Қазақстанның суретші-аниматорлары өздерінің алғашқы жұмыстарын халық ертегілері мен аңыздарын экранға көшіруден бастады. Кейін фольклорды интерпретациялауға, басқаша айтқанда, фольклорлы-экрандық қатынастардың екінші деңгейін игеруге шұғыл кірісті.
Халық ертегілері мен эпостарының негізінде кинокартина шығару—сызба және қуыршақ киносының дамуының заңды құбылысы. Фольклормен байланыс енді дами бастаған республикалық анимацияға тән дүние. Мұны сценарий проблемаларымен түсіндірген оңай. Қазіргі тақырыптарға қатысты кәсіби драматургияның жоқтығынан, суретші-аниматорларға уақыт сынынан өткен әдеби шығармаларды (ертегі, аңыз, әпсәна) экранға шығарудан басқа амал қалмады, деген сынды. Халық ертегісін экранға шығару да, қазіргі тақырыпқа арналған сценарий бойынша картина түсіру де бірдей қиын. Оның үстіне, фольклор тақырыбымен шұғылданатын суретшілердің алдынан бірқатар шығармашылық проблемалар кес-кестейтінін де айта кеткен жөн: экран ұлттық болмысты сақтай отырып, сонымен қатар, кинотілі, мәнері, атмосферасы мен идеясы тұрғысынан қазіргі заманғы дүниені қалай шығаруға болады.
Республикалық суреші-аниматорлардың фольклорға көңіл аударуы, белгілі дәрежеде олардың өз сара жолын іздеу талпаныстарын білдірсе керек. Халық даналығының, әзілі мен лирикасының асыл қызынасы саналатын ертегілер мен аңыздардың ішінен суретшілер үндес тақырыптар мен қызықты сюжеттерді «тауып» қана қоймай, ғайып болған гармония мен шығармашылық шабытқа бөленіп, қазіргі көркемдік идеялардың бастауынан құнартады.
Дені халық ертегілері мен аңыздарының экрандық нұсқасынан тұратын қазақтың сызба және қуыршақ шығармаларының көркемдік, жанрлық және тақырыптық бірлігі, оның драматургиялық негізі—фольклорлық материалында, ұлттық фольклор поэтикасында жатыр.
Жеңіл фабула, түсінікті, қарапайым оқиға, кейіпкер әлемінің түсін түстеу—оны Жамандық пен Жақсылыққа бөлу, табиғат ана мен адам баласының мейірбандық қайнарының салтанат құруы—фольклордың осы эстетикалық қағидалары, біз жоғарыда атап өткендей, қазақ анимациясының атасы — Ә.Хайдаровтың шығармашылығында айқын көрініс тапқан.
Алайда, аталған графикалық мультфильмдерде ұлттық ерекшелік мәселесі дәстүрлі жолмен дәріптелді: кинокартинаның драматургиялық негізі—халық ертегілері, оған қоса, фольклорлық сюжет қажет ететін ұлттық әуендер мен көркемдік шешім.
1970-80 жылдардағы жас режиссура ұлттық болмыс түсінігінің арнасын кеңейте түсті. Олар жаңа тақырыптар мен сюжеттерге құлшына кірісіп, қазіргі анимацияның көркемдік тәсілдерін батыл қолдана отырып, «фольклорлық» мультфильмнің жаңа үлгісін шығарды. Фольклорды игерудің жаңа кезеңі басталды. Мұнда, көріп тұрғанымыздай, қазіргі «бейәдеби» анимацияның пластикалық тілін меңгеру, суретшілер тарапынан халық ертегілері мен аңыздарының оқиға желісін, оның үстіне, бір ғана емес, бірнеше ертегілердің кейіпкерлерін әдейі қатар қолдану орын алады. Фольклорлық материал ерекше авторлық көзқарас пен экрандық үрдіске оңай «келтіріліп» еркін құбылатын. Алайда, осы анимациялық фильмдердің бейнелер әлемі фольклорлық поэтика, ондағы дүниетаным, оптимизм, оқиға соңында жақсылық пен әділдіктің салтанат құруы сынды айнымас негіздерімен астасып жатыр.
1970 жылдардың басында, Әмен Хайдаровтың бастамасымен һәм көркемдік жетекшілігімен жас суретші-аниматорлар жеке-дара режиссерлық жұмыспен айналыса бастады—өз сценарийі бойынша микрофильм түсіру. Өздерінің микрофильмдерімен жас суретшілер киностудия жоспарына қосымша бірліктерді әкеп қана қоймай, азды-көпті, шығармашылық мәселерді шешті—диктор мәтінінсіз, кадрдан тыс түсініктемесіз, диалогсыз, таза көркемдік мультфильмнің қазіргі мәнері мен ұлттық фольклорды астастыру.
Дебютанттардың жұмысы негізінде, тақырыптық, жанрлық және стильдік тұрғысынан аса қызық һәм өзіндік мультфильм — «№1 микромультфильмдер жинағы» шығарылды.
Жинақтың «Қожанасырдың басынан өткен жәйт» атты бірінші хикаясы скетч. Картина «өзің отырған бұтақты шаппа» деген халық нақылына графикалық иллюстрация іспетті. Шығыстың күлкілі оқиғалары мен әпсәналарының кейіпкері Қожанасыр бірде серуендеп жүріп, жалғыз алмасы бар алма ағашын көреді. Оны қолға түсіру үшін қолданбаған амалы қалмайды. Қызықты оқиғаның соңы көңілсіздеу: Қожанасыр өзі шапқан бұтақтан жығылады, ал алманы есегі жеп қояды. Оқиға желісі карикатураға келтіріліп, соған ұқсастырылып жасалған.
Фабуласының жеңілдігі мен драматургиясының қарабайрылығына қарамастан, микрофильмде әзіл басым, көркемдік және дыбыстық трюктар көп. Жас режиссер, өзі сценарист, қоюшы-суретші мен суретші-аниматор болған Әбдікәміл Жүнісов аниматорлық білігін, өндірістік дағдысын, қысқа скетч жанрларына аса қажет әзілінің барлығын көрсете алды. Біздің экранда алғаш рет танымал фольклорлық кейіпкердің анимациялық бейнесі жасалды: микрофильм «Қожанасыр—құрылысшы» фильмінен бұрын түсірілген. Анимациялық шеберлік тұрғысынан келгенде Қожанасырдың мінез-маскасы мен актер ойыны сәтті шықты.
Бір сөзбен айтқанда, микрофильм фольклор материалын қолданудың жаңа бағытын бастап берді. Мұнда, кинокартинаның құрлымына—оқиға желісі мен фабула қатар емес, фольклорлық кейіпкер, оның көркемдік-анимациялық, экранға ыңғайластырылған мінез-құлқы кіргізілген.
«Ғайып құсты аулау» атты екінші хикая суретші-аниматордың шеберлігімен, ырғақты жазбай тануымен ерекшеленеді. Мультфильм шет ел анимациясында кең етек алған, жан біткен карикатура жанрында түсірілген. Кинокартина бірінің ізін ала қайталанатын бірнеше кадрпланнан құрылған: аңшының оқ атуы мен құстың реакциясы. Адам қаруы әуелде—атуға икемді қарапайым қондырғы, кейін—садақ, одан соң—мылтық, ең аяғы—зеңбірек, оның оғы жарылып Ғажайып құсты да аңшыны да мерт қылады.
Микрофильмнің авторы Борис Калистратов кейіпкерлердің көркемдік бейнесін ашуда газет пен жорналдардағы карикатураларға сүйенген. Суреттердің шарттылығы мен жалпыламалығы түпкі ойды жүзеге асыруды едәуір жеңілдетті. Алайда, өкінішке орай, оқиғаның графикалық жұтаңдығы, кейіпкердің сырт пішініндегі ұлттық элементтердің болмауы, «жалпыеуропалық» аталып кеткен, ұлттық өнер болмысын шаятын гарфикалық мәнердегі мультфильмдерді елестетеді.
«Ғажайып құсты аулау» микрофильмі—анимацияның «диснейден кейінгі» эстетикалық қағидаларын сырттай, жанамалай меңгерудің мысалы бола алады.
Кейінгі заман мәнеріндегі сызба мультфильмдерге тән музыкалық және көркемдік қатардың бірізділігі, жинақтың үшінші хикаясы—суретші-аниматор Еркін Сұлтанбеков түсірген «Бозторғай» лирикалық драмасында айқын сезіледі.
Осы микрофильмде «Ақсақ құлан» кинокартинасындағы ізденістердің жемісін көре аламыз: графикалық көркем-сурет музыкамен сәтті әрленген. Экранда қазақтың әйгілі аңыз-ертегісін оқиға желісі мен фабуласы, халық өнері—аңыз-күйдің дәстүрімен шешілген. Режиссер кинокартинаны поэтикалық баян мәнерімен монтаждайды. Драматургиялық үрей музыкаға үндес кадрлерді алмастыру арқылы туындайды. Композициялық құрлымына орай, шығарма анимациялық көркем-сурет пен киномузыканың айнымас бірлігін елестетеді, мұның өзі халықтың аңыз-күйлеріндегі оқиға желісі мен бағдарламалық мінезіне тән. Кинокартинаның көркем-суреттік қатары әрекеттің музыкалық ырғағын бұзбайды: бозторғай мен жылан ұстасатын эпизодтардағы драматизм фонның түсін өзгертумен де жеткізіліп отырады, ал ырғақты монтаж құс ананың ержүректілігі жайлы уақиғаны қазіргі заманғы экран әрекетінің кинематографиялық пластикасына жақындата түседі.
Суретші және режиссер Жайлау Жұмабековтың «Қасиетті есек» микрофильмі де осы мәнерде түсірілген. Шығармада халықтың күлкілі әңгімелеріне жақын ащы мысқылмен діни фанатизм әшкерленеді.
Дегенмен, ұлттық фольклор мен «диснейден кейінгі» анимацияның пластикалық амалдары ұштасқан кезеңде туған, ауыз толтырып айтарлық дүние — Ә.Хайдаровтың бірқатар жас аниматорлар, қоюшы-суретші Ж.Дәненов пен тең режиссер Әбдікәміл Жүнісовпен бірлесе отырып шығарған «Қожанасыр—құрылысшы» кинокартинасы. Бұл жұмыс біздің анимациялық өнеріміздің келесі сатысы еді.
Ә.Хайдаровтың шығармашылығы сөз болған бөлімде, біз «Қожанасыр—құрылысшы» фильмінің жанрлық ерекшеліктері жайлы айтқанбыз, бұл—оқиға желісінің динамикалық құрылымы. Осы жерде біз, мұның өзі фольклорлық материалды қолдану, өзіндік баяндау мен экрандық трансформациялаудың жаңа көркемдік әдісі болғанын атап өткіміз келеді.
Қазақ аниматорлары үшін осы картинадағы жаңалық—шығарманың авторлық тұжырымдамасын анық көрсетіп, оқиға желісі мен фабуланың дамуын айғақтайтын фольклорлық кейіпкердің мінез-маскасына көңіл аудару. Тосын кейіпкерлердің бейнелі-мінезі бар, негізгі ойнатылатын «элемент» мінез-маска болып саналатын фольклорлық кинокартинаның дәстүрлі құрлымына ену—фольклорлық мультфильмнің мүлде өзгеше типологиялық үлгісін тудырады. Жаңа үлгінің мейлінше жарқын дүниесі — «Еуразия—98» Халықаралық кинофестивалінде Бас жүлдені иеленген — Ж.Дәненов пен Ғ.Қыстауовтың «Айдаһар аралы» толықметражды анимациялық фильмі.
Анимациялық фильмдердің ұлттық ерекшеліктеріне қатысты тағы бір маңызды элемент, егер де, бұған дейінгі фильмдерде ұлттық болмыс, айталық, «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» фильміндегідей, кейіпкерді қоршаған ортаның мәнерленген заттық әлемімен, декорациялық фоны немесе пейзажымен келтірілсе, «Қожанасыр—құрылысшы» кинокартинасында авторлар ұлттық ерекшелікті кейіпкердің ұлттық болмыс-мінезімен көрсеткісі келді: дәл осы жерде фольклорлық бейне Қожанасырдың мінез-маскасы. Бұл фольклорды түйсінудің жаңа сатысын, қазақ анимациясындағы көркемдік ізденістердің көбейгенін көрсетеді.
ВГИК түлегі Ж.Даненовтың өзі режиссер болған, екінші сызба фильмі «Ғажап сыбызғы» да ерекше дүние. Фильмнің ерекшелігі сол, суретші өз алдына күрделі шығармашылық мақсаттарды қойып, көркемдік тәсілді жаңартқан.
Көкке атылған үйлерден тыс,
Құмға сіңген қала қазбаларында,
Сынған алдаспан мен ойылған құмыран арасынан
Жәй сыбызғыны тауып таң қаларсың.
Түсініксіз, үрейлі бір әуен
Құлағыңа шалынар,
Жаныңды тербетіп, сезімді оятар,
Шөп басқан әлемге шақырар.
Ежелгі тастардың суреті тірілер,
Һәм шерлі нотамен әуенге қосылар,
Көмескі қабырға бұзылып, керуен бой түзер
Мұхитына өткеннің өзіңді жетелер.
Өткен уақыттың мекиен даласымен,
Алысқа, көк пен жер түйіскен маңайға,
Құмның минутымен, белестер жылымен,
Ғасырлар қойнауына терең бойларсың.
«Ғажайып сыбызғы» мультфильмі осындай кадрден тыс өлең жолдарымен басталады. Режиссер Б.Омаров анимациялық көркем-суретке арнап жазған өлең жолдары кинокартинаның көңіл-күйін айқын білдіреді. Шығармада ежелгі қала қазбаларында табылған фрескалар жайлы поэтикалық жолмен баяндалады. Жас археолог өткеннің поэтикалық әуенін осы заманда естуге тырысып, дәуірлер байланысын түсінгісі келеді. Өзінің қиялы арқылы ол өткен дәуірдің ғажайып әлемін көре алады. Ол ескі қаланың шапқыншылықтан бұзылуының куәсі болады.
«Ғажайып сыбызғы» графикалық фильмі анимациялық тәсілдер арқылы экранда ғайып болып, қайта ашылған өркениетті көрсетеді. Негізгі драматургиялық жүк бейнелік қатарға артылады—композиция тұрғысынан толыққанды, сызба кадрлер автор идеясының иллюстрациясы іспеттес. Режиссер һәм қоюшы-суретші Ж.Дәненов—нейтрал фонда тушпен жасалған суреттердің қатал графикасын гүлдеген жерді керуен басып өтетін эпизодтардағы жарқын бояулармен қабаттастырылады. Мәнері жағынан ұқсамайтын сахналардан тұратын мультфильм жалпы алғанда гармониялық әсер қалдырады. Халық өнерінің жасампаздығы мен өміршеңдігі жайлы ой экранда эмоциональды тереңдікке ие болады. Бұған, сонымен қатар, сурет техникасы да септігін тигізді—суретші ежелгі фресканың пошымын жаңғыртып, көрермен көңілінде мәдениет құндылықтары мен сұлулыққа деген жақындығын тудырады.
Ж.Дәненовтың режиссерлық қолына тән көркемдік бастаудың үстемдігі, оның келесі жұмыстарында—мультфильмдер жинағына енген микрофильмдерінде—айқындала түседі.
Шығыс нақылдарының негізінде жасалған, ішімдікке қарсы «Түбіне дейін іш» микроновелласы, сондай-ақ, бүкіл жануарларды біріне-бірін айдап салғысы келегн торғай жайлы «Қара торғай» халық ертегісі біршама өзгертілді. Қоюшы-суретші, әрі режиссер әдеби сценарийдің баяндау мәнерінен бас тартты.
Экранда—графикалық мазмұнға толы, үздіксіз анимациялық әрекет, әйтсе де, кейіпкер келбетінің шартты-геометриялық өрнектелуі жалпы кинокартинаны қабылдауды қиындата түседі. Үздіксіз анимациялық әрекет арқылы, режиссердің, әдеби сценарийден мүлде бөлек көркем-суреттік драматургияны жасау талпынысы жемісті бола бермейді. Дегенмен, қазақтың сызба мультфильмдерінің көркемдік пластикасын байыта түскен ізденістер, бейнелі-символикаға толы шығармаларда фольклорлық дәстүрді қолдану тәжірибесі назар аударарлық.
«Дала әндері» атты келесі жұмыс—халық ақыны Жамбыл Жабаевтың поэтикалық бейнесін анимация тәсілдері арқылы сомдау талпынысы. Басқаша айтқанда, Жамбылдың «Бесік жыры», «Менің өмірім», «Кеңес Заңдарын мақтан тұтам» шығармаларының экранизациясы. Режиссер және қоюшы-суретші Ж.Дәненов мультфильмнің көркем-суреттік қатарына өз балаларының «кәсіби емес» суреттерін қосқан. Дәл осы балаң суреттер кинокартинаның соңғы эпизодтарының өзінділігі мен поэтикасын арттыра түседі.
Ж.Дәненовтың балалар суретін қолдана отырып графиаклық мультфильм-плакат шығару ойы, өкінішке орай, барлық эпизодтарда жемісті болды дей алмаймыз.
Әйтсе де, біздің анимация үшін жаңа жанрды игерудегі режиссердің ізденістері, «Дала әндері» мультфильмін—әдеби және фольклорлық материал цитата есебінде қолданылатын, жаңа тақырыптық және пластикалық шешімдер іздеудегі тың қадам деп атасақ болады.
Анимация мен фольклорды жанама түрде қолдану Ә.Хайдаровтың графикалық мультфильмдерінде де көрініс тапқан. Бұл фольклорлық шығармалардың негізінде жасалған «Ояну», «Даналық пен байлық», комбинациялық «Қырық өтірік» мультфильмі. Бұл кинокартиналарда халық ертегілері мен әпсәналардың тақырыптық сарыны мен фольклорлық кейіпкерлер ғана қолданылады. Кино шығарманың оқиға желісі жаңадан құрылады.
Экранды-фольклорлық қатынастардағы эволюцияның ұқсас процестері, тікелей байланыс — экранизациядан — жанамалық-фольклорлық сюжеттің, тақырыптың, кейіпкердің интерпретациясы, фольклорлық дәстүрді қолданудың қазіргі цитаталық пішіні, анимацияның барлық түрлерінде орын алады: графикалық, көлемді, қуыршақ, астастырылған анимация.
Мысалы, фольклорлық дәстүрді жанама түрде қолданудағы Ғ.Қыстауовтың «Кәусар бұлақ», «Жынның ғарышта басынан кешкендері» картиналарындағы ізденістері Қазақстанның қуыршақ мультфильмдерінің дамуына айтарлықтай септігін тигізді.
Алайда, анимациядағы айтулы, жемісті жұмыстардың қатарына, анимацияға шектес өнерден келген (театр мен кино) режиссерлар Тамара Мұқанова мен Болат Омаровтың және басқалардың еңбектерін жатқызуға болады.
Кинематографистердің көлемді-қуыршақ анимациясында шығарған мына бір дүниелерін атап өткен жөн: Еревандағы ХІ Бүкілодақтық кинофестивальда анимациядағы дебюты үшін диплом алған «Ақ бота» мультфильмі, алтай халық ертегісінің негізінде жазылған нәзік, көркемдік-поэтикалық кинокартина «Торко Чачак» — «Жібек шашақ», және шығыс әпсәнасының желісімен түсірілген «Үш шебер» фильмі.
Мәнері мен бейнелі-жанрлық таңбасы жағынан мультфильмдер, көлемді-қуыршақ киносының технологиясы бойынша түсірілгеніне қарамастан, біріне-бірі ұқсамайды.
«Ақ Бота» өзінің нәзік лиризмімен, мәрттігі және тұрмыстық даналық тұрғысынан парадоксты жомарттығымен тартымды. Кинокартинада үйреншікті фольклорлық бейнелер трансформацияға ұшырады: Жауыз қасқыр Ақ Ботаны со күйі жемей қояды. Жыртқышты құрбанының аңғалдығы тоқтатады. Осындай ғажайып, ойға сыйымсыз уақиға анимация әлемінде ғана орын алады, өйткені бұл оның көркемдік табиғатына тән. Суретші Е.Бейсембинова шығарған Ботақан мен Қосаяқты қуыршақ бейнелері тартымды, нәзік және актерлік қимылы жағынан икемді.
Кинокартинаның жанрына жауап беретін қуыршақтардың өзіндік лирикалық мәнерде ойнауына септігін тигізген жайт—қуыршақ жүргізушілерінің бірі, режиссер Ж. Құсаиновтың Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік өнер институтының актерлік факультетін бітіргені.
