Мақала
«Қазақ киносының тарихы» (III.5)
III.5. Ұлттық режиссура мен актерлік мектептің өзіндік бағыты
Бөлім: Кино
Датасы: 01.03.2017
Авторы: QAZAQ KINOSY
Мақала
«Қазақ киносының тарихы» (III.5)
III.5. Ұлттық режиссура мен актерлік мектептің өзіндік бағыты
Бөлім: Кино
Датасы: 01.03.2017
Авторы: QAZAQ KINOSY
«Қазақ киносының тарихы» (III.5)

Гүлжан НАУРЫЗБЕКОВА

 Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА профессоры, кинотанушы


3.5. Ұлттық режиссура мен актерлік мектептің өзіндік бағыты

Қазақ киносының негізін қалаған режиссерлар

Шәкен Айманов (15.02.1914 – 23.12.1970). Актер және режиссер. КСРО Халық артисі (1959ж). Семей қаласының ағарту институтының түлегі.  1933-жылдан М.Әуезов атындағы қазақ драма театрында қызметте болады. 1940-жылдан кино саласында еңбек  етті.  Бұған дейін ол театр сахнасында  режиссер ретінде бірнеше спактакль қойды, актер ретінде сахнада жүзден астам рольдерді ойнаған Шәкен Айманов кинодағы шығармашылық жолын да актерлықтан бастайды. Шәкен Аймановтың киноға келген тұсы қазақ көркем киносы тарихының қалыптасу жылдарына сәйкес келді. «Райхан»(1940) фильмінде эпизодтық рольден басталған Шәкен Аймановтың кинодағы актерлық жолы ЦОКС жылдары тұсында кеңінен ашыла бастайды. Оның алғашқы көрнекті рольдерінің бірі «Ақ гүл»(1942) қысқаметражды фильміндегі  Жапар ролі. Соғыстан кейінгі дербес құрылған Алматы киностудиясының алғашқы көркем туындысы «Абай әндері» (1945)  фильмінде Шәкен Айманов басты рольдердің бірі Шәріп бейнесін сомдайды. Аса күрделі кейіпкер Шәріптің мінезіндегі ерекшеліктің тамырын  дәл баса білген Шәкен Аймановтың актерлық шеберлігі бұл «жағымсыз кейіпкерді» соншалықты  «тартымды» көрсетіп тұр. Бұдан кейін де Ш.Айманов актер ретінде «Алтын мүйіс» (1948), «Жамбыл»(1952), «Бір ауданда»(1961), «Алдар көсе»(1964), «Найзатас бөктерінде»(1969) тағы басқа бірқатар фильмдерде басты және қосалқы рольдерді орындап шығады. Аталып отырған фильмдердегі Шәкен Аймановтың кез келген ролін жеке атап өтуге болады, әсіресе, оның  орындаған  «Жамбыл» және «Алдар көсе» фильмдеріндегі басты рольдерін ерекше атау қажет.  Ұлттық характер мысалы бола алатын Жамбылдың ролі Аймановтың актерлық шеберлігінің шарықтау шегі деуге мүмкіндік бар. Кинодағы шығармашылық жолында Шәкен Айманов актер ретінде қайталанбас терең кейіпкерлер бейнесін сомдаған болса, ұлттық режиссура тұрғысында қазақ киносының негізін қалаған қайраткер. Оның режиссер ретіндегі алғашқы туындысы «Махаббат туралы аңыз» (1953) фильмінен  қазақ ұлттық режиссура тарихы бастау алады. Актер және режиссер ретінде Шәкен Айманов 20 ға жуық көркем фильмдердің экранға шығуына үлес қосты. Алғашқы фильмдеріндегі кездесіп қалып жатқан кейбір шығармашылық дағдарыстардан мойымай, әр фильмі арқылы  кинорежиссура мамандығының қыр-сырына үнемі үйренуден жалықпады. Бүгінгі таңда Айманов фильмдері классикалық шығармалар ретінде аса жоғары бағаланады. Оның әр фильмі арқылы уақыттың бейнесі, халықтық характер және ұлт ерекшелігі айқын көрінеді.  Режиссер ретінде үнемі ізденіс үстінде болған Шәкен Айманов әр түрлі жанрда фильмдер түсіре алды. Фольклорлық шығармадан экрандау («Махаббат туралы аңыз», «Алдар көсе»), тарихи-революциялық тақырыптағы фильмдері («Дала қызы», «Атаманның ақыры»), комедиялық жанрдағы музыкалық фильмдері («Біздің сүйікті дәрігер», «Тақиялы періште»), жаңа заман тақырыбы және замандас бейнесі («Біз осында тұрамыз», «Ән шақырады») поэтикалық-философиялық  жанрдағы («Атамекен»)  фильмдері режиссер мүмкіндігінің көркемдік суреттеу әдістеріндегі  тереңдікті дәлелдейді.

