Мақала
Режиссер шеберлігі. Ой түйін
Ой түйін
Бөлім: Театр
Датасы: 27.02.2017
Авторы: Әубәкір Рахимов
Мақала
Режиссер шеберлігі. Ой түйін
Ой түйін
Бөлім: Театр
Датасы: 27.02.2017
Авторы: Әубәкір Рахимов
Режиссер шеберлігі. Ой түйін

Ой түйін

Режиссура – актер ойыны арқылы автордың айтпағын ашу екенін барлық театр қайраткерлері жақсы түсінеді. Дарынды драматургтердің өздері кейде пьесаларының құпиясын ашар «кілтті» анық білмеуі мүмкін. Бір жағынан бұл олардың шаруасы да емес сияқты. Олар бізге - мінез-құлыққа бай кейіпкерлер мен олардың әртүрлі іс-әрекеттері арқылы ой тастады. Осы қазыналардың «кілтін» тауып, сырын ашу, артистер арқылы көрермендерге жеткізу режиссураның міндеті. Г.А.Товстоногов айтқан «құлдықтағы еркіндікке» («свобода в рабстве») жетуіміз керек. «Құлдық» - режиссердің авторлық ойға терең бойлап, қанығуының шегі мен шеңбері. Бұл ойды режиссердің сол шеңберден шығарып, шырқау биікке көтерер мүмкіндігі бар.

Режиссерлік шешімнің қалыптасу кезеңі оқиғалар легі мен ұсынылған шартты жағдайды анықтап пьесаның көтерген өзекті мәселелерін түсінуден басталатынын байқадық. Көркем туындыдағы қақтығыс – кейіпкер табиғатының ұсынылған шартты жағдайлармен үйлесімсіздігінен туындап, адамның өсу немесе өшу сатысын бейнелейді. Жоғарыда біз қарастырған дайындық тәсілдері бір-бірімен тығыз байланысты болғандықтан бөліп-жарып қарауға болмайды. Театрдың басты жауы – режиссердің жалаң теориямен, құрғақ сөзбен актерге еркіндік бермеуінде. Шығармашылық ізденіс қалыпқа салып құя салар кірпіш емес. Ал, қойылым көбейту кестесі емес. Спектакль - актердің қаны мен жаны арқылы шырылдап жететін ой. Дайындықтың алғашқы кезеңінен кейіпкерлердің мақсаттарын анықтап, қақтығыстарын дәріптеп, қалай ойнауды талап ететін режиссура – актерларын жанды қуыршаққа айналдыратыны сөзсіз. Өзіндік ізеденіс еркінен айырлған соң ол актер «штампқа» ұрынбағанда қайтсін!? Тіпті осындай тәсілді ұстанған режиссердің де «айтқанды қағып алғыш» актерді армандайтыны шындық. Бұл тұстағы актердің «еркіндігі» ұшуға мүмкіндігі жоқ «тордағы құстың» еркіндігімен барабар екенін жақсы түсінуге болады. Қойылым сөрелерге сорттап қояр машинаның бөлшегі емес. Біздің мақсатымыз пьесаны әрекетті талдаулар арқылы «шашып» тастап, сол қалпында қайта «жинау» емес, бұрынғыдан басқаша әсем де, ойлы «дүние құрастыру». Бұл мұраттастардың шығармашылық белсенділігі мен ыстық ықыласының, қанатты қиялының арқасында іске асады.