Бір қарағанда, Т.Мұқанованың дебюты—«Торко Чачак»—оның жас әріптестерінің ізденістерінен тыс тұрғандай. Кинокартина дәстүрлі түрде жасалған: кадрлерді баяу алмастыру арқылы халық ертегісін қайта баяндау, кадрден тыс диктор мәтіні. Ең ширақ кейіпкер-қуыршақ Бақсының—бірнеше ауыспалы басы бар, бірі қаһар, бірі—таңырқау, қуану, және т.с.с. бейнелейді, ал жас аңшы мен Торко Чачак (Жібек шашақ) есімді қыз мультфильмнің өне бойында өзгеріссіз қалады. Бірақ, мұның өзі картинаның эмоциональды қатарына, психологиялық салмағына кесірін тигізбейді. Қуыршақтардың мінез-маскаларының эскизділігі, астарлығы, динамикалық статиканың көркем-суретті амалы, көрерменді мультфильмнің поэтикалық әлеміне қанықтырады. Бұл шығарманың әрбір кадры «баян» етеді, драматургияны аша түседі, кейіпкер әлемінің ерек атмосферасын құрап, киношығарманы қабылдаудың өзіндік келбетін келтіреді.
«Үш шебер» шығармасының сценарийін жазған К.Танаев шығыс әпсанасына сүйенген. Үш жолаушы–ағаш жонушы, тігінші мен зергер- таңғажайып нәрсе ойлап тапты: отыннан әдемі қызды ойып шығарады. Ол жас зергердің махаббатынан тіріледі. Төртінші жолаушы—молда—олардың жаратқан дүниесін тартып алуға тырысады. Оның айтуынша, өзі оқыған дұғалардың арқасында қуыршаққа жан бітті. Содан кейін барып, сұлу бойжеткен қайтадан отынға айналады.
Режиссер Б.Омаров мультфильмнің түсіру барысында әдеби сценарийді айтарлықтай өзгертіп, оны авторлық тұжырыммен, тың көзқараспен толықтыра түсті. Діни сарын алынып тасталды: молданың орнын бай алып-сатар басты, ол шеберлерге өз тауарларын қарызға ұсынады: ағаш жонушыға–отын, тігіншіге—мата, зергерге—асыл тастар. Меккеге сапары кезінде кейіпкерлер танысатын шығыстың түрлі түсті базарының орнына, әңгіменің бүкіл тайталасын бойына сіңірген саудагер дүкеніндегі және зергердің шеберханасындағы сахналар ойлап табылды.
Әпсәнаның экрандық соңғы нұсқасы көркемдік жағынан сенімді, композиция тұрғысынан толық һәм кинотілі жағынан дәл болып шықты. Фольклорлық сюжет қазіргі әпсәна деңгейіне көтерілді. Мұнда, мультфильмнің тәсілі арқылы мәтіндегі астарлы ой жеткізілген. «Үш шеберде»—жасампаз суретші мен Сұлулықтың тұрпайы сана әлеміндегі күйі көрсетілген.
Бұл, жас режиссердің алғашқы көлемді жұмысы еді. Осының өзінен-ақ, оның бойында драматургтың да, ырғақты сезіп, кейіпкерлердің көңіл-күйін экранда шынайы көрсете алатын режиссер-аниматордың да қасиеті толық ашылды.
К.Ісмағұлованың сценарийі бойынша түсірілген, режиссер, суретші-аниматор Е.Әбдірахмановтың «Тоқты мен қосаяқтың жақсылық іздегені» атты киношығармасы жанрлық және тақырыптық нақтылығымен ерекшеленеді. Көптеген анимациялық шығармалардың көрермен аудиториясына бағытталған нақтылығымен ерекшелене бермейтіндігі жасырын емес. Кейбір мультфильмдер, тіпті, балалар үшін күрделі де түсініксіз болса, ересектер үшін тұрпайылау, қызықсыз дүние болып шығып жатады.
«Тоқты мен қосаяқтың жақсылық іздегені» атты қуыршақ фильмін шығарушылар мультфильмді қабылдаудағы осындай шұбарлықтан құтыла алды. Бұл киношығарма бүлдіршіндер үшін. Аңғал тоқтының жақсылықты қуып жүріп маңайындағыларға қол ұшын бермей кеткені, мейірбан Қосаяқтың адал достармен танысуы жайлы әңгіме.
Мультфильмнің көркем-суреттік шешімі ғажап. Аниматор, қоюшы-суретші, ВГИК түлегі А. Тоқшабаев киношығарманың кеңістігін толықтыра білді-дала жусаны, қараңғы түн мен күннің жарығы, даланы паналаған жан-жануарлар мен жәндіктер. Оператордың техникасы да айтарлықтай. С. Аралбаевтың камерасы тұсаулы емес, қимылы еркін. Ол кейіпкерлермен бірге сүрініп, жүгіреді, шыңға өрмелейді, әйтпесе, таңсық дүниеге таңырқап тоқтап қарағандай әсер қалдырады. Бір сөзбен айтқанда, кинокамера әлемге фильм кейіпкерлерінің көзімен қарайды. Олардың істегенін істейді. Белгілі дәрежеде ол ертегішінің драматургиялық уәзібін мойнына алады. Киноуақиғаның осындай көркемдік шешімі көлемді қуыршақ киномыз үшін тың.
Е.Әбдірахманов пен суретші-аниматор А. Тоқшабаевтың келесі киношығармалары да материалға тереңінен бойлауымен, дәлдігі һәм экспрессиясымен ерекшеленеді: «Көзілдірікті қоян», ВГИК-тің сценарлық факультетінің түлегі А. Сахариева жазған «Күнекей қыз жайлы ертегі».
Жоғарыда сөз еткен сызба және қуыршақ фильмдер үшін, олардың жанрлық және көркем- пластикалық алуандығына, шығармашылық жетістіктеріне қарамастан, ортақ нәрсе экрандық баяндағы драматургиялық амалдың дәстүрлілігі. Режиссер мен суретші аниматор фольклорлық ертегінің классикалық үлгісін қолданады: олар Жақсылық пен Жамандықтың атам заманғы күресі жайлы асықпай баяндайды. Анимациялық ертегілердің, әпсәналардың кейіпкерлері қайсыбір жақсы мінезімен ерекшеленбейді. Олар Жамандық пен Жақсылықтың символдық бейне белгілері, маскалары сияқты.
«Психологиялық емес» баяндаудың осы мәнері, үшінші жақтан сөйлеу, дисней мектебінің мультфильмдеріне ғана тән емес, қазіргі анимацияда да ол кеңінен көрініс тапқан, әсіресе фольклорлық оқиға желісіне құрылған киношығармаларда.