Шәкен Аймановтың  «Атамекен» фильміндегі ерекше байқалатын  сюжеттік ритм суреттеудің терең философиялық поэтикасына ұласады. Бейнелік қатар шешіміндегі  үйлесімділік және бірқатар эпизодтарда аса айқын байқалатын ұлттық таным сипаты бұл фильмді  қазақ киносының алтын қорына енгізіп отыр. 1966 жылы Франкфурт қаласында өткен  Халықаралық кинофестивальда «Атамекен» фильмі режиссура үшін арнайы дипломын, ал, 1968 жылы «Атамекен» фильмі Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығын иеленді. Басты рольді сомдаған актер Елубай Өмірзақов та  осы жылы Мемлекеттік сыйлықтың иегері атағын алды.

Шәкен Аймановтың  шығармашылық өсу жолы қазақ киносының басты кезеңдерімен тұтастықта қарастырылады. Кеңес кезеңі киносының көпұлттық киносы тарихынан режиссура шеберлігіне сатылай келген Шәкен Айманов өзінің үздік туындылары арқылы қазақ ұлттық кинорежиссура мектебін қалыптастырды.

1984 жылы Шәкен Аймановтың есімі «Қазақфильм» киностудиясына беріледі.

Мәжит Бегалин (22.02.1922-03.05.1978). Кинорежиссер, Қазақ ССР Өнеріне еңбегі сіңген қайраткер (1966ж).   А.Довженко атындағы сыйлықтың лауреаты(1972). КСРО Кинематографистер Одағының мүшесі(1957). 1922 жылдың 22 ақпанында Семей облысы, Абралы ауданы, №13 ауылда дүниеге келген. Бүкілодақтық Кинематографистер институтын (ВГИК) 1948 жылы С.Герсимовтың шеберханасы бойынша бітірген.

Мәжит Бегалиннің  шығармашылығы қазақ киносы тарихында елеулі орын алады. Ұлттық режиссура мектебін кәсіби деңгейге көтерген режиссер Мәжит Бегалиннің киноға келуі еліміздің  киносы тарихындағы аса елеулі  кезең – Біріккен студиялар орталығының (ЦОКС) құрылуымен тікелей байланысты.  Режиссер шығармашылығының  мазмұндық сипаты мен өзіндік ерекшелігі жайында толғанар болсақ, Мәжит Бегалиннің  әр туындысы жеке дара  қарастыруға тұрарлық  терең шығармалар. Бұл тұжырым, әрине, режиссердың  ұлттық  кинематограф тарихында Шәкен Аймановтан кейінгі  екінші тұлға болып қалғандығынан  ғана айтылған тұжырым емес. Мәжит Бегалин  фильмдеріндегі тақырып аумағы, кейіпкердің сомдалу ерекшелігі, кино тілінің суреттеу мүмкіншіліктерін ұлттық таным тұрғысынан пайдалану және басқа да бірқатар кәсіби режиссура тұрғысынан қарастырылатын әдістер ерекшелігі бүгінгі күнге дейін  әлі де болса  терең әрі жан-жақты  талдауға мүмкіндік  беретін құнды материал көзі.

Уақыт өткен сайын  бүгінгі күн  сарабымен  Мәжит Бегалин  фильмдерінің  терең мазмұнды, құнды шығармалар екендігіне көз жеткізуге болады.

Мәжит Бегалин киноға ақыл тоқтатып, азаматтық көзқарасы  қалыптасқан тұста келді. Қазақ киносының ұлттық режиссура тұрғысынан алғандағы тарихы Шәкен Айманов шығармашылығынан басталса, кәсіби деңгейдегі режиссура тарихы  Мәжит Бегалин фильмдерінен бастау алады.

Ұлы отан соғысы басталған жылы мектепті енді ғана бітірген 18 жасар өрімдей жас Мәжит алғашқылардың қатарында  әскерге  алынады. Майдан алаңынан жараланып оралған жас жігіттің бастапқыда бар жігерінен айрылып қалғандай әсер қалдырған аса қиын жағдайы оның  алдағы уақытта дұрыс жол табуына  себеп те болған шығар, көп ұзамай-ақ Мәжит Бегалин сол кезде Алматыда  шоғырланған кинематографистердің  төңірегін жағалаумен күн өткізетін болды... Түсіру алаңында  шамасына қарай  әртүрлі жұмыстарды атқарып, еліміздің аса танымал киноқайраткерлерінің   әңгімелерін күнделікті естіп, әбден қанық болған жас Мәжиттің режиссер болсам деген арманы нығая түседі. 1943 жылы  Бүкілодақтық кинематографистер институтының режиссер факультетіне Сергей Герасимовтың шеберханасына қабылданады.

Москвада  оқыған жылдарын Мәжит Бегалин ерекше сезіммен еске алады. С.Эйзенштейн, В.Пудовкин, С.Герасимов сынды кино шеберлерінен дәріс алғандығын мақтаныш тұтады. Институттың соңғы курсында оқып жүріп-ақ Мәжит Бегалин режиссердің көмекшісі ретінде  түсіру алаңынан тәжірибе жинақтай бастайды. Сергей Герасимов   Мәжитті аса талантты шәкірті санағандықтан да, өзінің  “Жас гвардия” фильміне екінші режиссер етіп тағайындайды.

