Қашанда тылсымын ішіне бүккен қуыршақ әлемі жасы мен жынысына қарамастан адамзат баласын өзіне тартатыны рас. Өлі затқа жан бітірген қуыршақшының іс-әрекеті ғұрыптық мән-мағынаға толы, құпиясын ашуға, жұмбағын шешуге еріксіз асықтырады.
Есте жоқ ескі замандарда жәрмеңкелердегі «думанды өмірдің» ажырамас атрибуты болған қуыршақ қойылымдары бүгінде күрделі даму процесін бастан өткеріп, ерекше танымдық-тәрбиелік, әлеуметтік-философиялық қызметтерді қатар атқару нәтижесінде жаһандық мәдениеттің феноменіне айналып отыр. Қазақстандық қуыршақшыларда өз спектакльдерінде заманауи техниканы, қуыршақ жүргізудің жаңа әдіс-тәсілдерді жөнімен қолданып, соңғы бірер жылда әлемдік театрлық үдеріске бет бұрғанын байқатып жүр.
Өкінішке орай, елімізде қуыршақ театрын тек балаларға арналған өнер мекемесі ретінде қарайтындардың қатары мол. Осындай стериотипті пікірмен күреске шыққан Алматыдағы Мемлекеттік қуыршақ театрының ұжымы көрермен назарына «Ана жүрегі» қойылымын ұсынғанына да көп уақыт тола қойған жоқ.
Жас режиссер А.Зайцевтің алғашқы туындыларының (аталмыш театрда «Буратиноны» қойған) бірі бүгінгі қоғамымызда аса маңыздылыққа ие Ана мен баланың ара-қатынасына арналған. Өзекті тақырыпты арқау еткен бір сағаттық қойылым семантикалық астарымен, күрделі метафоралық тілімен қызықтырады.
Режиссер сахнада қарапайым қолданыстағы заттарға жан бітіру арқылы әрбір реквизитке жаңаша мағына сыйғызған. Соның нәтижесінде спектакльдің астарлы контексті түзіледі. Мәселен, спектакльдегі ерекше акцент берілетін «алтын алма» арқылы бірнеше мазмұнды ұғамыз. Біріншіден, алма – тыйым салынған жеміс, қол жеткен күннің өзінде, соңында бір береке болмайтындығын түсінсек, екіншіден, бүгінде сәнге айналған «Айфон» телефонының лейблінде еске салады. Яғни, «сенің «алтын алмаң» жоқ па?» дегеннің негізінде «Айфоның» бар ма?» деген сауалды аңғару қиын емес.
Осы сияқты, спектакльдің мағынасын аша түсетін келесі бір шешім – бөшкелермен арпалысқан Ана сахнасында орын алады. Қара темір бөшкелер – тауқыметтер, ауыр еңбек, қиындықтардың белгісі ретінде сөйлейді. Іштен шыққан шұбар жылан баласына «алтын алманы» қалай болсада әпермекке бел буған Ананың қара жұмысқа жегіліп, тыраштанғанын, ес шығып, жан кеткенше күрескенін режиссер пантомима тілінде әдемі шешкен.
Қарапайымдылығымен көз тартып, бірақ мол ұғымды сыйғызған тағы бір ұтымды шешім – арқандар. Арқан – өмірлік жолдар. Бала есейген сайын, өмірлік жолында өзге адамдармен қарым-қатынасқа түскен сайын арқандар-жолдарда көбейіп, шатыса бастайды. Бірі бітсе, екіншісі басталады. Қым-қуыт өмір ағымын режиссер осылайша жеткізеді.
Сонымен қатар, ырыми мағынаны да дұрыс қолданған режиссер Ананың қолында ұстаған ыдыстағы сүттің төгілуін спектакльге орынды пайдаланады. Сүттің ақтарылуы белгілі бір ассоциативті ой тудырып, спектакльдің драматизмін қоюлата түскен. Сол сияқты, Ана қолына шырақ ұстап шығуы, сол шырақты Баласының туған күніне сыйлап: «Менде бары осы ғана, алшы, құлыным» деген сөзінің астарында «жанымды берейін» деген түсініктің жатқанында ретімен оқыла берді.
Өзінің түпкі мақсатына жету жолында режиссер А.Зайцев актерлерді екі планда, яғни тірі актерді және қуыршақты да қойылым тініне еркін енгізген. Тарқата айтсақ, Ана бейнесі – драмалық кілтте, ал Бала бейнесі қуыршақпен (кей кездері ол драма үрдісінде) ойналады.
Актриса Т.Тлеулиева рольдің психологиялық-пластикалық партитурасын дұрыс түсініп орындайды. Т.Тлеулиева жасаған Ана бейнесі жүрегі жылылыққа толы, мейірімді, перзенті үшін шыбын жанын да аямайтын әйел кейпінде көрінеді. Актриса драмалық ситуациялардағы кейіпкердің тебіреністері мен толғаныстарын шебер жеткізіп, спектакльдің мән-мазмұнын арттырды. Толқынның Анасы – қазақтың немесе басқа бір ұлттың ғана емес, жер бетіндегі Аналардың жинақтық образы деңгейіне көтерілген.