Балаларға арналған дидактикалық немесе қызықты оқиғаға толы қазіргі материалға негізделген киношығарманы даярлаған кезде суретшілер алдына мүлде бөлек мақсаттар қойылады. Мұнда ұлттық ерекшелікті сақтап қалу мәселесінің қиындығы еселей түседі: қазіргі анимация мәнерін сырттай меңгеру, байқағанымыздай, қазақ режиссерларының бірқатар жұмыстарында кейіпкер бейнесіндегі ұлттық нақыштың жойылуына әкеп соғады. Оның үстіне, бейне символ немесе бейне метафораны емес, психологиялық тұрғыдан ашылған бейне -мінезді шығару қажет. Бұл ашық шартты өнерде өте қиын, кейде, тіпті мүмкін емес. Әдетте анимациялық кинода мінез даралығы кейіпкер келбетімен ғана шектеліп, ал, қимыл-әрекет кезінде—экрандағы актерлық ойынында, яғни, кейіпкердің кинематографиялық өмірінде жойылады. Көп жағдайда, сызба және қуыршақ кейіпкер- адамдардың анимациялық бейнесі, көркем фильмдерде актерлар шығарған мінез бейнелерге қарағанда, экранда жұтаң, тұрпайылау көрінеді.
Мысалы, «Ғажайып қарбыз» киношығармасында авторлар еңбекқор қария мен еріншек немеренің бейнелерін сомдауы керек еді. Қиындығы сол, анимациялық ертегінің кейіпкерлері, жан бітіру мультипликатының әдеттегі жануарлары—қасқыр, қояндар емес, адамдардың сызба бейнелері. Адам баласының бай ішкі әлемін, оның психологиялық нюанстарын экранға жеткізуді былай қойғанда, адамның суреті актерлік ойынға имене бермейді. Қуыршақ фильмінің қоюшы-суретшісі Қ.Сейданов—ВГИК түлегі, дебютант—сценарийде белгіленген Қария мен Немеренің бейнелерін қызықты жеткізе білді. Бірақ, қуыршақты жүргізген кезде кейіпкер қуыршақтардың бейнелері «Ойнамай қойды», аса дәл актер ойынымен баии қоймады.
«Егер де 60 жылдардағы мультипликацияның дамуы көркемдік белгілерге, лаконизмге, кейіпкер бейнесін ашудағы «маскалыққа» деген қызығушылығымен, сондай-ақ, кеңістік–ортаның шартты еркіндігімен ерекшеленсе, бүгінде, драматургия қойған жаңа мақсаттарды суретшілер таңқаларлық тәсілдермен жүзеге асыруда» [1],—деп жазады кинотанушы Е.Н.Никиткина.
Кейіпкердің нақтыланған психологиялық келбетін шығаруға деген құлшыныс, ертегі кейіпкерлерін «тірілту», оларға бұрын соңды тән болмаған дара, нақты сезімдік мінездеме дарыту сызба және қуыршақ кинолардың айнымас бөлшегіне айналды. 1970 жылдардың ең үздік кеңестік мультфильмдері —«Түлкі мен қоян», «Құтан мен тырна», «Арал», «Тұмандағы кірпі», «Полигон» және тағы басқалары, түрлі жанрларда, көркемдік мәнер мен анимация техникасында жасалғанымен, әу бастағы автордың түпкі ойы жағынан бір —кейіпкерлердің мінезіне баса көңіл аударып, экрандағы кейіпкердің ішкі терең толғанысына ден қою.
Осы шығармаларда оқиға желісі, сыртқы ахуал емес, жаңа мазмұндағы интонациялар, қимыл-әрекеттің ерекше атмосферасын келтіретін психологиялық нюанстар маңызға ие. Экранда бір жақты фольклорлық бейнелер—қатыгез қасқыр, қу түлкі немесе қорқақ қоян емес, біздің көзқарасымызды өзгертетін жан-жақты мінездер, нанымды һәм эмоцияға толы бейнелер пайда болады. Киношығарманың астарына көп мән беріледі, көрермен іс-әрекет атмосферасына тартылады, мұндағы көрермен әлемі ертегі желісіндегіден әлдеқайда кең.
Сонымен қатар, анимациялық кинодағы қимыл үстемдігінен алшақтау байқалады, керісінше динамикалық статиканың ролі арта түседі. Т.В.Воронецкая атап өткендей: «Қимыл атаулы үнемі мультипликацияның негізі бола бермейді. Мысалы, А.Хржановскийдің «Көбелек», «Шыны гармоника», И.Иванованың «Керженц маңындағы кеңес», Ю.Норштейннің «Тырна мен Құтан» фильмдерінде статика үлкен көркемдік маңызға ие. Статикалық кадрларда қимыл мен уақыттың нығыздалуы, концентрациясы кескіндеме өнеріне тән. Бұл кадрлар қимыл-әрекеттің дамуының жемісі іспетті»[2].
Әлбетте, кеңес анимациясында 1970 жылдардың басынан бастап дами бастаған кино ойдың қазіргі тенденциясы, Қазақстанның сызба және қуыршақ фильмдерін де айналып өте алмады. 1980 жылдары қазақ анимациясының өрісі кеңейіп, кешегі дебютанттар өздерінің жетістіктерін бекіте түсті, жаңа есімдер пайда болды, сызба және қуыршақ фильмдерінің жалпы кәсіби, көркемдік деңгейі едәуір өсті.
Б.Омаровтың (оның «Үш шебер» атты қуыршақ фильмі жайлы жоғарыда айтқанбыз) жұмыстары көркемдік ізденісі тұғысынан соңғы жетістіктерді пайдаланған, әрі қызықты. ВГИК-тің режиссерлік факультетінің түлегі, ол, анимацияға деректі кинодан келді. Әуел баста оған шартты өнер заңдарын игеру қиынға түсті, деректі кинодағы тәжірибесі, дәйек пен нақтылыққа құштарлық өзіне тұсау болды. Дегенмен, көп ұзамай ол деректі фильм режиссерінің ойлау инерциясынан арылды. Б.Омаров «Портрет» пен «Жас жұбайлар» атты екі новелладан тұратын «Көген» деген фильм-дебютінде, бір тақырыптың өзін түрліше жетікзуге болатынын көрсетті. Егер де «Портрет» деген алғашқы новеллада кейіпкерді бейнелеуде мысқыл басым болса, «жас жұбайлар» новелласында, дәл осы рухани азғындық мәселесі жұмсақтау жетікізіледі. Адамдарға сұлулық дарытатын ғажайып қасиетінен айырылған күйеуді жазғыратын кейіпкерлер немесе кадрдан тыс дауыс емес, ол қазіргі анимацияның мәнерімен жеткізіледі—пантомимо, сюжеттің дамуы, кейіпкерлердің мінездемесі. Ишара, мимика мен кейіпкерлердің күйзелісі актерлық фильмге пара-пар келтіріледі, бірақ «эклер» техникасынсыз.
«Алтын бита» атты екінші қуыршақ фильмінде Б.Омаров қағаз кесінділері, жалпақ қуыршақтар техникасын қолданды. Осы бір анимацияның «Стандарттан тыс» техникасы, белгілі дәрежеде экспрессиялы. Ол көрермендерге пішіннің көркемдік байлығын көрсетеді—фондар мен пейзаждардың алуандығы, ал, сыртқы динамиканың болмауы анимациялық кейіпкердің портрет мінездемесіне көңіл аудартады. Мультфильмде бәрі ойнайды: пауза, кейіпкерлердің тұрысы, кейіпкер өмір сүретін һәм драматургияның элементі ретінде шығып, әлемнің ұлттық ертегілік бейнесін тудыратын заттық орта.
Халық ертегісін экранда жаңаша көрсетуге ұмтылған режиссер Б.Омаров пен қоюшы-суретші М.Мірқасымов фольклорлық сюжетке эпикалық интонациялар қосты. Бірақ, кейде, драматургиялық негіз қарсылық көрсетіп жатады: оқиға жанрдың дәстүрлі шеңберінен асып түседі де, мультфильм анимациялық шарттылығын, ертегілік экспрессияның пластикасын жоғалта бастайды. Түсініксіздік пайда болады: неліктен ғажайып тұлпар баланы құтқара алмайды, баланың қолындағы бита неліктен бұрынғыдай ғажайып келтіре алмайды және т.с.с. Бірақ, сценарийдегі көзге ұрып тұрған жетіспеушіліктеріне қарамастан, фильмде шығармашылық табыстар аз емес. Біздің аниматорлар үшін мүлде жаңа дүние—жалпақ қуыршақ әдістерін кәсіби меңгеру, сонымен қатар, негізгі кейіпкерлерге жан бітірудегі актерлық ойындағы—сөзсіз жетістік. Дәудің бейнесі есте қаларлық—еңгезердей, тапсырылған жұмысты тыңғылықты орындайтын, ләм деп ауыз ашпас құл, Мыстан кемпір де өзінің жауыздығын еріккеннен жасайтындай. Олар болмашы келбеттерімен адамдарды еске түсіретін. Өкінішке орай, жағымды образдар психологиялық тұрғыдан өте әлсіз. Актерлық ойынның жұтаңдығы—мультипликат, драматургиялық салмақтың жоқтығы Қария мен Баланың мінездерін психологиялық тұрғыдан ашпады.
«Көртышқан мен қоян» атты Б.Омаровтың келесі жұмысында біз мейлінше ұшталған мінездермен кездесеміз. Мультфильмнің сюжеті қарапайым да, балаларға түснікті. Бірде көртышқан абайсызда жер бетіне шығып кетеді, сөйтеді де, ұзын құлақ қоянмен танысып, тынышы кетеді. Оған гүл-гүл жайнаған жер мен жаңа досы ұнайды. Бірақ, мінезі шатақ қоян көртышқанды ренжітіп алады. Содан кейін, көртышқан жер бетіне шығуын қояды, тек, әдетінше иірімдерін жоғары қарай қазып барып, күрсінетін. Дегенмен, бірде қоянның басына қауіп төнгенде, қол ұшын берген—көртышқан. Қоян ұялып қалды. Қатты ұялды.
Оқиға желісі мен фабуласы көрсетіп тұрғандай бұл—тап балаларға арналған мультфильм. Дегенмен, экранды рухани эксперессияға толтыра отырып, режиссер көрерменді киноертегі кейіпкерлерімен бірге қуанып, бірге қайғыратындай хәлге жеткізеді. Дәл осы киношығармада, режиссер, көптен бері аңсаған мақсатына қол жеткізеді—бұл көрерменмен байланыс. Шығарма Ю.Норштейннің «Тұмандағы кірпі» фильмінің тәсілімен қойылған. Негізінен кейіпкердің нақты көңіл-күйі мен әрекет атмосферасына баса назар аударылған. Көртышқанның түрлі психологиялық жай-күйін қоюшы-суретші Ж.Дәненов шебер келтіре білді. «Тұмандағы кірпі» мен «Көртышқан мен қоян» фильмдерін салыстырмақ ойымыз жоқ. Ю.Норштейн түсірген шығарма—КСРО-ның Мемлекеттік сыйлығының иегері, бір ғана кеңес одағының емес, әлемдік анимацияның шедеврі. Біздің айтпағымыз, қазіргі сызба және қуыршақ фильмдерінің қазақ аниматорларының шығармашылығына тигізген әсірі.
«Қаңбақ шал» атты графикалық шығармада Б.Омаров өзінің режиссерлік ізденістерін сақтады. Киношығарма дербес сценарий бойынша түсірілді, алайда, онда қазақ фольклорының танымал кейіпкерлері бейнеленген: Қаңбақ шал, сұлу Пері, жауыз, дегенмен мейірбан Жалмауыз кемпір, Перінің аспан бағынан оның сүйікті гүлі—жұлдызды еріккеннен ұрлап алған еңгезердей Дәу. Мультфильмнің сюжеті қарапайым: Қаңбақ шал, осы заманның баласына ертегі әлеміне саяхат құруына көмектеседі.
«Қаңбақ шалда» Б.Омаров кейіпкерлердің анимациялық бейне- мінездерін тереңірек сомдауға тырысқан. Бірінші планға мінсіз оқиға желісі емес, кинематографиялық әрекеттің ерекше атмосферасы, кейіпкерлердің көңіл-күйі, олардың іс-әрекетінің түбегейлі, тіпті, тұрмыстық негізі, себеп-салдары алға шығады. Анимациялық кейіпкерлер, өздерінің фольклорлық нұсқаларынан көшірілмей, тек жанамалай ұқсатылған. Ертегі әлемі күрделене түседі, кейіпкерлер мінезі психологиялық астарға толады. Мыстан кемпір, шынтуайтында, мейірбан болып шығады т.с.с. Басқаша айтқанда, дәстүрлі фольклорлық кейіпкер- маскалардың трансформациясы, анимациялық бейнелердің психологиялық мінездемесі жүзеге асырылады, ертегі- фильмнің көркемдік құрылымы өзгертіледі. Мұнда фольклорлы-анимациялық қатынастар тікелей емес, күрделі, жанама әсерге толы.
Айта кетерлік жайт, фольклорлық оқиға желісінің трансформациясы эстетикалық талғамды талап етеді.
Мысал үшін, «Үш танкист» фильмінде (сценарий авторы Леонард Толстой, режиссер В.Чугунов) барша балаға мәлім «Қызыл телпек» ертегісінің желісі қолданылған. Сұр Қасқыр ойға сыйымсыз құбыжықтың кейпіне еніп, қызды ұстап алғысы келеді, бірақ, қолынан түк келмейді: табан астында құтқарушылар тап болады—үш жауынгер. Фольклорлық оқиғаның осылайша механикалық тәсілмен өзгертілуі нәтиже әперген жоқ: ертегі мультфильм жойылды, ал, ертегідегі қыз бен қазіргі әскери-патриоттық киношығармалардың қаһарманы үш танкист пен ойға сыйымсыз адам кейіпіндегі қасқырдың бір жерден тоғысуы жаныңды түршіктіреді. Бұл шығарма—жай ғана трюктердің жиынтығы болып қалды.
Әйтпесе, «Өзгеру» фильмін алайық. Мұнда режиссер әрі сценарий авторы Ә.Хайдаров өзінің ертедегі «Қожанасыр—құрылысшы» мультфильміндегі тақырыпты жалғастырады. Адамның еріктілігі, рухани дербестілігі туралы терең фәлсәфалық ой толық ашылмады, себебі, ол не көркем-суретпен, не музыкамен, не сөзбен қуатталған жоқ. Шығарманың үш маңызды компоненті драматургиялық идеяны дамытпайды, керісінше, оны қайталап, мультфильмнің көркемдік құндылығына кесірін тигізеді.
Дегенмен, фольклорлық материалдың трансформациясы, жеке шығармалардың әлсіздігіне қарамастан, жалпы алғанда қазақ анимациясын жаңа бейнелі көзқараспен толықтыра түсті.
Жоғарғы эстетикалық мәдениетімен, фольклорлық дәстүрге деген нәзік көзқарасымен ерекшеленетін Б.Омаровтың киношығармалары, республикалық анимацияның жаңа сатысын әйгілеп бергендей. «Көртышқан мен Қоян», «Қаңбақ шал» мультфильмдерінде жаңа кинематографиялық бейненің ізденісі, экрандағы кейіпкердің мінезін аша түсу талпынысы, фольклорлы-экрандық қатынастардың келесі сатысы айғақталғандай.
Б.Омаровтың «Лаула» көлемді-қуыршақ фильмі әсіресе өте қызықты. Шығарма таза пластикалық тәсілдермен, кейіпкерлердің бейнелі-анимациялық қимыл-әрекетімен шешіліп, көптеген киношығармаларға тән кадрден тыс дауыстан бас тартты. Мультфильм кейіпкерлері—ұзын да қысқа, жуан да жіңішке, үш бұрышты, төрт бұрышты Шырақтар. Олар әр түрлі адамдардың топтарын бейнелейді: жастар мен қарттар, ата-аналар мен балалар, қорқақтар мен батырлар.
Оқиғаның тоқетері (сценарий авторы Ә.Хайдаров) сол, қияңқы, ерке Шырақтар өздерінің түпкі мақсаттарын ұмытады—лаулау, жарық беру.
Бұл мультфильмде іздемпаз режиссер кейіпкер мінезін сомдауға тұжырымдық, символикалық тұрғыдан келген. Жоғарыда сөз болған «Үш шебер» киношығармасының жетістіктерін кемсітпей, айтпағымыз, аталған шығармада қуыршақтар адамдардың ишараты мен қимылын имитациялаған еді, актерлік ойынның негізінде—шынайы өмірге ұқсату басым болғандай. «Эклер» тәсіліне жақын, осы бір мәнерде әлемнің жүздеген қуыршақ фильмдері түсірілді.
«Лаула» мультфильмдерінің ерекшелігі сол, киношығарманың фабуласы мен сюжетінің құрылымы, кейіпкер мінезі мен уақиғаны көрерменнің өзі топшылайтындай етіп жасалған. Ол өз тұтынушысы-кинокөрерменнен шығармашылық процестің белсенді қатысушысына айналды. Сірә, қазіргі анимацияның көркемдік мүмкіндіктерінің дамуы дәл осы жолмен жүзеге асырылса керек.
Ә.Хайдаровтың соңғы шығармаларында, Ж.Дәненовтың, Ғ.Қыстауовтың, Б.Омаровтың фильмдерінде көрініс тапқан көркемдік белгіге, лаконизмге, кейіпкер-маскаға деген қызығушылық, 1980 жылдардың басында, анимациялық кейіпкердің ішкі әлемін тереңдетіпкөрсету, әлемнің ұлттық бейнесін іздеуге деген құлшыныспен алмастырылды.
Дәл осы жылдары қазақ анимациясы фольклорлық дәстүрді игерудің үшінші заңды сатысы—цитата пішініне көтерілді. Мұнда сызба және қуыршақ фильмдеріндегі авторлық бастаудың ролі еселене түседі. Және, белгілі дәрежеде киношығарманың ертегілік және ертегіден тыс құрылымындағы шекаралар шайылады.
Т.Мұқанованың «Қайшы», Ә.Әбілқасымовтың «Бекболат» анимациялық фильмдерінде фольклорлық мультфильмнің үйреншікті үлгісінен алшақтау басталады. Бұл шығармаларда кейіпкер бейнесінің күрделілігі және көпжақтылығы экрандық оқиғаларға деген авторлық көзқараспен беріледі, мұның өзі кадрдан тыс дауыспен және шығыс миниатюралары, кілемдері мен суреттеріне ұқсатылған көркемдік шешіммен бедерленген. Мұндағы кеңістік бірінен соң бірі орналасқан жазықтар ретінде көрсетілген, мағыналық акценттер кейіпкерлердің көлеміне сай жасалынған. Экрандағы кейіпкерлердің іс-әрекет уақыты, кеңістік шешімі күрделенеді. Айталық, ВГИК-тің анимация курсының түлегі, режиссер Ә.Әбілқасымовтың «Бекболат» фильмінде, кілемнің құрағы іспетті бірнеше төртбұрышқа бөлінген бір кадрде, әр кейіпкер өзінің уақытында өмір сүреді: оларға тек мультфильмдегі оқиға уақыты ғана ортақ, ол автордың кейіпкерлер мен уақиғаға деген көзқарасымен бекітілген.
XIX Бүкілодақтық кинофестивальдың бас жүлдесін иеленген, режиссер мен суретші Ж.Дәненов пен Ғ.Қыстауовтың «Алпамыс батыр» киношығармасында фольклорға деген көзқарастың еркіндігі айқын көрінеді, һәм бұл жұмыс фольклорлық-анимациялық байланыстардың келесі сатысын бағамдады.
Авторлардың қазақтың белгілі эпосы «Алпамыс батырға» сүйенуінің өзі батыл қадам болды, дегенмен, бұған «экранизация» деген сөз келіңкіремейді. Көлемді эпикалық шығарманы он минуттық фильмге сыйдыру мүмкін еместігі сөзсіз, сондықтан авторлар оқиға желісін қысқартып, жеңілдетіп, кейіпкерлер санын да азайтты. Мысалы, Отанды, отбасыңды қорғау тақырыбын олар көбінеки музыканың күшімен ашады. Әкенің әуені—отан тақырыбы, Отан сарыны іспетті қабылданып, мультфильмнің өн бойында кейіпкердің соңынан қалмайды. Дәл осы тақырып әуенге Алпамыс елітеді: оны құртатын да, құтқаратын да сол. Киношығарма бірегей көркемдік әдіспен, дарынды, поэтикалық һәм графикалық талғаммен жүзеге асырылған. Мультфильмде Ұлы қазақ даласының жаңа анимациялық келбетін келбетін келтіру талпынысы байқалады. Көшпелілердің ежелгі дүниетанымна сай, ол шексіз, басы мен аяғы жоқ Жаһандай, түпсіз көкжиектей көрсетілген.
Алайда, пластикалық қатардың жаңалығы халық мәдениетіне түзу көзқарас мәселесін кемітпейді. Фольклорға деген «цитаталық»көзқарас бұл мультфильмде енді-енді бой көрсетеді. Киношығарманың көркемдік-драматургиялық қатарында фольклорлық материалды талғамдық ұғынудың жаңа сатысы толық көрініс таппаған—эпостың сюжеті мен фабуласы оқта-текте экранда өзді-өз маңыздылыққа ие болып жатады.