1950 жылы “Қазақфильмге” қызметке орналасады. Бұл кезде Мәжит Бегалин  режиссер  мамандығының сырын  біраз меңгеріп те қалған еді. 1952 жылы “Жамбыл” фильміне екінші режиссер болып қатысады. Екі  жылдай киностудияның көркемдік жетекшісі  қызметінде болған Мәжит  Бегалиннің  көркем жанрда жеке фильм түсіру ойы тек  1953 жылы ғана жүзеге асырылады. Оның алғашқы фильмі «Бұл Шұғылада болған еді...» фильмі режиссерге шығармашылық тұрғыдан қанағаттанарлық сезім әкеле қоймады.  Сонау институт қабырғасында оқып жүрген кезінен –ақ Мәжит Бегалиннің көкейінде жүрген  арманы  қазақтың бір туар дарынды ұлы  Шоқан Уәлиханов жайында фильм түсіру болған еді. Бұл ойын жүзеге  асыруға Мәжит Бегалин он жыл уақыттай дайындығымен келеді.

Мәжит Бегалиннің экранда Шоқан бейнесін сомдау арманына  қазақтың көркем  әдебиетінде ұлы тұлға  ретінде  ерекше орын алатын оның әкесі Сапарғали Бегалиннің Шоқан Уалихановтың өмірі мен  ғылыми жолын зерттеуші биограф-жазушы ретінде әсері мол болғандығы байқалады. Студенттік кезінен Шоқан өмірінен деректерді аса  мұқияттылықпен жинақтаған Мәжиттің  соншалықты табандылығына  оның ұстазы Сергей Герасимов үлкен құрметпен қарайды.

Биографиялық фильмдердің құрылымы жеке тұлға  өмірінен алынған деректермен толықтырылғанымен де, астарында тарих қойнауына терең бойлаған тұтас бір кезең суреті, жеке кейіпкердің тыныс-тіршілігі арқылы тұтас халықтың арман-тілегі сипатталады. Сол себептен  де биографиялық фильмдердің көркем шығарма  ретінде атқарар жүгі аса жауапты да салмақты.

Режиссер Мәжит Бегалиннің 1957 жылы экранға шыққан «Шоқан Уалиханов» («Его время придет») көркем фильмі Алматы және Ленинград киностудияларының ортақ туындысы болды. Режиссер  алдына қойған  мақсаттары қатарында қазақтың ұлы ғалымы Шоқан өмірінен оның өз халқының ауыр тағдырымен тұтастықта көрсету болса,  фильм құрылымында  келтірілетін бірқатар сюжеттік тармақтар негізінде  режиссердің бұл ойы толығымен жүзеге асты деуге әбден болады. Шоқан бейнесінің  психологиялық астары ойының шеберлігімен ұстасып жатыр. Алайда, экрандық шығарма  құрылымының  тереңділігі режиссер  тарапынан қойылған мақсаттың айқындығында болса керек.  Шоқан бейнесі арқылы тұтас халықтың  мұң-мұқтажы суреттеледі және ол ұлттық таным ерекшелігін ескере отырып заман  сипатымен шебер үйлестірілген. Жұлдыздай жарқ етіп өмірден ерте кеткен қазақ халқының  мақтанышы  Шоқан бейнесі Мәжит Бегалин шығармашылығында өзінің аса тереңділігімен ерекше орын алады және жеке кейіпкер  диалектикасын психологиялық талдау тұрғысында қазақ киносының  алпысыншы жылдар кезеңінде орын алған жанрлық түрлену құбылысымен байланыста қарастыруға болады. Бұған дейінгі биографиялық жанрдағы экранға шыққан фильмдердің құрылымдық ерекшелігі ондағы тарихи тұлғалардың ел өмірі және қоғамдық  құбылыстар оқиғасының өрбітілуіне тәуелділігі болса, Шоқан бейнесі қазақ киносы тарихында биографиялық жанрдың  психологиялық табиғатын айқын көрсеткен бірден –бір кейіпкер деуге болады. Бір кейіпкер  мінезін сомдауға  жан-жақтылықты  терең игерген  Шоқан  Уәлихановтың экрандық бейнесі  тарихи тұлға тұрғысынан шешімін тапты десек те, режиссер Мәжит Бегалиннің дәл осы аталып отырған фильміндегі бір кейіпкер сыртында қазақ халқының, тұтас бір кезеңнің сипаты жатыр. Шоқан бейнесінде режиссерді суреткер ретінде қызықтырған ерекшелік оның халықпен тұтастығы болып отыр. Кез келген жеке кейіпкерді  әлеуметтік қоғамның жемісі деп таныр болсақ, Шоқан бейнесін сомдауды  суреткерді шығармашылық ізденіске оның халқымен бірліктегі «ерекшелігі» болса керек... Бұл анықтаманың астарында кино тілінің  ерекшелігі тұрғысында характер тереңділігі қалай берілген деген заңды сұрақ туындайды. Жеке кейіпкер өз мінез ерекшелігінен  алшақтандырылып, халықтық  кейіпкерге айналып отыр. Жеке адам басындағы қасиеттер  Шоқан бейнесінде жоқ емес, алайда  дәл осы фильм көлемінде ол ерекшелік жалпылық (халықтың мұң-мұқтажын жоқтаушы) кейіпкер тұрғысында берілген. Жеке адамды әлеуметтік  кейіпкерге айналдыру және ол арқылы қоғамдық құбылысты сипаттауда режиссердың бейнелік шешім тұстары кәсіби деңгейде деуге болады. Осы тұрғдан алғанда Мәжит Бегалиннің  биографиялық жанрдағы фильмдері әлі де болса мұқият зерттеуді талап етеді.

