Мақала / #студентСөзі
Атаққұмарлық жәрмеңкесіне айналған "Партизан кино"
Аталмыш мақалада ҚазҰӨА "Кинотану" бөлімінің І курс студенті "Партизан киносы" жайлы ойларымен бөліседі
Бөлім: Кино
Датасы: 18.12.2016
Авторы: Kuanyshbek Zhakparov
Мақала
Атаққұмарлық жәрмеңкесіне айналған "Партизан кино"
Аталмыш мақалада ҚазҰӨА "Кинотану" бөлімінің І курс студенті "Партизан киносы" жайлы ойларымен бөліседі
Бөлім: Кино
Датасы: 18.12.2016
Авторы: Kuanyshbek Zhakparov
Атаққұмарлық жәрмеңкесіне айналған "Партизан кино"

Қазақтың танымал жас режиссерлерінің бірі Әділхан Ержановтың бастауымен 2014 жылдың 27 маусым күні коммунисттерді ашық қолдайтын ресейлік «Ликбез» әдеби альманахында «Партизан кино» қозғалысының ұстанымдары мен негізгі қағидалары жарияланған болатын.

Сонымен, аталмыш қозғалыстың ұстануға серт берген «үш қағидасы»:

  1. Бюджетсіздік. Фильм еш қаржысыз түсірілуі қажет. Бұл ережені біз қатаң түрде ұстанамыз.   
  2. Әлеуметтік реализм. Сюжеттер заманауи,  шынайы әрі әлеуметтік тақырыпта өрбуі қажет. Әлеуметтік реализмнің ескі анықтамасын пайдалануды жөн санайсыз ба? Қалауыңыз білсін. Бұны біз де құптаймыз!
  3. Жаңа форма. Буржуазия көрінісі болып табылатын кинематографияның стандартты формаларын қабылдамау. Тек қарсыластық форма, бүлікшіл форма, тек жаңашылдық». [1]

Қысқаша айтқанда, аталмыш қозғалысты кұру арқылы «Партизан кинематографтың» мүшелері (Әділхан Ержанов, Асқар Ұзабаев, Жасұлан Пошанов, Александр Сухарев, Талғат Бектұрсынов, Денис Борисов, Вячеслав Корнев) жалған гламурға басты назар аударылатын шетел «мейнстримі» мен Қазақстанның заманауи киносына қарсы шығуда. Төменде келтірілген үзінді осының айғағы:

«Біздің де ызаланатын уақытымыз жетті. Бюджеттің ақшасын жылыстау үшін бір қалыптан шыққандай тоқтаусыз өндірілетін Қазақстан мен Ресей киносына ашуланатын уақыт жетті. Кино қоғамнан мүлде алыстап, екеуі ешқашан тоғыспайтындай жағдайда тұр. Халықтың талабына сай әлеуметтік үрдіс біздің кинематографта қашан көрініс тауып еді? Қашан біздің кино шындықты суреттейтін – өмір шындығына кереғар, дерексіз-философиялық тақырыптардың тұспал (притча) жанрында емес, нақты, эмпирикалық сұрақтарды көтерер екен?».[1]

Жүйеге қарсы шығуға дайын екендерін ашық жариялаған «Партизан кино» Қазақстанның әлеуметтік  мәселелерін көтеру арқылы өзіне БАҚ арқылы қоғамның назарын аударып, киносүйер қауымның сенімін жаулады. Аталмыш қозғалысты қолдап, «кино партизандарының» қатарына қосылуға асыққан жас режиссерлер үшін бұл  болашаққа жол ашушы сәтті қадам болуы әбден мүмкін еді. Алайда, әр нәрсенің парқы бар.

Әділхан Ержанов

Жоғарыда айтылғандай, аталмыш қозғалыс «үш қағидаға» (бюджетсіздік, әлеуметтік реализм, жаңа форма) сүйенеді. Жасұлан Пошановтың «Шлагбаумы» (2015) мен Әділхан Ержановтың «Қаратас аулындағы оба» (2016) фильмдерінің үлкен экранға жол тартуымен қозғалыстың бірінші қағидасын жоққа шығарған «партизандардың» өздері болды. Осы ретте «Бюджетсіздік» ұғымын түсіндіріп өткенім жөн. «Бюджетсіздік», логикаға салсақ – бұл кез-келген нәрсеге (біздің жағдайда фильмнің түсіріліміне) қаражаттың мүлдем жұмсалмауы. Демек, фильмді түсіру барысында қажет құралдар (плёнкалық немесе цифрлық камера, жарық, монтаж кезеңіндегі компьютерлер іспеттес т.б.) ақысыз, тегін қолданылады. Бюджет туралы сөз қозғар болсақ, «Шлагбаум» 15 мың долларға, ал «Қаратас ауылындағы оба» фильмі 6 мың долларға түсірілгендігі жасырын емес. Осы тұрғыдан алып қарасақ, аталмыш фильмдер «Бюджетсіздік» ұғымына мүлдем жатпайды әрі өздері құрған концепцияға үйлеспейді.

