Мақала / #студентСөзі
Кино – бұл өмірдің көзі
Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры Шығармашыл жастардың VIII халықаралық "ЖасStar" фестивалі аясында Берік Айтжановпен кездесу жайлы
Бөлім: Кино
Датасы: 02.11.2017
Авторы: Мөлдір Бектұрсын
Мақала
Кино – бұл өмірдің көзі
Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры Шығармашыл жастардың VIII халықаралық "ЖасStar" фестивалі аясында Берік Айтжановпен кездесу жайлы
Бөлім: Кино
Датасы: 02.11.2017
Авторы: Мөлдір Бектұрсын
Кино – бұл өмірдің көзі

Биылғы жылы, рухани жаңғыру мақсатында, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры Шығармашыл жастардың VIII халықаралық «ЖасStar» фестивалі аталып өтуде. Алматы қаласының киелі өнер ордасына, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының түлегі, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, театр және кино актері – Берік Айтжановпен «Cәттілік тарихы» тақырыбында кездесу кеші ұйымдастырылды.

Берік Айтжанов еңбек жолында жеткен жетістіктеріне қарамастан, өзінің болашаққа құрған жоспарын, мақсатын толығымен бағындырмағанын атап өтті. Сол себепті, ойы сан саққа жетелеген, арманға толы шығармашылық жұмысының биік шыңына жетер жолдағы сәттіліктің мәнін әлі де түсініп келетіні жайлы айтты. Актер осы күнге дейін түскен фильмдерінің көбінде басты кейіпкерлерді сомдап келеді. Атап айтқанда, экрандағы алғашқы жұмысының бірі – Рымбек Альпиевтің «Час волка» фильміндегі «Қалтай» рөлімен кино әлеміне қадам басты. Кейінірек, актерлық шеберлігімен жақсы қырынан танылып, режиссерлар тарапынан ұсыныстар да арта түсті. Берік Айтжанов жалпы өз шығармашылығында кемінде он бес бейнені сомдаған. Сонымен қатар, белгілі «Путь Лидера»картинасында елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бейнесімен көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Көркемсуретті туындылармен қатар, телесериалдарда да бой көрсетіп келеді. Мысалы, Асқар Ұзабаевтың басшылығымен жарық көрген «Тракторшының махаббаты» атты комедия жанрындағы сериалда «Жасұлан» бейнесімен қалың көпшілікке мәлім. Актерлыққа он жылдан астам уақытын сарп еткен Берік ағамыз, кино саласына қызмет етемін деп еш уақытта ойламағаны жайлы сыр шертті. Өмірдің тосын сыйлары актерды арманға толы сәтті жолға жетелегендей. 2000 жылы қара шаңырағымыздағы Талас Өмірзақов шеберханасының «Музыкалық драма театр актеры» мамандығына қабылданды. Сол сәттен бастап болашағы мен бүгіні және ойы түбегейлі өзгерді дейді. 2004 жылы Т. Жүргенов атындағы өнер Академиясын тәмамдаған соң, театр әлеміне қадам басты. Оның алғашқы сомдаған рөлі – әйгілі «Гамлет» пьесасындағы «Лаэрта» бейнесі. Сондай-ақ, Мұхтар Әуезовтың «Қарагөз» шығармасындағы «Сырым» рөлін де ойнайды. Қазіргі таңда театрдан алшақтаған Берік ағамыз, кино үшін жаратылғанмын деп жар салады. Себебі, театр мен киноның арасы жер мен көктей дейді. Расында, театрда егде жастағы актер жас баланың бейнесіне ене алады. Тағы да, белгілі бір уақытқа шектелген қойылымды тек дәл сол уақытта ғана көруге мүмкіндігіңіз бар. Ал, кино өнері шынайылықты бірінші орынға қояды. Кино ұзақ мәтінді талап етпейді ол үшін кейіпкердің көзі сөйлейді. Жалғыз көзқарастан-ақ кейіпкер жайлы түсінік алуға болады. Оның жасаған қимылы, жүріс-тұрысы өмірдегідей жайттарға сай келуі арқылы шынайы оқиға суреттеледі. Бәлкім сондықтан болар, кино саласындағы актер маманы болу жаныма жақын деген ойымен бөлісті.

Қазақ киносына әйгілі нар тұлғамен кездесудің соңы, баршамыздың өмірлік тәжірибемізге даусыз қажет болатын кеңесімен аяқталды. Жүрегін тыңдай білген адам, жасаған жұмысын шын ниетімен атқарады. Демек, қай салада болмасын, білікті маманның сапалы туындысы арта түседі. Шынымен, адам баласы жүрек қалауын ақылымен бірге тыңдай білсе, бағынбайтын қамал алынбайтын асу жоқ екеніне көзіміз жетті.

Сізге қызық болуы мүмкін: