...Айтар ойы, кейіпкерлеріне берілген мінездеме, қазақ қоғамының хәлі өзгеше интерпретациямен өрілген қойылым. Мұнда әдеби нұсқадағы Жарасбайдың қатігез, жағымсыз бейнесі емес, ел үшін қам жеген адамдық болмысы алдыға шығады. Өзіне пана іздеп келген Бақтығұлды құтқара алмағанында кінәлі сезінуі ар алдындағы адалдығын айғақтайды. Бастысы, қойылымда әрбір іс-әрекет ақталған. Режиссер біз білетін оқиғалардың бір тармағын ғана басты назарға алған. Ол – «жер» мәселесі. Осы бір тақырыпты өзек етіп ала отырып, бірі істің, бірі ойдың адамы саналатын Жарасбай мен Бақтығұлдың жай күйін ұғындыруға тырысады. Қойылымның соңы бәрімізге аян өліммен аяқталады. Бірақ, жас тоқалын ұзатып алып келе жатқан Жарасбайды Қараш асуында жүйрігінен құлатып түсіретін Бақтығұлдың «қарғыс оғы» емес. Қойылымның күретамыры да, режиссердің шешімі де осы сахнада айқындалады...
Астана қаласының Алматыдағы мәдени күндері аясында Елордалық Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры гастрольдік сапармен келіп, театр репертуарындағы «Отелло» реж. Т.Теменов, «Шие» реж. С.Потапов қойылымдарымен қатар, қазақ әдебиетінің озық үлгісі саналатын М.Әуезовтің «Қараш қараш оқиғасы» повесінің желісінде әлеуметтік драма жанрындағы спектакль сахналады. Шығарманың инсценировкасын жазған – Қ.Ысқақ. Қоюшы режиссері – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Әлімбек Оразбеков. Театр сахнасында сан түрлі жанрдағы «Сүрінген Сүрбойдақ», «Сәкен – Сұңқар», «Абай», «7+1» қойылымдарын қойған режиссер бұл спектакльде әдеби нұсқадағы хас дұшпандарды, ел мен жер үшін жан ауыртқан жақын жолдас етіп шығарады. Режиссер басты мәселе етіп кедейлердің қасіретті тағдыры, барымта мен жоқшылық тақсіретін де алмайды. Мұнда ел тағдыры, халық тарихы арқау етілген шындықтың шылбыры жатыр. Аса қиын заманда, тарихи дүниені аузыңа алсаң мойыныңа құрық салар кезеңде Әуезовтің қаламынан туған тамыры терең «Қараш қараш» туындысы тәуелсіз еліміздің театрларының төрінен орын алуға тиісті. Себебі, шығарма – шындық жыры. Повесттегі Бақтығұл прототипі – Кіші Қазан саясатына қарсы шыққан, қазақтың көрнекті тұлғасы Тұрар Рысқұловтың әкесі Рысқұл болса, Жарасбай – Шығыс Талғар облысының болысы Саймасай Үшкемпіров. Әуезов шығармашылығына ден қойсақ, қайсыбір туындысында да халықтың хәлі, қорғансыздың күні, дала өмірі, шындық, адамдық үшін күрес жолы бейнеленеді. Ендеше, суреткердің сахнаға шыққан қай туындысы болмасын шынайылыққа негізделуі шарт.
Қойылымның қоюшы суретшісі – Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері Юлдаш Нурматов. Киім үлгісінің суретшісі – Шынар Елембева. Бақтығұлдың қиындығы арқылы дәл осындай күйде жүрген кедейлердің жайын ұғындыру мақсатында көп сахналарды қараңғы, ымырт уақыт түрінде бейнелейді .
Бақтығұл – жаңа дәуірдің хабаршысы, бастаушысы, ойларын іс-әрекетпен дәлелдейтін кейіпкер. Бақтығұл ролінде – Ержан Нұрымбет. Бұл бейненің сыртқы келбеті осы шығарма желісінде түсірілген «Выстрел на перевале Караш» көркемфильміндегі Бақтығұлдың көркем бейнесін еске салады. Әбден ауыр жұмыс істеп дене тұрқы шыныққанымен, жоқшылықтың табы, қара жұмыстың қаттылығы бет-жүзі қатпарланып, азып-тозған кедей күйін бейнелейді. Дегенмен, режиссер қарадан шыққан жұмысшы мен білімді, ел болысы Жарасбайдың ойлау дәрежесін теңестіреді. Бұл тұрғыда Бақтығұл бейнесі нанымды сомдалған.
Шығармадағы жуан мойын Жарасбайға керісінше түсініктеме берілген. Үстіне жамылған бай-бағландарға лайықты шапаны, оюлы белдігі (Бақтығұлға шешіп беретін) өн бойына жарасқан болыс Жарасбай. Бұл бейненің костюмдері де еріксіз фильмді еске салады. Жарасбай ролінде – Сырым Қашқабаев. Жақсылықтың жаршысы болуға тырысқанымен, соңында өз ұятының отына өзі күйген болыстың бейнесін беруде С.Қашқабаев бірсарындылыққа басымдық беріп алғаны аңғарылады. Рольдің өсу процессі баяу. Жарасбай сахнасына дейін орын алатын оқиғалардың темпортитмі төмен болғаны сондай, артық сахналар көрермендерді негізгі ойдан кері итеріп тастап отырды. Содан да болар Жарасбайдың аузымен айтылатын өткір ойлар мен ұтымды орамдар көрермендерге дұрыс жетпеді. Дегенмен, С.Қашқабаевтың бүл кезге дейінгі Сәкен, Абай сынды тарихи тұлғаларды қайталанбас характерлермен сомдап жүргенін ескерсек, ақылы толысқан, дана Жарасбай бейнесіне аса ізденіске түспеген деген ойға жетеледі. Себебі, Жарасбай жағымды кейіпкер деген сөз ол Абай немесе Сәкен деген сөз емес. Оның бойынан даналық іздегенімен өзге сарында, басқаша формада жеткізе білуі қажет.
Пьесаның фабуласын түсініп, кейіпкеріне өз жадынан үлес қоса білген актерге роль шеңбері де айқын болуы тиіс. Театр сыншысы Ә.Сығайша айтқанда «Данышпан дананың да, қу-сұмның да, білікті сұңғыланың да кескін-келбеттерін жан-дүниесін актерлік «диірменінен» жіптіктей боп өткізіп, есте қаларлық көркем бейне дәрежесіне көтеретін» артистер санаулы. Ал, шеберлік шыңындағы мұндай актерлерді таба білу, тани білу режиссер үшін үлкен жауапкершілік. Аталмыш қойылымда екі актерлік құрам өнер көрсетеді. Режиссер қателікке бой алдырған деуге келмейді. Басты кейіпкерлерден бөлек Жүніс – Жанат Оспанов, Сарысақал – Боранбай Молдабаев, Николай Добродеевич – Ақыш Омар, Қатша – Ботагөз Мақсұтовалар сәтті таңдалған. Бірақ, режисер актердің ішкі жан-дүниесіндегі қабілетін көре, көріп қана қоймай оның ашылуына ықпал ету керек. Әртісті таптаурындылықтан (штамп) құтқаратын да режиссер болуы тиіс. Қосалқы рольдегі бұл актерлердің көбінде соны із байқалмағаны, есте қаларлықтай қайталанбас бейнелер жасалмағаны аңғарылады. Мұнда режиссердің актерлерге берілген көкейкесті мақсаты айқындалмаған немесе актерлерде ұсынылған тосын жағдайды жете қарастырмауы деп баға беруге болады.
«Қазіргі режиссерлер тарихи фактілерді қайта көтеріп, өткен ғасырдағы жазушылардың айта алмаған нақтылы өмірлік мәселелерін толығымен жаңаша оқи бастады. Олар бүгінге дейін жағымсыз деп танылған кейіпкерлерді ақтау шешіміне сай түрлі концепцияларды ұсынды». Ә.Оразбеков бұл қойылымда Жарасбай бейнесін ақтау шешімін қолданған. Одан өзге ұлттық шығарма болғандықтан қолданылған ритуалдар, жер мәселесімен астастырып көрсету, өлім сахнасында Құрандағы бір сүренің оқылуы режиссер өз жадынан қосқысы келген ерекшелік деп қарастыруға болады.
А.Чеховтың тұлғасына айтылған мына бір теңеу М.Әуезов шығармашылығына да дөп келетіндей: «Оның шығармашылығына бір мысқал жалған айту былай тұрсын, титімдей әшекейді, әсіресе қызылды көтермейді». Оны сахналауда да дәл солай. Айналасы жұп-жұмыр дүние жасай білу керек. Бұл тұрғыдан Ә.Оразбеков сахналаған «Қараш Қараш» әлеуметтік драмасында актерлік ансамбль ерекше атмосфера түзе алмады. Дегенмен, шығарма - өміршең, қойылымдағы негізгі ой – тағылымды. Себебі, қазіргі қоғамда да ел үшін жан аямай еңбек еткенімен, бағаламау мен бағаланбаудың шегіне жеткен Жарасбайлар мен қарапайым адамдардың түйсігі жете бермейтін ар саясатының кесірінен тіршіліктен түсініксіз күйде жаза алып жүрген Бақтығұлдар жетерлік. Ендеше, режиссер азаматтық ойын қоса отырып, жаңа көзқараста сахналаған спектакль қай кезеңде де өзектілігін жоғалтпауы тиіс.