Қазақ киносы тарихында  кәсіби деңгейдегі ұлттық режиссура  мектебін қалыптастырған алғашқы  режиссерлардың бірі Мәжит Бегалиннің шығармашылығы бүгінгі күн көзқарасымен жаңа кезең режиссурасына жол салған күрделі құбылысқа айналып отыр.

Абдолла Қарсақбаев (02.10.1926 – 31.08.1983 жж). Кинорежиссер. Қазақ ССР Өнеріне еңбегі сіңген қайраткер (1979ж). Өмірінің соңғы сәттеріне дейін балалар тақырыбында небір рухани терең шығармалар тудырған  дарынды кинорежиссер Абдолла Қарсақбаев 1926 жылы қазан айының 2-сінде қарапайым отбасында он алтыншы перзент болып дүниеге келеді. Ересек бауырлары соғыстан қайтпады, кішілері аурудан шетінеді. Он алты баладан Абдолла және оның тетелес бауыры ғана аман қалады. Он алтыға толар-толмастан Абдолла оқу іздеп  Алматыға келеді.  Бұл кез астанамызда  Біріккен студиялар орталығы (ЦОКС) жанынан актерлар даярлайтын курстың ашылған тұсы еді. Соғыс ауыртпалығына қарамастан «Мосфильм», «Ленфильм» студиялары фильмдер өндірісін үзбей, жергілікті жастар өкілдерін де киностудия жұмысына араластыра бастаған. Осындай қилы-қилы оқиғалардың  ортасында шыңдала бастаған Абдолла Қарсақбаев Мәскеудегі Кинематографистер Институтына жолдама алады.  Онда ол совет киносының белгілі қайраткері режиссер Иван Пырьевтың шеберханасына қабылданады.  Алматыға кәсіби маман ретінде оралған Абдолла Қарсақбаев кинодағы шығармашылық жолын режиссер көмекшісі ретінде «Ботагөз» (1957ж), «Қанатты сыйлық» (1957ж) фильмдерінен бастайды. Абдолла Қарсақбаевтың режиссер ретіндегі тырнақалды туындысы «Менің атым Қожа» (1964ж) өте сәтті болып  шықты. Бұдан кейінгі жиырма жыл ішінде ол  9 көркемсуретті, 5 деректі, 60-қа жуық хроникалық фильмдер түсіреді. Режиссер әр жанрда жұмыс жасайды. Олардың ішінде «Қилы кезең» (1966ж), «Балалық шаққа саяхат»(1968ж), «Алты жасар Алпамыс» (1977ж), «Бандыны қуған Хамит» (1979ж) тағы басқа да танымал фильмдері бар. Бұл шығармалардың әрқайсысының қазақ кино өнерінің өркендеуіне қосқан үлесі зор.  Әсіресе, Бердібек Соқпақбаевтың әдеби шығармасы желісімен түсірген «Менің атым Қожа» фильмінің жеңісі айтарлықтай болды. 1967-жылы бұл фильм Канн фестивалінің арнайы жүлдесіне ие болады.

Осы фильмнен бастап Абдолла Қарсақбаевтың шығармашылығында балалар тақырыбы ерекше орын алады. Оның «Алты жасар Алпамыс»  фильмі де балалықтың әсем әлеміне бөлейді. Бұл фильм де экраннан үлкен табыспен өтеді.

Әр фильмінде режиссер бала актерларды рольге өте орынды таңдай білетіндігін дәлелдеді.

Режиссер шығармашылығында тарихи-революциялық тақырып та терең қырынан ашылғандығын оның сәтті туындылары «Қилы кезең», «Бандыны қуған Хамит» фильмдері  дәлелдейді, алайда, Абдолла Қарсақбаевты қазақ көрермені балалар киносының атасы ретінде қабылдайды.

Кинодағы жемісті жұмыстары үшін  Абдолла Қарсақбаев «Қазақстан өнеріне еңбегі сіңген  қайраткер» атағын алады.

Сұлтан Ходжиков (10.03.1923-11.03.1988). Кинорежиссер. Қазақ ССР Өнеріне еңбегі сіңген қайраткер (1971ж). Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1972). СССР Кинематографистер Одағының мүшесі (1958). Сұлтан Ходжиков 18 жасынан соғысқа аттанып кетеді (Панфиловшылар дивизиясының 8 гвардиясы құрамында болады). Жастайынан сурет өнерімен айналысады. Оның карикатуралық суреттері «Ара», «Известия» және тағы бірқатар баспасөз құралдары беттерінде жарияланып жатады. Режиссер мамандығын қалаған Сұлтан Ходжиков Москвадағы Мемлекеттік Кинематографистер институтына (ВГИК) режиссер бөліміне (Александр Довженко шеберханасы) түсіп, оны 1953 жылы бітіріп шығады. Оқуын бітірген жылы Сұлтан Ходжиков Алматы көркемсуретті фильмдер киностудиясына екінші режиссер ретінде қызметке қабылданады және сол кезде Алматы киностудиясында «Шабандоз қыз» фильмін түсіріп жатқан ленинградтық режиссер Павел Боголюбовпен шығармашылық бірлестікте тәжірибе жинақтай бастайды. Оның режиссер ретінде өз бетінше түсірген «Ана мен бала»  атты алғашқы көркемсуретті фильмі 1955 жылы экранға шығады. Жастардың тәрбиесі төңірегінде күрделі  мәселелерді  қозғайтын бұл фильмде режиссер табиғи көріністерді кеңінен пайдалануға тырысады. Кино тілінің жаңа мүмкіндіктерін мейлінше ұтымды пайдалануға ұмтылған режиссердың келесі фильмдері де осы аталып отырған  әдістер төңірегінде кеңейтіледі.

