сүйіспеншілік, табиғатқа деген махаббат сынды тақырыптың балалар тәрбиесінде үлкен роль ойнайтыны белгілі. Екіншіден, туғанынан теледидар мен компьютер, ұялы телефондар мен планшеттердің тез ауысып, жалт-жұлт еткен экран мен сенсорларын көріп өскен кішкентай көрерменді театр әлемімен таңқалдыру өте қиын. Осыны ескерген режиссер қойылымға түрлі эффектілерді қолдануы (видио, жарық-сәуле, музыка, көздері жанған қасқырлардың маскасы, т.б.), актерлік ойынға заманауи аннимациядан алынған түрлі іс-қимылдарды қосуы да қызықты. Дегенмен де, режиссер мен қуыршақтарды жасаған суретші С.Карпельдің кейіпкерлерінің бейнелерін түрлі планда шешкендіктен қойылымдағы біртұтастық сақталмаған. Ересек қасқырлар мен жылқыларды актерлер үстіне киген костюм-маскаларымен шығарса (ростовая кукла), құлыншақ пен бөлтірік планшетті, ал Ана-дала ұзын таяқпен (тростевая кукла) жүргізілген қуыршақтар. Әрине, бүгінгі театрда техникалық жасалуы жағынан түрлі қуыршақтармен қойылымдардың сахналатыны белгілі. Бірақ, осындай түрлі қуыршақтарды бір сахналық кеңістікте біріктіру үшін режиссер мен суретші тарапынан үлкен жұмыс жүргізіліп, тапқырлық танытып түрлі жүйелі қуыршақтардың декорациямен үйлесімділігін, жалпы қойылымның тұтастығын сақтау абзал. Сондай-ақ, ұлттық тақырыпта қойылған спектакльдегі түрлері тым еуропаланып кеткен қуыршақтардың да (бұл бірінші кезекте құлыншақ пен бөлтірікке қатысты) бейнесінен қазақи иіс аңқығанын да қалағандай болдық. Ал, қасқырлар шығатын сахнада немістің атақты «Rammstein» тобының «ауыр металды» әндері орындалуы да қисынсыздау.
Сонымен қатар фестивальге екі студент-режиссерлердің де қойылымдары бақтарын сынап көрді. Олардың бірі – Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінің 5-курс студенті Алмас Ахметбековтің (Сәулембек Асылханның шеберханасы) Ақмола облыстық орыс драма театрында «абсурд драмасының» ірі өкілі Эжен Ионесконың «Орындықтары». Мұндағы қаңыраған үлкен үйде жалғыз қалған Кемпір мен Шалдың бір-бірінен басқа демеуі жоқ, айтатындары да күнде қайталана беретін бір әңгіме, сол баяғы өткен күндерінің естеліктері. Режиссердің кемпір мен шалдың орнына жас актерлерді (А.Красноттанов пен Е.Тавгень) ойнатуы арқылы жалғыздық кәрілікпен ғана келмейді, бүгінгі таңда қоғамдағы жалғыздықты жастар да бастарынан кешіп жүргенін жеткізгісі келгені өте қызықты шешім болды. Бірақ, логикалық қисыны жоқ абсурд драмасы болғанымен де режиссердің сахналық мақсатындағы көркемдік-идеялық нысанасы ашылмаған.
Және Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының драма актерінің 3-курс студенті (неміс тобы, Наталья Дубс шеберханасы) Әлібек Өмірбекұлының Республикалық неміс драма театрының лабараториясында қойылған Ян Фрейдрихтің «Синдром MNIP» пьесасы бойынша спектаклі жақсы жасалған оқушылық жұмыстың үлгісін көрсетті. Мұндағы кішкентай үш баланың ойыны, олардың ересектер әлеміне қарсы шығуы, еуропалық балалардың сүйікті кейіпкері Питер Пеннің іс-әрекетіне тәнті болуы әңгімеленеді. Жас актерлердің шынайы да аңғал орындауындағы балалардың бейнелері нанымды шыққан. Ал, режиссура саласында өз күшін байқап көрген Әлібектің ой өрісінің кеңдігі мен ізденімпаздығы, сонымен қатар бұрыннан заманауи шешімдермен жұмыс істейтін неміс театрының әсерінің пайдасы тигендігін де атап өткен жөн. Бос кеңістікті ұтымды да ұтқыр пайдалануы, қарапайым заттарды ойната алуы болашақта үлкен жұмыстарды көрсететініне сенімдік білдіреді.
Бір аптаға созылған жас режиссерлердің форум-фестивалі еліміздің театр өнері үлкен өзгерістер қарсаңында тұрғанын байқатты десек артық болмас. 35-жасқа дейінгі жас режиссерлеріміздің саны жағынан біршама өсуімен қатар қойылымдарындағы дәстүрлі шешімнен бас тартып, тың жолдарды іздеуі, түрлі эксперименттерге баруы әрі көркемдік идеяларын, ой-тұжырымдарын бейнелеуде жаңа үлгілерді қолданып заманауи көзқараспен келуі қуантады. Бұл фестивальдің жалғасы әлі алда демекпіз.