XII «Еуразия» кинофестивалінің жабылу салтанатында өзін-өзі «басты киножауынгер» деп қошеметтеген Ержановпен болған оқиға «Партизан кино» атты мессиан қозғалыстың жалғандығына біржола көзімізді ашты. Ержановтың айтуынша, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі оның фильм түсіруіне 100 миллион теңге (288.370 АҚШ доллары) бөліп, аталмыш қаржының 20 миллиондық сметасына ғана қол қойыпты. Бұл мәселе шынайы «киножауынгерді» қаншалықты мазалайтын еді? Егер, Әділхан Ержанов өз ұстанымдарына берік болса, манифесте жазған қағидаларына тағы бір мұқият қарап шығып, марапаттау салтанаты аяқталысымен ешкімнің қаражаты бөлінбеген кезекті кинотуындысын  түсіруге екі қолын сыбана кірісіп кетер еді.

"Қаратас ауылындағы оба" 2016

Кезекті қағида – «жаңа форма».Өкінішке орай, бұл қағида да Кен Лоуч, Тони Ричардсон, Линдсей Андерсон, Карел Рейш пен Лоренц Маццеттидің «Британ жаңа толқынына» үлкен әсерін тигізген «Еркін кино» мен «Ызалы жастар» әдеби бағытын шатастыратын «Партизан кино» мүшелерінің түсінбеушілігінің құрбаны болды. «Жаңа форма. Буржуазия көрінісі болып табылатын кинематографияның стандартты формаларын қабылдамау. Тек қарсыластық форма, бүлікшіл форма, тек жаңашылдық» [1] деп жазған олардың фильмдерінен қандай да бір жаңалық көре алмадық.

Иә, олар қоғамдық мәселелерді көтереді, иә, олар құрылған жүйеге қарсы шығады... Алайда, бұлардың формаға еш қатысы жоқ. Себебі, аталмыш қозғалыс мүшелерінің түсірген фильмдерінде не монтаждың инновациялық техникалары, не жаңа жанр, не жаңа визуал стиль қолданылмаған. Әуелі фильмдерді көргеннен кейін барлығы бір автордың жұмысы сияқты сезімде қалуыңыз ғажап емес. Осы тұрғыда Әділхан Ержановтың түсіру мәнеріне ұқсас стильде шыққан Жасұлан Пошанов, Серік Әбішев және Мұрат Маханның туындыларын қарай отырып, жас кинематографисттердің өз даралықтарын жоғалтқандарын байқауға болады. «Жаңа форма» манифестің контекстінде тек әдемі естілетін сөз тіркесі ретінде ғана қалып қойғаны өкінішті.

Жасұлан Пошанов

«Партизан қозғалысының» фильмдерінде сақталған жалғыз қағида – «Әлеуметтік реализм». Расында олар өз фильмдерінде бүгінгі әлеуметтік жағдайымызды ашық көрсетіп, шынайы өмірді бейнеледі. Бірақ, қоғамда орын алып жатқан мәселелер (денсаулық сақтау деңгейі, төмен төлемақы, өте ұзақ оқыту мерзімі, нормаланбаған жұмыс күні, парақорлық т.с.с.)  халыққа онсыз да мәлім. Алайда, фильмдер мәселелерді көрсетумен ғана шектеліп, шешім іздемейді және олардың манифестерінде жазылғандай көтеріліске, қарсылыққа немесе өзгеріске шақырмайды. Ержановтың өзі жазғандай, бүгінгі көрерменнің кинотеатрларды көрсетілетін «буржазиялық қоқысқа» баратын себебі де – қатал өмірден бір-екі сағатқа болса да қашып құтылудың амалы. Ал, бәрімізге аталмыш фильмдердің көмегінсіз-ақ аян мәселелер көрсетіліп, бірақ, еш шешімнің табылмауы онсыз да шешілмеген проблемалары бастан асатын  халыққа қаншалықты қажет?

«Партизандар» өз киносын еш қаражатсыз, халық үшін түсіреміз дейді. Алайда, олардың сөздері мен әрекеттері қабыспайды. Мемлекет пен арнайы ұйымдардың бөлген қаржысына фильмдерін түсіріп, фестивальден фестивальге қатысып, жүлдеден жүлде алып, БАҚ беттерінен түспей жүрген олар өздерінің бастапқы мақсаттарынан қалай ауытқып кеткендерін байқамай қалған тәрізді...

Асқар Ұзабаев

Отандық телеарналардан көрсетуге тыйым салынған фильмдерін тек фестивальдерде көрсетпей, халыққа таратып, таныстырудың жолдары жоқ емес.  Өкініштісі, «партизан киноның» мүшелері үшін ең бастысы – фильмдерді халыққа көрсету емес, атақтарын шығарып, өз маңыздылығын сезіну. Киноға еш бір жаңалық енгізбеген олар, өздерін өздері жарнамалау арқылы кинематографистер  қатарына еніп, өз беделдерін арттыру  жолында «Партизан кино» мүшелері атанып жүр.

Әсіресе, бұл буржуазия көрінісі болып табылатын кинематографияның стандартты формаларын өз фильмдері мен телехикаяларында қолданып жүрген Жасұлан Пошанов («Ғашық жүрек», «Тракторшының махаббаты») пен Асқар Ұзабаевқа («Гламұр для дур») қатысты. Фотоларында жүлделерін күлімсіреп ұстап тұрып халықты ойлағандары үшін «Партизан кино» мүшелеріне рақмет!


Орыс тілінен аударған: Алтынай Оразбай
ҚазҰӨА, кинотану, І курс

Қолданылған материалдар:

  1. Партизанское кино (манифест)
    [Электронды қор]//
    «Ликбез» әдебиет альманахы [Ресми сайты].
    URL:
    http://www.lik-bez.ru/archive/zine_number5308/zine_gvozd_nomera5318/publication5337 (жүгінген күні: 15.12.2016)