Қазақ киносының тарихында алпысыншы-жетпісінші жылдар кезеңінде әдебиет пен кино өнерінің  біте қайнасып, мейлінше жақын тоғысқан тұсында, әсіресе, Сұлтан Ходжиковтың шығармашылығын ерекше атау керек.  Оған басты себеп - әдеби шығармадан экрандаудың үздік үлгісі ретінде өз бағасын алып, классикалық киношығармалар қорына енген «Қыз-Жібек» фильмінің жетістігі. Эпостық жанр ұлттық әдебиетіміздің інжу-маржаны болса, режиссер Сұлтан Ходжиков шығармашылығы арқылы экраннан «сөйлеген» әдеби кейіпкерлер өрісі кеңейді, сол арқылы көрерменнің рухани байлығы жаңа қырынан ескерілді.  Киношығарма құрылымында жаңа заман тақырыбының астарын тереңдету мақсатында пайдаланатын айқындауыш қосалқы элементті фольклорлық поэтика шеңберінен алуға болатынын қазақ режиссурасы деңгейінде алғаш дәлелдеген де Сұлтан Ходжиков болып отыр. Осы ерекшеліктерді меңгерген режиссердың «Шыңдағы шынар» фильмі қазақ киносы тарихында М.Әуезов шығармашылығына экранизация тұрғысынан жаңа көзқарас ретінде аса бағалы тәжірибе деуге болады. Ұлы жазушының «Өскен өркен»  атты соңғы романының   желісімен түсірілген бұл фильмнің өн бойында кейіпкерлер психологиясына терең бойлайтын мысалдар жеткілікті.  Сұлтан Ходжиков актерлармен жұмыс барысында олардың сырт пішін фактурасы мен ішкі жан-дүниесінің үйлесімділігіне аса ден қояды. Әр фильмінде ол актер таңдау ісіне үлкен дайындықпен келеді.

Шәріп Бейсембаев (01.07.1926-01.01.1989). Кинорежиссер. СССР Кинематографистер Одағының мүшесі (1959). Туған жері – Петропавл қаласы. Алматы театр және көркемсурет училищесін 1949 жылы, 1954 жылы Луначарский атындағы театр институтын, ал 1959 жылы «Мосфильм» киностудиясы жанынан режиссер даярлайтын жоғарғы курсты бітіріп шығады.  

Шәріп Бейсембаев қазақ балалар киносының негізін қалаған режиссерлардың бірі. Кинодағы шығармашылық жолын дубляждық фильмдер жасауға қатысудан бастаған ол, Москвадан жоғарғы режиссерлық курсты  (Сергей Юткевичтің шеберханасы бойынша) аяқтап келгеннен кейін қысқаметражды көркем фильмдер түсіруге кіріседі. Шәріп Бейсембаевтың алғашқы фильмі «Бұл біздің ұлымыз» («Это наш сын»- 1959г). Бұдан былайғы уақытта Шәріп Бейсембаев Шәкен Аймановтың екінші режиссері ретінде «Бір ауданда»-1960ж, «Перекресток»-1963ж фильмдерін экранға шығаруға ат салысты. Режиссердің өзі түсірген екінші дербес фильмі «Там, где цветут эдельвейсы»  1965 жылы экранға шығады.

Режиссердың шығармашылық жеңісі оның балалар тақырыбындағы фильмдерінің ерекшелігінде болып отыр. Балалар тақырыбына түсірілген әр фильмінің («Арман-атаман»-1967, «Қызыл застава маңында»-1969 т.б) кейіпкерлік әлемінде адам жанының небір терең тұңғиығына бойлау талпыныстары бар. Шәріп Бейсембаевтың фильмдеріне лирикалық сарын тән және ол әр фильмі арқылы адамдар арасындағы күрделі қарым-қатынас шеңберінде тәрбиелік мәнге бай астарлы тақырыпты қамтып қалуға  тырысады.

