Гүлжан НАУРЫЗБЕКОВА
Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА профессоры, кинотанушы
3.1. Тарихи-революциялық және Ұлы Отан соғысы тақырыбындағы фильмдер
Ұлттық кино өнеріміздің дамуының бастапқы кезеңіндегі алғашқы көркемсуретті фильмдердің тақырып аясы ел өміріндегі өтпелі тарихи кезеңдер мен тарихи тұлғалар өмірінен алынған биографиялық деректерге негізделді.
Қазақ киносы шежіресінде тарихи және биографиялық жанрдағы экрандық шығармалар «Амангелді» (1938ж,реж.М.Левин) фильмінен бастау алады. 1916 жылы таптық және ұлттық езушіліктің, соғысқа деген өшпенділіктің күшеюі ұлт-азаттық көтерілісінің бірден-бір себепкері болды. Көтерілістің шығуына басты қозғаушы күш болған факторлар - әлеуметтік-экономикалық және саяси сипаттағы құбылыстар. «Амангелді» фильмінің алғашқы кадрларынан 1916-жылғы оқиғаға кіріспе ретінде көтерілістің себепкері болған «қара тізім» характеристикасы ашылады. Бай-шонжарлардың өзара сыбыр-күбірінен қара жұмысқа алынуға тиіс ауыл қазақтарының тізімін саралап жатқандығы белгілі болды. Дәл осы тұстан бас кейіпкер бірден оқиғаға енгізіледі.
Қазақстандағы ұлт-азаттық көтерілісінің белгілі қолбасшыларының бірі болған Амангелді Иманов бейнесін экранда көрсету арқылы қазақ халқы өміріндегі тұтас бір кезең қамтылады. Тарихи құжаттарға жүгінсек, азамат соғысы жылдарында Қазақстан территориясының әр жерінен бұрқ етіп көтеріліп қалып жатқан ұлт-азаттық көтерілістің ең қуаттысы Амангелді басқарған Торғай өңіріндегі көтеріліс болды, бастапқыда жүздеп, кейінірек үсті-үстіне қосыла бастаған жауынгерлердің саны бірте-бірте аса жылдам қарқынмен еселей түседі. Көтерілістің ең шырқау тұсында Амангелді сарбаздарының саны 50 мыңнан асып жығылатын болды. Талантты әскери қолбасшы ретінде Амангелді қол астындағы жауынгерлерді ондыққа, жүздікке, мыңдыққа бөліп, жүйелі әрі тәртіпті түрде тиянақты әскери организм құрайды.
Өмірде болған кейіпкердің образын жасау кинематографистік тәсілдер арқылы жүзеге асырылады. Фильм басынан соңына дейін тек бір ғана Амангелді бейнесі арқылы қоғамдағы өзгерістер эволюциясын да байқау мүмкін болды. Ұлт-азаттық көтерілісінің маңызы мен халық өміріндегі болып жатқан өзгерістер Амангелді көзімен, оның бағалауымен жеткізіледі.
«Амангелді» фильмінен кейін тарихи-революциялық тақырып «Алматы» киностудиясында 1954 жылы түсірілген «Дала қызы» фильмінде көрініс тапты. Бұл фильм - Шәкен Аймановтың екінші режиссерлық жұмысы. Фильмге арқау болған тақырып – жиырмасыншы жылдар тұсында қазақ даласына келген жаңалық – революция жаңғырығы нәтижесінде қазақ әйелінің бас бостандығына ие болуы. Бас кейіпкердің жаңа өмірге деген көзқарасы оның білімге ұмтылуы арқылы көрнекті ғалым дәрежесіне дейін жетуі сатылай көрсетіледі және сол арқылы жаңа ортада жеке адам характерінің қалыптасуын сипаттау басты мақсат ретінде қойылады.