Бала бейнесін жасаған Р.Абу қуыршақ жүргізудегі шеберлігімен қатар, драмалық сахналарда кейіпкердің жан-дүниесіне де еш қиындықсыз ене алатын мол қабілетін байқатты. Қазіргі таңдағы балалардың психологиясын жете зерттегені де оның қуыршақты ойнатудағы кейіпкердің дауысы мен үнін, еркелігін, іс-әрекеттерін әдемі үйлестіргендігінен көрінді. Актер Р.Абу – Бала бейнесі арқылы бүгінгі жастардың кескін-келбетін көз алдымызға әкеле берді.
Режиссер Бала мен Ананың өзара қазақша және орысша сөйлету арқылы заманымыздың тағы бір ушығып тұрған мәселесін – өскелең ұрпақтың ана тілінен шеттеп бара жатқанын еш пафоссыз, ұрансыз-ақ жеткізеді.
Заманауи театр стилистикасында қойылған спектакльде бірнеше жанр үйлесе, үндесе шоғырланған. Бірімен бірі іштей байланыса туындап жатқан карикатура мен хорегорафия (түнгі клуб көрінісі), пантомима (Ананың ауыр жұмыс жасаған сахнасы), сатира (туған күн тойлайтын тұс) элементтері сабақтаса өрістеп, оқиға соңы орын толмас трагедияға (Ана өлімі) ойысуы да қисынды.
Режиссер спектакльдің ең шешуші қайғылы сәтін сахналық 3D эффект арқылы жеткізеді. «Сен менің анам емессің, ол менің анам емес...» деп Баланың анасынан бас тарту көрінісін режиссер саналы түрде сахнада 3 рет қайталап көрсетеді. Осылайша, ана өліміне әкелетін трагедиялық жағдайдың туындау қиысынын орынды ақтап алады. Бір жағынан 3D эффект 3 рет қайталанғандықтан құлағыңды жаңғырықтай сақталып, жадымызда жатталып қалады.
Спектакльде қомақты декорация болмағанымен суретші (С.Мелцев) жұмысы бірден көзге түседі. Оқиғалар өтетін орнының нақты көшірмесін емес, іс-әрекетке қолайлы метафоралық сценографияның жасалауы режисердің спектакльдегі уақыт пен кеңістікті ұтымды сөйлетуге мол мүмкіндік берген. Актерлердің қозғалуға икемді киімдері, қуыршақтардың функционалдығы және қойылымның көркемдік идеясын ашуға бағытталғаны – қажырлы еңбектің жемісі.
Музыкалық және жарық партитуралары да әрбір көріністің мән-мазмұнын тереңдете түсуге арналғандықтан спектакльдің бітеқайнасқан бір мүшесіндей болды.
Оқиғаның сюжеті Баланың естелік хатарын оқуымен байланысып отырады. Спектакльге қатысушы барлық актерлерге кезектестіре хат оқыту арқылы жаһанның әр түкпірінде Анасына өз жан сырын арнап жатқан жандардың естеліктері бар екенін жеткізгісі келеді режиссер. Дегенмен, хаттар мәтінінің бір-біріне ұқсастығы және онда суреттелген белгілі бір оқиғаның болмауы, яғни драмалық өрістеудің жоқтығы, спектакльді бірсарындылыққа әкелген. Егер актерлердің мүмкіндігі жетсе, болашақта хаттарды тек орысша, қазақша ғана емес, басқа тілдерде де оқытуға болатындай.
Спектакльде «қараңғылау» (ЗТМ) эффектісі әсіре көп қолданылғандықтан туындының көркемдік тұтастығы сақталмай жатты. Соның салдарынан қойылымның нәзік атмосферасына нұқсан келген.
«Бәрін айтта, бірін айт» демекші, спектакльдің көркемдік идеясы – Анаға құрмет көрсет, қасыңда жүргенде аяла, сыйла... әйтпегенде, «қолда барда алтынның қадірі жоқ», қапыда айырылып қаласың деген күрделі ойды баяндайды.
Спектакльге қатысқан ұжым мүшелері А.Жақыпбаев, А.Байырбекова, А.Сақтағанова, М.Камалов, Г.Бейсембаева сахналық серіктестікті шебер меңгерген. Ортақ қимыл, үндескен әрекет қойылымның сыртқы пішінін астарлы мағынамен толықтыруға тыңғылықты қызмет атқарған.
Жастың да жасамыстың да жанын баураған «Ана жүрегі» қойылымы болашақта еліміздің қуыршақ мәдениетін әлемге насихаттайтын туындылар қатарында, ендеше спектакльдің ғұмыр жасы ұзақ болсын!