1960-70 жылдар тұсындағы қазақ киносының актерлік  мектебі

Нұрмұқан  Сейітахметұлы Жантөрин (22.04.1928ж-02.05.1990ж) Театр және кино актері. Гурьев облысы, Махамбет ауданы, Кандауров селосында туылған. Қазақ ССР Халық артисі (1966ж), Қазақстан Кинематографистер Одағының мүшесі (1967ж). 1949 жылы Алматы киностудиясының жанынан ашылған қысқамерзімдік киноактер мектебінің тыңдаушысы болады. 1952 жылы Ташкент ГИТИС-нің актерлік факультетін бітірді (А.Гинзбург шеберханасы). 1952-67 жылдар аралығында М.Әуезов атындағы Қазақ драма театрының актері. Театр сахнасына Жантөриннің сомдауымен Яго, Отелло, Кодар, Абыз, Шоқан сияқты өте күрделі образдар келеді. Шығармашылық өрлеу жылдарында Н.Жантөрин кино саласында да белсенді еңбек ете бастайды. Мәжит Бегалиннің 1957-жылы түсірген «Оның уақыты келеді» («Его время придет») фильмінде  Шоқанның ролі Н.Жантөриннің кинодағы ең үздік  жұмысы болып табылады. Бұған дейін ол Е.Дзиганның «Жамбыл» (1952ж) фильмінде, Шәкен Аймановтың «Махаббат туралы аңыз» (1953ж) және «Дала қызы»(1954ж) фильмдерінде эпизодтық рольдерді сомдаған. Нұрмұқан Жантөриннің жаңа заман кейіпкерлері характеріндегі ерекшелікті дәл тауып, мейлінше терең аша білген рольдері қатарында Лариса Шепитьконың «Зной» (1963ж) фильміндегі  Әубәкір, Виктор Пусурмановтың «Ақ аруана» (1973ж) фильміндегі Мырзағали бейнелері болды. Тарихи тақырыптағы фильмдерде де Н.Жантөриннің өте сәтті шыққан рольдері жеткілікті: Шәкен Аймановтың «Атаманның ақыры» (1970ж) фильмінде полковник Аблайхановтың ролі, Болат Мансуровтың «Сұлтан Бейбарыс» (1989 ж) фильмінде басты роль, Дамир Манабаевтың «Сұрапыл Сұржекей» (1991ж) фильмінде Пахраддин.

Нұрмұхан Жантөрин 1968-1988 жылдар аралығында Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының штаттағы актері. 1980жылдан Алматы театр және  көркемсурет училищесінде ұстаздық қызметін бастайды.

Бикен  Римова   ( 01.01.1923- 06.01.2000)  Талдықорған, қазіргі Алматы обл., Қаратал ауданы, Қанабек ауылында туылған - актриса, ҚазКСР-інің халық артисі (1996), 1943 ж. Алматы театр училещесін (профессор А. Тоқпановтың шеберханасы бойынша) бітірген. 1940 жылдан өмірінің ақырына дейін қазақтың мемлекеттік Академиялық драма театрының (Алматы) труппасында қызмет етті. Тұңғыш ойнаған ролі - Ғабит Мүсіреповтің “Ақан сері-Ақтоқты” трагедиясындағы Мәрзия (1942). Актриса кезінде Сәуле, Жанар, Дәмеш (Ә.Әбішевтің “Достық пен махаббат”, “Бір семья” және “күңшілдігінде”), Фарида (Ә. Тәжібаевтың “Жалғыз ағаш орман емесінде”), Жанат (Ғ. Мұстафиннің “Миллионерінде”), Қамаш (М. Иманжановтың “Менің махаббатымында”), Ғайни (Т. Ахтановтың “Күтпеген кездесуінде”), Дәметкен (Е. Домбаевтың “Біздің кластың қыздарында”) т.б ролдерді орындаумен қазақ сахнасында замандастар образын жасауға елеулі үлес қосты. Бикен Римова 1955 жылдан бастап киноға түсе бастайды: Баршагүл (“Шабандоз қыз”), Колхозшы әйел (“Ана туралы аңызда”, 1964ж ), Ана (“Арман-атаман”, 1968 ж), Рабиға ана («Тел өскен ұл», 1977 ж), Шырай ана (“Ай астындағы үйде”, 1983ж), Гүлбибі (Көп сериялы “Тоғысқан тағдырлар” телефильмінде 1996-99) т.б. Актриса есімі Талдықорған қазақ драма театрына (2000) берілді.  Театр сахнасында жүріп-ақ талантты актриса кинода да бірқатар күрделі бейнелерді экранға әкеледі. Оның экрандық алғашқы рольдері («Шабандоз-қыз» фильмінде Баршагүл, «Менің атым Қожа»- Қожаның анасы Милаттың ролі) қазақ киносының ұлттық өнер болып қалыптасу жылдарына сәйкес келді.  Бикен Римованың  екінші пландағы әр рольдерінің өзі («Ана туралы аңыз» колхозшы әйел, «Арман-атаман» ана ролі, «Тақиялы періште» комендант, «Ақ Аруана» ана,  «Тел өскен ұл» Рабиға ана, «Чемпион», «Боранды түн», «Махаббат дастаны» «Ай астындағы үй», «Адамдар арасындағы бөлтірік» т.б.) жарқ етіп әсте есте қаларлықтай болып шығып жатты, сонысымен де ол көрерменнің есінде жатталып қалды.