Дегенмен, «Алпамыс батыр» анимациялық фильмінің эстетикалық маңызы, оның баянды «фольклорлық» мультфильмнің әдісімен ұлттық эпосты игеруінде емес, суретшінің эпикалық сюжеттің өзіндік авторлық тұжырым үлгісін шығаруға деген талпынысында.
Экрандық-фольклорлық қатынастардың үшінші «цитаталық» сатысы жайлы әңгімеміздің дәргейінде, әсіресе, Ерсаын Әбдірахмановтың, орындалу тәсілі тұрғысынан комбинациялық мультфильмі «Бозторғайды» атап өту қажет. Біздіңше, осы мультфильм қазақ анимациясындағы фольклорлық дәстүрдің дамуындағы жаңа белесті көрсетіп берді.
«Бозторғай» киносюжетінде (екі бөлімді) халық ертегілерінің әлқиссасы қолданылған: «Ерте, ерте, ертеде...». сонымен қатар, қара түсті гаммада шешілген, әлсін-әлсін түсті бояуға кенелетін, фашизммен күрестің хроникалық-деректі кинокадрлері баяу қолданылатын шығарманың драматургиялық құрылымы жалпы алғанда көпқабатты және жан-жақты. Мультфильмде бірнеше сюжет бар: туған елінің тәуелсіздігі үшін жандарын қиған батырлар туралы әженің ертегісі; «эклер» мәнерімен шынайы түсірілген, алыстағы майданда күйеуі мен баласынан айырылған әйелдің қасіреті; киношығарманың болмысын құрайтын бозторғайдың аллегориялық сюжет-сарыны—гүл жайнаған жер, бомбаның жарылысы мен от құшағында қалған өз ұясын төбеден көруі.
Баяндаудың үш қыртысы, көркемдік-драматургиялық пластика тұрғысынан үш бөлек тақырып «Бозторғай» атты сызба-астарлау анимациялық фильмінде эмоциялық пошымы мен мағынасы жағынан бірегей шығармаға ұласып, бейбітшілік пен соғыс туралы терең толғаныстарға итермелейді.
Бұл киношығармада фольклорлық дәстүрді өзгерту бір ғана сюжет пен фабуланың айналасында тоғыспайды: фольклорлы-экрандық байланыс экрандық нұсқадағыдай тура емес, жанама сипатқа ие, мұнда біз фольклорды қолданудың қазіргі «цитаталық» күрделі әдісін көреміз, яғни, кино түрлері мен баяндамалық және баянсыз элементтер жалпы анимациялық фильмнің көркем-суреттік келбетін құрайды.
Фольклор мен анимацияның жанамалық байланысы Жәкен Дәненовтың «Дала әндері», Ғани Қыстауовтың «Кәусар бұлақ», Тамара Мұқанованың «Жібек қылқалам», Болат Омаровтың «Қаңбақ шал» мультфильмдерінде одан әрі дамығаны айқын көрінеді.
Аманжол Әбілқасымовтың «Бекболат», Жәкен Дәненов пен Ғани Қыстауовтың «Алпамыс батыр», Ерсайын Әдірахмановтың «Бозторғай» атты, бейнелік-драматургиялық құрылымы мен орындалу техникасы жағынан күрделі мультфильмдерінде қазақ аниматорлары фольклоры-экрандық байланыстың қазіргі үлгісін алғаш рет игере бастаған еді. Осы тектес дүниелер Ю.Норштейн мен Р.Рааматтың шығармаларынан бастау алады. 1980 жылдардағы қазақ сызба және қуыршақ фильмдерінде мұндай көркемдік бағыттың пайда болуы, түрлі кинематографиялық мектептердің жемісті байланысын дәлелдей түсіп, қазіргі анимацияда экрандық және фольклорлы-экрандық байланыстардың болашағы барын көрсетеді.
КСРО ыдырап, Қазақстан Респуликасы тәуелсіздік алған 1990 һәм одан кейінгі жылдары сызба және қуыршақ фильмдері құлдырай бастады, мұның сыры кинематографтың нарықтық қатынастарға көшуінде жатыр. Жас мемлекет ішінара ғана көркем фильмдерді қаржыландырып отырады: мерейтойларға арналған фильмдер, тарихи фильмдер, сондай-ақ, кинохроника мен деректі фильмдер, ал, анимация болса елеусіз қалды.
2000 жылдан бастап, «Хабар» және басқа да телеарналар, «Қазақфильм» Ұлттық компаниясы мен Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы анимациялық киноны жаңғыртуға бел буды. Компьютерлік технологияны қолданып, «Қозы Көрпеш—Баян сұлу», «Құйыршық», «Алдар көсе мен шайтандар» атты телесериялдар түсіріледі. Алайда, көркемдік тұрғыдан алғанда, бұл фильмдер фольклорлы-экрандық қатынастардың алғашқы сатысында тұр: экранизация мен фольклордың желісімен фильм жасау. Шығыс пен Батыстың көркемдік дәстүрін игерудің қазіргі күрделі цитаталық сатысын меңгергенін режиссер-аниматорлар, суретшілер мен сценаристер Жәкен Дәненов пен Ғани Қыстауов көрсете білді. Олардың бірлесіп жасаған авторлық шығармалары «Айдаһар аралы» (Халықаралық «Еуразия - 98» кинофестивалінің Бас жүлдесі), «Дүние кезек» («Шәкен жұлдыздары» кинофестивалінде ең үздік анимациялық фильм, 2003), «Ақсақ құлан» («Астана–Бәйтерек» байқауында ең үздік анимациялық фильм, 2004).
Басқаша айтқанда, көрерменге бағытталған қазіргі қазақ анимациясында фольклор дәстүрін игеру жалғасын табуда, алайда, фольклорлы–экрандық байланыстар қайтадан басынан басталған іспетті. Бірақ, бұл бастама тың. Фольклорлы–экрандық байланыстар осы күні–сызба және қуыршақ фильмдерін жасағанда компьютерлік технологияны қолданумен ерекшеленеді. Шамасы, компьютерлік анимацияда, біз жоғарыда атап өткен, фольклорлы–экрандық байланыстардың сатылары едәуір жылдам һәм тиімді өткерілетін шығар.
Қолданылған материалдар:
«Қазақ киносының тарихы» (оқулық)
ҚР Білім және ғылым министрлігі, Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА,
Б.Р.Нөгербек, Г.Қ.Наурызбекова, Н.Р. Мұқышева – Алматы: ИздатМаркет, 2005.
- Никиткмна Е. Н. Звукозрительный синтез и проблема обогащения характеристики героя мультфильма. //Основные тематические и жанровые в советском киноискусстве 70-80-годов. — М: ВГИК, 1984. —91-бет.
- Воронецкая Т.В. Соотношение рисунка движения и мультипликации // Основные тематические и жанровые направления в советском киноискусстве 70-80-х годов. —М:ВГИК, 1964. —104-бет.