«Дала қызы» фильмінің композициялық құрылымындағы кейіпкерлік тартыс жүйесі бір адам тағдырының өмір жолындағы әр кезеңінде қалай өзгергендігі төңірегінде өрбітіледі. Осы тұрғыдан алғанда екінші пландағы кейіпкерлердің атқарар ролі аса маңызды болып тұр. Ақтанбай байдың (Елубай Өмірзақов) есігінде жалшы болып жүрген жетім-қыз Нұржамалдың (С.Назарова) басы саудаға түсіп, Малбағарға сатылған тұсы Кеңес үкіметінің енді ғана орнаған алғашқы жылдарына сәйкес келді. Малын, байлығын шет елге алып шығуға ниет қылған Ақтанбайға жол көрсетуге тиіс болған Малбағар Нұржамалды алуға келісімін береді. Шекараға жақындаған тұста Нұржамалдың жалбарынған сөздеріне жүрегі жібіген Малбағар оны босатуға бел байлайды, көпшіліктің көзін ала бере, Нұржамалдың байланған қолдарын шешіп, тау-тастың арасымен қашырып жібереді. Ақтанбай ауылы бәрібір ойлағандарына жете алмады, тау арасында оларды қызыл әскер отряды қамауға алады. Арада көп жылдар өтеді, кешегі жетім қыз енді маманданған дәрігер болып туған жеріне қайта оралады. Медицина институтын бітірген Нұржамал (З.Шәріпова) ауыл адамдарын емдеумен ғана шектелмейді, ол сонымен қатар, тау жақтауларында өсетін әр түрлі шипалы шөптердің қасиеттерін зерттеумен шұғылдана бастайды. Көп жылғы ізденістері жемісті болып, соғыс аяқталған алғашқы жылдарда Нұржамал ғалым-маман ретінде Алматыға қызметке шақырылады. Шәкен Аймановтың «Дала қызы» фильміндегі бір кейіпкердің өмір жолын бақылау нәтижесінде характерлік өзгеріс сатыларын фильм композициясынан толық дәрежеде көруге мүмкіндік болды. Фильмге Капан Бадыров, Нұрмұхан Жантурин сияқты танымал актерлар түскен.
Елуінші жылдар тұсында революция тақырыбын әдеби шығармадан экрандалған фильмдер арқылы ашудың үздік мысалы 1957 жылы экранға шыққан «Ботагөз» фильмі бола алады. Белгілі жазушы Сәбит Мұқановтың шығармасы бойынша түсірілген «Ботагөз» фильмінде әдеби нұсқада кездесетін кейіпкерлер әлемі еш өзгеріске ұшырамай, сол қалпында тұтас сақталған.
Жас кезінен басына іс түсіп, Итбай байдың «шапағатынан» тәуелді болып қалған Ботагөз біраз қыспақ көреді. Бұған қолқа салып, көңілін білдірген байдың бетін қайтарған Ботагөз өз ауылының адамдарына Итбайдың ызғарын төндіргенін білмей де қалады. Бүкіл ауыл ауыр жұмысқа қуғындалады. Ауылдастары, әрине, Ботагөзді кінәлайды. Бір жағынан Итбай, екінші жағынан мұны қарғаған ауылдастары - Ботагөз әбден қиналады. Сонда да ол еш мойымайды, оның жүрегін жылытатын құдырет- Асқарға деген махаббат сезімі. Аскар (Э.Даулбаев) революционер ретінде танылып, жазықсыздан-жазықсыз айдалып кетеді, түрмеден қашып шығып Амантай (Ы.Ноғайбаев) отрядына қосылған шақтан Ботагөз екеуінің өмір жолы бірге өтеді.
Бұл фильмде революция тақырыбы жанамалай қамтылған. Болған оқиғаның нақтылығынан гөрі, оқиғаға кейіпкерлердің көзқарасы арқылы берілетін саралау, сол арқылы қоғамдағы өзгерістерге баға беру сияқты құбылыстар басымырақ байқалады. Негізгі оқиғалық тармақтар әдеби нұсқадан алшақтамаса да, экрандық шығарма вариантында бас кейіпкерлердің мінез ерекшеліктері біраз өзгерістерге ұшыраған. Егер романдағы Ботагөз мінезі өткір, қайсарлығы басым болса, фильмдегі Ботагөз (Г.Исмаилова) әлдеқайда нәзіктеу, жаны тым жаралы кейіпкер болып отыр. Алексей Кулаковтың (В.Кузнецов) бейнесі романдағыдан әлдеқайда күрделі болып шыққан. Экрандық кейіпкер мінезіндегі ерекшеліктер оның орта сипатынан тәуелділігінде болып отыр. Ал, бұл тәуелділік оқиға динамикасының өзгеруіне байланысты сан құбылып отырады. Осындай өзгерістерге Итбай да, Ботагөз де, Асқар мен Амантай да, Лиза және Алексей де қамтылған.
1966 жылы революция тақырыбын негізге алған режиссер Абдолла Қарсақбаевтың «Қилы кезең» атты көркемсуретті фильмі экранға шығады. Бұл шығармада 1918 жылдың оқиғасы баяндалады. Жиырмасыншы жылдар - Қазақстан жерінен жаңа өкімет қыспағына шыдамаған бай және орта шаруалар шет елге өтіп кетіп жатқан аласапыран кезең еді. Қызыл комиссар Тоқтар Байтенов чекистер отрядымен қашып жатқан топтарды шекара тұсынан ұстап қалуға жедел тапсырма алады. Қазақ елінің басына түскен сол бір қилы кезең жылдарында екі тап өкілдерінің арасындағы тартыс драмалық шегіне жете мейлінше шынайы суреттелген. Фильм оқиғасы өте жылдам қарқынмен дамиды. Басты рольдерде Ы.Ноғайбаев, А.Шамиев, А.Әшімов, Ә.Молдабеков, Н.Ықтымбаев, Қ.Жандарбеков.
Шәкен Аймановтың ең соңғы экрандық шығармасы «Атаманның ақыры» (1970ж) көркемсуретті фильмі қазақ киносының аталып отырған кезеңінде тарихи-биографиялық жанрды одан әрі жалғастырады. Сценарий авторлары - А.Михалков-Кончаловский, Э.Тропинин. Фильм оқиғасы азамат соғысы кезеңін қамтиды және тарихи деректерге негізделген.
Ақ гвардияшылардың атаман Дутов басқарған отрядының Қазақстанға шабуылының алдын алудағы совет чекистерінің ерлігіне арналған. Оқиға Қазақстан және Қытай территориясында өтеді. Басты сюжеттік тармақ капитан Чадьяровтың төңірегінде өрбітіледі. Киношығарма жанрының тарихи тақырыпқа толық сәйкестілігі «Атаманның ақыры» фильмінің үлкен жеңісі деуге болады. «Күрделі сюжеттік детектив» жанрында түсірілген бұл фильмнің экрандық шығарма заңдылықтардың белгілерін толық сақтап, кәсіби деңгейге көтерілгендігін айту керек. Тарихи оқиға негізіне сүйенгенімен де, режиссер тарапынан жеке кейіпкерінің ішкі дүниесіндегі тереңдік арқылы сюжеттік тармаққа бояу беруінің мәнісі - өз кейіпкерлерінің әртүрлі өмір жағдайындағы мінезіндегі ерекшеліктердің ашылу мүмкіндіктерін көрсету еді, сол арқылы деректі материалға көркемдік шешім енгізу. Сол себептен де шығар, «Атаманның ақыры» фильміндегі тұтас ритм жеке эпизодтардың ерекшеліктерімен табиғи үйлесімділік тапқан.
Басты рольдерде – А. Әшімов, В.Авдюшко, Г.Юдин, Ю.Саранцев, В.Стржельчик, Н.Жантөрин, Н.Ықтымбаев, А.Елеуова, З.Сетеков, О.Ли.
Фильм 1972 жылы Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығына ие болады. Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының иегері деген атақ басты рольді сомдағаны үшін актер Асанәлі Әшімовке, сценарий авторлары А.Михалков-Кончаловский мен Э.Тропининге беріледі.
Тарихи-биографиялық жанрдағы режиссер Абдолла Қарсақбаевтың «Біздің Ғани» (1972ж, сц.авт.Л.Толстой, опер. Ә.Кастеев) фильмі азамат соғысы жылдарындағы оқиғаларды қамтиды. Фильмге белгілі қоғам қайраткері Ғани Мұратбаевтың өміріндегі екі кезеңдік оқиға жиынтығы негіз болған.
Басты рольдерде - Құман Тастанбеков, А.Лисянская, А.Золотницкий, К.Қожабеков, Е.Красавцев, А.Кенжеев, М.Өтекешова, З.Мендибаев.
Тарихи-революциялық тақырып режиссер Мәжит Бегалиннің «Отқа оранған Орал» (1975) фильмінде жалғасады. Мәжит Бегалин фильмдеріне тән бір ерекшелік, қай кезең сипаты фильмге негіз болса, сол уақыттың экрандағы көрінісі туындының өн бойынан жаңғырып тұрады. Әр эпизод, әр кейіпкер мейлінше нақтыланып, заман сипаты аса шынайылықпен беріледі. «Отқа оранған Орал» фильмінде Қазақстан тарихындағы елеулі күндердің бірі - Деникин мен Колчак армиясының басқыншылығынан Орал қаласын 70 күн бойы қорғап тұрған қызыл әскерлердің ерлігі жайында айтылады.
Бұл фильмнің экранға барар жолы ауыр болды. Шығармаға таңдалған тақырыптың аса маңыздылығына орай Орталық өкімет тарапынан бұл жобаға өте зор ынта аударылады. Фильмді түсіру барысында «Мосфильм» киностудиясынан массовкаға арналған арнайы кавалерия қамтылады. Фильм аяқталған тұста қабылдау комиссиясы бірнеше дүркін қайтарып, болымсыз жерлерден кемшілік тауып жатты. Көп өзгертулер енгізіле келе, ақыр соңында бастапқы сценарий бағытынан ауытқып кеткен жағдай байқалады. Фильм композициясында кездесіп қалып жатқан кемшіліктерге қарамастан, «Отқа оранған Орал» фильмін қазақ киносының тарихи-революциялық тақырыбына өзіндік үлес қосқан фильм деп бағалауға болады.
Ұлы Отан соғысы тақырыбындағы фильмдер
Алпысыншы-жетпісінші жылдар тұсында қазақ киносының тарихында әр түрлі тақырыпты меңгеру және жанрлық түрлену құбылысы кең етек жайды. Егер жаңа заман және замандас тақырыбы тұрғысында қамтылған фильмдердің көркемдік деңгейі әлі де болса бір жақты иллюстративтік суреттеу аумағынан шыға алмай жатқан болса, осы кезеңде экранға шыққан Ұлы Отан соғысы тақырыбындағы фильмдердің көркемдік деңгейі ұлттық киномызды жаңа деңгейге көтере алды. «Ана туралы аңыз» (1963, реж.А.Карпов, сц.авт. А.Ташенов), «Атамекен» (1966, реж.Ш.Айманов, сц.авт.О.Сүлейменов) фильмдері осының дәлелі бола алады.
«Ана туралы аңыз» фильмінде өмірдің бояусыз шын көріністері орын алған. Кино тілінің суреттеу заңдылықтары тұрғысынан кездесіп жатқан кейбір болымсыз ғана кемшіліктері тұтас фильм құрылымындағы тереңдік және соншалықты табиғи үйлесім тапқан орта және кейіпкер атмосферасында мүлдем көзге көрінбестей білінбей кетеді. Фильмге тақырып болып отырған оқиға – қарапайым ананың (Әмина Өмірзақова) өмірі, оның жалғыз баласына деген аналық зор махаббаты. Он жетіге енді ғана толған балғын бозбала Асанын соғысқа аттандырып, енді күн сайын баласынан хат-хабар күткен ананың жан күйзелісі көрерменді соншалықты тебірентеді. Ананың бейнесі арқылы соғыс жылдарының ауыр сипаты берілген. Күн сайын біреу емес, бірнеше «қара қағаз» жеткізіп, ауыр аманаттың хабаршысы болуға мәжбүр болған ана ауылдастарының қайғыларына қабырғасы қайысып, мүлдем тұнжырай түседі. Почта таситын сөмкесін арқалап, ауыл көшесімен келе жатқан оған әр үй алдынан үмітпен қараған қаншама көздер жәудіреп артында қалып жатыр. Хат күткендер қаншама, қаралы хабар алып жатқандар да аз емес....ауыр кезең, ауыр тағдырлар. Осының бәрін көріп жүрген ана белін бекем буып, қайраттана түседі.
Фильмнің өн бойында өте әсерлі эпизодтар баршылық. Мысал ретінде мына бір эпизодты алуға болады. ...Орталықтағы конторға аяғын ілби басып ана әрең келе жатыр. Жол-жөнекей кездескендер оның біреуге қаралы хабар әкеле жатқанын бірден сезіп қалып жатыр, пендемісің деген, әйтеуір өздерінің ауласына бұрылмай өтіп кеткеніне қуанатын да сияқты...Конторға қарай тура өткенінен ауыл адамдары хатшы шалдың үйіне қаралы қағаз келгенін бірден сезді. Ана аяғын ілби басып, контордың алдында біраз кібіртіктеп қалды..., қинала-қинала есікті зілмен әрең ашты. Хатшы шал күндегісіндей жұмыс басты болып отыр екен. Ананың келгенін көріп, ол қуана бері қарай жылжиды... Ана болса, оған тік қарай алмай, көзін алып қашады. Столының жанына жақындап, сәл жымиғандай шырай білдірді... Сөмкесінен будақ-будақ газеттерді шығара бастады, хатшы шал оларды аударыстырып жатыр, арасынан әлдене іздегендей сыңайы бар. Ана үрейлі екендігін сездіргісі келмей, бөтен біреудің үш бұрышты хатын шалдың қолына ұстата салды. Шал үлкен үмітпен хаттың адресін оқып еді, басқа біреудікі болғанына соншалықты қынжылды, алайда, онысын сездіргісі келмей анаға қалжыңдап қояды. Бағанадан соншалықты әбіржіген ананың мына түрінен оның өзі-ақ бір сұмдықтың шет-жағасын сезінгендей, бірақ, сенгісі келмейді, қаралы хабар есту сәтін сәл де болса ығыстыра тұрмақшы ... байғұс шалдың бұл жағдайын ана да сезді, бірақ қара қағазды қолына ұстатуға дәті барар емес...Ана бір сәтке шалдың бетіне қадала қарап, енді айта берейін дегенде, басы айналып, көзі қарауытып құлап бара жатты... шал оны демеп қалды, енді екеуі орындықта қатар отыр... «шаршап жүргеніңді білем, азырақ деміңді ал, мен саған шай демдеп жіберейін» -, деп шал басқа бөлмеге кіріп кетеді. Осы бір қас-қағым сәтті пайдаланған ана қаралы хатты стол үстіне қоя салып, сыртқа атып шығады. Шал болса, бәрін түсінді, екінші бөлмеде қолындағы шәйнегін солғын ғана ұстап, орындықта шарасыздықтан басы төмен салбырып отыра берді..отыра берді, ол үшін өмірдің мәні бір сәтте жоқ болғандай. Бергі бөлмеге қайта кірген шалдың көзі стол үстінде «мұздай» болып жатқан қаралы қағазға түседі...
Бұл алмасып жатқан кадрлардың әсерлі шыққаны соншалық, көрермен үшін соғыс жылдарының ауыр салмағы айқын сезіледі. Фильмнің үлкен жетістігінің бірі - ананың ролін сомдаған Әмина Өмірзақованың актерлық шеберлігі. Актриса сомдаған ана бейнесі – адами қасиеттердің ең үлгілі сипаттарын жинақтаған кейіпкер болып отыр. Қасіретке мойымай, қайратты мінез көрсеткен ана соғыс жылдарындағы рухани азап ортасында жүрген адамның бейнесін шынайы жеткізе білді. Бұл фильмде соғыс алаңынан айқын көрсетілетін атыс-шабыс элементтері жоқ, алайда, соғыстың ауыр сипаты тыл адамдарының тіршілігі арқылы соншалықты шынайы берілген. Ана сол адамдардың жинақталған бейнесі, әр үйге қаралы хабар жеткізу жас қыздардың шамасынан тыс қалып жатқанда, сол пошташының сөмкесін бұл көтеруге мәжбүр болады. Ендігі жерде әр үйдің қазасы мұның қазасы, әр үйдегі жоқтау мұның жоқтауы... Әмина Өмірзақова өзінің кейіпкері мінезіндегі, оның ішкі жан-дүниесіндегі өзгерісті дәл таба білген. Актер ойынының шеберлігі нәтижесінде фильмдегі бір ғана кейіпкердің тағдыры, оның жан тебіренісі арқылы тұтас халықтық сипат алған құбылысты бақылауға мүмкіндік бар.
«Ана туралы аңыз» фильмін көрермен де, кино саласындағы мамандар да аса жоғары бағалады, 1966 жылы бұл фильм Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығын иеленеді, қоюшы-режиссер А.Карпов, фильмнің операторы А.Ашрапов және бас рольді сомдаған Ә.Өмірзақова да Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанады. 1964 жылы Ленинград қаласында өткен Бірінші Бүкілодақтық кинофестивальда Әмина Өмірзақова ең үздік әйел бейнесі үшін деген жүлдені жеңіп алады. 1964 жылы «Ана туралы аңыз» фильмі Карловы Вары (Чехословакия) қаласында өткен Халықаралық кинофестивальға қатысады және арнайы дипломды иеленеді.
Қазақ киносының алтын қорына енген Шәкен Аймановтың «Атамекен» (1966, сц.авт.О.Сүлейменов) фильмі соғыс тақырыбын жанамалай қамтығанымен де, тақырып ашу мүмкіндігі жағынан ұлттық режиссура деңгейін жаңа сатыға көтерген құнды шығарма ретінде аса жоғары бағаланады. Олжас Сүлейменовтың сценарийі бойынша түсірілген «Атамекен» фильмі киношығарма құрылымына поэтикалық сарын енгізу әдісінің сәтті мысалы бола алады. Фильмге тақырып болып отырған оқиға соғыста қаза тауып, Ленинград қаласының маңында жерленген қазақ жауынгерінің сүйегін еліне қайтарғысы келген оның әкесі мен баласының басынан өткендері мен тебіреніс-толғаныстары. Бас кейіпкерлер - атасы мен немересі алыс жолға шығады. Жол-жөнекей олар басқа адамдармен танысады, араласады. Кейіпкерлердің өзара әңгімесі барысында көрермен ұлттық таным, қазақи тәрбие төңірегінде біраз мәліметтер алып отырады. Жеріне, еліне деген сүйіспеншілік сезімі кейіпкерлер әрекеттері арқылы бір ғана ауыл, бір ғана ел, бір ғана ұлт шеңберінен шығып, жалпы адамзаттық мағынаға ие болады. Он төрт жастағы Баян (Мұрат Ахмадиев) жолдағы кездескен адамдармен өте тез тіл табысады, әр нәрсеге еліктегіш, табиғатынан елгезек. Оның атасы (Елубай Өмірзақов) ұлттық салт, қазақы дәстүрді қатал сақтайтын адам ретінде немересінің орыстармен тез ортақ тіл тауып, араласып кеткеніне аса көңілі тола қоймайды. Өзін аулақтау ұстап, Баянға үнемі ескерту жасап отырады. Табиғатынан соншалықты қытымыр емес қарт адам жол бойында біраз адамдармен (шешен шал, профессор) араласып, өзі үшін өмірдің басқа қыр-сырын енді ашқандай болады. Баян да осы сапар барысында «Отан» деген ұғымның қаншалықты маңызды екендігіне енді көз жеткізгендей әсерде қалады. Баянның әкесі жерленген орыс деревнясына жеткенде ол өзінің қатарласы орыс баламен танысады, оның да әкесі соғыста қаза болған және ол басқа жақта жерленген екен. Әр жақта, әр елде қалып қойған соғыс ардагерлерінің аңсағаны бір ғана отанға деген сүйіспеншілік, сол отанды жаудан қорғау болды. Осыны түсінген атасы мен Баян елдеріне басқа көзқараспен қайтады. Бас кейіпкерлердің ішкі тебіреністерін дәлірек сезінуге мүмкіндік беріп тұрған ірі пландар, табиғи көріністік қатар – осының бәрі фильмдегі философиялық мазмұнды аса тереңдетуге себеп болып тұр.
«Атамекен» фильмі Душанбе қаласында өткен Орталық Азия елдері фильмдерінің конкурсында (1967ж) өте жоғарғы бағаға ие болып, «Горный хрусталь» жүлдесін иеленеді.
Мәжит Бегалиннің соғыс тақырыбындағы фильмдері
Қазақ киносы тарихында соғыс тақырыбының меңгерілу деңгейіне режиссер Мәжит Бегалиннің үлесі айтарлықтай болды. Режиссердың тарихи тақырыптағы фильмдерінің ерекшелігі - белгілі бір қайраткер немесе ел тарихында елеулі із қалдырған халқына танымал адамдарды фильмдеріне кейіпкер ете отырып, олардың өмірін суреттейтін биографиялық тармақ арқылы жанрлар үйлесімділігін меңгергендігі болып отыр. Ұлы тұлғалар арқылы биографиялық фильм дәстүрін соғыс тақырыбына да үйлестіре білген Мәжит Бегалиннің Шоқан бейнесінен кейінгі экрандық кейіпкері аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлы болды.
Өзі жауынгер болып Ұлы Отан соғысына қатынасқан, жаралы болып елге оралған соғыс ардагері Мәжит Бегалин кинодағы шығармашылық жолында соғыс тақырыбына жиі оралатындығын сол кезеңде өз басынан өткен оқиғалардың естелігінің әсерінен дейді. Майдандастары алдында, соғыс даласында қаза болған 350 мыңнан астам қандастарының жанқиярлық ерлігі алдында ол қазақтың батыл да батыр жауынгерінің экрандық бейнесін жасауды армандады, сол ойын жүзеге асыруды мақсат етті. Соғыс аяқталғаннан кейінгі алғашқы жылдарда ВГИК-тің соңғы курсында оқып жүрген Мәжит Бегалин С.Бондарчук, Я.Сегель, Г.Чухрайлармен араласа жүріп, соғыс тақырыбындағы ойларын біртіндеп жетілдіре бастайды.
Ұлы Отан соғысы тақырыбындағы алғашқы фильміне сценарийді Мәжит Бегалин драматург Василий Соловьевпен бірлестікте жазады, 1967 жылы экранға «Ел басына күн туса» фильмі шығады. Бұл фильмге негіз болған әдеби нұсқа Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлының кітабы. Соғыс тақырыбын ашудың өзіндік ерекшелігі режиссер тарапынан табылған тосын әдіс болды, мұнда бар-жоғы төрт күннің оқиғасы қамтылады. Әйгілі Панфилов дивизиясының құрамында болған Бауыржан Момышұлының батальонына Волоколам тас жолын төрт күн бойы жау танктерін жібермей ұстап тұруға тапсырма берілген еді. Осы төрт күндік шайқаста ерлік көрсеткен жауынгерлердің іс-әрекеттері арқылы фильмге мазмұндық сипат берілген және сол арқылы тұтас тақырыптың идеясы ашылады, кейіпкердің мінез-ерекшелігі де осы төрт күндік оқиға желісімен өрнектеледі.
Мәжит Бегалин шығармашылығында соғыс тақырыбындағы тарихи-биографиялық фильмнің келесі кейіпкері Кеңес Одағының батыры, бүлдіршіндей жас қазақ қызы Мәншүк Мәметова болды. Режиссердің «Мәншүк туралы ән» фильмі экранға 1969 жылы шықты. Жоғарыда аталып өткен «Ел басына күн туса» фильміндегі оқиға тармақтарын құрастыру әдісі бұл фильмде де орын алған. «Мәншүк туралы ән» фильміне Мәншүк өміріндегі ең соңғы қаза табар күні өткен оқиғалар негізге алынады. Фильмге сценарийді Андрон Михалков-Кончаловский жазды, басты рольді сомдаған – Наталья Орынбасарова.
Өнерге аса тыңғылықты дайындықпен келген режиссер Мәжит Бегалиннің фильмдері жоғары профессионализмімен ерекшеленеді. «Ел басына күн туса», «Мәншүк туралы ән» фильмдеріндегі уақыт келбетін тек сол соғысты өз көзімен көріп, қан майдан ортасында болған адам ғана жеткілікті дәрежеде шынайы суреттей алады. Мәжит Бегалиннің фильмдері осының айқын дәлелі.
Қолданылған материалдар:
«Қазақ киносының тарихы» (оқулық)
ҚР Білім және ғылым министрлігі, Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА,
Б.Р.Нөгербек, Г.Қ.Наурызбекова, Н.Р. Мұқышева – Алматы: ИздатМаркет, 2005.