Мақала
Дәрежан Өмірбаев. Кітап әлемі (ІІ)
Белгілі кинорежиссер, фотограф Дәрежан Өмірбаевтың "Кітап әлемі" фотографиялар циклі
Бөлім: Фото өнер
Датасы: 15.05.2017
Мақала
Дәрежан Өмірбаев. Кітап әлемі (ІІ)
Белгілі кинорежиссер, фотограф Дәрежан Өмірбаевтың "Кітап әлемі" фотографиялар циклі
Бөлім: Фото өнер
Датасы: 15.05.2017
Дәрежан Өмірбаев. Кітап әлемі (ІІ)

Дәрежан Өмірбаев

Кинорежиссер, фотограф


Әлібек Шегебай. Ақ қауырсын. - "Дулат" 2010

Құдайдың сүйген мен де бір құлымын,
Қайтейін, жеткен шығар құрғыр үнім.
Өң кірген өмірінің өрнегінің өрнегіне
Бұл күнде "Құлагердің" тұрғынымын.
Үй де кең, дүние кең, көңіл де кең,
Шіркін-ай, осы екен ғой өмір деген.
Зіл батпан ауыр мұңнан дүр тазарып,
Аспанға ұшардайын жеңіл денем.
Секірем баладайын, жасқанам ба,
Құтылдым қожайыннан, басқадан да.
Күдікшіл көңіл байғұс қобалжиды:
"Шынымен мынау менің баспанам ба?!"
Тәңірдің рас шығар күш бергені,
Анамның осы болды-ау түс көргені.
Олар да тарыққан-ау тар қапастан,
Үш ұлым кезіп кетті үш бөлмені.
Заңдылық шығар бәлкім ән кернеуі,
Ұмыт боп қиындықты сан көргені.
Сезінген алғаш рет өз үйім деп
Тазалап әйелім жүр әр бөлмені.
Болғанда күнім желек, түнім барқыт,
Ай шықты қараңғылық түбін қалқып.
А, құдай, бар екенсің, барсың ғой - деп,
Балконда ұзақ тұрдым шылым тартып.   (50-бет)


Роллан Сейсенбаев. Сағынтып жеткен жаз еді. - Алматы, "Жалын" 1981

Адам жүрегін аялап тербер арманды ешкім тартып ала алмайды. Арман адаммен бірге туады, адаммен бірге өледі. Мейлі, сағынышты арман ешқашан орындалмай ақ қойсын, бірақ сол арманның болғаны, тірі болғаны қандай керемет! Арман өлген жерде адамға өмір сүріп те керегі жоқ...   (155-бет)


Есенғали Раушанов. Құстар - біздің досымыз. - Алматы, "Жазушы" 2007

Тағы бір қызығы - дегелек нағыз үндеместің өзі. Қауіп төнсе де, балапанын ұшырып (балапандары, әдетте бір жарым, екі айдан соң ұша бастайды), қуанса да үндемейді. Тіпті, төбелесіп жатқан дегелектің өзі дауыс шығармайды, үнсіз жұлқысады, дыбыс шығармай өледі. Бар дыбысы - қанатын қаққаны, сосын таңдайын тақылдатады. Болды. Дегелектің әні де, күйі де, күйінгені де, күлгені де сол.   (91-бет)


Талас Омарбеков. 20-30-Жылдардағы Қазақстан қасіреті. - Алматы, "Санат" 1997

Жоғарыда айтылған Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Төралқасының осы мәселелерді зерттеген комиссиясы өзінің қорытындысында тарихшы демографтардың жүргізген алдын ала талдаулары "Қазақ елі аштықтан және соған байланысты індеттерден, сондай-ақ табиғи өлім денгейінің үнемі жоғары болуынан 2 млн 200 мың адамынан, яғни барлық қазақ халқының 49 процентінен айрылғанын" дәлелдегенін атап көрсете отырып, сонымен қатар "қасірет құрбандарының саны туралы мәселе әзірге ашық қалып" отырғанын да ескертті. ("Егемен Қазақстан", 1992 ж. 22-желтоқсан.    (303-бет)


Н.А.Раупова, Ә.Т.Төлебиев. Бейнелеу өнері (1-сыныпқа арналған оқулық).    - Алматы, "Атамұра" 2012

Акварель - суда еритін мөлдір бояу... Гуашь - суда еритін қоймалжың бояу. Қылқалам - кескіндемеші-суретшінің қолындағы ең басты құрал.   (32-бет)