Кененбай Қожабеков (03.02.1928-04.11.1988) Театр және кино актері. Қаз. КСР-ң халық артисі(1971). Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Ақ-Сеңгір ауылында туылған. 1950 жылы Алматы театр училищесінің актерлар дайындайтын бөлімін бітірді. 1950-61 ж.ж. Республикалық балалар мен жас өспірімдер театрында қызмет етті. Актердың кинодағы шығармашылығы елуінші жылдар тұсынан басталады. Ол сомдаған басты рольдер: Айе ("Аластатылған Алитет"-1950), Надыр ("Жамбыл",1952), Айдар ("Шабандоз қыз"-1955), Бақытжан ("Бұл Шұғылада болған еді",1955), Атабаев ("Мазасыз көктемде",1956), Әмірқұл ("Менің атым Қожада",1963), Сырлыбай ("Қыз Жібекте",1970), Алдаберген ("Қан мен терде",1978), Манай ("Жаушыда", 1970) т.б. фильмдерінде ойнайды. Актер экрандық кейіпкерлерінің ішкі дүниесін ашуда психологиялық тереңдікке, образдылыққа, типтік жинақтауларға ұмытлады. Шығармашылығында тағдыр мен адам мүмкіншілігінің  бітіспес күресі, күнделікті күйбең тірліктен биік тұру, азаматтық, адамгершілік тақырыбы, моральдық пафос басым болды. 1972 ж. Тбилиси қаласында өткен 5- Бүкілодақтық  кинофестивальде "Қыз Жібек" фильміндегі Сырлыбай ролі үшін жюри алқасының "Драма өнерін экранда дамытуға сіңірген еңбегіне" атты дипломына ие болды. Сонымен қатар Халықтар достығы орденімен, медальдармен марапатталған.

Ыдырыс Ноғайбаев (15.051931-31.08.1989). Театр және кино актеры, педагог, КСРО халық артисі(1982ж). КСРО Мемлекеттік силығының иегері (1974ж, 1980ж). КСРО Кинематографистер Одағының мүшесі (1961). Алматы облысы, Іле ауданы, Талғар қаласында дүниеге келді. Алматы театр және көркемсурет училищесінің түлегі (1949). Профессор И.М.Раевскидің шәкірті. 1954жылы Москваның Луначарский атындағы Мемлекеттік театр өнері институтының жанындағы қазақ студиясын бітірді. Сол жылдан Қазақ драма театрының құрамында қызмет етті. Сахналық дебютін М.Горький драмасы бойынша қойылған спектакльдерде Тетерев пен Егор Булычев (Тоғышарлар( мен Егор Булычов және басқаларында рөлін ойнаудан бастады. Горький қаһармандарының тағдырымен байланысты өзінің актерлық шығармашылығының өн бойынан өтетін өзекті бір тақырыпты ашты. Ноғайбаевтың сахналық бояуын тапқан кейіпкерлері қатарында М.Әуезовтың «Еңлік-Кебегіндегі» Есенді, Ғ.Мүсіреповтың, «Ақын трагедиясындағы» Мылқауды, Э.Раннеттің «Адасқан ұлындағы» Март Туйскіні, Қ.Мұхамеджановтың «Жат елтесіндегі» Құрбанды, Қ.Бекхожиннің  «Ұлан асуындағы» Абылайды, Ә.Мәмбетовтың «Қан мен теріндегі» Кәленді  және тағы басқа рольдерін  атауға болады. Бұдан басқа актер ойынында сахналық шешімі күрделі характерлер болып шыққан Абай, Қобыланды, Қарабай, Отелло, Петруччио,Тиодоро өзара мүлдем ұқсамайтын, өскен ортасы  мен туған топырағы бір-бірінен тым шалғай жатқан қилы-қилы тағдырлар. Көп жылдар бойы тынбай еңбек еткен театр сахнасында Ыдырыс Ноғайбаевтың сомдаған рольдері 150-ден асады. Елуінші жылдар тұсында Ыдырыс Ноғайбаев  киноактер ретінде де таныла бастайды.  Москвадағы А.Луначарский атындағы Мемлекеттік Өнер институтында (ГИТИС) оқып жүрген кезінде  Ыдырыс Ноғайбаев режиссер М.Донскойдың «Алитет уходит в горы» (1950ж) фильмінде эпизодтық рольде ойнайды. Қазақ киносы тарихында актердың  сомдаған рольдері аса тереңділігімен есте қалады және сонысымен де ұлттық кино өнерінің дамуына елеулі үлес қосты: Ыдырыс «Мазасыз көктемде»(1955ж), Амантай «Ботагөзде» (1958ж), Оспан «Өмір жолында» (1959ж), Данияр «Асуда» (1963ж), Нұрмағамбет «Алғашқы мұғалімде» (1964ж), Сағит «Шыңдағы Шынарда» (1965ж), Бәйтенов «Қилы кезеңде»(1966ж), Сырлыбай «Қыз-Жібекте» (1970ж). Ыдырыс Ноғайбаев тағы бірқатар фильмдердегі рольдері арқылы көрермен есінде қалды: «Қан мен тер» (1978ж), «Нан дәмі»(1979ж), «Қала қорғаны»(«Щит города»-1979ж), «Жаушы» (1980ж). «Нан дәмі» фильміндегі Кемелов образын сомдағаны үшін Ыдырыс Ноғайбаев 1980 жылы екінші рет КСРО Мемлекеттік сыйлықтың иегері болады. 1970-жылдан Алматы мемлекеттік өнер институтының (қазіргі Қазақ консерваториясы) актерлер факультеті және  Республикалық эстрада студиясында педагогикалық қызметпен шұғылданады. КСРО Мемлекеттік сыйлығының екі дүркін лауреаты, «Құрмет белгісі»  (1959ж) орденімен және медальдармен наградталған.

Асанәлі Әшімов — театр және кино актері.  1937 ж. 8-мамырда Жамбыл облысы, Сарысу ауданында дүниеге келген. Актер, Қаз. КССР-ң  және КСРО халық артисі.  1961 ж. Алматы мемлекеттік өнер институтының актерлік факультетін бітірді.  Студент болып жүрген кездің өзінде-ақ ол " Ботагөз"(1957) көркем фильмінде эпизодтық рольде ойнады. 1959-63 жылдар аралығында  "Қазақфильм" киностудиясынан шыққан  "Асау Ертіс жағасында"(реж.Е.Арон, 1959), "Бір ауданда"(реж.Ш.Айманов,1960),  "Ән шақырады"(реж.Ш.Айманов,1961), "Менің ұлым"(реж.Э.Файк,1962),  "Жол торабы"(реж. Ш.Айманов,1963), "Тұлпардың ізі"(реж.М.Бегалин, 1964) фильмдерінде  әр алуан мінездік кейіпкерлер галереясын жасады. 1964 жылы Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театрының құрамына актер ретінде қабылданғаннан кейін Асанәлі Әшімовтың сахнадағы шығармашылық жолы басталады.  1987-1988 жылдары  А.Әшімов осы театрдың көркемдік жағын басқарды.

Актердың  шығармашылық  жағынан қалыптасып өсуіне театр мен кино шеберлері Ш. Айманов, С. Қожамқұлов  пен С.Майқановалар көп ықпал етті. Театр сахнасында ойнаған алғашқы ролі- М.О. Әуезов пен Л.С. Соболевтің  "Абай" спектакліндегі Айдар ролі болды.  Бұдан кейін Асанәлі Әшімов лирикалы-драмалық рольдерде ойнап, Мұхтар Әуезовтың "Еңлік-Кебегі" мен "Қара қыпшақ Қобыландысында"  Кебек пен Шуақтың, Ғабит Мүсіреповтың " Қозы Көрпеш-Баян сұлуында" Қозының бейнелерін жарқын бояумен толымды етіп сомдады. Жетпісінші жылдар актердың кинодағы шығармашылығының өрлеу тұсы болып бағаланады. Ең бір танымал және өзіндік сипаты арқылы небір жағымсыз кейіпкердің өзін («Қыз-Жібек»фильміндегі Бекежан ролі) көрерменіне мейлінше жақындата білген Асанәлі Әшімовтың актерлық мүмкіндіктері өте тереңде жатыр. Актер сомдаған Чадияров ("Атаманның ақырында",1971), Мәмбет ("Сарқырамада",1973), Қасымханов ("Транссібір экспрессінде",1977), Кемел ("Нан дәмі"),  Нұрғазы ("Алатаудың күміс мүйізі",1979), Қаражал ("Жаушы",1980) рольдері осының дәлелі. Асанәлі Әшімов режиссер ретінде  1981жылы "Жылан жылы", 1984жылы "Шоқан Уәлиханов",  1991ж. "Қозы Көрпеш- Баян сұлу" көркем фильмдерін қойды.

1991 жылдан "Елім-ай" киноөндірісі компаниясының  президенті. 1985 жылдан КСРО Кинематографистер Одағы басқармасының мүшесі.  1987 ж.

Қаз.ССР Жоғары Кеңесі Президиумының Құрмет грамотасымен марапатталды

Мұхтар Бақтыгереев (15.06.1933-12.06.1999).Театр және кино актері. Қазақстан Республикасының халық артисі(1994). Қазақ ССР Мемлекеттік силығының лауреаты (1984). КСРО Кинематографистер одағының мүшесі (1961). Туған жері -Атырау қаласы.  1954-жылы  Алматыдағы театр училищесінде  білім алады. 1949-1952 жылы Атырау облысындағы  Қазақ драма театрында әуелі сахна жұмыскері, одан кейін актер болып қызмет етеді. 1954-жылы «Алматы» киностудиясының  шақыруымен «Махаббат туралы аңыз» фильмінің түсірілуіне қатысады. Осы жылдардан былай актер киноға үздіксіз түсіп отырады. Көркем кино саласында 60-қа жуық ірілі-ұсақты рольдерді экранға шығарады, дубляж жұмысына белсене араласады.  1956-жылдан  Мұхтар Бақтыгереев Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жас өспірімдер театрының актері, көптеген спектакльдерде бас рольдерде ойнайды. Сонымен қатар, Мұхтар Бақтыгереев  қазақ радиосы мен телевизиясы қойылымдарына жиі қатысады. 1994 жылы актер кино және театрдағы орасан зор еңбегі үшін Қазақстан Республикасының Халық артисі деген  атаққа ие болады.

Қолданылған материалдар:

«Қазақ киносының тарихы» (оқулық)

ҚР Білім және ғылым министрлігі, Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА,

Б.Р.Нөгербек, Г.Қ.Наурызбекова, Н.Р. Мұқышева – Алматы: ИздатМаркет, 2005.