Мұраттастарының алдындағы режиссердің міндеті туралы ұзақ айтуға да, иә болмаса бір ауыз сөзбен түйіндеуге де болады: қойылымдағы режиссерлік қолтаңба мен ой - актерлік ойын арқылы көрініс табады. Бүгінгі театрдың басты міндеті - өмір шындығын «қаз-қалпында» көрсету емес, көркемдік талғам таразысынан екшеліп алынған детальдар арқылы көрерменді үлкен ойларға жетелеу. Суретшінің декорациясы, музыка, би, режиссердің қиялынан туындаған қызықты шешімдердің барлығы осы ойды жүзеге асырушы негізгі күш - актерлік ойын табиғатына сай қызмет етуі керек. Онан кейін театрдағы мұраттастық ортақ этикалық қағидаларға бағынуды қажет етеді. Ортақ мүдде - қойылым үшін ұжымдағы барлық адамның адалдығы мен ағынан жарыла қызмет еткенін талап етеді. Оған көне алмайтын актермен, мейлі ол «сұмдық» дарынды болсада қоштасу қажет. Ұжымнан өзін жоғары санайтын актердің ойыны қойылымның композициялық тұтастығына қашанда кесірін тигізері анық. Мұндай кемшілікті өзін «көрсеткісі» келетін актер ойынынан да(солирующий актер) кезіктіруге болады және ондай адамдарда ортақ мақсатқа қызмет етуден гөрі жеке басының «дарындылығын», «өзгелерден артықшылығын» көрсету сезімі басым екені айдан анық. Демек, ондайлармен мұраттастық табу аса қиын. Өнерге келген адамның бақылаушы емес, аянбай тер төгер азамат болғаны абзал екені белгілі. Онысыз көркем туынды мен ойлы шығарманың жарыққа келмейтінін тағы жақсы білеміз. Соңғы кездері театрға келген жас актерлардың жұмысқа деген салқынқандылығын байқап жүрмін. Өз кәсібіне қызығушылықтан гөрі «актер» деген атты арқаланып, «танымал» болуды көксейтіндігі қорқытады. Өнер атты ағыны қатты өзенге абайсызда құлап кетіп, жүзе білмес адамның дөңбек ағашқа жабысып алып ағып бара жатқанын елестеді. Өнер - арпалыс. Бірде тұншығу, бір де ағынға қарсы жүзу.

Режиссердің қолтаңбасы – қойылымы арқылы көрініс табар болса, азаматтық ойы актер ойыны арқылы жүзеге асады. Бұл – ақиқат. «Сахна» атты қасиетті ұғымның – жалқы ақиқаты осында болар. Көркемдік бейне – актердің ешқашан қол жеткізбес өзінің көкжиегіне ұмтылысы. Көрерменді иландыру сол өзіңнің таңдап алған көкжиегіңе барар сапарыңда жолсеріктер табуың болып табылады. Тақырып – суреткердің уақытпен үндестік табуы. Дарын – кәсіби шеберлік. Өз қиялыңнан туындаған арманыңды, еңбекпен іске асыру. Мамандық – бар болмысыңмен тапқан қазынаң. Өнердің қас-қағым сәті ешқашан дәл сол күйінде қайталанбайды. Көктем кезінде аз уақытқа жайқалып жоқ болар қызылгүлге( красный мак), немесе бір күндік өмірі бар әсем көбелектерге ұқсас. Сонысымен де бізді өзіне құштар ететін шығар. Күзге дейін жайқалып тұрса немесе көбелектер көз алдымызда мәңгілік тыным таппай көлбеңдей берсе қадірінен де айырылып қалуы ғажап емес.

Қойылым – тағдырлар тоғысы болғанда, режиссер – осы тағдырлардың себеп-салдарын іздеуші. Кейіпкерлердің арақатынасын анықтап, тығырқтан шығар жол қарастырушы. Әртүрлі тәсілдерді қолдана отырып, автордың айтпағынан да ауқымды ойды көкейкесті мақсат етіп алдына қояды. Сахнаға шыққан әр актердің кейіпкер ретінде көрсетері мен актер-азамат ретінде айтарын дөп басып тауып беруді армандайды. Көптен кездеспеген екі достың кездесуін сахнада көрсетудің қиындығы да, қызығы да шамалы. Келді. Құшақтасты. Жөн сұрасты. Бұл өмірдегі қарапайым көрініс. Өнер үшін олардың жан-дүниесіндегі драмалық арпалыстардың бурқанысытары мен қақтығыстары маңызды. Кездеспей кеткен аралықта не болды? Достар қалай өзгерді? Біз соған баса назар аударамыз.

Заман мен жеке тұлға арасындағы сәйкессіздік, қоғамдық ой иірімдері адамдардың арақатынасы арқылы ашылады. Әр қойылым сайын өзіндік ерекшелігімен кездесер шығармашылық ізденістің азабы мен ләззәтті сәтін табуға тырысады. Суреткер бар өмірін осы бір қайталанбас сәтке арнайды. Оның әр шығармасы «керемет туынды» бола бермегенімен, сол бір ләззәтті шақты, сағынышты сәтті өмір бойы іздеуден тынбауы керек. Онсыз суреткер де, шеберлік те жоқ. Анатоль Франс: «Өнердің екі құбыжығы бар: суреткер бола алмаған шебер және шеберлікке жете алмаған суреткер» - деп, дәл тауып айтқан. Сахна өнеріндегі ізденістердің Станиславскидің немесе Мейерхольд пен Брехтің немесе көптеген өзге театр қайраткерлерінің тәсілін алып қарасақ та зерттегендері ортақ ой - өнердің өмірдегі орыны мен сахналық шындық. Барлығы – ой мен сезіміміз, іс-әрекеттеріміз, талғам мен танымымыз – шығармашылықтағы сурыпсалмалық еркіндіктің негізін қалауға арналғанын анық байқауға болады. Сол ізденістер өнердегі әртүрлі ағымдардың тууына да себепкер болды. Өзгеріссіз өнер болмайды. Қатып қалған «жүйе» жоқ. Сондықтан жоғарыда айтылғандарды: «тек осылай болады!» - деуден мүлде аулақпын. Қойылым барысында әрбір режиссер әртүрлі жолдармен жұмыс істеуі бек мүмкін. Нағыз режиссерлік шығармашылық үшін сахнадағы қақтығыстар мен кейіпкерлердің арақатынасын көрсетудің түрлері сан-алуан. Бұл режиссерлік ізденістің үздіксіз жаңалықтармен толыға беретіндігінің куәсі. Көркемдік ізденістің негізгі мақсаты «болмысты тану» болғанымен, режиссерлік түйін сан-түрлі екенін жақсы білеміз. Драмалық қайшылықтар актердің сахналық өмірді барынша шиеленістіре көрсетуінің арқасында көрерменге жететіндіктен, режиссер ізденісінің күрделілігі де осында. Қойылымдағы айтылар ой мен әр кейіпкердің басынан өткенін, бар жан-тәнімен сезінген режиссер ғана көркемдік шешім табады. Сәл ағаттық қажетті нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік бермейді. Қас-қағым сәтпен есептелетін сахналық уақыт айтылар астарлы ойдың нақтылығын талап етеді.

Менің басты айтпағым әр кезеңдегі режиссердің алдындағы атқарылар міндеттерді көрсету. Спектакль - ұжымдық жұмыс болғанымен, ақыр аяғында барлығының жауапгершілігін мойнына алатын жалғыз режиссер ғана. Ол жауапгершілік - режиссердің ұжымдағы өзге әріптестерімен дайындық барысын ұйымдастыра білуіне және ортақ ойға, көркемдік шешімге ынталандыруына тікелей байланысты болмақ. Театр – режиссердің мамандық деңгейі мен мүмкіндігін, адами қасиеті мен режиссерлік мінездерін сыннан өткізетін емтихан орыны. Қойылым – театр ұжымының көрермен алдында ғана емес, өзінің кәсіби деңгейін тексерер өлшем таразысы болғандықтан, жоғарыда жазылғандарды - қойылымды дайындау кезіндегі театр ұжымы мүшелерінің атқарар қызметтерін естеріне тағы бір рет салу деп ұғыныңыздар.

Сізге қызық болуы мүмкін: